Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет43/92
Дата16.10.2023
өлшемі442,2 Kb.
#115942
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   92
Байланысты:
annotation15107 2

«Ведалық дәуір»

Б.з.д. ІІ мыңж. аяғы – І мыңж. бірінші жартысы әдетте «ведалық дәуір» деп аталады, өйткені оны зерттеудің негізгі деректері Үндістанның діни әдебиетінің ежелгі ескерткіштері – ведалар болып табылады. Веда сөзі «қасиетті білім» деген мағына береді. «Веда» ұғымына әдетте негізгі төрт жинақты – самхиттер (Ригведа, Яджурведа, Самаведа және Атхарваведа), сондай-ақ оған қосылатын кейінгі ведалық шығармаларды жатқызады.
Самхиттер діни әндер (гимндер), әуендер, құрбандық сөздері мен дұғалардан тұрады. Олардың ең көнесі – Ригведалар («гимндер Ведасы»). Ригведа гимндері діни шабыттың ашылуы тұсында ерекше киелі тілде жазылған өлеңдер болып табылады. Ригведамен қатар Атхарваведа ерекше маңызға ие. Оның негізгі бөлігін зұлым рухтар мен ауруларға қарсы дұғалар, ұзақ өмір, бала сүю, билік пен байлық сұрау дұғалары құрайды. Атхарваведа дінінде оның салыстырмалы түрде кейінгі уақытта қалыптасқандығын көрсететін белгілер бар. Оның құрамында абыздар емес, қарапайым халық құрастырған мәтіндердің кездесуі, үнділіктердің тұрмысы, әдет-ғұрыптары мен наным-сенімдері жөнінде құнды мәлімет береді.
Кейінгі ведалық әдебиет құрамына брахмандық проза ескерткіштері де, атап айтқанда, брахмандар, араньяктар мен упанишадалар кіреді. Брахмандар абыз-брахмандар үшін арнайы жазылған, онда құрбандыққа шалу рәсімдері тәкпіштеп жазылған. Одан кейін араньяк мәтіні (сөзбе-сөз аударғанда - орман) орын алады. Бұл өз өмір жолының кезекті сатысында орманға оңашалыққа кеткен анохореттерге арналған шығарма. Ведалар корпусын упанишада аяқтайды (санскрит тілінен аударғанда – «отырып, ұстаздың өсиеттерін тыңдау» деген мағына береді). Ведалардың ең терең ойлы бөлімі, онда ведалық діннің бүкіл діни-философиялық ойларының негіздері баяндалады.
Кейінгі ведалық әдебиетпен қатар қарастырылып отырған дәуір бойынша үнді дәстүрінде итихаса («өткен оқиғалар») деп аталатын шығармалар негізгі дерек болып табылады. Бұл жанрға жататын Махабхарата мен Рамаянаны әдетте эпикалық дастандар деп атайды, алайда олардың формасы мен мазмұны басқа халықтардың эпосынан айтарлықтай ерекше. Екі дастанның да қалыптасқан уақыты шартты түрде б.з.д. І мыңж. ортасы – б.з. І мыңж. ортасы шектері деп анықталады. Мазмұны мен формасы бойынша алуан түрлі элементтердің қоспасы болып табылатын бұл шығармалар архаикалық мифтер мен әскери баяндар, аңыздар мен мысалдар, трактаттар, құдай есімдерінің, халықтардың, шежірелердің, тәуеп ету орындарының орасан көп тізімі және т.б. тұрады. Олар тек әр түрлі уақытта және әр түрлі халықтар туындысы болуымен ғана емес, сонымен бірге әр түрлі әлеуметтік ортада жасалуымен де ерекшеленеді.
Ригведада көрсетілетін географиялық атаулар осы тарихи ескерткішті құрастырған тайпалар – арийлердің орналасқан аймағы Солтүстік-Батыс Үндістан болғандығын бұлжытпай дәлелдейді. Пенджабтан шығысқа қарай жатқан жерлер жөнінде деректе көп айтылмайды. Ганг өзені бір-ақ рет аталады, оның өзінде де Ригведаның кейінгі бөлігінде. Ведалық әдебиетте арийлердің шығыс және оңтүстік-шығыс бағытта қоныс аударуы жөнінде мәліметтер кездеседі. Бұл миграциялардың нәтижесі үнді-арий тілдерінің тарауы, Ганг аңғарының игерілуі және ежелгі үнді мәдениетінің қалыптасу орталықтарының өзгеруі болды.
Үнді-арий тайпаларының қоныстану үдерісі тарихнамада, кейде жергілікті халықты құлдыққа айналдыруға алып келген жойқын жаулаушылық жорықтары түрінде көрсетіледі. Мұндай тұжырымдама жасаудың негіздері өте әлсіз. Үндіеуропалықтардың Оңтүстік Азияда пайда болуы бір мезгілде іске асқан шара емес, ол өзіндік бір арийлер жаулаушылығы түрінде болмаған. Бұл ұзаққа созылған үдеріс болды. Ригведаны құрастырушылар бұл этникалық қоныс аударулардың бір толқыны ғана болған тәрізді, және үндіеуропалықтардың әр түрлі топтарының арасындағы қарым-қатынастар, олардың жергілікті халықпен қарым-қатынастарынан да күрделі болмағанына ешкімнің кепілі жоқ.
Ригведа гимндерімен үстірт танысқанның өзінде арийлердің өмірінде және олардың дүние туралы түсініктерінде мал шаруашылығының орнына қаншалықты зор маңыз берілгені айқын көрінеді. Құдайларға бағышталған дұғалар көбіне мал санын арттыруын сұраумен аяқталып отырған. Ірі қара мал байлықтың басты өлшемі болды. Қасиетті кітаптардың құрамына үй жануарларының ауруларына қарсы дұғалар кірді. Құдайларға арналған құрбандықтар сүт, май, және басқа да мал өнімдері түрінде болды. Көсемді - «сиыр бағушы», бай кісіні - «сиыр иесі», соғысты – «сиыр іздеу», руды – «сиыр табыны» деп атаған. Жүк малы ретінде өгіз бен есекті пайдаланды. Әскери арбаны атқа жеккен. Аттың соғыс ісіндегі маңызды ролі ведалық діннің сипатты белгісі болып табылатын жылқы культімен байланысты болды.
Алайда арийлерді тек көшпелі малшы тайпалар ретінде қарастыруға болмайды. Деректің ең ерте бөліктерінің өзінде бос жатқан жерге қарама-қарсы, өңделетін жердің маңызы көрсетілген. Құдықтар, жасанды арықтар мен көлшіктер түріндегі тұрпайы суғару жүйесі қолданылғандығы байқалады. Жер жыртуда қарапайым кетпен ғана емес, соқа да пайдаланылды. Кейінгі арийлік дәуірде шаруашылықтың негізгі саласы егіншілік болғаны айқын. Әр түрлі егіншілік дақылдары туралы мәліметтер өте көп. Сұлы, бидаймен қатар күріш те молынан өсірілді.
Кейінгі ведалық әдебиетте әр түрлі қолөнер түрлерін білдіретін арнайы терминдер кездеседі. Мысалы құмырашы кәсібінің мұраға қалдырылатыны байқалады. Ригведада сауда жөніндегі мәліметтер өте мардымсыз. Сауда айырбас сипатында болған тәрізді, өлшем құралы ретінде сиыр пайдаланылды. Алайда табысты сауда нәтижесінде жиналған байлық өте сирек кездесті. Шынайы байлық билік иелері мен өз тайпаластарының мүлкімен және еңбегімен иелену құқығына ие болғандардың қолында болды.
Кейінгі ведалық дәуірде үнділіктер деревня типіндегі қоныстарда тұрды. Олардың қалалық өмірмен таныстығын көрсететін деректер кездеспейді. Деревня басшысы болу өте беделді қызмет болған тәрізді, алайда оның қызметке келу жолы беймәлім. Деревня халқының арасында терең мүліктік жіктеліс байқалмайды. Тек дәуірдің соңына қарай ғана әлеуметтік-саяси статусына тәуелсіз мүліктік айырмашылық маңызға ие бола бастайды. Кейінгі ведалық әдебиетте негізгі қоғамдық жіктеліс шреяс және папияс терминдері арқылы анықталады. Алғашқысы шри – «игілік» сөзінен, ал екіншісі – папа - «күнә» сөзінен шығады. Шреяс әдетте брахмандар (абыздар) мен «патшаларға» қатысты қолданылды. Олардың игілігі мүлкінде емес, материалдық байлықтың өзі әлеуметтік беделі мен басқалардың үстінен билік жүргізуімен байланысты болды. Игі-жақсылардың (шреяс) алдында басқалар құрақ ұрып қызмет етті.
Шонжарлардың өкілдері, ведалық «патшалар» бали алуға құқылы болды. Бали – адамдардың рухтар мен құдайларға шалатын құрбандықтары. Балиді нақты анықталған салық деп қарастыруға болмағанмен, алайда жазылмаған заңдар арқылы раджаларға өтелуге тиіс әр түрлі сый-сияпат түрлері реттеліп отырған тәрізді.
Кейінгі ведалық дәуірдің әскери аристократиясы, «патшалар», олардың туыстары мен жақындары ерекше сословиелік топ – кшатрийлер варнасын құрады. Осындай варнаның бірі абыз-брахмандар болды. Халықтың негізгі еңбекші бұқарасы «халық» варнасын – вайшьяларды құрды. Кейінгі ведалық мәтіндерде соңғыларды арья деп те атайды. Брахмен мен кшатрийге олардың магиялық субстанциялар – «рухпен» (брахма) немесе «билікпен» (кшатра) спецификалық байланысы маңызды болса, «арья» термині вайшьяларға тиесілі болып қалды. Алайда арийлер деп ведалық дінді ұстанып, оған тән өмір салтын сақтаушы, өз үйі мен шаруашылығы бар адамдардың барлығы аталды. Сан жағынан алғанда олардың көпшілік бұқарасын егінші қауымдастар, яғни вайшьялар құрды.
Брахмандар, кшатрийлер мен вайшьялар «екі рет туылғандар» болып есептелді, өйткені бала кезінде қасиетті бауды иығына байлау арқылы жасалатын діни рәсімнен өткен. Осы рәсім екінші рет туылу деп аталып, оның өзі ведалық діни рәсімдерге қатысуға құқық берді. «Екі рет туылғандар» ведаларды тыңдауға тиым салынған шудраларға қарсы тұрды. Шудраны сипаттайтын басты белгі – рәсімдік таза еместік. Әрине, бұл шудраның «арийлер» қоғамынан тыс қойылғандығының айғағы.
«Екі рет туылғандар» тұрғысынан алғанда шудралар бөтендер варнасы болып есептелді, алайда олардың қоғамдағы шынайы жағдайы, этникалық шығу тегі сияқты, әр түрлі болуы мүмкін еді. Шудраның міндеті қожайынның аяғын жуу болды. Сонымен бірге кез келген шудраны үй малайы деп қарастыруға болмайтын тәрізді. Жеке шаруашылық жүргізген шудралар да болғанын деректер көрсетеді. Шудраларға жататын категориялардың қатарында қолөнершілер де болған. Қолөнер әдетте, шудралардың сословиелік-касталық міндеті деп саналды.
Ежелгі үнді өркениетінің негізі ретіндегі варналық құрылыс ведалық дәуірде, Солтүстік Үндістанды жаулау барысында қалыптасты. Ол кезде шудралар ең төменгі категорияны құрған болатын. Алайда егіншілер мен малшылар қоғамынан тыс ну орман (джунгли) тайпалары жатты. Осы «жабайылардың» өркениет ықпалына бірте-бірте тартылуы олардың әлеуметтік иерархиядағы орнын анықтауды талап етті. Артта қалған тайпалар әдеттегі деревня шудраларынан да төмен статусқа ие болды. Олар рәсімдік жағынан лас, яғни кесапаттар деп қарастырылды. Олар варналық жүйеден тыс қойылды. Егер варнаға кіретін шудралар деревняларда тұрып, ондағы негізгі шаруашылық түрлерімен айналысқан болса, варнадан тыс қойылған кесапаттар өз лашықтарын елді мекендердің шегінен тыс жерлерде соғып, деревняға ең төменгі, лас жұмыстарды орындау үшін ғана келіп тұрған.
Әр варнаның құқықтары мен міндеттері кейінірек «Ману заңдары» жинағында көрсетілді. Мұнда бірінші орынға брахмандар қойылды. Олардың шығу тегінің тазалығына ерекше мән берілді, сондықтан да брахмандар өздерінің касталық томаға-тұйықтығын сақтауға күш салып отырды. Брахман өзінің арғы ата-бабасы – ришиді, ведалық гимндерді шығарушы данагөйлерді мақтанышпан айтатын болған. Әскери шонжарлар (кшатрий) оларды құрметтеуге тиісті болды. Алайда іс жүзінде жоғарғы екі варна билік пен дәрежені бөлісіп отырған және кейде тайталасып та қалған, дегенмен халықтың қарсылығын басу қажеттігі туған кезде бірлесіп қимыл жасаған.
Бірдей қылмысы үшін түрлі варналардың өкілдері әр түрлі жаза алатын болған. Шудраны өлтіргені үшін брахманға, біреудің малын өлтіргені сияқты, қатесін мойындап, айып төлеудің өзі жеткілікті болған. Ал егер шудра брахманмен дауласып ерегіссе, ол үшін оның аузына отқа қыздырылған бір кесек темір тығатын болған.
Адамдардың осылай тұйықталған варналарға бөлінуі және әр түрлі варна өкілдеріне некелесуге рұхсат етілмеуі мәңгілік, бұлжымайтын және дінмен реттелген тәртіп болып саналды.
Ведалық қоғамда билік өзіндік патша – раджалардың қолында болды. Ригведада арбада тұрып өз жауларын тықсырып бара жатқан жауынгер бейнесіндегі Индра құдайы – раджа деп аталады. Ол дәуірде билеушілерді жауынгерлік ерліктермен – ең алдымен, жауынгерлік ат арбалардағы жеңістермен байланыстырған. Ат арбалармен өткізілетін жарыстар тек шонжарлардың сүйікті ойын-сауығы ғана емес, ведалық әдебиетте маңызды орын алатын рәсім де болған. Жеңімпаздар құдайлардың сүйіктілері ретінде ерекше құрметке ие болып отырған. «Патшалар» мен «халық» арасындағы айырмашылық дәл осы соғыс ісінде ерекше айқын көрініс тапты: көсемдер мен қолбасшылар ат арбамен соғысса, ал халық жаяу әскерді құраған. Арба мен доңғалақ биліктің символы болғаны белгілі. Ведалық дәуірде ат арбалар аса маңызды әлеуметтік-саяси мәнге ие болды.
Мемлекет бастапқыда тайпалық негізде қалыптасты. Басында «жоғарғы» немесе «ұлы патша» тұрған кең-ауқымды одақтар да құрылып отырды. Алайда мұндай құрылымдар жекелеген патшалықтың ішкі құрылымын айталықтай өзгерте алған жоқ, сондықтан да ұзаққа бармай ыдырап кетіп отырды. Шеткері жерлерде, негізінен Гималай тауының етегінде басқа да саяси құрылымдар қалыптасып жатты. Деректерде оларды сангха - «бірлестік» деп атайды. Сангхаларда шонжарлардың (раджалар) бүтіндей топтары, жүздеген, мыңдаған адамдар өмір сүрді. Өз жиналыстарында олар орындаушы билік өкілдерін сайлап, ең маңызды мәселелерді дауыс беру арқылы шешіп отырды. Әрбір осындай одақ үстемдік етіп отырған шонжарлар руының атымен аталды. Осындай конфедерациялардың кейбіреуі б.з.д. І мыңж. ортасындағы саяси күресте маңызды роль атқарды.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет