«Ілімге толса көкірек» толғауында өнер-білімді айрықша ардақтап өтеді. Өзбек Науаи мен парсы Фирдаусидің атын шығарған білім дейді. Жақсы мен жаманды салыстырып, «жаман мінін жасырады», «жақсы халыққа қызмет жасайды», «жақсының жолы – жарық күн» дейді. «Талап, білім, еңбексіз; Қалайша тірлік жеңбексіз?! – деп жастарға өмір-тіршіліктің мәнін талаппен, біліммен, еңбекпен байланыстырып ұғындыруы Абайдың «бес асыл ісін» еске түсіреді.
Майлықожаның толғауларын жанры мен мазмұнына қарай бірнеше тақырыптарға бөлуге болады: ғибрат, нақылдар («Ер көгерер дұғамен», «Жолдас болсаң жақсымен», «Жақсы адам қартайса»), арнау өлеңдер («Ахмет төреге», «Тұрлыбекке», тағы басқалар), дастан-мысалдар («Қасқыр», «Тотынама», «Аңқау мен қу», «Шора батыр», «Үш жігіт»), айтыстар.
Майлықожа айтысқан ақындар: Сүйiнбай, Мәделқожа Жүсіпқожаұлы, Күдеріқожа, Құлыншақ, Айман-Гүлханым, Ұлбике, қырғыз ақыны Жаныс.
1883 жылы Я.Лютиштің құрастыруымен Ташкентте басылып шыққан «Қырғыз хрестоматиясы» кітабына Майлықожа ақынның бір топ толғаулары енген. Олар: «Райымқұлға», «Қасқыр», «Ноғай мырзаға», «Үш жігіт».
М.Сұлтанқожаұлы ауыз әдебиетін жақсы білген, фольклоршы Ә.Диваев мол деректерді Майлықожадан алған.
XIX ҒАСЫРДЫҢ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ШОҚАН (МҰХАММЕД-ҚАНАФИЯ) УӘЛИХАНОВ (1835–1865)
Туған жері: қазіргі Қостанай облысы, Құсмұрын бекеті.
Қызметі: тарихшы, этнограф, географ, саяхатшы, ағарушы-демократ, әдебиетші, фольклорист, заңгер. Қазақтан шыққан тұңғыш ғалым.
Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың шығысты зерттеуші ғалымдары оны таңғажайып құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті», - деп жазды. Шоқанның арғы атасы – ұлы Абылай хан.
1847–1853
Омбыдағы Кадет корпусында білім алып, әскери шенді қызметкер болған
1855
Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралады.
1856
қырғыз елін зерттеп:
қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы туралы мәліметтер жинайды
ауыз әдебиеті нұсқаларын жазып алады; қырғыздың «Манас» эпосының «Көкетай ханның асы» атты тарауын тұңғыш рет қағазға түсіреді
«Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» атты еңбектер жазады.
1857
2 ақпанда «Орыс – география қоғамының» толық мүшелігіне сайланды.
1858–1859
Құлжа, Қашқарға сапары негізінде «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Жоңғария очерктері» атты еңбектері сол дәуір үшін Ресей ғылымында аса маңызды жаңалық, дүниежүзілік ғылымға қосқан зор үлесі болып табылады. (осы сапары жайлы еңбектері 1865 жылы Лондонда «Орыстар Орталық Азияда» деген атпен шықты.).
1859–1861
Петербургте шығармашылық қызметпен айналысады, Петербург университетінде дәрістер тыңдайды.
1861–1863
денсаулығы нашарлаған Шоқан елінде болады.
1863–1864
Сібір қазақтары үшін жасалып жатқан Сот реформасын (басқару) дайындау ісіне қатысады.