Ауызша тараған авторлы әдебиет (поэзия және шешендік сөздер).
Жазба әдебиет үлгілері. Олардың тілі ортаазиялық түркі жазба дәстүріне негізделді. Бұл үлгілерді хан сарайының біліктілері мен ру-тайпа басындағы зиялылар оқитын болған.
Екінші дәуір XIX ғасырдың II жартысынан басталады. Бұл – қазақтың ұлттық жаңа жазба әдеби тілінің қалыптасу тұсы болды. Бұл кезеңнің өзін кейде (көбінесе) XIX ғасырдың II жартысынан XX ғасырдың басына дейінгі, XX ғасырдың алғашқы екі онжылдығындағы және кеңес дәуірі деп келте кезеңдерге бөліп қарастыру да байқалады. Бұлайша дәуірлеу – әдеби тілдің өзінің даму сатыларына қарап айқындау емес, қоғам өмірінің әлеуметтік хал-ахуалына қарап бөлшектеу болып табылады. Ал, шындығында, өткен ғасырдың екінші жартысында қалыптасып, өмірге келген қазақтың ұлттық жаңа жазба әдеби тілі сапалық үлкен өзгеріссіз бүгінгі қазақ әдеби тіліне келіп ұласып отыр.
Сәрсен Аманжолов марксизм ғылымы бойынша әрбір тіл әдеби тіл сатысына жету үшін төмендегі үш даму жолымен қалыпқа келетінін айтады: 1. Роман герман тілдеріндегі сияқты даяр материалдардан, тілдің тарихи дамуы арқасында, бір тілдің өзі – ақ ұлттық тілдің дәрежесіне жетуі бар. 2. Ағылшынның тіліндегі сияқты ұлттардың будандасуы, араласу арқылы жетуі бар. 3. Диалектілердің концентрациялануы (ұштасуы) арқылы бір ұлт тіліне айналуы бар. М.Әуезов: «Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды – қысқалы салттық, тарихтың жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Оларда немесе ХІІІ ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұхарда, ХІХ ғасырда асыл, әсем, бай тілмен халықтың асқақ, ескек жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиеттік тілінің үлгі - өнегелері жоқ деуге бола ма»– деп жазды.М.Әуезов. «Абай өзінен бұрыңғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында өсіре, байыта, сұрыптай түскен және өз шама – шарқынша қазақ әдебиет тілін жасауда белгілі бір дәрежеде Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазыналылығын кеңінен пайдаланып, халықтың әдебиет тілін биік белге шығара түскен классик ақын дейміз», - деген.