49. Мысал жанры ХХ ғасырдың басы мен алғашқы ширегі халқымыздың рухани өмірін, мәдени тіршілік тынысын жаңа бір бел-белестерге көтеріп, ірі серпіліс жасаған жемісті дәуір болды. Бұлай болуы елшілдік ұранын көтеріп, жұртын феодалдық мешеуліктен арылуға, өнер-білімге, мәдениетке үндеген сол тұстағы қазақ интеллигенциясының шоқ жұлдыздай қауымы еткен әлеуметтік ізгі істерге байланысты, сонымен өзектес. Осы бір кезеңде ел-жұрттың құлағын елең еткізіп көкейіне қозғау салған, ой-санасына пәрменді ықпал еткен зор әдеби жоралғы – Ахмет Байтұрсынұлының Петерборда 1909 жылы “Қырық мысал” деген атпен жарық көрген кітабы болды.
Мысалдап сөйлеу, ойын астарлап, бірдемеге меңзеп, тұспалдап айту – қазақтағы шешендік, ділмарлық өнердің ежелден келе жатқан кәнігі тәсілі. Мысалдың да мысалы, түр-түрі бар. Ахаң кітабына арқау болған мысал жанры – қазақ үшін мүлдем бейтаныс әдеби жанр еместін. Өз халқының тұрмыс-тіршілігінің сырын, не бір көзден таса қалтарысына дейін мейлінше терең, жетік білген, халықтың қалың ортасынан қайнап шыққан Ахаң сияқты өте білімдар адам мысал жанрына бекерден-бекер ойыспаған, оған саналы түрде барған. Дәл осы жанрдың қазақтың ұғым-нанымына, түсінік-түйсігіне тонның ішкі бауындай жақын жатқанын бұл кісі жіті аңғарып, тұшына ұққан.
Хайуанатты, я болмаса күнделікті тұрмыс-тәжірибеде жиі кездесетін әр түрлі заттар мен бұйымдарды шағын сюжетті көркем шығарманың кейіпкері етіп алып, оларды кәдімгі адамдарша бір-бірімен тілдестіріп сөзге, әңгімеге тарту, түрлі-түрлі өмірлік уақиғаларға араластырып, солар еткен іс-әрекет арқылы көңілге ой саларлық ғибрат түю, ишара түрінде нұсқалау – баршамызға ежелден таныс нәрсе.
Ахаң болса “Қырық мысалды” шығармалардың ХVІІІ ғасырдың аяғы мен өткен асырдың алғашқы жартысында жазған орыстың ұлы мысалшы классигі Иван Андреевич Крыловты (1768-1844) аудару арқылы түзген.
Атынан-ақ көрініп тұрғандай Ахаң Крыловтың екі жүзге жуық мысал өлеңдерінің ішінен осы қазақ елінің ахуалына, қазақ адамының мінез-құлық психологиясына, дүниетанымына, ойлау қабілетіне жақынырақ, үйлесімдірек келеді-ау деген қырық мысалды таңдап да, оны өз бойына біткен ақындық ірі дарын елегінен өткізіп, асқан шеберлікпен сап күмістей таза қазақ сөзімен әрі тәржімелеген, әрі оны қайта жаңғыртып жаңа бір философиялық, дидактикалық үнмен тың үлгіде қазақша жырлаған. Бұлай дейтініміз түп қазығы, сюжеттік желісі, мазмұны мен тақырыбы әуелде Крылов басняларында жатқанымен, “Қырық мысал” – біздің дәл қазіргі аударма туралы түсінігіміздің шеңберінен әлде қайдаоқшаулау, бөлектеу жатқан өзгеше бір соңы дүние.
Өз алдына жеке кітап болып басылып шықпаса да Ахмет Байтұрсынұлына дейін де баспа жүзінде жарияланған мысалдар, әрине болған. Бұл ретте 1888-1902 жылдары Омбыда шығып тұрған “Дала уәлаятының газетінде” жарық көрген “Қасқыр мен түлкі”, “Қасқыр һәм малшы”, “Түлкі мен қоян”, “Түлкі мен тырна”, “Тобылғы, баялыш, арша”, “Аю мен түлкі” тәрізді қазақ арасынан, хат бетіне қара сөз күйінде түсірілген мысал әңгімелерді атасақ болады. “Дала уәлаятында” жарияланған мұндай қазақ мысалдары көп.
“Қырық мысалға” дейін де Крылов мысалдарының қазақшаға аударылғандары болған. Абайдың өзі Крыловтың бірнеше мысалын аударған, Ыбырай Алтынсариннің “Киргизская хрестоматиясында” да Крыловтан алынған мысалдар бар. “Қырық мысалды” жазарда Абай шығармаларымен түгел таныс болмаса да, Ахаң Абайдан мол хабардар болған. Ол Алтынсарин еңбектерін боса болмаса да тіптен ерте білген, өйткені бұл кісінің өзі – Алтынсарин Торғайда ашқан екі сыныпты қазақ мектебінің түлегі еді ғой. “Киргизская хрестоматиядағы” Крыловтан аударылған “Егіннің бастары”дейтін мысал өлеңді Ахаң “Қырық мысалға” бір сөзін өзгертпестен сол күйінде енгізген. “Қырық мысалда” Алтынсарин кітабынан енген өзге де мысалдар жоқ емес.
Ахаңдағы Алтынсаринмен әуендес келетін Крылов мысалдарының бірі – “Қарға мен түлкі”. А.Байтұрсынұлының аудармасы Ы.Алтынсариннің оқулығындағы аудармадан мүлдем басқаша.
Осы ыңғайда назар аударарлық бір жай: Крыловтың бұл мысалының қазақша аудармасының бірнеше нұсқасы бар. Біз білетін ең алғашқы нұсқа – Ыбырайдікі, мұны ол кісінің оқулығынан алып, 1892 жылғы 51-санында “Дала уәлаятының газеті” жариялаған. Крыловтың “Ворона и лисица” деген мысалын Абайдың өзі екі түрлі нұсқада аударған ғой: бірі – “Жұрт біледі, күледі” деп, екіншісі –“Боқтықта талпаңдап” деп басталады. Сюжеті бір болғанымен, мұның екеуі – екі басқа дүниелік, екі басқа өлең.
Орыс өлеңінің құрылысы қазақтікінен басқаша болғандықтан, А.Байтұрсынұлы Крылов мысалдарының құрылыс ерекшілігін сақтауға тырыспаған. Ой дәлдігін, мазмұн дәлдігін , кейде сөзбе-сөз дәлдікті де мықтап ұстанғанмен, өлең құрылысына келгенде Абай да осылай еткен. Крылов мысалдарына тән өлең шығарудың тоникалық жүйесін машықтау Ахаңда да, Абайда да жоқ. Крыловтың “Ворона и лисицасында” он екі, он үш жолдан тұратын өлең жолдары бар, ал қазақ өлеңінің құрамында мұндай өлшемнің жоқ екенін бәріміз жақсы білеміз.
Ахмет Байтұрсыновтың “Қарға мен түлкі” мысалында, қарғаның аузына ілінген ірімшікті көріп, оны алдап қапқанға түсіріп, ірімшігін олжаламақты көздеген түлкі қу құйрығын бұлғаңдатып мүләйімсіп:
Тамаша қарағанға түрің қандай,
Мына көз, мынау мойын, мұрын қандай!
Гауһардай қанаттарың жарқырайды,
Келісті қалай біткен және маңдай!
Көркемдік сипатыңнан табылғанда,
Даусың да болса керек шырын-балдай!
деп, қарғаның “сұлулығын” аузынан суы құрығынша тамсынып, таңырқап кеп мақтайды. Бұл жолдар түпнұсқадағы:
Голубушка, как голубушка!
Ну что за шейка, что за глазки!
Рассказывать, так, право, сказки!
Какие перышки! Какой носок!
И, верно, ангельский быть должен голосок, -
деп келетін шумақтан көркемдік әрі, поэтикалық шеберлігі жағынан еш кем соғып тұрмағанын қазақ сөзінің, қазақ өлеңінің қадірін түсіне, тани білетін әрбір адам байымдаса, аңғарса керек.
Біздің заманызға дейінгі алтыншы-бесінші ғасырларда өмір сүрген Эзоптан үш жүзден астам мысал қалған. Оның мысалдарының алғашқы кітабы Ресейде 1712 жылы жарық көріпті. ХVІІ ғасырдың аяғында жинағы басылып шыққан Лафонтьев зор мысалшы - талант иесі болған адам.
Сонымен бұл мақалада біз ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында болған шиеленісті оқиғалармен байланысты дүниеге келген А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалының» тіліне қысқаша тоқталдық. Келешек еңбектерімізде «Қырық мысалдың» лексика-семантикалық ерекшеліктерін жан-жақты қарастырмақпыз.