Əкем мен Анамның рухына, құрметіне бағыштадым!



Pdf көрінісі
бет18/31
Дата03.03.2017
өлшемі1,8 Mb.
#6661
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   31

ЖЫЛДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
(құрдасқа)
 
Бұл ауылда жалғыз ғана жаңалық,
Жаңалаған сан алып.
Құрдасжанның тағы өзгерді төсегі,
Айырғанша жасамайды қаралық.
Күн ерініп атып-ақ жүр таң арып
Қалдық, міне, жаңарып.
Құрдасыма алғыс айттық жылда бір
Біздер үшін келіп жүрген бал алып.
Құрдасым тұр
Тұмса туған түйедей,
Екі көзі аларып.
Алып соққан бір аққуды айдыннан,
Жан берісіп, жан алып.
Тұрақтайтын түрі бар,
Қарап отыр қадалып.
Кірсе-шықса шам алып.
* * *
Елді іздесең, ерді іздесең шынымен,
Тілдес анау даласы мен шыңымен.
Ағайынның сөзін тыңда, ғұрпын ал,
Ақынының жырымен.
Қанып ішкін, жан шөліңді жасырма,
Жетер сыры ғасырға.
Қойыныңды тазарт өзің , ниетпен,
Қолыңызды созар болсаң асылға.
Көп алданған, көңілінде күйік бар,
Тізерле де ғазиз басты иіп бар.
Шыны менен ұлы болсаң даланың,
Жылап тұрған көздерінен сүйіп қал.
Дəуір сыздап, бауыр мұздап қатаймақ,
Көкаттылар көп күлгесін атойлап.
Кім сенеді бауырға да, басқаға,
Төбесіне шыға берсе жат ойнап.
* * *
Сəлем саған, атқан таңның ақ жүзі,
Өткен түннің жүрегімде қалды ізі.
Сұлу кетті кеше түнде қош айтып,
Бір əулеттің жалғызы.
Қос бұрымы қосарланған даңғыл-ды,
Оны қанша бозбалалар əн қылды.
Сəнін алып, тəнін алып жөнелді,
Əнін бізге қалдырды.
Əттеген-ай, əттеген-ай, əй білгем,
Жат көріп ем... жан емес-ті жəй жүрген.
Жалғыз аққу ұшты кетті, жөнелді,
Қоңыр түнде қош айтысып айдынмен.
Таң күледі сенікі не, ақын деп,
Басу айтып əулетіне жатыр көп.
Маңдайымнан сүйді үнсіз жеңешем,
Ақын біткен аққуларға жақын деп.
* * *
Сүйген жанда жазық бар ма, зар қылдың,
Деп жылайсың жалғызбын.
Сүйе білдің жүрегіңмен екеусің,
Қанша елесті қарашыққа қалдырдың.
Сүйген жанның жан қалыбы өзгерек,
Өзгелігін айта білер сөз керек.

464
465
Сүйе білген адал жансың сен деген,
Бақыттысың, төз демек.
Сүйе білдің, 
қорланбағын, тік тұрғын,
Сүйе білер жүрек барын ұқтырдың.
Сүйе білу, шыдай білу шынымен,
Білген жанға құт құрбым!..
Сүйе білсең сен асылы пенденің,
Тең келеді текті жанға жерде кім?!
Сүйген жанды қорлай көрме қарағым,
Хақтың құлын қыла көрме ермегің!
* * *
Кебеже қарын кең қыр-ды,
Кемелдеп бабам ел қылды.
Қаптаған жау кеп содан соң,
Қап-қара жер мен тең қылды.
Бұрқырап шаңы ғасырдың,
Сүйек боп қанша шашылдым.
Ізімді аңдып көп дұшпан,
Жүзімді құммен жасырдым.
Түбектен кетіп түн кештім,
Қабарған бұлт пен күлмес түн.
Бітеулі көз бен құлағым,
Сөз айтпай үнсіз тіл кестім.
Қаралы көшті қалқалап,
Жасады шалдар əр талап.
Маңғыстау саған мен келдім,
Соның да бəрін арқалап.
НЕСІ БАР МАҚТАНАТЫН
Жалғанның бізде білдік ақ-қарасын.
Білген соң көлеңкеңнен сақтанасың.
Бесікке бес қонақтап
Дəурен сүрдік
Несі бар мақтанатын, ақталатын.
Біз кеше сəби едік іңгалаған.
Сүт берген, уыз қатып жырдан анам.
Үзіліп бет моншағы
Өткен күннің,
Қыздай боп қылымсиды сырғалаған.
Анашым олда кетті бұл ғаламнан.
Елесі енді, міне, жырда қалған.
Сен емес
Мына жолы мен сөйлейін
Жүдеген жүрегімді тыңда жалған.
Мінеки, өтті өмір бұраң қағып.
Көңілім көп күбінді тұманданып.
Шырағын шындығымның
Өксік қылып
Басына өткен күннің тұрам жағып.
БАУЫРЫ ҚАТТЫ ДҮНИЕ
Өртенген оттай арманбыз
Өртеніп, өксіп жанғанбыз
Қиғаштың бойы қызғыштай қиқулап əнге салғанбыз.
Ер көңілі елжіреп
Қыз жанары мөлдіреп
Тай-құлындай тебіскен барады жандар селдіреп.

466
467
Сарқып айтпай сырымды
Сағынған көңіл бұзылды
Кімдер қайта жасартпақ кірелеп тартқан ғұмырды.
Желіде бота желденді
Босанған күні сенделді
Бұйдасын түрген көп тағдыр көр аузына келді енді.
Боздаған көңіл тынар ма
Боздамаса шыдарма
Кетсем бе екен ілесіп қайыртпай көшкен мұнарға.
Аққан да жұлдыз құлады
Ай ақырын жылады
Өлу үшін атқан таң қайырын түннің сұрады.
Тəй-тəй басқан бөбек күн
Көкорай балғын желексің
Сүрінген күні дұшпан көп, көкем-ай кімге керексің?!
Бауыры қатты дүние
Күйіне берме, күйіне.
...Өз жараңды жалап жаз, иіле көрме, иіле!
ЕНДІ ҚАЛАЙ ОҢАСЫҢ?!
Бəз баяғы сорлы тірлік сол ара,
Көнбегендер көрге кетті, молада.
Алдануға арланбайтын халыққа
Шындық айтып шырылдауға бола ма?!
Сойып жесін, іреп жесін, тонасын,
Ішсін қанын, көз жасының сорасын.
Жемқорлар жүр жең ұшынан байласқан
Əкесінің сатып жемек моласын.
(Қайран елім енді қалай оңасың?!..)
ҚАМШЫ БЕРДІ
Көкжелек мал түледі мамырлады,
Көк тасқа көктал шығып тамырлады.
Шеттеп жүр ауыл-үйден көктем шыға
Көк өгіз, кер бұқаның табындары.
Кірпігі көк сүңгідей қазан аттың
Жанарын жарқыратты тазалап күн
Жүйрік ат, сұлу қатын, іңкар көңіл
Жалғанда жан сусары азаматтың
Ал қара, шымқай қара, ал қара көк.
Таңдап мін, қалауыңды бар бала деп.
Күміс жал, күлгін тұяқ, үйір жылқы
 Мін дағы бұлағайды сал бала деп.
 Ағамыз қамшы берді, жүген берді,
Жөнелдім күмбірлетіп күрең белді.
Қыз емес бір ауылдан қызыр көрдім,
Содан соң сүргін келді, сүрең келді.
ТӨРТ ТҮЛІК
Қайтесің ақын барда құлан қағын,
Болмайды ауыл көрген ұланда мін.
Төрт түлік жібек желі, уыз қарын
Ақ жайнақ боталы қыр, құнан нарым.
 
Құлын тұр жанарыңды тілсіз бағып,
Ал, қане, беріңіз деп бір Сіз бағыт.
Еркелеп тойған тоқты, еділбай қой,
Ен жайлап жатып алды ырсыл қағып.
Көк өгіз қайтарады күйіс кері,
Көк əтеш көп тауыққа тиіспеді.
Ай мүйіз қарыс сақал, қара теке,
Шыбыштың маңдайынан иіскеді.

468
469
БЕЙБІТ КҮННІҢ БЕСІГІ
 
Атпақсың!..
Мылтығыңды оқтап алып.
Ойланшы?.. Жазығы не, тоқта, Халық!?
Майқурай,
Марқа шүйгін,
Бүрлен-бүршік,
Кетпесін майқарағай отқа жанып.
Ішіне тартып алып ғалам демін,
Сарғайған сары уəйім самал белім.
Құба тал, қоғалы көл, қырмызы қыр,
Аман бол, алтын бесік – далам менің!
 
Желкілдеп жасыл тоғай ер жетіп жүр.
Ерлерді елдің жайы шерлі етіп жүр.
Түбінде əр жусанның бір бозторғай
Бесігін бейбіт күннің тербетіп жүр!
* * *
Тау гүлдеп, талшын бүрлеп танығандай.
Тірліктің жүрген сəтте мəні қалмай.
Аман ба ат-көлігі алты қырдың
Алашты біздей сүйсін жаны қалмай!
Көңілдің не тілейді зары мына.
Көз қанбас, күннің нұрлы жарығына.
Сарқылған сая таппай тағдыр болса
Жылынсын мендік жырдың жалынына.
Жан қалқам жаныңдамын, тілегіммен.
Жүр жаным жетелейін білегіңнен.
Əлемде қанша тағдыр жылап жүрсе,
Көз жасын сүртсін менің жүрегіммен.
* * *
Еншісі жəутеңдеген елік кімнің!?
Елжіреп ай мен күнге теліп тұрмын.
Сені іздеп келдім Жем мен Ойылыма,
Талшын тал желіктірдің, еліктірдің.
Көкте қу, көресің бе ойда қарға.
Дүние солай жаным ойлағанға.
Мысалы еспелі жыр, кестелі қыр,
Жетпейме екеу ара ойнағанға.
Жаныңа не тілейсің сұра құрбым!?
Мен де бір көкжалымын құба қырдың.
Берейін көрімдігін, көңіл нұрын,
Біледі талшын талдың тұрағын кім?!..
 
ҚЫРАУЛЫ ҚЫС ЖƏНЕ ҚАЛА
Қыс келіпті жаз бенен күз жылысып
Қатып қалған мұз мұңайып, құнысып.
Қар құрсаған қала маңы мүлгіп тұр
Ақ қояндай төбе біткен бүрісіп.
Өз дегенін жасап жатыр мезгілің
Тіршілікке салмайды уақыт көз қырын.
Тереземде теңдесі жоқ көп таңба
Сан сиқырдың жаза салған сөздігін.
Көкірегі буға піскен мұржаның
Мұрынында шығар-шықпас тұр жаным.
Кірпігіме мұз ілдіріп күрсініп
Өзек кеуіп, өрттей жанып құрғадым.
Қала қарлы,
Менің жаным ақ жалын
Жырдан таптым тіршіліктің бар мəнін.
Жүрегіме жауған қардың ұлпасын
Қауырсын ғып қадап алып самғадым.

470
471
Ақ қанатты періштедей ақ қарым
Көңіліме көркіңді сап сақтадым.
Қар мен мұз да
Мендік жанның қонағы,
Болмысы сол ақын деген қасқаның.
От пен суға қатар түскен көбелек
Ақын болсаң сен де ізіне ере кет.
Қарлы жолда келем басып сықырлап
Қара жерді өкшемменен шегелеп.
Тал денесі мұзға айналып тұншыққан
Кешегіден кештеу атты қырсық таң.
Қарлы қала ұйықтап жатыр бүк түсіп
Тұмау тиіп тесік пенен жыртықтан.
Маған аян сырқатың да, сыр-мұңың
Құрсау қала – осы сенің шындығың.
Тұмау тиіп талқан болған танаудың
Тесігінен көрініп тұр ындының.
ШІДЕРЛІ МЕН БАЙЛАУЛЫ
Бұлт жалғаншы,
Бұлт ішінде жасын-жан.
Өзен – өзім,
Өмірімді сапырған.
Уақыт – қуат,
Кері ағып жапырған.
Бақыт – суат
Алға бізді шақырған.
Жасыл орман
Үміт екен сыңсыған.
Үміт кезсең 
 Жүрек тыңдар тыншып əн.
Шаттық сəуле
Ұстарадай қылпыған
Қу дүние
Түсініксіз бір тұман.
Адасқандар
Жол тапқанға күліп жүр.
Əлде солар
Бір шындықты біліп жүр.
Кіл өзімшіл
Білектерін түріп жүр.
Тұсаулы мен
Матаулылар жүріп жүр.
Бостандық жоқ
Шідерлі мен байлаулы
Босандың ба
Басқа қылыш сайлаулы.
Тағдыр тəлкек
Көп өткізген айдауды
Жұмбақ майдан
Шешпексіңіз қай дауды?..
ҰЛЫ БАБА ЖƏНЕ ҰЛ ТІЛЕГІ
«Асыра сілтеу, «айда, шап!» асқынып тұрған ана бір жылда-
ры  Бекет-Атадан  тараған  аз  тайпа  елге  қауіп  төнеді.  Шолтаң 
мінез шолақ белсенділердің көрсетуімен құрығы ұзын өкіметтің 
қутақым бірнеше шенеунігі Атаның аса таяғы сақтаулы тұрған 
қасиетті  қара  шаңыраққа  тіл  тигізіп  тінту  жүргізеді.  Өкімет 
адамдары өңмендеп үйге ене берген сəтте киелі аса өзінен-өзі жо-
ғалып кетеді де, табандарынан таусылып қанша іздесе де тап -
тырмай  қояды.  Əбден  күдер  үзген  əлгілер  кетіп  қалған  соң,  қа-
сиет ті  мүлік  қара  шаңырақтың  төрінде  қайтадан  пайда  бола-
ды.» (Бекет-Ата кітабынан, Қ.С.)
Пірім Бекет,
Қайда барсам қасымда.
Ерден дұға, елден алғыс асылға.
Тілек тілеп
Түнеп, міне, жатырмын,
Хақтың құлы Пір Атаның басында.

472
473
Көп жамағат
Ой үстінде мінəжат,
Тізе бүкті құбылаға тұра ғап.
Мейірімнің дастарқаны көл-көсір
Шөліркеген шіркін көңіл жыламақ.
Біреу отыр
Бітпес сордың құрбаны,
Біреу отыр, əрең, жеткен құр жаны.
Жан Бабасын ортаға сап қол жайған
Бəрі осының бір Құдайдың құлдары.
Сан қайғыдан
Сарсаң болған сананың,
Қайсы бірін айтып болам қарағым.
Үкілеген үмітімнің шырағын
Үзбей жағып менде кетіп барамын.
Сəуле іздеп,
Жарық іздеп жаныққан,
Шүкір еткен, пікір еткен таныс маң.
Қиялымның аспанында бір елес
Бабам болып бата берді алыстан.
Тəңір тілек,
Жақсылықтың даңғылы.
Мойынымнан түскендей бір нар жүгі.
Көз алдымнан өтіп жатты өмір шын
Өткен өксік, көрген қызық барлығы.
Жұпар самал,
Жұлдыз жақын тұнжыр түн.
Сыршыл жүрек үнсіз жүдеп жыр қылсын.
Пір Бекетім – Менің Темірқазығым!
Сəби көңіл сені іздеп шыңғырсын.
Іңгаласын қолтығыңа тығылып,
Бір қарашы Пірім-Бекет бұрылып?!
Елесіңе еріп келем Жан Бабам,
Бірде тұрып, бірде құлап жығылып.
Мұсылманның –
Бір кіндігі мына қыр!
Басында отыр Пір-Атаның жылап ұл.
Қайыры бар қанағат пен төзімнің
Ей, Маңғыстау енді сəл-пəл шыда бір.
Тұрмын, міне, Маңғыстауды қызғанып,
Жат ниеттен жатыр төрде із қалып.
Пірім-Бекет!..Атажұртты қорғай көр,
 Келе жатқан кер пиғылдан сызданып.
Бақыт қой сол,
Бізге берген бұл-дағы,
Ұл ұлықты , болсын қызым сырғалы.
Əулие-Пір, Машайыққа мың дұға –
Аз Халықтың Құдай сүйген құлдары!
Нұрлысың Сен,
Ақ сəулелі күнненсің!
Жан жасарып, көңіл жайнап бүрленсін.
Жасырып қал жаудан бізді Жан-Бабам,
Қырсық кетіп, Қыдыр дарып гүлденсін!
ИМАННАН БОЛСЫН ЫРЗЫҒЫҢ!
Қаз-қаз басқан моншағым,
Тұсауын, міне, кестірді.
Қызығы болды ортаның,
Былдырлап жүріп ес білді.
Өрімтал жастың өндірі,
Жайқалған жаңа жан гүлім.
Ал сендік заман ендігі,
Тартарсың балам нар жүгін.

474
475
Жаңа да ұрпақ, жаңа жыр,
Қылығы тəтті қырмызым.
Заманың тыныш, заң əділ,
Иманнан болсын ырзығың!
САҚТАНУ МЕН МАҚТАНУ
Сен алданба, дұшпан өзін алдасын.
Жоқты мақтап дұшпан тағар барға сын.
Сақтану мен мақтанудың арасы,
Өлім менен өмір сынды жап-жақын.
Сақтан балам!..
Сол сақтық та жол қамы.
Мақтан құртқан небір сарай, орданы.
Көзіңізше көп мақтаса дұшпаның
Бір көтеріп отқа салмақ болғаны.
Солай айтқан біздің халық көреген.
Дұшпан үшін төр төңкеріс, көр өлең.
Көрде жатып қолын бұлғар саған да
«Па, шіркін-ай, бауырмалдық не деген!?..»
КҮЙЕЛІ ҒАСЫР – КҮЙІКТІ ЖОРЫҚ
«Алда 16 желтоқсан. Желтоқсан десе, 
елеулі екі оқиға еске түседі.
Бірі – 1986 жылғы  Алматы  алаңы. 
Екіншісі – 2011 жылғы  Жаңаөзен.  Екеуі 
де – саяси бағасы берілмеген қанды оқиға. 
Бірін шісі – Кеңестік кезеңде сілтенген со -
йыл, екіншісі – Тəуелсіз Қазақстанда атыл -
 ған оқ. Жаңаөзен оқиғасында жəбір көр ген-
дердің бүгінгі күйі нешік? Олардың жүре -
гіне түскен жараны жазу мүмкін бе?..»
«ЖАС АЛАШ» газеті
№ 98 (15868), 10.11.2013 ж.
І
«Халық жауы» түрме толы қан майдан,
Батар күн мен ұмытты ел таң қайдан.
Көлеңкеңе көзің түссе шошынып,
Тілсіз өліп, сақау болдық сан жайдан.
 Оң мен Сол-ға, бай-жарлыға толған шақ,
Ерге жала, елге нəубет қолдан сап.
Қазақ болып өмір сүру үшінде,
Басқа болып ойлау керек болған шақ.
Өңкей үрей өмір бір сəт күлмеді,
Тек сүйретіп тірлік қылды сүлдені.
«...ИЗМ-дердің» кіріп алып астына
Жер жүзілік сұм мен сұрқай гүлдеді.
 
Қабақтарға қырау түсіп, қар басып,
Өлім менен өмір жатты арбасып.
Бай мен жарлы, ұлт пен ұлыс, дін мен діл,
Бірін-бірі қырып салды дарға асып.

476
477
ІІ
Аз халықтың білім болды іздері,
Оқу!..Оқу!..Жігіт желі, қыз легі.
Тəуелсіздік алыс еді біз үшін
Алып құрсау аяқ-қолды тіздеді.
 
Сексен алты!.. Босағада бақ тұрды!
Аршыл Алаш, намыс отын жақтырды.
Есін жинап Ер Қазақтың ұл-қызы,
Есі кетіп бес қарулы жат тұрды.
Бұл енді бір болашақтың дастаны,
Бүгулі тұр мың шындықтың астары.
Күллі əлемнің қызыл шынжыр құрсауын,
Алғаш үзген Алашымның жастары.
ІІІ
Ата дəстүр ұлы жеңіс байрақ бұл,
Ұл-қызына құшақ ашты жайнап қыр.
Ал сондағы төгілген қан, шыққан жан,
Əр қазақтың жүрегінде сайрап тұр.
Біздің істі бізден бұрын байқар жат,
Шындық жоқ па!?..Елден ырыс қайтар бақ.
Сол бір күннің елесіндей қып-қызыл
Көп қызғалдақ сай-салада жайқалмақ.
 
ІV
 
Бөліп беріп келгенменен кеткенге,
Ұмыт болып иман-аят Меккең де.
Кіл жемітшіл асап-асап жеп алды
Тəуелсіздік өліп-талып жеткенде.
Түсініксіз жерде жоқтау, аспан үн.
Сонда көрдім қойыныңда тас барын.
Қан-қан болған қанатымен сол шындық
Жаңаөзеннің қаусырады жастарын.
Өз ұлынан көз тасалап ыққан кім!?
Өңешімнен нəр өткізбей сыққан кім!?
Ойда жоқта оққа байлап біздерді
Қапияда қан-қан қылып жыққан кім?!..
Қазақ едім қақпай көрген, шет көрген,
Іштен дұшпан, сырттан қанды кек – төнген.
Ағайын ба қара жағып, қақсатқан,
Аға , Сен бе!?..Əлде, мені жек көрген!?
 
КӨК СЕРКЕ
Кіл жалпылдақ жапатайы бүріскен,
Ырду-дырду күн өткізді күліспен.
Мақтау іздеп мардияды қожайын
Көз алдаған болар-болмас бір істен.
Мың өзгертіп сатқын сарбаз түр-түсін,
Жалған күліп көрсетіп-ақ тұр тісін.
Жағымпаздар – алтын арқау, күміс тін,
Соның бəрі қызық енді жұрт үшін.
Қалмасын деп ойындары осылып,
Жауда бір сəт би билейді қосылып.
Кейде сосын терезеге телміріп
Ақыл-естен отырады тосылып.
Лауазымдар иелейді төр үйді,
Қошқар мүйіз, өңкей жайсаң, көп игі.
Сақалдары сауыс-сауыс көп серке,
Көк Серкеге жағымталсып мөлиді.

478
479
ӨЗІН ІЗДЕП ҒАЙЫПТАН
Тыным бермей жүрек деген қасқаға,
Таңырқайсың үнсіз қара тасқа да.
Өзіңді-өзің өзге жаннан тапқан күн
Ғашық болдым деп келесің басқаға.
Пенде байғұс өзін іздеп өзгеден,
Өзін бір сəт мойындауды көздеген.
Ғашықтықта өзіңді іздеу ғайыптан
Сезімменен, төзімменен, сөз бенен.
Таусылмайтын кіл сағыныш, ғұмыр əн.
Сəуле сезім, бір Алланың нұры жан.
Бақыттымын деп айтады ғашықтар
Өзін тауып өмір сүрген жұбынан.
Бұл көңілді қалт жібермей байқаған,
Қанша ару от сезіммен шайқаған.
Дəл өзіне жасап алар ұқсатып
Сүйген жүрек сүйіктісін қайтадан.
ӨТКЕНГЕ БАРАМЫЗ
Болашақтың қолыменен ашармыз, өткен шақтың қақпасын.
Құдай өзі сақтасын.
Қақпа ішінде қарғыс толы дəуір боп
Астан-кестен ақтарылып жатпасын.
Өткен – құлып, болашақ та кілті бар,
Ойлан пендем, іркіл ал.
Қайта ұшып жылдамырақ уақыттан
Құмарынан мынау көңіл бір шығар.
Өткен күннің алтын қақпа есігін,
Ашып көрсек несі мін.
Ал көрейік би-төремен, батырын
Жəне, тағы жетім менен жесірін.
Болашақта біз өткенге барамыз,
Қайта түлеп жаңғырады санамыз.
Жеңе білсек тартылыс пен уақытты
Өткен күннің бір парағын табамыз.
Кешір Алла!
Сендік сырда шек бар ма!
Не демейді біз секілді көп қарға.
Əлде бізді арбасынан түсіріп
Уақыт кенет тоқтар ма?!..
ЕГІЗ ШУМАҚ, БІР ТІЛЕК
(Т-ға!)
І
Тəңір бермей бір тал ағаш көктерме,
Тамыр салар барлық тірлік өткенге.
Тамырына балта шапса не болмақ,
Жеміс берер, сəтте, ағаш бөктерде.
Азамат та – елге сая тал шыбық,
Артар оған атамекен қанша үміт.
Ақпай жатып көме берсең қайнарды,
Қалар түбі қарғыс атып сарқылып.
ІІ
Қарғыс тиер Хақ бергенін таптасаң,
Өзіңді жау, жауды дос деп ақтасаң.
Ұл туғанмен қажеті не қор тұтып,
Қол-аяғын кісендеулі сақтасаң.
Елі жоқ Ер, Ерде болса тым жасық.
Жатпағасын жан-елімен жымдасып.
Азаматты туа білу бір бақыт,
Қорғай білу, қолдай білу мың бақыт.

480
481
ІІІ
Білгеннен соң туыс кетіп қалғанын,
Дұшпан салар жат пен сыбай салмағын.
Сақтай жүріп, құлдануды білмесең,
Неге керек алтын тауып алғаның.
Туа білу азаматты шын бақыт,
Өсір оны, өнеге бер, шыңға шық.
«Бəрі тайлақ қолда өскен түйенің»,
Бұл шындықтын құтылады кім қашып?!
ІV
Ұл: « ұлым!..» – деп,
Ел: « Ерім!..» – деп зарықсын,
Ұлтқа ылайық ұл тумасаң табытсың.
Баққа ылайық мүмкін емес болуы,
Таққа ылайық ұл тумаған халықтың.
Жат жасампаз!..Бірақ жат қой түбінде.
Жаттан жақын жасаймын деп бүлінбе.
Өз құрсағың жүрегіңе жақын тұр,
Өзгелердің етегіне үңілме.
V
Ұлың сені ұлы көште ел қылар.
Өрге сүйреп өзгелермен тең қылар.
Өз ұлыңды
Өзгелерден қор тұтсаң,
Шынында да Құдай сені кем қылар.
Жат қабағын жалынышпен бағарсың,
Тұрса кебіс, жатса жастық саларсың.
Əр ұлыңды қорғай білсең көп болып,
Көпке тұлға жылда бір ұл табарсың!..

Хақ береді!..
Білген сайын бергенін.
Алла сүйер сүйгенімен, сенгенін.
Мыңнан тұлпар,
Жүзден жүйрік ұлыңның,
Ұлықтай біл мəңгілікке еңбегін.
Тəрбие бер көзін аш та жарыққа.
Иман-əдеп, ғылым сыйлап жалықпа.
Өзге тіпті
Бұлдап берер күшігін,
Өз ұлының құнын білмес халыққа.
VІІ
Таусылмайды жат пиғылдың айласы.
Бірлігің сол елдігіңнің айнасы.
Əр ұлыңның болмаса егер сұрауы,
Көптігіңнің бола қоймас пайдасы.
 
Сен ойлама елсіз еппен жүрмін деп.
Елсіз болсаң жау қорлайды бір күн кеп.
Елдігіңді таптау үшін аяққа,
Ерлеріңді дұшпан құртар бір-бірлеп.
VІІІ
Өнеге бер өз ұлыңа бесіктен,
Шыңдалады шынды ерте есіткен.
Итіңнің де болсын жаным сұрауы,
Жау именіп кірсін десең есіктен.
Алашымның алыптары – Құрбаным!
Есіңе алып Ер есімін тұр жаным!?
Өзіңді-өзің Хан ұлындай сыйлағын,
Көріктіңнің көлеңкесін бұлдағын.

482
483
ІХ
Рəсуа қыла көрме, Ерлерді!?
Ері сыйсыз елге дəйім шер келді.
Өз ұлыңды өзегінен тепкенмен,
Өзге сүйіп хан көтермес Сендерді!
Рəсуа қыла көрме, Ұлыңды!?.
Ел болам деп ойлап жүрсең тұғырлы.
Құдай берген байлығы сол – Халықтың,
Қазағымның Ұл мен Қызы бүгінгі!
ӨҢКЕЙ ШЫРЫН, БАЛ ЕДІК
Шат көңілмен нұрландық,
Жібермеді құрдан жұрт.
Үйірімен үш тоғыз
Күйден олжа, жырдан құт.
Шығасыға шырмалмай,
Кіресіге кірленбей,
Қатар-құрбы көп жүрдік
Баянсызын білгендей.
Таранғанда таң едік
Таң-тамаша жан едік.
Ат кекілі секілді
Аз ғана бір тал едік.
Өңкей шырын, бал едік.
Ала таңмен алыстық,
Ай құшақтап табыстық.
Бір зереңнен сүт ішіп
Тай-құлындай шабыстық.
Арман қашып алдап жүр,
Күнді түнге жалғап жүр.
Сүт пісірім дəурен ғой
Сосын бізден қалмақ жыр.
Өлім көктен самғасын
Өмір жерден алдасын
Намаздыгер, намазшам
Арасындай жап-жақын.
Өмір, өлім қос қанат,
Өрттей шалар бопсалап.
Қос дүлеймен алысып
Қайран жүрек тоқтамақ.
Сайран күнге жолықтыр,
Шерден көңіл толып тұр.
Құралайдың салқыны
Қыр төсінен соғып тұр.
Жабырқайды жан-құрсақ,
Жылап алсын ал, бір, сəт!
Айналайын туған жер
Қалды алыс балғын шақ.
Шындық іздеп шырғал мұң
Шың басына мың бардым.
Сахаршамның шəйімен
Түн жамылып жыр жаздым.
Бал берейін тосып ал,
У берейін қосып ал.
Құлқын сəрі-қара түн
Жырдан кетті шошып ал.
Сан кеудеден жан шықты
Сан жанардан қан шықты
Қызыл іңір, ымырттың
Құрсауынан таң шықты.
Таңмен бірге күлімдеп
Талай балғын жүгірмек.
Балаларды сүйдім мен –
Менің жұпар гүлім деп!
Менің өткен күнім деп!

484
485
БƏДІК БАҒБАН
Бағбан шал баяғыдан сенгеніміз,
Орман от, осы-ақ еді енгеніміз.
Ит жуа, қарға тұяқ, желбас қамыс,
Күл болды боз тікенек, шеңгеліңіз.
Қалыпты қамыс аман, қайың құлап,
Орманның кім біледі жайын бірақ.
Өрттен соң өрттей лаулап қаптап кетті,
Қарандыз, қарасора, айыр құлақ.
Құм басып шөлге айналды қайыңды бел,
Көріп кет көзден таса жайымды кел.
Көк жасыл орман едім көркім қандай,
Бəрінен бəдік бағбан айырды дер.
ҚИЯНАТСЫЗ БІР КҮН ЖОҚ
Сұр жебесін өндіршектен сырғытып,
Үйренген жау нақақ қанды қылғытып.
Көктей талмап жұлынымды
келіп-ақ тұр үзгісі,
Көк желкемнен бір мытып.
Соның бəрін сорлы жүрек сезініп тұр сан ғасыр,
Жүрегім ғой туған елім басқа менде бар ма сыр.
Атамекен аппақ арым, уыз арман, көп үміт,
Ақ жанымның аспанында самғасын.
Қиянатсыз бір күні жоқ тірлік бұл,
Шыт көйлегі шұрық тесік
тыныштық пен шындық тұр.
Азған кеуде,
Тозған ғалам,
Бар білері зұлмат ой мен зұлымдық,
Хақтан тіле, бір Аллаға құлдық қыл!..

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет