Сервий Туллий реформалары
Б.д. VІ ғасырда Рим этрускілердің бағыныштылығына түсті. Этруск династиясынан шыққан соңғы рим патшаларының бірі Сервий Туллий бірқатар реформалар жасап, рулық құрылыс пен ерте рим мемлекеттілігінің сипатына соққы берді. Рим қоғамындағы рулық-тайпалық бөліністің орнына территориялық қағида қолданылды. Сервий Туллий рим халқын жаңа төрт территориялық трибке бөлді, бұл бөліністе әлеуметтік саты емес, территориялық бөлініс маңызды болғандықтан, территориялық триб құрамына патрицийлерде, плебейлер де кірді. Осылайша плебейлер Рим азаматтық қауымының құрамына формальді түрде енді.
Сервий Туллий іске асырған келесі шара – рим халқын бес разрядқа бөлу. Бұл бөліністің негізгі көрсеткіші мүліктік ценз болды, оның негізіне ежелгі Римнің ақша бірлігі – мыстан жасалған асспен өлшенген азаматтың мүлкінің көлемі жатты. І разрядқа Рим азаматтарының ең ауқаттылары кіріп, олардың мүлкінің мөлшері 120 мың асс болды. Екінші топқа мүлкі 70 мың асс, үшінші топқа мүлкі 50 мың асс, төртінші топқа 25 мың асс, бесінші топқа 12500 асс мүлкі бар азаматтар жатқызылды. Ешқандай топқа кірмейтін ең кедей римдіктер пролетарий деп аталды. Пролетарий сөзінің мағынасы – ұрпағынан басқа ештеңесі жоқ деген мағына береді.
Римдіктердің мүліктік бөлінісіне байланысты жауынгерлік жасақ жаңа құрылымға ие болды. Әрбір мүліктік топ әскерде қызмет етуге белгілі бір жауынгерлердің санын шығаруы тиіс болды. Ол – центурий деп аталды. Бірінші топ – ауыр қаруланған 80 центурий жауынгер, 18 центурий атты әскер жауынгер шығарды. Екінші, үшінші, төртінші топтың азаматтары 20 центурий жаяу әскер шығаруға тиіс болды. Бесінші топтың өкілдері жеңіл қаруланға 30 центурий әскер шығарды. Осылайша бірінші мүліктік топтың өкілдері барлық 193 центурийдің 98-ін қалыптастырды.
Сервий Тулий реформалары барысында ерте рим азаматтық қауымының саяси құрылымында бірқатар өзгерістер орын алды. Центурия тек әскери емес, саяси бірлікке айналды. Егер бұрын халық жиналысы Римде курия бойынша шақырылып, плебейлердің қатысуға мүмкіндігі болмаса, Сервий Тулий реформаларынан кейін куриаттық комициялар өз маңызын жоғалтып, алдыңғы орынға центуриаттық комициялар шығады. Әрбір центурияның халық жиналысында бір дауысы болды, азаматтардың ауқатты тобының өкілдері центуриаттық комицияларда дауыс беруде басымдылыққа ие болды. Плебейлер де халық жиналысына қатысуға құқық алды.
Сервий Тулий реформалары рим қоғамының дамуына кедергі болып отырған рулық қатынастарға соққы берді. Мемлекеттік құрылымның негізі территориялық және мүліктік жіктеліс бойынша іске асты. Біртіндеп құлиеленуші Рим мемлекетінің мемлекеттік құрылымы қалыптасты, кейін Рим Италияда ғана емес, Жерорта теңізінде де үстемдікке ие болды.
Достарыңызбен бөлісу: |