алдағы уақытта оқығысы келген нәрселер туралы ақпарат алмасады.
«Әріптер мен сандар» Қатысушыларға мұғалім қалаған әріп не сан айтады. Қай топ 10 санағанша, әртүрлі тәсілмен бірінші құрастырып болса, солар жеңімпаз. Сергіту кезінде немесе жағымды ахуал туғызу сәтінде қолдануға болады.
«Әуенді өрімдер» Саз өнері – қазақ халқының ерекше мән беріп дәріптейтін құнды қазынасы, ұлттың тілі мен ділінің айнасы. Ештеңеге қызықпайтын бала ән мен күй тыңдауға елітіп, елеңдері, қосыла айтуға құмартуы сөзсіз. Олай болса, сөзді сазды иіріммен айту, бір-бірмен әуендете өру – тамаша көмек көзі. Бірақ шәкірттеріміздің көптің алдына шыға алмайтын ұяңдығы, әнді нақышына келтіріп орындай алмаймын деп тартынатыны да ақиқат. Сонымен қатар біз тілінің мүкісі бар немесе ойын жеткізе алмайтын, үндемегенді жөн көріп, тартынып отыратын баланың әнді тебірене орындайтын сәттерін де сан рет байқадық. Әр сөздің мағынасын әуен арқылы тербей, жүрегімен сезінген шәкіртімізді басқа қырынан танып, тәнті боламыз. Үзілісте бала жанына шымырлай еніп жататын халық әндері мен күйлері, халық композиторларының шығармалары, қазіргі таңдаулы қазақы туындылары үнтаспада ойналып, бала жанына бұлақтай мөлдіреп құйылып жатса, нұр үстіне нұр!
Жалпы сабақтардың, үзілістің музыкамен тығыз байланыста болуы баланың ашылуына әдемі мүмкіндік деп білеміз.
«Бағдаршам» Сабақтан алған әсерлерін төмендегі түстер арқылы көрсету:
Жасыл түс – сабақтан жаңа идеялар байқадым.
Сары түс – жаңа сабаққа көңілім толды.
Қызыл түс – бүгінгі сабақ сезіміме ерекше әсер етті.
Немесе:
«Балалар философиясы» Тақырыппен таныстырып, үдерісті түсіндіріңіз. Оқушыларға ынталандыру материалдарын толығымен қарауға бірнеше минут беру керек. Оқушылар шеңберге оралғанда, жауап беруі тиіс тақырыпқа/пәнге қатысты сұрақтарды ойластыру үшін, оларға бір-екі минут беріледі. Осылайша дауыс беру және сұрақтарды талқылау анықталады. Мұғалім сұрақтарды дұрыс құра отырып, дамытатын сұрақтар қойып немесе әр оқушының қатысуын қамтамасыз ету үшін топпен бірге әрекет ете отырып, делдал ретінде қатысады.