Типтік бейне – Көркем әдебиеттегі жинақталған адам образы. Көркем шығармада адам өмірі, басқа адамдармен өзара қарым-қатынасы, наным-сенімдері, ойы мен сезімдері мінез-құлықтары жиналса суреттеледі. Жазушы өз шығармасында бір адамның ғана сипатын көрсетіп қоймай, сол адамның өмір сүрген ортасына, оны қоршаған адамдарға тән сипаттармен толықтырып, жинақтайды.
Көркем туындыдағы типтік образ қаламгер суреттеп отырған қоғам мен дәуір туралы түсінік береді. Мысалы, Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» деген шығармасындағы Ахмет шалды типтік образға жатқыза аламыз. Ол соғыс кезіндегі жетім қалған балаларға қамқор болған адамдардың жиынтық бейнесін береді және соғыс кезіндегі қазақ ауылының тұрмыс- тіршілігіне тән ерекшкліктерді де көрсетеді.
38 Романтикалық поэма
Романтикалық поэма. Феодализм қоғамы құлай бастаған кезде Батыс әдебиетінде романтикалық поэма туып, дами бастайды. Бұндай поэманы жасаушы, оның ең басты өкілі Англия ақыны Байрон болды. Сондықтан бұл кейде Байронның атымен байрондық поэма деп те аталады. Орыс әдебиетінде Пушкиннің «Кавказ тұтқыны», «Бақшасарай фонтаны», «Цыгандар», Лермонтовтың «Демоны» осы сықылды поэмалардың қатарына жатады.
Совет әдебиетінде поэма – эпостық жанрдың қанатын кең жайған түрі. В.Маяковскийдің Ленин ту ралы поэмасынан бастап, А.Твардовскийдің «Василий Тёркині», Алигердің «Зоясы», Сәкеннің «Көкшетауы», «Қызыл аты», Ілиястың «Күйші», «Құлагері», Сәбиттің «Сұлушашы» – бәрі де әрі көлемді, әрі классикалық көркем поэмалар. Осы соңғы жылдарда қазақ совет әдебиетіне көптеген поэмалар қосылды. Тайырдың «Құмдағы дауылы», Әбділданың «Портреттері», Қайырбековтың «Дала қоңырауы», т.б.
Мысал –эпостың әріден келе жатқан бір түрі. Мысал ескі Грецияда да болған, бірақ мысалдың қайтадан дәуірлеген, кең түрде жайылған кезі XVII-XVIII ғасырларда болды. Мысал – шағын ғана шығарма. Көбіне өлеңмен жазылады. Болмысты пернелеу түрінде (екінші түрінде) сықақтап суреттейді. Автор өз көзқарасынша адамгершілікке үндейді, мысалдағы қатысушылар адамша сөйлей алатын, адамша күйініп, сүйінетін не айуан, не басқа нәрселер бола ды, бірақ қатысушы адам да бола береді: Мысалдардың көпшілігінде-ақ не басында, не аяғында автор пернелеген нәрсенің негізгі мазмұны, автордың айтайын деген адамгершілік ойы болады. Россияда мысал жазушылар – Сумароков, Крылов, т.б. Қазақтың жазба әдебиетінде тұңғыш мысал жазушылар Абай мен Нұржан Наушабаев болды.
Абай мен Нұржан бір жағынан, халық әдебиетіне еліктесе, екінші жағынан, Шығыс, орыс әдебиеттеріне еліктейді. Нұржан өзінің «Өгіз бен есек» деген мысалын «Мың бір түнге» еліктеп жазған. Абай «Қарға мен түлкі», «Шырылдауық шегіртке» дегендерді Крыловтан еркін аударған. Мысал жағынан Крыловқа, Абайға еліктеушілер Сұлтанмахмұт, Сәбит Дөнентаев сияқты жазушылар болды. Қазақ совет әдебиетінде мысал өлеңдермен шұғылданушы Асқар Тоқмағамбетов пен Шона Смаханұлы.
Мысалшының қайсысы болсын адамгершілікке үндеп, кезіндегі әртүрлі оңбағандықты мінейді. Орыс халқының мысалшысы Крылов өз дәуіріндегі парақорлық, қара жүрек ел жегіштік, алдампаз, қулық, екі жүзділік сықылды мінез-құлыққа қарсы тәрбиелеп, содан бездіруге тырысты.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ
39 Әдебиеттегі психологизм. Психологиялық талдау және сана ағымы
"...әдебиеттегі психологизм-кейіпкердің ішкі әлемнің толық суреттелуі шығармадағы эстетикалық әлемнің бөлігін құрайды"
Шынында да көркем шығармада кейіпкердің әр түрлі қалыптағы қарама-қайшы дүниетанымын, көзқарастарын, іс- әрекеттерін, көңіл күйлерін тереңдей талдап, жан-жақты бейнелеу психологизмнің көркемдік табиғатын танытады.
Ғылыми сында психологиялық талдаудың аналитикалық, синтетикалық яки динамикалық психологизм атты ұғымдары бар. М.Храпченко Н.Гоголь шығармашылығын зерттеп, типологиялық психологизм ұғымын енгізген. Психологизмнің бұл түрін Б. Майтанов М. Әуезов шығармашылығымен байланыстырып "тұйық психологизм" [3;86б],- деген ат береді. Бұл синтетикалық психологизмнің өзгеше бір сергек те, сыпайы түрі деуге келеді. Синтетикалық психологизм дегеніміз - қоғамдық тартыстағы кейіпкер көрсететін іс-әрекет, қақтығыстар сыртқы кескін-келбет, бет-жүздегі құбылулар.
Жоғарыда аталған синтетикалық элементке қарама-қайшы, бірақ онымен өзектес сана ағымындағы күрделі толқындарды суреттеу,
ішкі толғаныстарды көрсету, жан диалектикасын бейнелеу-аналитикалық психологизм деп аталады. Аналитикалық тәсілдің басты көрінісі-ішкі монолог. Адамның сезім-күйін, ой-толғанысын, күйініш-сүйінішін барлық қайшылығымен асқан шеберлікпен шынайы әрі дәл де нанымды нақышпен бейнелейтін психологиялық романның ерекшелігі жанрлық талап пен автордың кәсіби шеберлігінде жатыр. Психологиялық романның көркемдік әлемін Ф.М. Достоевскийше түсінсек, бар мәселе - автордың оқырманды өз кейіпкерінің ішкі өміріне қалай ендіруінде жатыр. Кейіпкеріне сөз бере отырып, оның сана ағымын, қақтығысқа толы рухани әлемін, жан қозғалысын нәзік детальдармен бейнелей білу нағыз шеберліктің шыңы.
Әдебиетіміздегі тұнғыш психологиялық роман деп зерттеушілер Ж.Аймауытовтың "Ақбілек" романын атап жүр. "Ақбілектің" психологиялық роман табиғатына тән негізгі сипаты шығарманың сюжеттік-композициялық концепциясы кейіпкердің ішкі әлемін талдау мақсатына тәуелділігінде [12;280б]. Кейіпкердің қиын тағдырын жазушы ішкі монолог, толғаныс т.б. сияқты адами проблемаларды, бір кезеңдік қазақ өмірін: ондағы жаңа тіршілік-тынысты сыртқы реалдық өмір шындығын сана күресі, ой арпалысы, көзқарас қақтығысы арқылы бейнелейді. Суреткердің өзіне тән психологиялық стилі осы романда жан-жақты көрінген. Ол-күнделік ретінде берілген Ақбілек ойлары.
Адамның жан дүниесін бейнелеу- психологизм, әрине бір ғана жанрдың психологиялық романның шеңберімен шектелмейді.
40.Реализм әдісінің ерекшелігі. Түрлері
Романтизм немесе реализм ағым ба, әдіс пе? Біреулер әдіс десе, біреулер ағым дейді; ал үшінші біреулер әрі әдіс, әрі ағым деп, екеуіне бірдей телиді. Әдісті ағыммен алмастыруға да, стильмен шатастыруға да болмайды. Неге десеңіз, — стиль мен ағым тарихи категориялар болса, әдіс олай емес; стиль мен ағым — қайталанбайтын құбылыстар болса, әдіс — қайталанып отыратын құбылыс; стиль мен ағым құбылмалы нәрселер болса, әдіс — тұрақты нәрсе…
Ендеше, әдіс — стиль де емес, ағым да емес. «Творчестволық әдіс, — дейді профессор М.Қаратаев, — өмірді образбен бейнелеп, көркем шындық жасау жолы. Екінші сөзбен айтқанда, өмірдегі болмыс дүниесінен өнер дүниесін, яғни тұтас бір шығарма көлемінде көркем образдар жүйесін жасау жолы. Көркемдік әдіс — бір адамға ғана тән стиль де емес, бір қоғамға ғана сай ағым да емес.
Мұның екеуінен де әлдеқайда кең ұғым, барлық адамдармен қоғамға тән өнер атаулының бәріне ортақ тұрлаулы, тұрақты нәрсе екенін және заты көркемдік әдіс деген атымен бірге емес, өнердің өзімен бірге туып, өнер арқауы — өмірдің өзімен бірге дамып, жетіліп келе жатқан табиғи, тұтас құбылыс екенін дәлелдейді.
Ал, реализм (латынша realis— затты, нақты) — шындықты шынайылау әдісі. Адамның өзін-өзіне таныту, сайып келгенде, одан да әрі тереңден барып, алдымен халықтың өзін-өзіне таныту, содан соң сол халықты өзгеге, яки әлемге — адамзатқа таныту жолы. Адам мен қоғам, қоғам мен заман арақатынастарын барлық бірлігімен және қарама-карсылығымен жан-жақгы суреттеу арқылы көркем образдар, типтер, сом тұлғалар жасау тәсілі.
Реализмнің тууы, қалыптасуы және дамуы туралы пікірлер де әр алуан: біреулер бағыт ретінде XVIII ғасырда туды десе, біреулер ағым ретінде XIX ғасырда қалыптасты деседі. Ал әдіс ретінде дамуын қадағалаушылар оны ғасырлар тереңіне әкетіп, бір-біріне тұтасқан түр-түрге бөледі: Көне дүние (антика) реализмі, Ояну дәуірінің реализмі, Ағарту кезінің реализмі, Қайта өрлеу кезеңінің реализмі, сыншыл реализм, социалистік реализм…