Романтизм (ағылш.romantіcіsm, фр.romantіsme, нем.romantіk) – 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың алғашқы жартысында Еуропа мен Америка елдерінің рухани мәдениетінде: музыка, театр, бейнелеу өнері, эстетикажәне т.б. әдеби-көркем салаларда тараған идеялық көркемдік бағыт.
Романтизмнің адамзат мәдениеті дамуындағы тарихи рөлі зор. Ол көптеген елдердің рухани мәдениетін гуманистік идеялармен байытты. Романтизм бағытында туған туындылардың кейіпкерлері әдетте болмыстың ырқымен келіспейтін, жақсы өмір, бақыт, азаттық үшін күресетін күшті жандар болып келеді. Романтизм туындаларының тілінде әсірелегіш суреттер мол ұшырайды. Адамның бас бостандығын, ірі іс-әрекеттерге ұмтылыстарын мадақтау — Романтизм туындыларына ортақ қасиет. Кейде романтиктер туындыларында өмірден түңілушілік, тағдырға бас июшілік сарыны бой көрсетеді. Романтиктер өздерінің мұратына сай келетін өмір материалдарын өткеннен де, келешектен де қатар іздейді. Романтиктер ауыз әдебиеті, тарих, дін, өнер мәселелерін өз идеяларын насихаттау құралы ете білді. Олар дүние жүзі өнерінде тұңғыш рет адам жанының иірімдерін, тұңғиық тереңін ашып көрсетті.
Әдебиеттануда: 1) көркем шығармада өмір шындығын бейнелеудің бір тәсілі, көркемдік әдіс; 2) 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Еуропа мен Америкаелдерінде пайда болған, осы әдісті қалыптастырған әдеби бағыттағы 18 ғасырдың ортасында “романтика” сөзі ағылшынпоэзиясында шығармашылық пафосты таныту мақсатында қолданылды, сол кездегі эстетикалық түсінік бойынша ол поэзияның, әсемдіктің ажырамас бөлігі болуға тиісті ғажайып, құпия, жұмбақ нәрсе ретінде қабылданды. Ал 18 ғасырдың аяғында Германияда“романтикалық поэзия” жаңа әдеби бағыттың шығармашылық принциптерінің тұтастығын танытатын термин ретінде қолданылып, “Иен мектебінің” теоретиктері (ағайынды Шлегельдер, Новалис, Ваккенродер, Тик) алғаш рет романтизмнің біршама толыққанды теориясын жасады. Бұл поэзия ереже мен дәстүрді, өмір заңдылығын мүлде мойындамайтын еркін поэзия ретінде қабылданды. Романтизмге толыққанды әмбебап анықтама беру мүмкін емес, ол әр ұлт әдебиетінде әр түрлі көрініс тапқан. Романтизмде ортақ ұқсастықтармен қатар бір-біріне мүлде ұқсамайтын әр тектілік те бар. Романтизмнің даму кезеңдеріне ортақ типологиялық белгілер: қоғамға көңілі толмау; оған өзінің идеалын қарсы қою; өмірге сын көзімен қарау; рухани азғындыққа қарсылық; заман шындығынан аулақ кетуге ұмтылыс; арман, қиял; өткенді дәріптеу; азаттық, бостандық идеясы; фольклорға, тарихқа ден қою; кейіпкерлерінің “ерекше” болуы; көтеріңкі эмоционалды стиль; қайғы-мұңға, ғажайып-құпия, фантастикалық жайттарға құштарлық; лиризм; патетика; әсірелеу, т.б. Романтикалық шығармаларда бейнелеу құралдары, әсерлі суреттеулер (эпитет, теңеу, метафора, ұлғайту, шендестіру, символ) мол кездеседі. Қазақ әдебиетіндегіромантизм әлемдік әдеби құбылыстың бір бөлшегі бола тұра, өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен оқшауланады. Халықауыз әдебиеті үлгілерінен көрініс тапқан романтикалық белгілер 15 — 18 ғасырлардағы жыраулық поэзияда қаhармандық-жауынгерлік, азаттық-патриоттық рухта көрініс тапты. Қазақ әдебиетінде романтизмнің тегеурінді көрінген тұсы 19 ғасырда болды, ол ұлттық сөз өнері дамуының маңызды факторы саналды. Осы кезеңде өмір сүрген Махамбет романтизмі Исатай Тайманұлыбастаған ұлт-азаттық көтеріліспен бірге туып, азаттық бағытында өрбісе, “Зар заман” ақындары шығармашылығында орыс отаршылдығына қарсы болған, өз дәуірінің рухани болмысына қанағаттанбаған мінезден көрінді. Абай романтизмінен өзге елдің билігі әсерінен халықтың ыдырап, ұсақтауына қынжылыс байқалды. Ал Ақылбай мен Мағауия сюжетке құрылған романтикалық поэмаларында (“Қисса Жүсіп”, “Медғат — Қасым”) “ерекше жағдайда ерекше мінез жасау” арқылы индивидуалдық романтизмге жол салды. 19 ғасырда романтизм әдісі жазба әдебиетте толық қалыптасып, 20 ғасырдың басында кемелденді. Дәуір алмасуы кезіндегі саяси және идеологиялық дағдарыстар, ұзақ уақыт жат елдің езгісінде болған ұлт санасының қайта оянуы, ұлттың өзін-өзі тануы — романтизмді дамытушы негізгі қоғамдық факторлар болды. 20 ғасырдың басында Б.Күлеев, М.Жұмабаев поэзияларында романтизм биік деңгейде көрінді. Мағжан романтикалық поэмалардың әлемдік деңгейдегі озық үлгілерін әкелді (“Батыр Баян”, “Қорқыт”, “Қойлыбайдың қобызы”, т.б.). Кеңес дәуіріндегі әдебиетте романтизм реализммен кіріге жаңа сипат алып, өмірдің жарқын тұстарын бейнелеуге, кейіпкердің ішкі сезім-сырларын жеткізуге қызмет етті. Сөйте тұра романтизм бүкіл адамзаттың, ғаламның, өз дәуірінің, қоғамының трагедиясы мен мұң-зарын көрсете білді, кейде тіпті оны шешуге ұмтылыс жасады. Романтизмнің әдебиетке әкелген жаңалықтарының бірі — адамды тануға деген құштарлық. Романтик қаламгерлер адамның жан дүниесіне, ішкі психологиясына үңіле отырып, оның рухани әлемінің құпиясын, тереңдігі мен күрделілігін, шексіздігін танытуға күш салды. Романтизмнің ұлттану мәселесіне әдеби тұрғыдан қосқан үлесі мол. Романтиктер ұлттық рух пен мәдени құндылықтарға аса қызығушылық танытты.
7 Әдеби даму. Дәстүр мен жаңашылдық