Әке аманаты амангелді Бек-Құрақ



Pdf көрінісі
Дата06.03.2017
өлшемі180,92 Kb.
#7893

ӘКЕ АМАНАТЫ 

 

Амангелді Бек-Құрақ 



Орал қ. 

 

1946  жылдың  қыс  айларының  орта  тұсы  еді.  Ұлы  Отан  соғысынан  әкем  Құрақ  Бектұрғанов 

оралғаннан  кейін,  балалы-шағалы  біздің  үйдің  күйі  едәуір  оңалғандай  болды.  Төрт  жылға  созылған 

соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан әкем маған түсі өте суық, қара кісі сияқты көрінетін. 

Маңғыстаудың ауқатты Адай әулетінен шыққан Жанбөпе әжемнің тәрбиесінде болған маған бұл 

«бөтен»  кісінің  тегеуірінді  түрі  мен  қатқыл  үні  көп  ұнай  қоймады.  Атам  Дінмұхамбет  пен  әжем 

Жанбөпеге  жасайтын  еркелігіме  басып,  әкем  келгеннен  кейін  төртінші  күні  дастарқанның  шетін 

қайырып  кетуім  сол  екен,  солдат  қолының  сырты  бетіме  сарт  ете  қалды.  Мен  атама,  әжеме  қарадым. 

Олар маған араша түспеді. 

Әжем:  «Балам,  әкең  ғой»,-  дей  салды.  Сөйтіп,  мен  әке  тәрбиесінің  «дәмін»  бірінші  рет  осылай 

татқан едім. 

Сол  жылы  жазғытұрым  әкемді  Қурайлысай  селолық  тұтынушылар  одағының  төрағасы  етіп 

жұмысқа жіберді. Әкем осы жұмысында 1964 жылға дейін үзбей жасап, Қазақстан тұтынушылар одағы 

басқармасының мүшелігіне өтіп, едәуір атақ, абыройға ие болды. 

1951  жылдың,  ұмытпасам,  маусым  айы  болуы  керек,  атам  көлеңкеде  көрші  балалармен  ойнап 

отырған  мені  шақырып  алып:  «Әкеңді  алып  кел»,  -  деді.  Кеңсеге  барып,  әкеммен  бірге  келдім.  Атам 

күндегісінше  жайбарақат  отырып,  өзінің  тілегінің  орындалғанын,  бала-шағаны  аман-есен  әкеме 

тапсырғанын, ал енді өзінің жаман (рак) ауруға ұшырағанын айта келіп: 

- Сен мені елге апарып, аралатып қайт. Еліммен қоштасып келейін әкем Ташкеннің аманаты бар, 

соны орындауым керек, - деді. Құрақ-Дінмұхамбет – Тәшкеннің әкесі Бектұрған 1851 жылы осы жерге 

жерленген екен. Жалпы қауымға, атама бағышталып құран оқылды. Біз сол күні Қарой бойында үлкен 

қауымға келгенімізде атам: 

 «Құрақ!  Әкем  Ташкеннің  аманатын  саған  тапсыру  үшін  сенің  соғыстан  аман-есен  келуіңді 

тіледім. Тілегімді құдай берді. Енді сенің кезегің келді. Атамыз Бектұрған –Тәшкен әкеме, ол маған, ал 

мен  саған  аманат  етемін.  Мына  атамыздың  құлпытасынан  отыз-отыз  бес  сажын  жерге  Махамбет 

Өтемісұлының  мүрдесі  жерленген.  Денесі  төменде,  ол  киіз  үйдің  керегелерімен  жабылған,  ал  басы 

керегенің үстіне соңынан жерленген, - деді. – Сенің уақытың келіп, осы дүниеден кететін шағыңда осы 

құпияны  ең  адал,  айтқаныңды  бұлжытпай  орындайтын  ұлыңа  аманат  етерсің.  Үкімет  Махамбеттің 

моласын  іздейді.  Егер  денесін  қазып  әкетпей,  басына  ескерткіш  орнатып,  құрмет  көрсетілетін  болса, 

онда  құпияны  жария  ет.  Ал  керісінше  жасасаң,  біз  саған  риза  емеспіз.  Осыны  орындай  аласың  ба?!» 

Әкем орындайтынын айтты. «Ал онда осы шамада жерге көмілген екі  құлаш емен ағашының  тұқылы 

болуы  керек,  соны  табайық»,  -  деді  атам.  Іздеп-іздеп  ағашты  тауып,  әкем  қазып  шығарып  алды.  Екі 

құлаш  емен  ағашының  басы  шірігенімен,  құмдауыт  жердегі  астыңғы  жағы  сау  екен.  Сонымен  әкелі-

балалы үшеуміз Махамбет моласының бас жағына отыра қалып, дұға еттік. 

Менің есімде қалғаны – сол маңнын тыныштығы. Жел де еспеді, құс та ұшпады. Аспан ашық, ал 

жер қойнауында ұлан ғайыр мықтылықтың куәсіндей Махамбет батыр жатыр. Біз ұзақ отырдық.  

Ойға оралғаны: 

  Әркім толқып, томсырап әр ойда тұр. 

  Әр жүректе от жырдан арай да тұр. 

  Ерлік пен қылмыстың куәсіндей, 

  Мың қызарып, бозарған Қарой жатыр. 

  Осы Қарой, осы жер- 

  Арулап ұлын туған жер 

  Ата жауын қуған жер... 

   

 

 



 

 

 



(Жұбан Молдағалиев) 

Біз  ұзақ  жылдар  Тайпақ  ауданының  Сайқұдық  елді  мекенінде  Жұбан  ағаның  үйімен  көрші 

тұрдық.  Алматыда институтта  оқып  жүргенде  де,  мен  оларға  жиі  барып  тұрдым.  Олар  өте  мейірімді, 

кішіпейіл адамдар болатын. 

Атам Дінмұхамбет 1952 жылы жазда дүние салды. 1958 жылы академик  Қажым Жұмалиев пен 

ақын Тайыр Жароков келіп, әкеме жолығып, атам аманат еткен шартқа келісті. 

Махамбет Өтемісұлының  бейіті осылайша  қазақ халқына жария етілді. Алайда, келісілген шарт 

кейін орындалмады. Ол кезде Тайпақ аудандық партия комитетін Ермекқали Серікбаев басқарған еді. 

1966  жылы  белгілі  антрополог  ғалым  Ноэль  Равилұлы  Шаяхметов  (Жұмабай  Шаяхметовтың 

немересі)  әкемнің  келісімінсіз  Махамбеттің  денесін  қазып алып,  Алматыға алып  кетті.  Ол  өз  ұстазы, 

академик  М.М.  Герасимовтің  әдісімен  батырдың  бас  сүйегі  негізінде  Махамбеттің  бейнесін  жасап 


шығарғаны  баршаға  аян.  Ал  Махамбеттің  сүйегі  Н.Шаяхметовтің  пәтерінің  (Алматы,  Калинин 

көшесі119-үй, 6-шы пәтер) үйасты қоймасында жеті жыл жатты. 

Бұл  жылдар  әкем  өміріндегі  ең  ауыр  кезең  болды.  Махамбеттің  портретіхалқымыздың  ортақ 

мақтанышына  айналды  десек  те,  оның  басына  ескерткіш  орнатылмай  тұрып,  мүрдесінің  қазып 

алынғандығы  әкеме  қатты  батты.  Ол  осы  хабарды  естігеннен  кейін  қалың  ойға  батып,  жиі  толқитын 

болды. Шамасы, әкеден ұлға, соның ішінде ең сенімді баласына айтылып келген құпия сырды алдын-

ала  келісілген  шарт  орындалмай  тұрып  жария  еткеніне  өкінген  шығар.  Бір  ғасырға  жуық  уақыт  жер 

астында  тыныштық  тауып  жатқан  мүрденің  қазып  алынғаннан  кейін  жеті  жыл  бойы  әлдебір  үйасты 

қоймасында  жатқаны  әкемнің  жанын  жегідей  жеген  сияқты.  Бұл,  сірә,  әкемнің  мұсылмандық  жолды 

қатты қастерлейтінен де болса керек. 

Сол  кездері  Ғаббас  Рзалиев  ағамыз  облыстық  ауылшаруашылық  қызметкерлерінің  кәсіподақ 

комитетін  басқарды.  1968  жылы  әкем  Ғаббас  інісі  және  Мақсот  Ысқақовпен  жиі  хабарласатынды 

шығарды. Ғаббас ағайдың да руы Беріш болатын. 

Бір күні мені аудандық атқару комитетінің төрағасы Мырзахмет Тәжімұқанов марқұм шақырып, 

Ғаббас Рзалиев және облыстың кейбір қызметкерлерімен бірге Алматыға республикалық үлкен жиынға  

баратындығымды айтты. 

 «Аман-есен  барып  кел.  Үлкен  кісілермен  бара  жатырсың,  сақ  бол!»-  деді.  Мырзахмет  ағаның 

осылай қамқорлай жүретін әдеті болатын. 

Үйге  келіп,  әкеме  астанаға  жиналысқа  баратындығымды,  екі-үш  сағатта  Орал  қаласына 

жүретінімді айттым. Әкем еш таңданған жоқ. Тек анама: «Келінге айт, шайд тездетіңдер!»-деді. Әкем 

мені өз бөлмесіне шақырып, біртүрлі тура қарап отырған соң: 

- Алматыға  барысымен,  Жұмабай  Шаяхметовтің  немересімен  хабарлас,  Махамбет  атамыздың 

сүйегін талап ет, - деді. 

- Айтқаныңызды  бұлжытпай  орындаймын.  Ноэль  белгілі  ғалым  ғой  және  өзі  ел  сыйлаған 

басшының немересі, - деуім мұң екен, әкем: 

- Әй, қайдам, бала әкеге тартпайды дегені расқа келетін сияқты, - деді. 

Әкемнің  көзқарасынан  «Сен  жиналысқа  емес,  жоғымызды  жоқтауға  бара  жатырсың»  дегенді 

ұққандай болдым. 

Сол күні Орал қаласына келіп, ертеңіне Алматыға аттандық. 

Туған інім Аманғали «Лениншіл жас» газетінде спорт шолушысы болып жұмыс жасайтын. Бірақ 

жанымдағы кісілерден бөлініп кетудің ретін таба алмадым. «Алматы» қонақүйінде орналастық. Орным 

тағы сол ағайлардың қасы. 

Бес  жыл  ауылшаруашылық  институтында  оқыған  кездегіден  қала  едәуір  үлкейген  және 

жақсарған. 

Ән қалаға, гүл қалаға қайта оралу қандай қуаныш десеңші... 

Ертеңіне жиналысымызды бітіріп, кері оралу қамына кірісе бастағанымызда, Ғаббас аға: 

- Сен,  інім,  екі-үш  күнге  астанада  қалуыңа  болады.  Ауданыңының  басшысы  Төлеген 

Жұмақаевқа  өзім  барысымен  хабарлармын.  Нағашың  Қартбай  докторлық  қорғады  ғой,  менен  сәлем 

айтарсың, - деді. 

Қартбай  Біржанов  жас  кезінде  республика  радиохабарын  Ермек  Серкебаевпен  бірге  жүргізген, 

кейіннен  педагогика  ғылымдарының  докторы  болып,  Ташкент,  Қазан,  Алматы  институттарына 

лекциялар оқып, сонда жұмыс жасайтын. Бірақ облыс, аудан басшылары,  өз әкем барлығы уәделесіп, 

мені  жоғымызды  жоқтау  үшін  жібергенін  жалғыз  қалғанда  ұқтым.  Ерекше  бір  тебіреніс  құшағына 

ендім. 


- Уа,  аруағыңнан айналайын,  Махамбет.  Сен  жендеттердің  қолынан  жазым  болардан  екі-үш  ай 

бұрын атам Бектұрғанға келіп: «Аға, өте жаман түс көрдім. Түсімде өз басым өзіме келіп тағзым етіп, 

үш  рет  «қапы,  қапы»,  -  деді.  «Сірә,  мыналар  маған  қате  жасайтын  болар»  дегенің  біздің  ұрпаққа 

қалдырған өсиетің екен ғой. Мен де бір қадеңе жарармын. Тіріңде ешкімнің әлі келген жоқ, өлген соң 

қорлауға біздер жол бермеспіз. Сенімен ертең-ақ кездесермін. Тек көлеңкеңмен қорғай жүргейсің. 

Шіркін, жастық-ай, бұл арман тек үш жыл өткен соң ғана орындалды емес пе. Ал шындығында, 

сонда  Ноэльдің  үйін  іздеп  барғанымда  ғалым  отбасымен  жоғарғы  қабатта  тұратындығын,  ал 

Махамбеттің мүрдесі сол үйдің подвалында жатырғандығын мен қайдан білейін. 

Қоңырау  қаққанымда, есіктің ар жағынан орыс әйелі неге келгенімді сұрады. Келген шаруамды 

айтқан  соң,  біраз  уақыт  үнсіздік  болды.  Әлден  уақытта  әлгі  әйел:  «Ол  кісі  Москваға  кетті,  ғылым 

докторлығын қорғауға материал жинап, сол жақта бір ай болады», -деді. 

Сенерімді де, сенбесімді де білмей,  қонақүйге келген соң  да әлденеше рет телефон соқтым. Бір 

уақытта  телефондды  Ноэльдің  қызы  көтеріп,  орыс  тілінде:  «Сізге  жауап  берілді,  мазамызды  ала 

бермеңіз», -деді. Егер  әкесі  болғанда: «біз емес, мазамызды алып отырған сіздер  ғой, бір  ғасыр туған 

топырағымызда тыныш жатқан атамызды алып кеткн», - дейтін. 


Сонымен  бұл  сапарым  сәтсіз  аяқталып,  елге  қайттым.  Үйге  келгенімде  көрші-көлемдер,  тума-

туысқандарға  жайылған  дастарқанға  тап  болдым.  Қонақтардың  көзінше  әкем  аман-саулықтан  басқа 

ештеңе  сұрамады.  Мен  де  ештеңе  айтпадым.  Қонақтар  кетісімен,  әкеммен  оңаша  қалған  соң,  барлық 

жағдайды түгелдей баяндадым. Әкем үнсіз ғана тыңдап, бір уақытта, жай ғана: 

«Мамаңды  шақыр,  намаз  оқитын  уақытымыз  болды»,  -  деді.  (1962  жылдың  27  қарашасында 

алғашқы немересі Ислам дүниеге келгеннен бастап, әке-шешеміз үзбей намаз оқып, ораза ұстайтын. Ол 

кезде  53  жастағы  әкем  совхоз  рабкобының  төрағасы  болып  жұмыс  жасайтын).  Екеуі  намаздарын 

бітіргеннен кейін, анам шығып: 

- Әкеңді мазаламаңдар, құран оқып жатыр, - деді. 

Әкем  өз  бөлмесінен  шықпай,  құранды  ұзақ  оқыды.  Сірә,  ата-бабаларының  өсиетін  толық 

орындай  алмай,  Махамбет  атамызды  жоғалтқанына  Алла  тағаланың  өзінен  кешірім  сұраған  болуы 

керек. 


Кешке  қарай  ауа-райы  бұзылып,  алай-дүлей  болып,  күн  күркіреді.  Қатты  жел  тұрып, 

барлығымызды бір көңілсіздік басты. «Берекенің кетуінің басы болмаса игі еді» деп мен де өз әлімше 

іштей  Алла  тағаладан  кешірім  сұрадым.  Себебі,  осынша адамдар  бір  жігін  білдірмей  ұйымдастырған 

шаруаны аяғына дейін тындыра алмағаныма өкіндім. 

Анам күйбеңдеп даладан кірмеген соң, іздеп шыққанымда, ол маған: 

-  Қайтейін,  қарағым,  еліміздің  марқасқа  мен  жайсаңдарын  көгендеп  тұрып  қырды  емес  пе. 

Келінімнің нағашысы Кенже екі баласы Ерғали, Сағынғалимен Оралдың «қырықтұрбасында» атылды. 

Иранға  өте  алмаған  Амантұрлы  бастаған  бауырларымыз  әлі  күнге  Түрікменстанның  құмында  тұрып 

жатыр.  Ал  Сібірдегі  тумаларыңнан  он  бес  жыл  бойы  түрмеден  жазылған,  осы  күнге  дейін  сақталған 

хаттарды әкеңнен өзің де көріп жүрсің. Олар сол жақта қалды. Молаларын да білмейміз. Оның үстіне 

қасқалдақтың  қанындай  сақтап,  бір  ғасырдан  астам  құпия  ұсталған  Махамбет  атаңнан  да  айырылып 

қалдық  қой!  –  деді.  Жаулығының ұшымен  көзін  сүртіп  тұрған  анам  Жона  Көшенқызы атағы  Атырау 

өңіріне белгілі Есболай байдың ұрпағы еді. Келіні келіп мамама кешкі астың әзір екенін айтты. Анам: 

«Ақ  Зайдок»,  папаңды  Ислам  екеуің  әкелмесеңдер  болмас,  -  деді.  Келінінің  аты  Зайда  бола  тұрса  да, 

папам да, мамам да келінін Ақ Зайдок дейтін. «Қараторы кісіні ақ дедіңдер», - деп іштей жаратсам да, 

оларға күлетінмін. 

Әкем қандай қиын жағдайларда да келіні мен немересін өте жақсы көретін. Исламның дене бітісі 

Дінмұхамбет  атама  өте  ұқсас  және  әлді  болатын.  Кейін  інісі  Мәди  екеуі  күрестен  одақтық, 

республикалық  жарыстарға  қатысып,  спорт  шеберлері  деген  атаққа  ие  болды.  Мұны  да  ата-

бабамыздың аруағының қолдағаны деп білемін. 

Бұл жолы да әкем оларды ерте келіп, төрге жайғасты. 

Әке-шеше төрдің сәні деген осы да. Шай ішіліп, жай әңгімемен, бала-шағаның у-шу қызығымен 

ұзақ отырдық. 

Әкемнің әдеті таңертең ерте тұратын және бізді де ерте тұрып, кеш жатуға үйретті. Ертеңіне де 

солай  болды.  Шай  ішіліп  болысымен  қолыма  бір  конвертті  ұстатты  да:  «Мына  хатты  Қазақ  ССР 

Жоғарғы  Советінің  төрағасы  И.Әбдікәрімовке  жазып  отырмын.  Орал  қаласынан  саласың,  әйтпесе 

жетпей қалуы мүмкін және мына ұсталмаған үлкен кілемді Оралдағы мешіттің төріне жаясың», - деді. 

Әкем түні бойы ұйықтамай, жоғарыға хат жазған болып шықты. Арада он күндей уақыт өткенде әкемді 

Тайпақ ауданының «Котельников» совхозының бастауыш партия комитетіне шақырды. Әкем партияда 

жоқ болса да, партия комитетінің анау-мынау тапсырмаларын орындай беретін. 

Әкем  барғанда  онда  облыстық  атқару  комитеті  төрағасының  орынбасары    М.Х.  Батықова  отыр 

екен. Совхоз партия комитетінің хатшысы Ақсерік Жақсығалиев аман-саулықтан кейін: 

- Құрақа, жоғары жаққа хат жолдапсыз. Біз білмейміз, аудан, облыс білмейді. Тікелей Алматыға 

арыздағаныңыз  қалай,  бүкіл  елді  дүрліктіріп,  міне,  Мағрипа  Хайрошқызы  да  осы  хаттың  арқасында 

бізге келіп отыр, -депті. 

Әкем: «Жолдас хатшы, бұл шаруа тек Алматыдан бітеді. Себебі Махамбеттің  сүйегі Алматыда. 

Хатты  орыс  тілінде  жаздым.  Егер  нәтиже  шықпаса,  жақын  арада  СССР  Жоғарғы  Советіне  жазамын 

және  өткендегі  хаттың  көшірмесін  бірге  жіберемін.  Орыстарда  Емельян  Пугачев  қастерленді,  оған 

құрмет  көрсетіледі,  ал  бізде  Батырдың  сүйегі  біреудің  шоланында  жатуы  тиіс  пе?»  -  деп  қарсы  дау 

айтыпты. 

Сонымен, осы текетірестен кейін біраз уақыт өткенде әкем Алматыдан «Махамбеттің сүйегі үш 

жәшікпен  Атырау  қаласының  ішкі  істер  бөліміне  жіберілді»,  деген  хат  алды.  Әкем  енді  Атырау 

қаласына жол тартты. 

Пленум  жүріп  жатырған  кезге  тап  болып,  Атырау  облыстық  партия  комитетінің  бірінші 

хатшысы  Оңайбай  Көшековке  кірудің  сәті  түспей,  облыстық  ішкі  істер  басқармасына  барады.  Хатта 

көрсетілген  тіркеу  санына  қарап,  ішкі  істер  басқармасының  бастығы  жәшіктердің  тәркіленгендігін 

және  олардың  архив  бөліміне  жіберілгендігін  анықтайды.  Бірақ  жәшіктер  архивтен  табылмай, 

зейнеткерлікке  шығып  кеткен  бұрынғы  архив  меңгерушісін  шақыртады.  Ертеңіне  келген  қарт  өткен 



жазда бір-екі жәшіктің келгені еміс-еміс есінде қалғандығын айтады. Сонымен, бүкіл архив ақтарылып, 

төменгі  сәкілердің  қабырғасына  жиналған  жәшіктерді  тауып  алып,  ашып  қарағанда,  мақтаға  салып, 

нөмірленген Батырдың мүрдесін табады. 

Әкем ішкі істер бастығына: 

- Мен дүкеннен ақ мата, бір-екі жаңа чемодандар алып келейін, сіздер сәл кідіре тұрыңыздар, -

деп жалынады. 

Бастық: 

- Отағасы, не жасамақсыз?- дейді. 

Әкем: 

- Мен Батырдың мүрдесін елге апарып, халқыма садақа беріп, арулап өз орнына қоямын, - дейді. 



Бастық  бұлай  істеуге  болмайтындығын,  ертең-ақ  О.Көшековке  осы  жағдайды  баяндап,  әдейі 

тағайындалатын  комиссияға  ғана  батырдың  сүйегін  беретіндігін  айтады  және  жерлеген  кезде  сізге 

хабарлаймыз деп сендіреді. 

Барған  шаруасын  тындырған  әкем  келе  салысымен,  тез  үлкен  қызы  Маржанды,  күйеу  баласы 

Мақсотты  шақыртты.  Мақсот  Ысқақов  марқұм  30  жылдай  Казталовка,  Жымпиты  аудандарын 

басқарып, Ленин орденін,  үш дүркін Еңбек Қызыл Ту, екі  рет  Құрмет белгісі, Халықтар Достығы т.б. 

ордендерін алып, Республиканың орталық партия комитетінің пленум мүшелігіне дейін сайланған, өте 

кішіпейіл,  байсалды  адам  болатын.  Папамды  өне  бой  «Ағеке»  дейтін.  Ол  менің  Алматыға  үш  рет 

Махамбеттің мүрдесін іздеп баруыма тікелей көмектескен еді. 

Әкемнің  әдеті  –  қуанғанда  ылғи  апамдарды  алдыртатын.  Бұл  жолы  да  солай  болды.  Олар 

келісімен қуанышында шек жоқ әкем садақа беріп, ертеде кеткен ата-бабаларға , шейіт кеткен Батырға 

арнап құран оқыды.  

Махамбеттің  сүйегін  жаңа  орынға  жерлепті  дегенді  кейіннен  естідік.  Бірақ  бұл  жолы  да  әкем 

хабарланбай қалды. 

Бұған  әкем  еш  реніш  білдірмеді,  тек:  «Төрт  жыл  соғыста  жүргенімізде,  елге  оралып,  бір-екі  ай 

аунап-қунап,  сосын  өлсек  те  арманымыз  жоқ  деуші  едік,  құдайға  шүкір,  сендерді  өсіріп,  немере-

жиендер  сүйдік.  Соңғы  кезде  денемдегі  қорғасындар  маза  бермей,  Батырдың  сүйегін  таба  алмай 

кетемін  бе  деп  едім.  Батыр  табылды.  Өлімнің  де  бақыты  бар  деуші  еді,  енді  анаң  екеуміз  бұл  өмірге 

ризамыз», -деді. 

Анам  1985  жылы  2  сәуірде  қайтыс  болды.  Әкем  екеуі  алпыс  жыл  бірге  өмір  сүріп,  12  бала 

өсірген  екен.  Анамды  жерлегенде,  әкем  мәйітке  бірде-бір  ағаш,  темір,  қара  қағаз,  цемент  т.б. 

апарғызбады.  Жандамға  қойғызып,  жай  үй  тастан  аласалау  ғана  төрт  құлақты  үй  тұрғызды.  Басына 

Орал қаласынан алдырып, ескерткіш орнаттырды. 

Анамның  жүзін  өткізуге  рұқсат  сұрап,  келіні  екеуміз  барғанымызда:  «Ауырыңқырап  жүрмін, 

садақаларыңды  кейіндеу  өткізіңдер»,-  деді.  Қоярда  қоймай  бізді  отырғызып,  қолындағы  кіші  келіні 

Ырыстыға шай қайнаттырып, ет астырды. 

Әңгіме  желісін  жүргізе  білетін  әкем  сәлден  соң:  -  Дәм-тұзым  таусылып,  осы  өмірден  кеткенде, 

мені осы үйге тек бір күн ғана түнетіңдер, егер екі күн түнетсеңдер, мен сендерге риза емеспін, - деді. 

- Ақ папа, не айтып отырсың, жаман сөз айтпасаңшы, - дегенімде. 

- Анаңның  қасына  қоярсыңдар.  Молам  да,  ескерткіш  те  сондай  болсын.  Алматы,  Ақтау, 

Атыраудағы балалар, тума-туысқандар кейінгі кәделеріме келе жатар, - деді. 

Колхоздың жеңіл УАЗ-ын өзім айдап жүргенмін. Кетерде әкем біздерге ере шығып: - Аманжан, 

Ақ  Зайдок,  Дәуренжанды неге  ала  келмедіңдер?  Ол  да  екі  жасқа  толды  ғой.  Балаларыңның  қызығын 

көріңдер, -деді. 

Мен жас кезімде өте «пысықтау» болғандықтан, әкем мені көп еркелетпейтін. Бұл жолғы «Аманжан» 

деген  сөзіне  көңілім  біртүрлі  болып,  әкеме  қарап  едім,  ештеңе  аңғармадым.  Машинаны  ілгері  қозғап, 

есіктен қайта қарағанымда, әкем қолын бұлғап, сол баяғы орнында қозғалмай тұр екен. 

Ертеңіне күндегі әдетімізше таңғы сағат алты жарымда колхоз бастығы Сапаш Шакиров ағайға 

кіріп келсем, барлық басқарма мүшелері, партком хатшысы, селолық совет төрағасы т.б. толып отыр. 

Күнде таңда кеңседе тек бастық, агроном үшеуміз ғана болатынбыз. Олар әбігерленіп қалды. Марқұм 

Сапаш ағай мейірімді, жұмсақ адам болатын. Мені көріп жөтеле берді. Бірақ менен көзін алмады. 

- Ақа, ақ папам ба?- дегенімде, «Иә» деуге ғана шамасы келді, Бұл кісі де әкемді өте сыйлайтын 

еді. 

Сөйтсем, таң намазына тұрып, дәретін алып, жайнамазын жайып, сәждеге басын сала бергенде, 



әкем құлап түскен. Жүгіріп келген кенже баласы Ғұмарға «шақыр» деп үлгерген. Көрші қарт келгенде, 

әкем «Оқы» деп, дем салған да, жүре берген. 

Әкемді өз үйіне бір  қондырып,  қонақ етіп, жұма күні анамның қасына апарып жерледік.  Әкеме 

де өз айтқанындай етіп моланы да, ескерткішті де  орнаттық. Анамның қайтқанына жүз күн толғанда, 

әкем қасына барды. Сөйтіп, тағдыр оларға мәңгілік бірге болуды жазды. 


Орал  облысының  Сырым  ауданы  орталығының  шетіндегі  бейітке  жерленген  әке-шешеміз  өз 

өмірлерін,  өз  жерінде  осылай  тамамдады.  Артында  балалары, немере,  шөберелері  қалды.  Өлімнің  де, 

өмірдің де бақыты бар деген сенім бізде осылайша қалыптасты. 

Кезінде  Махамбеттің  бейітін  көрсетіп,  соңынан  сүйегі  аяқасты  болғанына  қапаланған  әкем 

осылай ел есінде  қалды. Атырау облысы Индер  қаласындағы бір көшеге  Құрақ Бектұрғановтың  есімі 

берілді. Жалпы, Бектұрған ұрпақтарының көбі Ұлы Отан соғысы жылдары Мәскеу, Сталинград, Псков 

жерлерінде қалды. Аман оралғандары  - әкем Құрақ, інісі Бисен Жұмағалиұлы биыл сексенге толатын 

болса, «Биаға» - біздің әулеттің үлкені. 

Ата-бабаларымыз, Махамбет атамыз армандаған өмір тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана 

келді. Бостандықта өмір сүру қандай бақыт десеңші! 



 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет