Алтын Орда алғашқы кезде Монғол империясының бір бөлігі болды, сөйтіп, әуелгі кезде монғолдың ұлы ханына қарайтын, бірақ Батый хан (1242-1256) өзін тәуелсіз билеуші ретінде ұстады. 1260 ж. Монғол империясы тәуелсіз ұлыстарға бөлінді. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256-1266) тұсында дербес мемлекетке айналды. Ол елді басқарған кезде Алтын Орда Монғол империясынан біржолата бөлінді. Одан кейінгі Мөңке-Темір хан (1266-1280) тұсында Алтын Орда тұңғыш рет өз атынан теңге құя бастады. ХІІІ ғасырдың 80-ші жылдары Алтын Ордада беклербек Ноғайдың есімімен байланысты дағдарыс басталды. Ноғай Шыңғысханның бір ұрпағы ретінде Батый мен Берке кезінде мемлекеттегі екінші адам болды. Оның ниеті өзінің дербес мемлекетін құру еді. Ол өзіне Дунай, Днестр, Днепр бойындағы елдерді бағындырып алды. Тоқты хан кезінде (1298-1312) алауыздық өзара күреске ұласып, 1300 жылы Ноғай жеңіліс тапты, содан кейін ғана Алтын Орданың бірлігі қайтадан қалпына келтірілді
5. Алтын Орданың күшею кезеңіндегі хандарға және олардың саясатына талдау беріңіз. Өзбек ханның (1312-1342) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357) тұсында Алтын Орда барынша күшейді. 1312 жылы Өзбек хан исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс княздықтары Алтын Ордаға тәуелділіктерін мойындап, ұлы ханның қолынан «князь» атағын алып, алым-салық төлеп тұрды. Алтын Орда билігіне Тоқта хан өлген соң билікке жақын сұлтандардың көмегімен келді. Өзбек хан билеген тұста Алтын Орда мемлекетінде елеулі өзгерістер болды. Алтын Ордада ислам ресми дін болды. Өзбек ханның Шыңғыс хан ұрпақтарынан ислам дініне кіргісі келмегендерін аяусыз жазалағаны туралы мәліметтер кездеседі. Қазіргі кейбір тарихшылар Шыңғыс өкілдері мен нояндарының Ордадан Мәскеу княздарына қызметке көптеп кетуін осы оқиғалармен байланыстырады. Ол билік құрған кезеңде Алтын Орда нағыз өрлеу кезеңін бастан кешті, оның саяси-әскери қуаты мен экон. дамуы шарықтау шегіне жетті. Бұл өрлеуді қалалардың өсуінен, халықар. қатынастар мен сыртқы сауданың, мәдениеттің дамуынан көруге болады. Алтын Орданың екінші астанасы – Сарай әл-Жадид гүлденіп, жаңа құрылыстар жүрді. Өзбек хан бұйрығымен Еділ, Қырым бойындағы, Хорезмдегі қалаларда мешіт-медреселер, түрлі сарайлар салынды. Оның тұсында Алтын Ордаға бағынышты орыс князьдіктерінің ішінде Мәскеу ерекше күшейді. Өзбек хан Ұлы Владимир князьдігі үшін болған күресте Мәскеу князьдарына қолдау көрсетті. Өзінен бұрынғы хандар сияқты Өзбек хан да Русьтегі православие дінін қудалаған жоқ, қайта олардың барлық жеңілдіктерін сақтады. Алтын Орданың мәмлүктер билеген Египетпен сауда, мәдени, дипломат. байланысын жандандырды. 1319 ж., 1335 ж. Хулагу иелігіндегі Әзірбайжанға екі рет жорық жасады. Өзбек хан 1330 ж. Ақ Орда хандарының бұрынғы тәуелді кезін қалпына келтіру үшін Мүбәрәк қожамен соғысып, ұлы Тыныбекті Сығанақ қ-нда хан тағына отырғызды. Өзбек хан өлген соң Алтын Орда тағына ұлы Жәнібек отырды.[ Бірақ билеушілердің хан тағына таласып, өзара қырқысуының салдарынан Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың құлдырауы басталды. 1357-1380 жылдары ондаған хан ауысады. Сөйтіп, бұл жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең кезеңі» деп аталады. 1380 жылы Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңіледі. Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың әлсірегенін пайдаланып, Алтын Орда билігін тартып алады. Өз билігін әскери жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мәскеуге жорық жасап, оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар Мәуераннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Тоқтамыстың кезінде (1380-1395) Алтын Орда уақытша күшейеді. Бірақ ХІҮ ғ. соңында Әмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап (1389, 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. ХҮ ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына бөлініп кетеді.
Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының негізгі бастамасы сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген әдеттегі көшпелі мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, әскери ақсүйектерден құралған әкімшіл-чиновниктік аппараты маңызды орын алды. Армияны және мемлекеттің ішкі істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Алтын Орданың билеушісі - хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы саналды. Ханның атынан бүкіл әскери істі беклербек басқарды, ал азаматтық биліктің басында уәзір тұрды. Беклербек уәзірден дәреже жағынан жоғары тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды басқарды және азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін атқарды.