2003 ж.
СӘБИТ МҰҚАНОВ ТУРАЛЫ СӨЗ
Қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы, ақын,
драматург, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқановтың
есімі ХХ ғасырдағы әдебиет әлемінің көрнекті тұлғалары
қатарында құрметпен аталады.
43
Сәбит Мұқановтың балалық шағы Солтүстік Қазақстан
облысының Есіл өңірінде өтті. Жастық шағында Омбыдағы
мұғалімдер курсында, Орынбордағы жұмысшылар
факультетінде, Мәскеудің қызыл профессура институтында
білім алған.
Бірнеше жыл қатарынан Қазақстан Жазушылар
одағының төрағасы (1936-1937, 1943-1951), Дүниежүзілік
Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшесі (1958-1969), Араб
елдерімен Достық және мәдени байланыстар қоғамы Қазақ
бөлімшесінің төрағасы (1965-1969)қызметтерін атқарды.
Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы (1928),
«Адасқандар» (1931), «Жұмбақ жалау» (1938), «Балуан-
Шолақ» (1941), «Сырдария» (1948), «Өмір мектебі» (1953)
роман-трилогиясы, «Аққан жұлдыз» (1967-1970) роман
дилогиясы тек қазақ оқырмандарының ғана емес, шетелдік
әдебиет сүйер қауымның да ыстық ықыласына бөленген
шығармалар. Ал ғалым Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы
қазақ әдебиеті» (1932), «ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті
тарихынан очерктер» (1941), «Жарқын жұлдыздар» (1966),
«Халық мұрасы» (1974) атты еңбектері уақыт өткен сайын
өзінің ғылыми құндылығын арттыра түсуде.
1978 жылы Алматыда С. Мұқановтың 1965-1973 жылдары
тұрған үйінде әдеби-мемориалдық музей ашылған болатын.
Содан бері музей-үйі ширек ғасырға жуық уақыт халыққа
қалтықсыз қызмет көрсетіп келеді. 1999 жылы С. Мұқанов
пен Ғ. Мүсіреповтің музей-үйлері әкімшілік-басқару
жағынан біріктіріліп, қазір «С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің
мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені» деп
аталады.
2000 жылы – Сәбит Мұқановтың, 2002 жылы –
Ғ. Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО- ның
қолдауымен аталып љтілгені – қазақ әдебиетінің, мәдениеті
мен өнерінің үлкен мерейі деп білеміз.
С. Мұқановтың 100 жылдығына орай Қазақстанда
бірқатар мәдени жұмыстар атқарылды. Жазушының
музей-үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы
жаңартылды. Алматыдағы С. Мұқанов көшесінің бойындағы
скверде жазушыға ескерткіш-мүсін орнатылды. Солтүстік
Қазақстан облыстық қазақ музыкалы драма театрына
44
жазушы есімі берілді. Туған аулындағы орталау мектеп те
С. Мұқанов атын иеленді. Астанада, Петропавлда, Бішкекте
жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған үлкен
ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, оның
материалдары жеке-жеке кітап болып жарық көрді.
Жазушының 16 томдық шығармалар жинағы жетпісінші
жылдары жарық көрсе, енді мерейтойына байланысты
қабылданған Үкімет Қаулысымен шығармаларының 10
томдығын шығару қолға алынуда. 2001 жылы С. Мұқанов
туралы естеліктер кітабы толықтырылып, жаңарып, екінші
рет жарық көрді.
«Адасқандар» атты романы 1931 жылғы, алғашқы
нұсқасы бойынша Астанадағы «Елорда» баспасынан,
«Балуан Шолақ» аңыз романы Қытайдағы «Шыңжаң»
баспасынан, ал «ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті
тарихынан очерктер» атты ғылыми-зерттеу еңбегі 60
жылдан соң Алматыдағы «Арыс» баспасынан қайта жарық
көрді. Кеңес өкіметі кезінде жазушының бұл кітабы байшыл,
ұлтшыл ақын-жазушыларды мадақтады деген сылтаумен
назардан тыс қалдырылған болатын.
Музей кешені ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2002 жылы
28 ақпанда Алматыдағы «Ғалымдар үйінде» «С. Мұқанов,
Ғ. Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классиктері» атты
халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырды. Осы
тұста «Өмірбаяндық өрнектер – Автобиографические
эскизы» атты қызықты кітапты құрастырып, конференцияға
қатысушыларға тарту етті. Конференция материалдары да
кітап болып шықты.
С.Мұқанов туысқан елдер әдебиетінің шын жанашыры
болып, белгілі қаламгерлермен қоян-қолтық тығыз
творчестволық қарым-қатынас жасаған жазушы. Оның
кітаптары әлем халықтарының 46 тіліне аударылған екен.
Музей қорында сақталған хаттар мен телеграммалар,
кітаптардағы қолтаңбалар шертер сырлар да әр алуан.
Біз орыс жазушылары Алексей Толстойдың, Самуил
Маршактың, Леонид Леоновтың, Александр Фадеевтің,
Анатолий Ивановтың, Галина Серебрякованың, Федор
Панферовтың, Алексей Брагиннің, Петр Проскуриннің,
украин Максим Рыльскийдің, Дмитрий Гриньконың,
45
Вадим Собконың, қырғыз Шыңғыс Айтматовтың,
Түгелбай Сыдықбековтің, литван Ионас Шимкустың,
Эдуардас Межелайтистің, белорусь Петрусь Бровканың,
азербайжан Сүлейман Рагимовтың, ұйғыр Зия Сәмәдидің,
өзбек Мирмухсин мен Ғафур Ғұламның, башқұрт Сайфи
Құдаштың, авар Расул Ғамзатовтың, татар Мұстай
Кәрімнің,, т.б. Сәбит Мұқанов туралы жылы лебіздерін,
достық көңілдерін, бауырмал ыстық ықыластарын әрдайым
еске алып отырамыз.
Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР ҰҒА-ның
М.Әуезов атындағы Әдебиет институты, С.Мұқанов пен
Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей
кешені қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектерін, әдеби мол
мұрасын насихаттауда көп жұмыстар жүргізе бермек.
С.Мұқанов шығармалары қазірдің өзінде ХХ ғасырдан
ХХІ ғасырға батыл қадам басты деп сеніммен айта аламыз.
Оның өмірі мен шығармашылығы мектеп және жоғары
оқу орындарының бағдарламаларына енген. Жекелеген
кітаптары Қазақстан және шетелдік баспалардан қайта
басылып шығуда.
Осы ретте Мәскеуде, Сәбеңнің талай достарымен
қауышқан осынау қара шаңырақта – қазіргі
Халықаралық жазушылар одақтарының бірлестігі үйінде
ұйымдастырылған Сәбит Мұқановты еске алу кешіне
шақырғандарыңызға ілтипатты рахметімді айтамын.
2003 ж.
СҰЛУШАШ ҺӘМ МӘРИЯМ
Мәриям Қожахметқызы он алты жасында Сәбит
Мұқановқа тұрмысқа шығады. Бұл кезде Сәбең жиырма
алты жаста. 1926 жылы ол өзінің тамаша, күрделі, кесек
поэмасы “Сұлушашты” жазуға кіріскен болатын. 1928 жылы
“Сұлушаш” ең алдымен “Жаңа әдебиет” журналында,
содан соң жеке кітап болып жарық көреді. Тіл көркемдігі
мен ой сұлулығы егіз өрім таба жымдасқан бұл поэма оның
авторының ғана емес, қазақ поэзиясының үлкен олжасы
болып әдебиет тарихында қалды. Негізінен, “Сұлушаш” атты
46
халықтық аңыз дастанды негізге ала өзінің төл туындысын
жасаған С.Мұқановтың Сұлушаш образын сомдағанда
қарсы алдында, қасында, толған Айдай толықсып, ұзын
қолаң шашы тілерсегіне түскен жары Мәриям отырды.
Ақын жарының сұлулығын қиялындағы Сұлушаш бейнесіне
көшіре суреттемеуі мүмкін емес тәрізді. Өйткені, Сұлушаш
пен Мәриямның кескін-келбетіндегі ұқсастықтарды, ең
алдымен, тал шыбықтай бұралған жас арудың сұлулығын,
шұбатыла төгілген қалың шашын, садақтай керілген қиғаш
қасын, т.б. жырдан айнытпай табасыз.
Мәселен:
Он алтыға келгенде қыздың жасы,
Төгіліп тізесіне түсті шашы.
Қаламмен жалғыз сызық тартқандайын,
Қиылды қап-қара боп қиғаш қасы.
.....Қарақат көз, қыр мұрын, ұзын кірпік,
Тістері меруерттің тізген тасы.
Қып-қызыл жұқа ерін, оймақ ауыз,
Қиылып құмырсқадай белі үзілді…
Басына бәт-құндыздан киді бөрік,
Тізеден қара шашты жіберді өріп.
......Шеберге шашын ылғи маржандатты,
Бір рет өгеніне бір ат беріп…
(С.Мұқанов. Сұлушаш.
Таңдамалы шығармалар.
16 томдық. 12 т. Алматы:
Жазушы, 1977. – 392 б.).
Осынау қыз портретінен әлдебір таныстық, әлдебір
ұқсастық тауып, сүйсіне де сүйіне қабылдайтыныңыз анық.
Тіпті, ең соңғы тармақтағы шашын “Бір рет өргеніне бір ат
беріп” деген әсірелеуіне де мән бермейсіз. Бұл “Қыз Жібек”
дастанындағы “Орамалы тұрады бес жүз жорға” деп Қыз
Жібектің бағасын аспандата әспеттеумен ұқсас.
“Сұлушаш” поэмасын жазып бітіргеннен кейін Сәбит оны
47
Сәкен бастаған бір топ ағаларын үйіне шақырып, бастан-аяқ
оқып, талқыға салады. Жылы пікірлерін естіп, қанаттанады.
Поэмасын сүйікті жары Мәриямның алтын шашына
арнағанын да мақтанышпен баян етеді. Сол күннен бастап
Сәбиттің Сәкен бастаған ағалары, замандастары Мәриямды
“Сұлушаш келін” деп атап кетеді.
“1928 жылы жазылып, күні бүгінге шейін өз оқушысын
баурап алатын “Сұлушаш” Сәбеңнің поэзияда жасаған
“Оқжетпесі…” (С.Мұқановтың әдеби-мәдени мұрасы
және қазіргі заман. Халықаралық ғылыми-практикалық
конференция материалдары. І-том. Петропавл. – 2000, - 182
б.) – деп профессор Тұрсынбек Кәкішев жоғары бағалайды.
“Менің түсінігімде “Сұлушаш” кең тынысты, мол қарымды
эпикалық шығарма ғана емес, сонымен бірге тамыры терең,
өзегі берік, айтар тағылымы астарлы, қалың қатпарлы,
терең тәлімді философиялық туынды” (Сонда.) – дейді ақын
Темірхан Медетбек. “… аз ба, көп пе Сұлушаш бейнесін
жасауда жазушы өз жарының портретін пайдаланған,- дейді
профессор Құлбек Ергөбек. – Романдағы кейбір кейіптеу-
суреттеуге назар салсақ, бұл пікіріміз орныға түседі.
Сұлушаштың толықсыған сәтін ақын былай суреттейді:
Он алтыға келгенде кемел жасы,
Салбырап тізесіне түсті шашы.
Өткен ғасыр өмір шындығын бейнелейтін эпостық
жырларда қыздардың он алты жасқа келуі шарт емес. Көбі
он алтыға жетпей “он үште отау иесі” деп ұядан ұшырылған,
барар жеріне ұзатылған, құтты орнына қондырылған. Ел
эпосына келер болсақ, кейіпкердің жасы он сегізде. “Сол
кезде он сегізге келген жасы, Шолпысы бес мың сомдық
қазынасы” – деген жолдар осыѓан куә. Осы екі жағдайға
қарамастан, С.Мұқанов кейіпкері он алты жаста болып
суреттеледі. Мұнда нақты өмірлік деректің билік алуы бар деп
білеміз. Сәбең Мәриям апайға он алты жасында жолыққан.
Және сол сәтті “Өмір мектебі” мемуарлық шығармасында
келістіре суреттеген. Осы “Өмір мектебіндегі” Мәриям мен
“Сұлушаштағы” Сұлушашты кейіптейтін суреттерден
іштей үйлестік, үндестік табу оңай…”. (Қ.Ергөбек. Сәбит
48
Мұқанов. Оқу құралы. – Алматы, Санат, 2000. – 320 б.).
Ал енді мына фото-суреттің кездейсоқ түсірілмегендігін
ойша бағамдаймыз. “Сұлушаш” поэмасы жарыққа шығып,
халықтық рухани қазынаға қосылды. Ал жырдағы
Сұлушаштан аумайтын Мәриямның да бейнесін мәңгілік
есте қалдыру үшін Сәбең Мәскеудегі Қызыл профессура
институтын бітірген соң, 1935 жылы бір күні Мәриям апайды
ертіп фотоательеге барады. Тізеден төмен түсетін шашын
көрсету үшін түрегеліп тұрған қалпында суретке түсіртеді.
Бұл кезде екі ұлды – Арыстан мен Марат – дүниеге әкелген
жас келіншек Мәриямның зипа бойындағы ерекше көз
тартар ұзын шашын Сәбең мақтан тұта суретке түсірткені
анық. Осы фото-сурет маған кейде сонау 1930 жылдардағы
қазақ қызының бейнесі болып та елестейді. Бұл күнде
бұрымды қыздарды өте сирек көреміз.
Мынадай бір қызық уақиғаны осы орайда еске ала кетуге
болар. 2000 жылы көктемде, С.Мұқановтың 100 жылдық
мерейтойы қарсаңында, Алматыдағы №36 қазақ орта
мектебінің мұғалімдері мен оқушылары жазушының жары
Мәриям апайды кездесу кешіне шақырды. Өте тартымды
ұйымдастырылған кешті жас мұғалима Жанна Қалығұлова
жүргізді. Бір кезде жанымда отырған Мәриям апай: -- Мына
қыздың шашына қарашы! – деді. Тоқпақтай етіп өрілген
сыңар бұрым сымбатты да сұлу қыздың тілерсегіне түседі
екен.
– Апай, Сұлушаш қой! – дедім сыбырлап.
– Жас кезімде менің де бұрымым осындай болған,-- деді
апай өңінен шуақ, көзінен нұр байқалып. Бүкіл кеш бойы
апай жанарын Жаннаның бұрымынан аудармай, қарады
да отырды. Кеш соңында, шәй үстінде Мәриям апай өзінің
қатты толқығанын жасыра алмады. Жаннаға “Бақытты бол!
Бұрымыңды кеспе!” – деп батасын берді.
Ал енді мына фото-сурет Сәбеңнің жеке отбасылық
альбомында сақталған екен. 1976 жылы жазушыныњ 1965-
1973 жылдарда тұрған үйінде мұражай ашылатын болып,
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы шығады. Сол
тұстағы мұражай директоры Хакім Бекішев Мәриям
апайдан бұл фото-суретті сұрап алады да, екі дана үлкейтіп,
багетке салдырып, біреуін Мәриям Қожахметқызының өзіне
49
сыйлайды, екіншісін мұражайдың мемориалдық бөліміне,
Сәбеңнің қонақ қабылдайтын бөлмесінің қабырғасына іледі.
Содан бері бұл сурет келген-кеткен көрушілердің назарын
дәйім өзіне бұрады да тұрады.
1942-1943 жылдары соғыс өрті лапылдап тұрған
кезде Алматыға Мәскеуден, Ленинградтан көптеген
өнер қайраткерлері, артистер, ақындар, жазушылар
отбасыларымен қоныс аударып келген болатын. Солардың
бірі – орыстың атақты жазушысы, граф, академик,
аяқталмаған “Петр І” тарихи романының авторы Алексей
Толстой еді. Ол қазақ жазушылары Мұхтар Әуезовпен,
Сәбит Мұқановпен жақсы қарым-қатынаста болған. Өзінің
“Хождение по мукам” трилогиясының Мәскеуден 1943
жылы шыққан нұсқасын ол Сәбеңе: “Дорогому другу
Казаху Сабиту от горячо его любящего Алексея Толстого.
17 февр. 1944 г.” деген қолтаңбамен сыйлаған екен. Бірде
Алексей Толстой өзінің жарымен бірге Сәбеңнің үйінде
қонақта отырғанда Мәриям апайдың ұзын бұрымына
қатты қызығып қарай беріпті. Содан, рұқсат сұрап, Мәриям
апайдың бұрымын өзінің мойнына орап суретке түсіпті. “Сол
фото-сурет біздің отбасылық альбомымызда бертінге дейін
сақталып еді. Күліп еске алатын едік Алексейді. Кейін сол
суретті жоғалтып алғаныма өкінемін” -- дейді Мәриям апай.
Фото-суретке кім түсіргені белгісіз. Сірә, газет тілшілерінің
біреуі болуы да кәдік. Кім біледі, Алексей Толстойдың
мұражай қорында сақталып жатуы да мүмкін ғой…
Сәбең жас жұбайын Қызылжардан Қызылордаға алып
барғанда ең бір үлкен проблема тоқпақтай бұрымды күтіп-
баптау болған сияқты. Келіншегін Қызылорданың базарына
ертіп барып, сонда қымыз сатып отырған бір әйелмен
таныстырады да, апта сайын шашын қымызбен жудырады.
Былайғы өмірде ұсақ-түйекпен шаруасы жоқ жазушының
бір уайымы жарының ұзын шашын күтіп-баптауға жағдай
жасауға қатысты. Сондай-ақ ол келіншегінің қандай көйлек
киетініне де көңіл аударған. Бұл жөнінде Мәриям апай
былай дейді: “Сәбит менің әдемі киініп, жайнап жүргенімді
қатты ұнататын. Тек көйлегімнің жаға-жеңінің тым ашық
болғанын қаламайтын. Мен бір жаңа көйлек тіктірер кезде:
“Мәке, молдау қылып тіктір. Етегі тізеден төмен болсын” –
50
деп отыратын. Жаңа көйлекті киіп, әрлі-берлі жүрсем: “Түу,
жайнап кеттің ғой!” – деп балаша мәз болатын. Бірақ, менің
қызыл түстіден көйлек кигенімді ұнатпайтын. Бір жолы
оған ұнамайтынын білсем де, адуын мінезіме басып, қызыл
крепдешиннен көйлек тіктірдім. Қып-қызыл дейтіндей де
емес, күрең қызыл. “Кәртейіп тұрған жоқсың. Біз қатарлының
бәрі киеді” деп қыздырушылардың да әсері болды. Сонымен,
көйлек дайын. Барып алып келдім де, шифоньерге іліп
қойдым, арғы жағым біртүрлі, қипақтап жүрмін. Бір күні
қонаққа баратын болдық. Не де болса киейін деп, кидім.
Жарасып-ақ тұр. Қымбат мата. Жұрт қызығатындай. Аяқта
біз өкше қара туфли. Қап-қара қалың шашты тоқпақтай
ғып түйдім.Қырықтың ішіндегі кезім ғой. Қайран, дәурен-
ай! Сол кезде ғой өзімізді кәрі санаймыз. Қайдағы! Қазір
ойласам, ең бір әдемі кезіміз екен. Содан қызыл көйлекпен
Сәбиттің көзіне көрінейін. Алғашында жарқ етіп көрінгеніме
таңданғандай болып, іле-шала: “Қылымсыған қатыны –
қызылдан көйлек киеді” деп Шал ақынның айтқаны бар
еді…” - деп ақырын күбірлеп, әрі бұрылып кетті. Қонақта
отырған ғұрлы болмадым, маза жоқ. Көп ұзамай ауылдан
көп қонақтың бірі боп, бір жеңгеміз келе қалды. Қуанғаным-
ай! Құрметтеп қызыл көйлегімді сыйладым. Разы болып ол
кетті. Содан былай қызыл көйлек кимедім… (М.Мұқанова.
Сағынышым – Сәбитім. Естелік. Алматы: Өлке, 2000.-104 б.).
Міне, бір суреттен өрбіген ойлар тарам-тарам болып сан
түрлі соқпақтарға жетелейді. Қалай болғанда да, өлеңдегі
Сұлушаш пен өмірдегі Мәриям бейнесінде портреттік
ұқсастықтардың болғандығына күмән жоқ.
2005 ж.
БҰЛ БАЛА – СӘБЕҢ МЕН
ҒАБЕҢНІҢ ТҰҢҒЫШ НЕМЕРЕСІ!
“Ана тілі” газетінде (№5, ақпанның 3-і, 2005 мешін жылы)
“Шежіре-сурет” айдарымен жарық көрген фото-суреттің
астына “Мына бала қай бала?” деген тақырыпшамен
мынадай мәтін берілген: “Суреттегі қазақтың біртуар
51
жазушысы Ғ.Мүсірепов пен халық әртісі Қалибек
Қуанышбаев ағамызды көзі қарақты қазақ жақсы таниды.
Ескінің көзіндей осы суретті редакцияға бір жанашыр
оқырманымыз әкеп берді. Біздің білгіміз келгені – қазақтың
екі арысымен иық теңестіріп отырған мына баланың кім
екендігі. Кім де болса, тегін бала емес. Аты-жөні кім? Қазір
қайда? Сурет қашан, қайда түсірілген? Осынау сұрақтардың
жауабы бізді ғана емес, барша оқырмандарымызды
қызықтыратынына күмәніміз жоқ. Осы шежіре-суреттен
хабары бар жандардан хат күтеміз”.
Бұл фото-сурет қазақ әдебиетінің классигі, академик
-жазушы Ғабит Мүсіреповтің 60 жылдық мерейтойына орай
1962 жылғы 3 сәуірде Қазақтың Мемлекеттік академиялық
Абай атындағы опера және балет театрында өткізілген
салтанатты кеште түсірілген.
Суретте Ғ.Мүсіреповтің оң жағында отырған 10 жастағы
ұл – Бақытжан Арыстанұлы Мұқанов. Бақытжанның әкесі
– Арыстан Сәбитұлы Мұқанов (1927-2000 ж.ж.). Шешесі
– Энгелина Ғабитқызы Мүсірепова (1927 ж.т.). Яғни,
Сәбеңнің тұңғыш ұлы Арыстан мен Ғабеңнің тұңғыш қызы
Энгелинадан туған, қазақтың екі алыбына да ортақ тұңғыш
немере осы Бақытжан. Ол 1952 жылы 14 маусымда Алматыда
дџниеге келген. Қаладағы М.Мәметова атындағы №28 орта
мектепте оқыған. 1979 жылы Алматы Халық шаруашылығы
институтын бітіріп, Қазақ КСР Ғылым академиясының
Экономика институтына қызметке орналасады. Аз уақыттан
соң Республика Ішкі істер министрлігінің саласында
қызметке ауысады. 1975 жылы үйленеді. Әсел атты жалғыз
қызы бар. 1993 жылы – 41 жасында – дүниеден озған.
“Бақытжанды екі атасы да ерекше жақсы көрді, -- деп
еске алады Энгелина Ғабитқызы. – Ол ақылды, алғыр болып
өсті. Ең алғашқы көрген немерелері болғандықтан да шығар,
кейде екі атасы Бақытжанды бір-бірінен қызғанғандай да
болатын. Жиі-жиі шақырып, жандарынан тастамай, ертіп
жүруге тырысатын”.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-
мемориалдық мұражай кешенінің мұрағат қорындағы фото-
суреттердің арасында бұл сурет сақталмапты. Бірақ, бір
қызығы, осыған ұқсас тағы бір фото-сурет табылды. Онда
52
да дәл осындай салтанатты жағдай. 1960 жыл. Алматыдағы
Қазақтың Мемлекеттік академиялық Абай атындағы опера
және балет театрының сахна төрінде академик-жазушы
Сәбит Мұқановтың 60 жылдық мерейтойының құрметті
қонақтары. Бір ақсақал Сәбеңе шапан жауып, сый-сияпат
ұсынып жатыр. Сәбең сол жағындағы немересі Бақытжанға
бұрылып, әнтек жымиып қалған. Бақытжан да ұмтылып,
қос қолын атасының жаңа шапанының өңіріне қарай созып,
әлденені айтуда. Оған салтанатты кештің төрінде отырған
екінші атасы Ғабит Мүсірепов те көз қиығын салып, басқа
жұрт та елеңдесе назар аударған сыңайлы. Бақытжанның
сөзі бәрін де күлкіге бөктіргені көрініп тұр.
“Бақытжанды әкеміз өте жақсы көруші еді, – дейді Жанна
Сәбитқызы Мұқанова. – Мына фотосуреттегі көріністер әлі
күнге дейін көз алдымызда. Мерейтойда жанына немересін
отырғызып қоюды сол замандағы зиялылар үлкен мәртебе
тұтса керек”.
“Сәбит атамыз 60 жылдығындағы салтанатты жиын
төрінде отырғанда оның жанында немерелері Бақытжан мен
Нейла болған, ал Ғабит атамыздың 60 жылдығындағы тойда
оның қасында немерелері Дина мен Бақытжан отырған” –
деп еске алады Кәмила Арыстанқызы Мұқанова.
Бақытжан Арыстанұлы қос алып аталарының ортасында
бұлғақтап жүріп өскен ерке немере болғандығын куәгер
туыстарының сөздері дәлелдей түскендей.
“Тұңғыш немеремді Сәбит қайтқаннан кейін екі жылдан
соң өзім үйлендіріп, осы күнгі музей-үйді өкіметке тапсырған
кезде жеке үй алып беріп, бөлек шығарған едім. Бақытжан
атасының қасында жатыр. Кеңсайда. Қазақ айтады ғой:
“Немерең балаңнан да ыстық болады” деп. Сол рас. Әсіресе
бізге тұңғыш немере болған соң ба, Бақытжанның орны
бөлек еді” – дейді Мәриям апай Мұқан келіні.
Міне, суреттегі сәбидің кім екендігінен өрбіген әңгіменің
қысқаша түйіні осындай.
2005 ж.
53
ҒАБЕҢ МҰРАЖАЙЫНДАҒЫ
ҚҰНДЫ САҒАТ
“Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмиша өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек” –
деген ұлы Абай. Қаншама әдемі үн қатқанымен де сағаттың
сыртылы жалғыздықта адам жанына қуаныш-шаттықтан
гөрі, үрей мен қауіп ұялатып тұратынын талай аңғардық.
Қалай десек те, сағат – уақыт өлшеуіші. Біз оған күн сайын,
сәт сайын тәуелдіміз. Тіпті, сағатқа көз салмай, уақыт
мөлшері қанша болғандығына мән бермей өмір сүретін
адамзат баласы жоқ та шығар. “Бақыттылар байқамайды
уақытты, сағатыңа әлсін-әлсін қарама!” дейтін ән мәтініндегі
әдемі наз алғаш рет ғашықтар арасында айтылса керек.
Сағаттың түрлері көп. Атам заманда оның күн сағат, су
сағат, құм сағат, дөңгелек сағат, т.б. атаулары болған. Күн
сағат (гномон) көлеңкенің ұзаруы мен қысқаруын өлшеуден
пайда болыпты. Ежелгі ұрымдықтардың, мысырлықтардың,
қытайлықтардың сағат туралы қалдырған деректері оныњ
үнемі даму, жетілу үстінде болғандығын айғақтайды.
Біз білетін механикалық, электрондық сағаттардың да
мүмкіндіктері мол.
Ал сағаттар туралы сөз сабақтағандағы біздің мақсат
оның тарихын қозғау емес. 1992 жылы Алматыдағы
Ғабит Мүсіреповтің жаңадан ашылған музей-үйінің
экспозициясымен танысып, “Халық Кеңесі” газетінде
(08.08.1992) “Мүсіреповтің музейдегі мұрасы” атты шағын
мақала жазғанмын. Сондағы әсерімнің бәрі ақ қағаз бетіне
айна қатесіз түсті деп айта алмаймын. Әсіресе, маған
жазушының демалатын бөлмесіндегі еденде тұрған кісі
бойынан биік, үлкен ағаш қорапты сағат қатты әсер еткен
еді. Сағаттың тоқтап тұрғаны, иесінің де жүрегі тоқтап
қалғанына біраз уақыт өткені қатар ойға оралады да,
54
адамды бір мұңлы сезім баурап ала жөнеледі. Сол жолы
менің көзімді сағаттан айырмай, қайта-қайта қарағыштай
бергенімді аңғарып қалған мұражай қызметкері: “Бұл сағат
– Ғабеңнің қымбат мүліктерінің бірі. Сыйға тартылған сағат”
деп қысқаша ғана мәлімет берумен шектелген.
Араға оншақты жыл салып мен Ғабеңнің музей-үйіне
қайтадан оралдым. Осы тұста әлгі сағат тағы да көзіме
оттай басылды. Мен енді қордағы құжаттармен танысып,
сағат туралы тек өзім ғана біліп қоймай, жұртқа да кеңірек
таныстыруды жөн санадым.
Ең алдымен бұл сағаттың төлқұжаты сақталған. Ондағы
деректер мынадай: Ресейдің Орлов сағат зауытынан 29
желтоқсан 1961 жылы шығарылған. “ZMП” бөлме еденіне
қойылатын сағат. ТУ №14-175-57. Түрі – стационарлық
жоғары дәлдікті сағат. Дөңгелектер жүйесін қосу гир
арқылы. Бұрауы – аптасына бір рет. Жүрісі – шектеулі,
анкерлі. 20+5 С температурада дәл уақыт өлшемінен ауытқу
мөлшері – 7 сөткеде + 30 секөнт. Алты тасты. 25 минут
сайын және бір сағат уақыт өткенде қоңыраулатып соғады.
Бұдан соң сағатты зауыттағы тексеріс нәтижесі көрсетілген:
дәл уақыттан ауытқуы 7 сөткеде + 29 секөнт. Гирді толық
көтеруден кейінгі сағаттың жұмыс мерзімінің ұзақтығы 8
сөтке 4 сағатты көрсеткен. ОТК өкілінің қолы бар.
1962 жылы 22 наурызда қазақ әдебиетінің классигі,
академик-жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов 60 жасқа
толған. 3 сәуірде Қазақтың мемлекеттік академиялық
Абай атындағы Опера және балет театрында, 4 сәуірде
Қазақстан Жазушылар одағының конференц-залында
Ғабеңнің мерейтойы мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым
өкілдері және қалың оқырмандары қатысуымен салтанатты
түрде аталып өтіледі. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов –
мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы
баяндама жасайды. Ғ.Мүсірепов сол кездегі өкіметтің
жоғары наградасымен – орденмен марапатталды.
Ал мына сағатты Ғабеңнің бір топ қаламдас достары
осы мерейтойы қарсаңында сыйға тартыпты. Оны
куәландыратын екі нәрсе сақталған. Біріншісі – сырты
қызыл масатымен тысталған құттықтау хат. Мәтіні
мынадай:
55
“Достар шашуы.
Сүйікті Ғабе, досымыз!
Шыққанда жасың алпысқа,
Орамал біздің осымыз –
Ораулы жылы алғысқа.
Отырып кейде бөлмеңде
Естісең сағат дыбысын,
Соққандай бірге кеудеңде
Сезерсің жүрек тынысын.
Қаламдас достарың: Сапарғали, Әбу, Ғали, Дихан,
Хамза, Зейін, Мұхметжан, Хамит, Жұбан, Амантай, Серік,
Сафуан, Қуандық. Март. 1962 ж.”. Екіншісі – бір жапырақ
қағаздағы мына жазулар: “Бегалин, Есенжанов, Сәрсенбаев,
Әбілев, Ерғалиев, Қирабаев, Орманов, Қаратаев, Байтанаев,
Шашкин, мен – Молдағалиев, Шаңғытбаев. Анау,
Шаймерденов. Бәріміз шалға келіп, – Шай бер! – дедік.
31.ІІІ.62”.
Мұны жазған жазушы Жайсаңбек Молдағалиев
екендігіне күмән жоқ. 29 наурыз күні “Лениншіл жас”
газетінде Жайсаңбек Молдағалиевтің “Стиль сұлулығы
(Жазушы Ғ.Мүсіреповтің 60 жылдығына орай)” деген
мақаласы шыққан. Ж. Молдағалиев кейін, 1975 жылы,
“Ғабит Мүсірепов новеллаларындағы лирикалық дәстүр”
деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағанын да
айта кетсек болар.
Міне, әлгі, қаламдас іні-достары сыйлаған сағат
содан Ғабеңнің бөлмесінде 23 жыл бойы жазушыға үнін
тыңдатқан, уақытты безбендеп тұрған. Ғабит Мүсіреповтің
мерейтойларында, іс-сапарларда, шетелдердегі
кездесулерде алған сый-сияпат заттары өте көп болған.
Бірақ соның бәрін шып-шырғасын шығармай мұқият
сақтауға, жинауға Ғабеңнің онша құлқы соқпаған сияқты.
Қымбат сағаттарын, өз қолымен әртүрлі ағаш бұтақтарынан
жонып жасаған таяқтарын, түрлі ойын карталарын, бильярд
ойнағанда таңдап жүріп қолына ұстаған кийлерін, қымбат
56
аңшы мылтықтарын, тіпті, астындағы көлігі – машинасына
дейін көңілі түскен інілеріне, қаламдас достарына оп-оңай
сыйға бере салған.
Бұл пікірімізді Ғабеңнің жазушы інілерінің мына сөздері
тиянақтай түсетіндей:
Медеу Сәрсеке: “Ғұлама кісілердің де балалық дерлік
оғаш қылықтары болады. Кейіннен білдім: Ғабит ағай таяқ,
бәкі тәрізді қолдан жасалған заттарға құмар екен, бірақ
олардан тым тез айнитын; ұнатқан бұйымын бірер жыл
жұмыс бөлмесінде ұстайтын еді де, көңілі одан суыған
күні әлдекімге сыйлай салатын-ды… Мысалы, бір жолы
Парижден әкелген, сыртында Моно Лизаның (“Джоконда”)
жымиған портреті бар әдемі ойын картасын “Медеу ініме,
12 май, 1975” деп жазды да, қолын қойып маған ұсынды.
Нақ сол күні қаламгерді риза еткендей қызметім болған
жоқ-ты. Сірә, тартпасын ұсақ-түйектен тазартқысы келіп
отырған кезіне дөп келсем керек. Сондай-ақ өзім Өскеменде
сыйлаған алмас жүзді әдемі кездік те ол кісінің үйіндегі жазу
столының үстінде біраз жыл жатты да, соңынан көрінбей
кетті. Қолды болғаны сөзсіз. Соны бірақ кімге бердіңіз
деп сұраған емеспін…(“Мен білетін Ер Ғабең” - Алматы,
Атамұра, 2002.- 160 б.).
Сәкен Жүнісов: “Кезінде Ғабең таяқ жинайтын, содан бір
әсемдік, ләззат алатын. Неше түрлі сағаттар жинайтынын
да көрдім. Кейін әр елдің зауыттары шығарған неше түрлі
сағаттар көбейіп, оларға деген құмарлық әуестігі тарқап,
олардың таңсықтығы азайған соң әркімге таратып бергенін
де білемін. Мен де біреуін алып, көп ұзамай жоғалтып
алғамын.” (“Қазақ әдебиеті” газетіне берген сұхбатынан.
14.05.2004).
Ал мына сағатты Ғабең ұзақ жылдар бойы сақтапты.
Сондықтан да болар жазушы мұражайындағы оның ұзақ
тұтынған, қадірлеп ұстаған, қаламдас достарының көзіндей
көріп қастерлеген осы сағаты – бағалы экспонаттың бірі
ретінде келушілердің назарын өзіне әрдайым аударып
тұрады
Достарыңызбен бөлісу: |