III ТАРАУ АЗИЯНЫҢ ОҢТҮСТІК – БАТЫСЫНДАҒЫ ЕЖЕЛГІ МЕМЛЕКЕТТЕР
3.ТАҚЫРЫП. ЕЖЕЛГІ АССИРИЯ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ Табиғат жағдайлары. Вавилонның солтүстігінде пайда болған ірі мемлекеттің бірі Ассирия деп аталады. Ол қазіргі Ирак мемлекетінің солтүстік-шығыс бөлігінде пайда боған еді. Бұл аймақта Қосөзеннің оңтүстігімен салыстырғанда құнарлы жазықтар өте аз болды. Тек Тигр мен оған ағып келіп құятын Үлкен және Кіші Заб өзендерінің аңғарларында шағын жазықтар болды. Міне, осы аңғарлар ғана егістікке қолайлы болатын. Аймақтың негізгі бөлігі таулы, үстіртті болып келді. Шығысында Загра, солтүстік-батысында Масиос таулары жатты. Оларда әр түрлі ағаштар мен өсімдіктер өсіп, неше түрлі аңдар жүрді. Бұл жерлерден адамдар өте ерте-кездерден-ақ құрлыс пен қолөнерге қажетті тастар мен металдардан тауып, пайдаланған.
Қосөзеннің оңтүстігімен салыстырғанда Ассирияның ауа райы өзгешелеу болды. Мұнда қыста қар қалыңдау жауды, суықтау болды. Көктем мен күз жаңбырлы болып келді. Әсіресе, көктемде қар еріген кезде өзен арналары суға толып кететін. Ал жаз айлары кейде, тіпті ыстық болатыны соншалық, шөптер қурап кетіп отырды.
Ассирияның шаруашылығы мен қоғамдық құрлысы. Ассириялықтардың шаруашылығында мал бағудың маңызы үлкен болды. Негізінен қой, ешкі өсірілді. Жылқы күш-көлік ретінде, көбінесе әскери іс үшін пайдаланылды. Кейінірек бір өркешті түйелер бағылды. Ассириялықтар түйелерді соғыс кезінде, сауда керуіндерінде жүк тасу үшін пайдаланды.
Жер шаруашылығының ішінде бау-бақша кең таралды. Тау аңғарлары мен беткейлерде әр түрлі жеміс ағаштары өсірілді. Ассириялықтар - тасты құрылыс ісі үшін кең пайдаланған елдердің бірі. Металл кендері жеткілікті болды. Мыс пен темірден әр түрлі еңбек құралдары мен қарулар жасады. Ассирия маңызды сауда жолдары өтетін аймақ еді. Ашшурға Вавилоннан, Эламнан сауда керуіндері келіп жатты. Олар Кіші Азияға, Жерорта теңізіне қарай бет алатын.
Ассирияда рулық, қауымдық құрылыс белгілері ұзақ сақталды. Отбасында әке негізігі рөл атқарды. Үлкен ұл мұраның көп бөлігін иеленді. Мүліктік жіктелістің тереңдеуі несие беру арқылы қанауды күшейтті. Қарызын төлей алмағандар кепілдікке балаларын берді. Олар қарыз берушінің үйінде жұмыс істеді. Соғыс кезінде тұтқындалғандар құлға айналды. Бай құлиеленушілердің малы, жері, құлдары көп болды.
Соғыстар жиі болып отырғандықтан жауынгерлердің рөлі ерекше болды. Мәселен, патша Ашшурназирпал оларға жаңа аймақтардан жер бөліктерін берді. Жауынгерлер көбінесе шекаралық аудандарға қоныстандырылды. Олардың жерін шенеуніктердің тартып алуына жол берілмеді. Жауынгерлерге мұндай артықшылықтар жаулаушылық соғыстар кезінде беріліп отырды. Өйткені олар соғыстағы негізгі күш еді.