29. Мифологиялық мектеп Мифологиялық мектеп— 19 ғасырда неміс романтиктері идеялары негізінде пайда болған әдебиет тану мен фольклористикадағы ағым. Мифологиялық мектептің философиялық негізі мифологияны "табиғи дін" деп таныған Ф.В.Шеллинг пен ағайынды А.Шлегель және Ф.Шлегельдердің эстетикалық көзқарасына байланысты туады. Мифологиялық мектеп бағытымен алғаш жазылған үлкен еңбек -ағайынды В.Гримм және Я.Гриммнің "Неміс мифологиясы". Мифологиялық мектеп Европада Германия, Англия, Италия, Франция, Швейцария, Ресей т.б. елдерге тарады.
ХІХ ғасырдың бас кезінде Германияда ағайынды Гриммдернегізін қалап, одан Россияға ауысқан мифологиялық мектептің мифологиялық, ауысып алу және антропологиялық теориялары болды да, олар әлемдік әдебиеттанунда тарихи-салыстырмалық әдісті туғызған еді.
Мифтің зерттелу, талқылану тарихына тоқталсақ, Еуропадағы қайта өрлеу дәуірінде оған жаңа қызығушылық туындағанын көруге болады. Романтизм дәуірі де мифологияға ерекше назар аударды.
Француз қаламгері, ғалымы, ағартушысы Бернар Фонтенель тұжырымына сүйенсек, «миф – философияның бастауы, оның ең алғашқы қарабайыр формасы», сондай-ақ «адамзат дамуының алғашқы сатысындағы алғашқы өнім». Ол миф бастауларын ой-сананың «алғашқы қауымдық артта қалушылығынан» іздеді.
Шотланд ақыны, әдебиет сыншысы, аудармашы, дін мен мифология зерттеушісі, прамонотеизм теориясының негізін салушы Эндрю Лэнгтің түсіндіруі бойынша «миф дегеніміз – киелі тотемдер туралы әңгімелер»
Француз этнографы және мәдениеттанушысы Клод Леви-Стросс мифология туралы жүйелі зерттеу жүргізе отырып, көптеген құнды тұжырымдарға қол жеткізді. Ол, әсіресе «миф тек қана алғашқы қауымдық логиканың аспабы һәм өнімі ғана емес, көркем шығармашылықтың пішіні»[3; 378] екеніне ерекше тоқталып, дәлелді мысалдармен талдайды.
Тарихи философияның және этнологиялық психологияның негізін салушы итальяндық Джамбатисто Вико мен неміс және ағылшын филологы Фридрих Максимилиан Мюллер мифті ежелгі адамның бейнелі (образды) түрде берілетін дүниетанымы деп танып, осыдан алғашқы тіл пайда болғанын түсіндірді. Дж. Вико тұжырымы бойынша ерте тарихи дәуірдегі адамның ойлауы мен сөзі қиялдан туындаған, толығымен поэтикалық сипатта болды. Бұл тұжырымның астарына үңілсек, ежелгі дүние адамдары күллі жаратылысты, өзін қоршаған әлемді образды түрде қабылдады және ол қабылдаулары мифте көрініс тапты. Дәл осы тұста мифтегі символика туралы қайтара еске алуға болады. Табиғат құбылысы мен тылсымдарының алдында дәрменсіз болған адам баласы айтылымның ерекше пішінін – тұспалдауды, ишаралауды, астарлауды «тілдік», «танымдық» қабатқа енгізді. Символдың туындауы, міне, осыдан келіп шығады. Дж. Виконың ерекше назар аударатыны – ежелгі «аударма» тіл. Ол бұл тарапта адамдар өзінің даму кезеңінің алғашқы сатысында иероглифтер, символдар, ым-ишара, таңбалар арқылы түсіністі деп есептейді. Кейінірек Макс Мюллер Дж. Виконың осы тұжырымын өзінің мифтің лингвистикалық концепциясын жасау үшін пайдаланды.
Мифтің символикалық теориясы неміс философы Э. Кассиер еңбектерінен толығымен көрініс тапты. Ол мифологияны тіл мен өнер сияқты мәдениеттің дербес символикалық пішіні деп түсінді. Символды – мәдениеттің құпиясын ашатын кілт деп есептесек, егер біз сол кілтті дұрыс пайдалана алсақ, кез келген мифтік оқиғаның негізінде жатқан ақиқатқа көз жеткізе аламыз.