НӘТИЖЕСІ: Жұмысты қиындата түскен тағы бір мәселе – Қазақстан партия ұйымының басшысы Ф. Голощекиннің отырықшылануы шаруаларға деген көзқарасының дұрыс еместігі еді. Оның ойынша, тұрғын үй, баспана мәселесі екінші қатарға жатқызылды. Ол отырықшыландыруда шаруашылық мәселелері – шөп шабу, егіншілікпен айналасуға үйрету бірінші кезекте тұруы керек деп санады. Ал, шаруа екі жылдай киіз үйде отыра тұруы және бірітіндеп өз күшімен баспананы өзі салып алуы тиіс болды. Осыдан келіп Ф.Голощекин отырықшыландыруға байланысты құрылысты шаруаның отбасына арналған баспана салудан емес, алғаш қора-қопсылар, яғни шаруашылық құрылыстарын салудан бастауды ұсынады. Мұндай қате көзқарас және жұмыс барысындағы асыра сілтеулер ауыр зардаптарға ұрындырды. 1930 жылдан бастап қазақтардың қоныстарынан ауа көшулері үдей түсті. Көп кешікпей-ақ босқын қазақтар Қазақстанның өз ішінде шұғыл көбейді және олар көрші республикалар аумағына қоныс аударды. Олардың саны 1 млн. адамнан асып түсті. Осылайша отырықшыландыру саясаты шын мәнінде сәтсіздікке ұшырады, Қазақстанда 1931-1933 жылдары қолдан жасалған алапат аштықтың кең өріс алуына зор ықпал жасады. Зорлап отырықшыландыру науқанында орын алған өрескел кемшіліктер жаңа шаруашылықтық-саяси науқанда босқындарды орналастыру барысында бірітіндеп жойылды. Алайда, қазақтар эволюциялық өркендеудің табиғи, дәстүрлі шаруашылық жолынан тайдырған зорлап отырықшыландыру шаралары демографиялық және рухани тұрғыдан қазақ халқының өмірінде қасіретті ауыр іздер қалдырды.
16. Күштеп ұжымдастырға және меншіктен айыруға қарсы көтерілістер мен наразылықтар. 1927 жылы желтоқсанда өткен Компартияның ХV съезі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағытын жариялады. Ауылда кооперативтік қозғалыстың дамуы барысында еріктілік, дербестік, материалдық мүдделілік, кооперативтендірудің жоғары формаларына кезеңмен өту ұстанымдары жарияланды. ҚазақАКСР-де ұжымдастыруды 1932 жылдың көктеміне қарай аяқтау белгіленді.
БАРЫСЫ: 1929 жылдың екінші жартысынан бастап республикада ұжымшар құрылысы жедел дамыды. Алғашқы МТC (машина-трактор станциялары) құрылды. Ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жаппай жүргізу үшін қосымша 8 мың жұмысшы “ұжымдастырушылар” тартылды. Мəскеу, Ленинград, Харьков, Иваново-Вознесенскіден 1204 адам жіберілді. Олар Ресейдегі жобаны қайталайтын қоныстандыру үлгісін орнықтырды. Ұжымдастыру идеясы мейлінше қатаң жүргізіліп, жаппай қуғындау мен лаңкестікке негізделді. Ұжымдастыру даярлықсыз, жергілікті жағдайлар ескерілместен әкімшілдік-күштеу əдістерімен жеделдете жүргізілді. Шаруашылық базасын жасау, тұрғын үйлер, мəдени тұрмыстық объектілер салу жоспары орындалмады.
ҰЖЫМДАСТЫРУДАҒЫ ШАРАЛАР:Белсенділер отырықшыландыруды жоспарланған 3 жылдың орнына 3 күнде аяқтап “жалған ұжымшар” құра бастады. 1932 жылдың ақпанында Шу ауданында жүздеген шаруашылықтар жиналып, 400 киіз үй “қала үлгісіндегі поселок” болып тігілді. Осындай жағдайлар әр жерде кездесті. Абыралы ауданында барлық шаруашылықтың 70%-ы, Жымпиты ауданында 60%-ы, Жəнібек ауданында 95%-ы ұжымдастырылды.
Шаруашылықты ұжымдастыру деңгейі үнемі өсіп отырды. 1928 жылы барлық шаруашылықтың 2%-ы, 1931 жылғы қазанда 65%-ы ұжымдастырылды. Азықпен қамтамасыз етудің қиындауына байланысты 1929 жылы «əскери коммунизм» саясаты кезіндегі төтенше əрекет жүргізілді. 1931-1932 жылдары Шұбартау ауданында малдың 80%-ы мемлекетке етке өткізілді. 173 мың малы болған Балқаш ауданына 297 мың малға салғырт салынды. Торғай ауданында 1млн-ға жуық малдың 98 мыңы қалды. Торғайлықтар “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!” ұранын көтерді.
Еріктілік ұстанымы өрескел бұзылды. Сайлау құқықтарынан айыру, басқа аудандарға жер аудару, ұзақ уақыт қамауда ұстау тәсілдері қолданылды. Ұжымшарға кіргісі келмеген кедейлер мен орташаларды “бай-кулактар” қатарына жатқызды. 1929 жылы 56 498 шаруа жауапқа тартылып, 34 мыңнан астамы сотталды. Кулактар қатарына жатқызу үшін темір шатырлы үйі немесе екі аты болуы жеткілікті болды.
Ақмола округінде сотталғандарды үй ішімен 24 сағатта жер аударып жіберген. Алматы, Петропавл округтерінде қара бойкот (шет қақпайлау) жариялап, терезелерге тақтай қағып, от жағуға рұқсат етпеген. Ақтөбе, Павлодар округтерінде кедейлерді ұрып-соғу, суық су құйып азаптау, суық қоймаларға қамау, кулак үйінде жаназа рəсімін өткізуге жол берілген. 1929-1933 жылдары БМСБ (Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма) үштігі 9 805 іс қараған. Aту жазасына 3 386 адамға, 3-10 жылға концентрациялық лагерьге қамауға 13 151 адамға үкім шығарды. 1933 жылы БМСБ үштігі 21 мыңнан астам адамды қамауға алды. Тұтас əулеттер мен рулар да жазаға тартылды. Үштіктің хаттамаларына Ф.Голощекин, І.Құрамысов (1930 ж. 9 наурыздан) Г.Рошаль қол қойып отырды.
1930-1932 жылдары елді аштық жайлады. Аштықтан, түрлі індеттен халықтың 40%-ы қырылды. 1931-1933 жылдары республикадағы 6,2 млн. тұрғынның 2,1 млн-ы қырылды. Оның ішінде қазақтан басқа халықтың шығыны – 0,4 млн адам. 1 млн-нан астам қазақ республикадан тыс жерге көшіп кетті. Ұжымдастыру қарсаңындағы мал саны – 40,5 млн болса, 1933 жылы 1 қаңтарда 4,5 млн ғана мал қалды. 1932 жылғы шілдеде аштық апаты мен себептері туралы Ф.Голощекинге “Бесеудің хаты” жазылды. Бұл хатты жазған қайраткерлер – Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дəулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев. 1933 жылғы наурызда Т.Рысқұлов аштық апаты туралы И.В.Сталинге, М.М.Кагановичке, В.М.Молотовқа хат жолдады.