Əкем мен Анамның рухына, құрметіне бағыштадым!



Pdf көрінісі
бет11/31
Дата03.03.2017
өлшемі1,8 Mb.
#6661
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   31

СƏЛЕМ БЕРУ
Сайран дəурен сан гөзелдің қызығы,
Сайын қырдың біз ұлы.
Əке болды, аталыққа жол бастап,
Күні кеше бір-бір үйдің бұзығы.
Кім біліпті қандай тағдыр күтулі,
Кімнің қанша маңдайының сызығы.
Жатыр дала құрсағындай заманның,
Ізі жатыр саздауында табанның.
Мен танымай сəлем бердім бір қартқа,
Сен үлкенсің деп тағады маған мін.
Сақал-мұрттың
Санап көріп қарасын,
Үйге келіп мен айнаға қадалдым.
Құм-белесті кезіп кетем сағына,
Оралмақ боп ойнап-күлген шағыма.
Сəлем беру қиын боп жүр көшеде,
Үлкен болып шығам ба деп тағы да.
* * *
Көзін тіктеп, сосын қайта сынықсып,
Көктем келді бірде суық, бір ыстық.
Жасаруға талмен бірге бүр жарып,
Біз де, міне, тырыстық.
Көктем күлді қайтесің деп өткенді,
Осы күнге жеткем-ді.
Гүл бақшаға алтын сəуле қонақтап,
Бізден қашты бүр мен талға бет берді.
Сəулесіне əуре болып жүгірдім,
Көктем келді, көппен бірге күбіндім.
Байқа! – деді, кім айтқанын білмеймін,
Тұрып қалдым... Мойындадым, үгілдім.
Қабырғамнан сыздап өтті бір сұмдық,
Дегенменен көктем келді, құлпырдық.
Еппен ғана естегіні малданып,
Өмір!.. Өмір!.. Өмір саған ұмтылдық.
* * *
Шал-шауқанның əңгімесі мал жайы,
Кəрі түйе, жас тайлақ пен жарбайы.
Кемпір сыпсың, келін тып-тың, сəби шат,
Ала таңның аппақ уыз таңдайы.
Қара төбет қайдағыны аңғармақ,
Ит қой енді итаяққа жалданбақ.
Кəрі мысық тышқан жайлы сөз болса,
Тұра қашар табанымен шаң қармап.
Өкірініп өгіз жатыр қорада,
Туды бітті көрген жері сол ара.
Қазық түбін қазып өткен өгізге,
Айтсаң ақыл қона ма!?
Бір сұлулық, бір ғапылдық, бір елес,
Дүние бұл кіл егес.
Қалай өмір.., солай енді сөз лəмі,
Жалғаншыда ештеңе де мін емес.
ЖЕТЕР ДЕП...
Даттадың ба,
Даласындай сорлы деп,
Далаң қағып болды деп.
Енді отырсын босағада обалсыз,
Ісіне сай орны деп.
Даттадың ба,
Даласындай қамсыз деп,
Қырылғанды малсыз деп.
Жалғаншыға келді-кетті несі бар,
Жатсын енді жансыз деп.

258
259
Даттадың ба,
Сондай халық, мекен деп,
... Маңдай тері бекер деп.
Атып тұрсам қайтесіңіз ұрандап,
Желкеледің жетер деп.
Даттадың ба,
Тілдің салып шаңбағын,
Бұдан өткен бар ма мұң.
Байқа, бірақ, басынғаның жөн емес,
Қасқыр жасап алмағын!..
ШАРУА
Дуылдаған тоқ қарға,
Дуалы іске жоқ қарға.
Қызылдап жатыр астықты,
Дауласып міне топ қарға.
Торғайға жетер мысы бар,
Үрпиген үрей тысы бар.
Шаруаның маңдай терімен,
Қарғаның қандай ісі бар.
Қарқылдайды қағынып,
Астықтан моншақ тағынып.
Құзғынға шаруа жем болды,
Көз алдымда бағынып.
ТӨС ПЕН БАЛҒА
Е, жалған-ай, мынау, əлгі, ұста шалдың
төсі менен балғасы,
Енді қандай бар бəсі.
Кемпірауыз жатыр, əне, қысқашы,
Өгіз өліп, сынып біткен арбасы.
Бөлек жатыр құрсауы,
Шеңберінен сөгілген,
Қалған куə не күннен?!
Қақпағы жоқ бүкір шеге қобдиша,
Иесі жоқ аяқасты төгілген.
Бір ауылдың бүтіндеген
Жыртығы мен жетпесін,
Ұста шалды көп іздеді кеткесін.
Бала күннен
Бұл да қалған бір елес,
Неге айтты деп таға көрме текке сын!
Біз есейдік!..
Балға болдық, төс болдық.
Кетті анау көріп байғұс көп қорлық.
Өмір деген
Жарты күлше нан екен,
Қашты-қуды ойнап жүріп
Жеп болдық.
Ұста шал да ұста еді,
Уақыт, шіркін, бəрінен де
Ұстарақ,
Қайта соқты мына бізді ұстап ап.
Көз алдымда
Балалық шақ, жаз-дəурен,
Ал, жүрекке бір өкініш қыстамақ.
Ұста шал жоқ,
Ұста өмір желкемде,
Желкелейді аяқ бас деп ертеңге.
Соның бəрін
Еске алып жатамын,
Домбырамды шертем де!
От жылтылдап көмейінен ошақтың,
Таранды да, сыланды...
Мен жəй ғана салып көрдім бір əнді.
«Өмір» – деген төс темірдің үстінде,
«Өлім» – деген қара балға тұр, əлгі!

260
261
БОСАҒА – БАҚ, ЕСІК – ҚҰТ
Шағыл кешіп келіп ек,
Сағым кетті салып із.
Егіз құдық, тел үдек,
Сонда біздің жанымыз.
Тоғыз сандық ішінде,
Тоқсан толғау сырым бар.
Түсін, мейлі, түсінбе,
Түпсіз терең жырым бар.
Құм астында құнымыз,
Жер үстінде жем болдық.
Білдік енді мұны біз,
Артық туып кем болдық.
* * *
Сахарада мұңдық бар,
Сары бидай алқабым.
Санамызда құлдық бар,
Жатып алып тартамын.
Жеті өзен жібектім,
Жерім шалғай намыс бір.
Түлек едім Түбекте,
Азынайды алыс қыр.
Оңтүстігім безенген,
Айтар өзі бағасын.
Жүрек айтқан сезем мен,
Біздің елдің шамасын.
Жез қоңырау көмейім,
Көнбесіме көндірдің.
Болашаққа сенейін,
Көп өртенген өндірмін.
* * *
Қандай жақсы талаптыға нұр жауған,
Менің елім бақыт іздеп барады,
Өмір атты гүлзардан.
Жолын ашып сақта Құдай қазақты,
Бойға намыс, жүрегіне жігер бер,
Арлы құлдар азат-ты.
Бір оянса менің елім қалғымас,
Темірқазық сені алдым бағытқа,
Азат ғұмыр мəңгі жас.
* * *
Кемерін қара кетілген,
Кім екен сəнін кетірген.
Əр дəуірді оқыдым,
Əжім басқан бетіңнен.
Селдіреп шашы сеңгірдің,
Айтады аза жел бір мұң.
Тойғанға мəз торғаймыз,
Не дейін саған тең-құрбым.
* * *
 
Еңку де еңку төбе қыр,
Жазмыштан бəрін көрер ұл.
Өтсе де жаздың дəурені,
Шіренген шілде неге жүр.
Шаш алсын десе бас алған,
Жаз өтті сосын жасанған.
Əуреміз біздер жырменен,

262
263
Ақымақ ақын қашаннан.
Көргеннің бəрі күледі,
Халыққа біткен тіл еді.
Жанары үнсіз шықтанған,
Жүрегі оның гүл еді.
Қазаққа пана
Болмақ боп,
Кеп-кеше ғана жүр еді.
* * *
Мертілді тұлпар шабыстан,
Жүрегін жеді ауыр мұң.
Езілді жаны намыстан,
Ермегі болды ауылдың.
Ел ұмытты күн өтті,
Жабымен бірге байланды.
Қорада қоймен түнетті,
Аптада менен ай қалды.
Ет боларлық жөні жоқ,
Таралған сымдай көк сіңір.
Айдаған үйір төлі жоқ,
Кермеде өтті көп ғұмыр.
Қаншыр да қатын қақаңдап,
Қайырсыз мал деп сынады,
Қасынан өтсе бақандап.
Көк сау шал үнсіз жылады.
* * *
Жүйрікті Тəңіріміз жылатпасын.
Тұлпардан тұяқ қалды керегі не,
Жабы менен тұғырға сынатқасын.
 
Мүсіні ақбөкеннің елібіндей,
Қарайды тұғыр бірақ өз көзімен,
«Тұлпарға тұрсың ба» – деп – Мені білмей»    
Шамданар жабы да сол мазақ қылып,
Сыншы екеу, тұлпар жалғыз, жаза біреу,
Қол соқты «О, дұрыс!» – деп қазақ күліп.
ПЕРІШТЕНІҢ ТІЛЕГІ
 
Біздің жырды біздің тілмен қанып іш,
Онда жатыр жарылыс.
Жырдан жұмақ жасап алып жатар ең,
Мөлдір сезім, төрт құбылаң сағыныш.
Құлын болып, қозы болып желіден,
Маңыраса жүрегіңіз еріген.
Гүл дүние бау-бақшасын ақтарып,
Бар қызығын бөліседі сенімен.
Өз қолыңмен ұстап көріп жүрегін,
Жылар едің бір өзің.
Тек қазақтың өлеңінен табасың,
Періштенің аппақ болған тілегін.

264
265
* * *
 
Алдымнан күлім қағып аяулым тұратын-ды,
Ауыл тұр қаңыраған.
Қажетсіз анау айың, қайтемін мына түнді,
Қарап тұр бəрі маған.
Сен жүрген мекен еді, сең көшіп бара жатыр,
Ағыстан теңселемін.
Телмірді темірқазық, жұлдыз боп қара да тұр,
Білесің сен себебін.
Үкілі қамыс көлде, үміттің назы қалды,
Жол түсті келіп кеттім.
Жалғыз тал өзің болып, жырымды жазып алды,
Қош айтып желіп кеттім...
* * *
Ұйқышыл көңіл қалғып жүр,
Оятып жүрген жалғыз жыр.
Емеген бұзау секілді,
Түртіншек неткен тағдыр бұл.
Маужырап жаның қалжырар,
Қартайтып көрге салдырар.
Іздемей кетті өзін деп,
Саялы бақ пен тал жылар.
Сүйегін тірі қақтады,
Сүйретіп міне тастады.
Жатақшыл көңіл жалқау-ды,
Тағы да қалғи бастады.
* * *
Қосынды сайлап қол бастап,
Көктемгі бұлттар жөңкілді.
Бұдан да артық болмас бақ,
Қаһарлы қысты өлтірді.
 
Қабағы жібіп тоң еріп,
Шапанын қағып ел тұрды.
Қосынды бұлтқа қол еріп,
Ұран да салып жел тұрды.
Ауылын жаздың сығалап,
Гүл майса көктем күлген-ді.
Қызғалдақ қырдан шыға ғап,
Бойжеткен қыздай түрленді.
Жаңарды өңір, жасыл-ды,
Мөлдіреп аспан тұр айна.
Қарашыл қаңтар басылды,
Шүкірлік қылдым Құдайға!
* * *
Тобылғы торы төбел күн,
Төбемнен қарғып көп өттің.
Өртенген мен бір өлеңмін,
Тағарсың маған не деп мін.
Ұштың да кеттің пырақ боп,
Жеті қат көкті аралап.
Мен қалдым жанған шырақ боп,
Жанымды үнсіз жаралап.
Күмбір де күмбір күймелі,
Күйікті күннен шаң қалған.
Көктоғай арман сиреді,
Аса алмай асқар заңғардан.

266
267
* * *
Айдарын тарап жел ескен,
Ай күнім қош бол, дүлдүлім.
Шығармас бізді ел естен,
Арқалап өткен жыр жүгін.
Күрең нар мен қылаң нар,
Сояу да кірпік қап-қара.
Нарларда қанша шыдам бар,
Сүрінсек кінə тақпа аға!?
* * *
Бірлікті ойлап дұға қылса құрлықтар,
Жаратқаным жан тілегін бір құптар.
Бірлікті ойлап таң атырып, күн батса,
Қолын жайып, көздің жасын құрғатса.
Ақ тілекке
Ақ періште гүл егіп,
Кең дүние жайқалып-ақ тұрмас па?!..
* * * 
Не тілемес жамандардың ындыны,
Жазықсыз жан күйе берме біл мұны.
Талайлардың ақтан күйіп өртенді,
Əлпештеген құлыны мен құлдығы.
Жаман деген күліп жүріп өлтірер,
Тал бойыңа күйе берсең дерт ілер.
Жүрегіңді жүз парша ғып ластап,
Көкті айғыздап, тіліменен жер тілер.
Олар солай жамандықтан күш алар,
Сөздеріне жын мен шайтан тұсалар.
Жамандардың жүрген жері күнде өсек,
Қараорманды қара жағып бұталар.
Сен күйінбе Құдай берсін жазасын,
Тартқызады тексіз иттің сазасын.
Шаттана бер бір Алладан тіле де,
Істің қайыр, сөздің таңда тазасын.
* * *
 
Сайратса деймін тіл беріп.
Пенденің сыры əшкере,
Кім кетпей жатыр кім келіп.
 
Көлденең көрге тығылды.
Өзімшіл өңкей тағдырмыз,
Өкпесі ісіп сығылды.
 
* * *
Ай қайда мына түннің түрі сынық,
Қарайды қара шалдың ұлы шығып.
Түнеріп түннің көзі тұралады,
Қадалып қара көзден құн алады.
Жылтырап қоламтадан от қарықты,
Жанбыз ғой барға бейқам, жоққа күпті.
Ал міне, ай жоғалды көрінбеді,
Өткен түн
Өрттей жанып төрімде еді.
Бағасын білсем еді ай-көріктің,
Енді тұр айсыз қара қайғы өріп түн.

268
269
Білмеппін қолда барда ай бағасын,
Көңілім енді қалай жайланасың?
Тілейін неде болса есендігін,
Ертерек неге айтпадың көсем күнім.
Жоғалтпа қолда барда жарығыңды,
Жарықсыз жан біткеннің бəрі мұңды.
АЛҒАУСЫЗ СҮЙДІК ОТАНДЫ
Сөйлеген сөзім мірден-ді,
Атылған оқтай пірленді.
Алғаусыз сүйдік Отанды,
Оны айтар тағы тіл берді.
Атадан қалған бағытпын
Айдан шырақ жағып түн.
Қайнарлы бұлақ қара өлең,
Өзекті жарып ағыттым.
Дегенін өлең жасады,
Өлеңнен көңіл мас əлі.
Абыз да жырға сүйедік,
Бекеттен қалған асаны.
ЕСЕЛЕП МАҒАН НҰР ҚҰЙДЫ
Ал, енді, баста ерейін,
Ізіңнен боздап желейін.
 
Күміс те сыңғыр үніңіз.
Жол бастап дəйім жүріңіз.
Еселеп маған нұр құйды,
Кеселеп жүрек қылғиды.
Жолаушыдан бұйым бір,
Тастама жолға құйын жыр!?
 
Өзегім өрт боп күйіп жүр,
Өгейсіп кетпей сүйіп жүр.
Іздемес, сірə, құлды – құл,
Іздесін бірақ жырды – жыр.
* * *
Көк үйрек ұшты көл қалды,
Көңілде ыстық шөл қалды.
Ұялы үйрек, қаз кетті,
Жамырап қырда төл қалды.
Балапан көкте шаттанды,
Байыздады, баптанды.
Бабасы салған сүрлеумен,
Қош айтып сосын аттанды.
Мамығын тастап қатайды,
Сап түзеп, міне, сақайды.
Өткінші жалған дүние,
«Өмір» деп мұны атайды.
ТОЙЛЫ АУЫЛ
Той болды тоғыстырған ақ арманды,
Ақ жаны алты алаштың жаңарған-ды.
Домбырам төрден орын босатайын,
Сөз сөйлеу бұл алқада саған қалды.
 
Алты қыр, жеті белес, аспаным нұр,
Таусылмас атамекен дастаным бұл.

270
271
Басына əр жүректің ту қадаған,
Бек сауыт, берен қылыш жастарым жүр.
Өңкей бір қарлығаштар қара қанат,
Сайрайды сары белді аралап ап.
Ескінің аман болсын дəстүр-салты,
Жасарып жарқырай бер, жаңа қазақ!
* * *
Бір жүрген пəкті қолда, ақты ұмытпа,
Елді ойлап, ерте оянған жасты жықпа.
Қасында ер жігіттің періштесі,
Періште семіреді жақсылыққа.
Елді сүй, ер екенің мəлім болсын,
Іздеген іздегіге тəлім болсын.
Жас болсын жанып күйген Отаным деп,
Баталы бағыт берер кəрің болсын.
* * *
Жүрегіңді сазбен тербеп шайқадым,
Əлдиімді əнге қосып айтамын.
Жел боп сені құшқан жаңа мен едім,
Байқадың ба?!..Енді, əрине, байқадың.
Күліп қойдың,
Біліп қойдың, бəле қыз,
Сұлулардан бар ендеше дəмеміз.
Тілек бірге,
Жүрек бірге, əн егіз.
* * *
Жер сырына жел жеңешем қанық-ты,
Боз төбеден боздау əнге салыпты.
Кеше ғана бірге жүрген ағаның
Кесенесін құс мекендеп алыпты.
Міне жаным, біздің көңіл көктемгі,
Өксіп айтып қайтем енді өткенді.
Қызғалдаққа қызыл көз бұлт бұршақтап,
Оны да сол отап кетті, көп көрді.
Құз басынан жалғыз марқа маңырап,
Таңғы бұлттар бара жатты жамырап.
Түсінбейсің, түк бітіре алмайсың,
Қайран өмір əрі сор да, əрі бақ.
Күн күліп тұр
Көктен қарап бəріне,
Көктем-қыздың көз жасына қанып ап.
* * *
Менің жұртым,
Менің ұлтым тым асқақ,
Шыңдары тұр, растап.
Болашаққа бел шешіп,
Ұлы көшке ұласпақ.
Менің халқым,
Менің сертім айқын-ды,
Қанағатшыл, қайтым-ды.
Көңілінде көктем тұр,
Жанарына ай тұнды.
Менің халқым,
Бар халыққа бақ тілер.
Жақын білер, жат білер.
Босағасы періштелі елімнің,
Қара кетіп, есігінен ақ кірер!

272
273
* * *
Ақ қағазға өлең қонды аппақ боп,
Сарымайдай жүрген сырым сақтап көп.
Ерінімнен ерке қыздар гүл терді,
Жыр кəусарын татпақ боп.
Айдын көрсең біздің көңіл шалқыған.
(Тағдырымыз шықты талай талқыдан.)
Біздің мұңның жаратылған демінен,
Қыр астында бар тұман.
Бірде күліп, бірде үнсіз телмірген,
Егеуліге найзасы сай ермін мен.
Батар күн боп жырым аунап барады,
Қырық азу сеңгірден.
Жайлауында арман жатыр ақ күннің,
Бұрымыңды неге серпіп лақтырдың?
Саған алғыс сардар құмның белесі,
Перизатқа тап қылдың.
Өліп-өшіп сүйдім оны лапылдап,
Уыз емген қошақандай тақымдап.
Қара өлеңге жайдақ мініп жөнелдім,
Əр төбеде атым қап.
Өлең ұқты, саз тербеді, əн ұқты,
Нұрмен шылап жүрек деген қалыпты.
Қара өлеңнің жағып өткен шырағын,
Қара бала сүйеді сол халықты.
* * *
 
Қарлығаш бауыр ақ тілек,
Тұмарын маған тақты кеп.
Дидарын көзбен аймалап,
Жөнелдім: «Жаным, жақсы!» – деп.
Еселеп жылап еңкілдеп,
Тағдырды жатты жел тілдеп.
Қол бұлғап тұрды түндігі,
Қоңырша үйдің желпілдеп.
* * *
 
Жүректің тіліп таңдайын,
Жырлайын, жырсыз қалмайын.
Хан-Тəңірі өлең жүр,
Халықтың сұрап хал-жайын.
Жағаластым жандастым,
Батпақ та кешіп, шаң бастым.
Алла бір ілсе мойынға,
Аманатты алмас кім?!
Аманат-жырдың құрбаны,
Кеуденің қалды құр жаны.
Тəңір сүйіп жүк артса,
Бақыт қой енді бұл-дағы.
* * *
Сары да жібек салқам қыр,
Сері де болсаң əн сал жүр.
Алладан тілеп
Ақ сөйлеп,
Аяғын басты алшаң құл.

274
275
Шартабақтай күміс күн,
Күн сүйген көктен ұлыспын.
Сайғақты сайға дұға ғып,
Сүйегім сыздап құрыстым.
Шешілген күміс белдігі,
Тағдыры күмəн ендігі.
Ерлердің ары қаншалық,
Дəл солай болмақ, Ел құны!..
* * *
Бейбіт күн деген балапан,
Қазекең біздің қаз сынды.
Бауыры суық ала таң,
Қазақ пен қазға жаз сынды.
Бағзының сапар-намасын,
Баянын тауып жеткіздім.
Қазақ Атамның баласын,
Ақындай сүйер шексіз кім!?
Сағымға мініп ен далам,
Үндемей қашты мыстан құм.
Не демексің, Сен, маған?!..
Мен деген – Қазақстанмын!
* * *
Сыңғырайды əз жанымның сарайы,
Жүрегімнің аша көрме қақпасын,
Сығалаған сұқты көздің талайы.
Кір жұғады қарашықтан қараса,
Жүрегімнің аша көрме қақпасын,
Ниетіңнің уы қайттім тараса.
Өлең сүйген, өмір сүйген байқар жан,
Жүрегімнің аша көрме қақпасын,
Көз тиеді көркем жырға жайқалған.
* * *
 
Жүрегімнің қара бұлау жанары,
Жыр боп міне тамады.
Елжіредім, мөлдіредім, тозындым,
Көгендегі көп байланған қозыңмын.
Естисің бе, күңіренген үнімді,
Жасырмашы алақанмен күнімді.
Жыр боп ұшып кеттім тағы дүркіреп,
Тілегімді отыр менің кім тілеп?..
Көресің бе
Мені айналып қалқып жүр,
Ақша бұлттар өлең болып сіркіреп.
* * *
Жаз өтті деп жаны қалмай безілдеп,
Торғай біткен бір сұмдықты сезінбек.
Қанатының қауырсыны дірілдеп,
Тұмсығымен тарап жатыр біріндеп.
Білмедім мен түсінбедім мұң-зарын,
Тор ішінде менің де сол тұр жаным.
Қайда кетпек, неден қашып құтылмақ,
Өткен күннен өмір солай ұтылмақ.
Секем алып, өз-өзінен үркініп,
Сосын байғұс жем іздеді түртініп.
Мен де кеттім тұрмыс қамы желкелеп,
Кешегіден тұрып сəл-пəл ертерек.
Көңілімнің босатайын күбісін,
Жаратылған жан едім ғой жыр үшін.
Жыр-жапырақ сарғайдыма сарқынып,

276
277
Өмір деген бүтін қайғы, жарты құт.
Бейкүнə жан, адал шырыл ақ торғай,
Келіп жүргін сорлы ақыннан жат болмай.
Тереземнен қара да тұр үңіліп,
Сені көрсем қуанамын жүгіріп.
 
* * *
Көрген түстей көңілімнің елесі,
Көп тағдырдың көрінбейді кемесі.
Батар тұсым анау дейді құба таң,
Қорымдардан қолын бұлғап тұр атам.
Мырза күннің дастарқаны тарылды,
Қонақ қылсам деп едім бір бəріңді.
Аяныштың ақ кірпігі жаңбырлы,
...Көңілімді қалдырды.
* * *
Саған тілеп сəттіліктің сапарын,
Көңілімнің көзін сүртіп жатамын.
Менің жаным сыр сандықтай құлыпты,
Жырдан басқа ол байғұсты кім ұқты.
Жүрегімнің алақанын жайылған,
Қандай сұмдық ақ құсынан айырған.
Неде болса аяқтадық ғұмырды,
Ару қайда ағалаған бұрымды.
Лебізінде көктем бар-ды гүл еді,
Қандай күйде екен оның жүрегі.
БІР СƏТТІК ҚЫНЖЫЛЫС
Өлең-ару: «өмір бер» – деп қиылды.
Кітап құны: тиын-ды.
Өлең байғұс
Туған елді сүйеді,
Соны елге жеткізуің қиын-ды.
Шыда жырым!..
Оқырманға барарсың.
Ұлт рухы жаңарсын.
Сені де бір
Күткен жүрек бар шығар,
Іздеп жүріп табарсың!..
Байларыңның екі көзі ақшада,
Байғұсыңның екі қолы шақшада.
Таусылмайтын
Бəсекеден
Шаршап тұр,
Қан жүрегі тас қала.
Кімге керек
Осы сенің өлеңің,
Ақын деген ақымақ қой, масқара!..
Кешір Абай!?..
Сіз басқасыз, данасыз!
Ал, Шəкəрім,
Қалды ақыры қарасыз.
Итжеккенде
Ақындардың сүйегі,
Елің бар ма ерге пана киелі?..
Кімге сеніп, қайда кетіп барасыз?..
«Тақ-тақ болсаң, арты тақ-тұқ» –
Деген бар,
Бірақ мұны түсінбейсіз Аға, Сіз!..

278
279
ІЗДЕГІМ КЕЛМЕЙ ТҰРҒАНЫМ
Іздемей кеттің сен мені, сергелдең қылып құлаттың,
Жазылмай қалған жырымсың, жағылмай қалған шырақсың.
Осылай қалқам, осылай,
Қайғыңды жыла, қосып-ай,
Табытқа салып өлтіріп тағы бір күнді ұзаттым.
Жорытқан біз бір бөріміз, жолымда қалған құрбаным,
Іздемей кеттің дегенім, іздегім келмей тұрғаным.
Көкбөрі көрсең көлденең,
От кешіп жүріп өлмеген,
Сен мені еске алғайсың, көкке бір ұлып тұр жаным.
* * *
Сіміріп айдың сəулесін,
Түн кезіп жүріп жұтқанмын.
Тағдырдың тəлкек əуресін,
Тəу етіп жүріп ұққанмын.
Шабыттың керіп желкенін,
Желіккен күндер қалған-ды.
Өткенім менің ертегім,
Өлшеусіз биік арман-ды.
Қан-жоса болған жорықпын,
Көкбөрі тектес ғапылмын.
Шулаған иттен торықтым,
Арыстан көрсем атылдым.
АҚ КИІЗ
Ақ киіз аппақ əжем білектеген,
Оюлап безендірген жүрекпенен.
Ши тоқып,
Басқұр салған қайран ауыл,
Мен сенің көп түніңді күзеткен ем.
Маңырап қошақаным көгендегі,
Кеудемде көген-күннің көп өрнегі.
Аққу боп мамырлаған ауыл қайда,
Бұрқырап ақ төсінен өлеңдері.
Жұлдызы жымың қаққан бал белесім,
Тербеткен бала күннен жан кемесін.
Естімей өскен жаннан өлең күтпе –
Саз сырнай, сарнау қырдың əндемесін.
Ақ жаулық
Əжем менің – қарлы шыңым,
Ауылдың жетім көңіл, зарлысымын.
Кеудемді
Кер қалаға сүйреп келдім,
Ауылда жан жүрегім қалды шыным.
* * *
Көзіңнің мөлдір қарасын,
Көзмоншақ қылып барасың.
Елпілдеп гүл боп жайқалып,
Шықтанып көктен тамасың.
Тамшыдай ғана мөлдірім,
Таңдайға салар енді кім?
Көзімде қалды дидарың,
Құлақта қалды сендік үн.
* * *
Момақан ғана мойыл-ды,
Көркіңнен көзім тойынды.
Күнге де ұя кеудең бар,
Өрттен де ыстық қойын-ды.
Сұлу бір таңның жұпары,
Кетпепті бойдан құт əлі.
Көргенде сенің көркіңді,
Көңілдің оты тұтанды.

280
281
ҚАЗЕКЕҢЕ
Ақылды кім, ақымақ кім кеш білер,
Білсе-дағы үндемейді естілер.
Мүйізі мен бұлдап-бұлдап сақалын,
Қой бастайтын болып алды ешкілер.
Қойлар солай жолын беріп жеңілді,
Жат билесе жарға жығар еліңді.
Төбе сайын бүйен қатып Серкелер,
Семіздіктен бір басуға ерінді.
Қасқыр келді қашып ала жөнелді,
Қасқа қойлар жол бастатты не көрді.
Ит аулада, мысық үйде бұлданып,
Кешіп бітті, тесіп бітті төбемді.
ДАНАЛЫҚ
Дана болсаң, ойбай, онда сабалық,
Абайды да орға жыққан даналық.
Бұл бір енді таптырмайтын жаңалық,
Балағың мен жағаңыздан алалық.
Өсек пенен өлшеп-пішіп таңалық,
Өрден ойға сыпсың қағып шабалық.
Тырнақ асты бір кір іздеп табалық,
Көк желкеңнен, ту сыртыңнан қадалып.
Теспей сорып қаныңыздан алалық,
Бар күйені үйіп-төгіп жағалық.
Аңдып жүріп андағайлап шам алып,
Əр сөзіңе ши жүгіртіп бағалық.
Көзге күліп, аяғыңнан шалалық,
Дана болсаң обалың жоқ сабалық.
Ұрындырып қазған орға тап қылып,
Өп-өтірік алдарқатып бап қылып,
Ит сүйреген терідейін лақтырып.
Жөнелейік жын-періге қақтырып.
Ақ ісіңе қара жағып көрелік,
Жауға барып жасатайық төрелік.
Дұшпаныңды тауып алып ымдасып,
Жеткізейік бар сырыңды жымдасып.
Күйдірейік, бар уақытың өртенсін.
Өз қолымен өлтіргенше өлкең шын.
Біліп тұрып, сезіп тұрып сезбелік,
Жақындама ол бір жүрген ез делік.
Дана болсаң кешірмейміз кескілеп,
Тепкілейік есер менен есті кеп.
Елім деген шын сөзіңді көмелік,
Жүре тыңдап, күле тыңдап өлелік.
Қайда барсақ қара сөзді тулатып,
Құлағыңды жатқызбайық шулатып.
Ескі менен қатар жауып жаңаны,
Ес тандырып өлтірелік дананы.
Өлгеннен соң біз бірінші мақталық,
«Аһ» ұралық аламанға ақталып.
Саралайық оның аппақ сүйегін,
Алып тастап қошқар сөздің күйегін.

282
283
Мақтау менен марапат көз ілмесін,
Қайсы дұшпан, кімдер сатқын білмесін.
Дана болып туылғаның жазығың,
Дана болсаң қайғы сенің азығың.
Қай халық бар бақ сыйлаған данаға,
Даналыққа бір жаулық бар санада.
Жан сарайы жанып біткен күлміз бе,
Даналықты таптап кешіп, жүрміз бе!?
Бұл надандық бітпес, сірə, бір бізбен,
Даналықты арашалар кім бізден!?
Əділ Құдай, тек өзің бар жаратқан.
Жер бетіне даналарды таратқан.
Біз наданбыз – қара түннің қақпаны,
Даналар күн ақыл-ойдың ақпары.
Біз білмейтін дана болса айтыңдар,
Көзге түссе көзін ойып қайтыңдар.
Даналардың бар міндеті – даналық!
Біздің міндет: – дер кезінде сабалық!
Өз міндеті, өз парызы əркімнің!..
Оған куə күміс ай мен алтын күн!
Дана – суат, ұл қызымыз – мың құрақ,
Құрақ сүйсін даналықты шын жылап!

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет