Ресейлік тарихнама ( Патшалық және Кеңестік Ресей және қазіргі кездегі Ресей тарихнамасы). Ресей ғалымдары XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. басында Алтын Орда тарихы мен сыртқы саясатына байланысты мәселелер аясында зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Ресей зерттеушілерінің еңбектерінің артықшылығы мемлекеттің аумағында орналасқан Алтын Орданың қала орындарының археологиялық қазба жұмыстарының мәліметтерін, нумизматикалық деректерді назарға ала отырып, қарастыруында болып табылады.
Ресей зерттеушілері алғашқы кезеңде, моңғолдарды басқыншылығын, варварлық және моңғол билігінің керағар жағын көрсетуге тырысты. Мұндай көзқарас В.Н. Татищев, М.М. Щербатов, П.И. Рычков, А.Н. Голицын еңбектерінде көрініс берді. Н.М. Карамзин, М.П. Погодин, Д.И. Иловайский еңбектерінде Ресей мемлекетінің қалыптасуына Алтын Орданың сыртқы саясатының оң әсері туралы көзқарасты қолдаған орыс зерттеушілерінің екінші тобын құрады. Олар Русь жерінде княздардың алауыздығы мен талас-тартысы Алтын Орда билігі орнаған соң тоқтатылғандығы жөнінде тұжырымдар жасады.
Ресей шығыстану мектебінде Алтын Орда тарихына байланысты мәселелер бойынша деректерді жинақтау, аударумен В.Г. Тизенгаузен айналысты. Ғалымның тақырыпқа қатысты араб, парсы, түркі деректерін аударма еңбектерін жазып, 1884 жылы Алтын Орда тарихына байланысты араб деректеріне негізделген еңбегі жарыққа шықты [10]. В.Г. Тизенгаузен өмірден өткен соң, парсы және түрік деректеріне негізделген материалдар жинағы 1941 жылы А.А. Ромаскевич және С.Л. Волиннің өңдеуімен басылып шықты.
Ресейлік аса танымал шығыстанушы-ғалым академик В.В. Бартольд (1869-1930) Алтын Орда тарихына қатысты мәселелерге аса маңызды тұжырымдамалар айтып өтті [11-18]. Б.Д. Греков пен Я.Ю. Якубовский өз еңбектерінде бір жағынан, Алтын Орда саясатының басқыншылық, қиратушылық сипатын көрсетсе, екінші жағынан, Алтын Орда билігінің позитивті жақтарын көрсетуге тырысты [19]. Сонымен қатар, Кеңестік кезеңде Г.А. Федоров-Давыдов [20-21], В.Л. Егоров[22], И.Б. Греков[23], В.В. Каргалов[24-25], В.Т. Пашуто[26], Л.В. Черепнин[27], С.Л. Тихвинский[28], Л.Н. Гумилев[29-30], В.В. Трепавлов[31], Е.П. Миргалеев[32], Р.Ю. Почекаев[33-35] еңбектерінде тақырыпқа қатысты мәселелер кең түрде қарастырылған.