ЖЫЛ ЕМЕС, БІЗ ҒОЙ ӨЗГЕРГЕН
(от шалық жыр)
Көбелек отпен ойнап жүр,
Айналып отты тойлап жүр.
Жанынан безген байғұсым
Тек жүрмей нені ойлап жүр?..
Сəулесі күннің жетпеді,
Сəл тұрып отқа беттеді.
Жалынның қызыл тіліне
Жұтылып міне кеткені.
Заялап гүлзар ғұмырды,
Көз жұмып отқа бұрылды.
Құмардың шөлін баспақ боп
Құрсаулы шоққа ұрынды.
Қанаты күйді қасқаның,
Қайғырды оған басқа кім?!..
Тірілей түсіп тозаққа
Тастады жер мен аспанын.
Бақшасы қалды бал шырын,
Айналды күлге тамшы мұң.
Ақырғы осы ісімен
Ақымақ айтты бар шынын.
Мұңайып гүлдер талықты,
Мұңданған мұны жан ұқты.
Көбелек тағдыр би-төре,
Билеп жүр қанша халықты.
Бал-шырын жалап татқандар,
Бəсеке байлық, мақтандар!
Бергенін білмей Құдайдың
Көргенге көзін сатқандар.
Бірін де бірі қайталап,
Бір тістеп уды байқамақ.
Жылжыған жылда жазық жоқ,
Көбелек – көңіл сайқал-ақ!
Құбылған ындын қанатын,
Жанған бір отқа салатын.
Көбелек – көңіл жетелеп
Күл болып заман барасың.
Тəңірден тəлім алмадық,
Тəңірсіп бəрін жалмадық.
Қоғамың от пен ойнап жүр
Санамыз тозды сандалып.
Шыршалы қаңтар келіпті,
Шырғалдап төрге еніпті.
Жылымның басы – Əз Наурыз,
Жылытып бойды ерітті.
Наурызын күткен көктембіз,
Наз айтпас жанбыз тектен біз.
Жыл емес біз ғой өзгерген
Көбелек болып кеткенбіз.
Өртеніп жатқан мың жігіт,
Дерт еміп жатқан шыңғырып.
Арасын ақ пен қараның
Айтады бізге кім біліп?!
ЖАҢАӨЗЕННІҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Қияннан келген бір үміт,
Қиялдан өлді сүрініп.
Қабырға бойлап бұлқынған
Жүрегі құрғыр тұр ұлып.
412
413
Өткеннен қалды із ғана,
Өксідік, өлдік біз ғана.
Омыртқа бойы он жара,
Жұлынның бойы жүз жара.
Баяғы сүрлеу, бір арна,
Жар болсын жанға бір АЛЛА!
Пейіштің аппақ құстары
Қонақ боп жүрген шығар да.
АРУАНА ТЕКТЕС АДАЛДЫҚ
Шағадамнан
1
тараған,
Жемді жайлап жараған.
Кемелге келген кер бура,
Тұмсаға болды бараған.
Келелі мая
Күміс құм,
Алтын қазған ана маң.
Бір атасы
Бураның,
Самның құмын қалаған.
Төс табанын түрініп,
Суырлып шықты арадан.
Пышаққа түсіп қалар деп,
Кеткен-ді алып жан ағам.
Сол кеткеннен
Кер бура,
Келмеді елге бұрылып.
Қай жерде тентек жүр екен,
Көрінгенге ұрынып.
Түйе боп алды
Кер тұмса,
Жыл өткен сайын құбылып.
Бураны іздеп жол қарап,
1
Шағадам – жер атауы.
Көзінен тұрар түн ұлып.
Аруана тектес
Адалдық,
Тек саған біткен ұлылық.
ШАҒАДАМ МЕН ЖАҢҒАҚТЫ
1
Батыры берен байрақты,
Ерлігі оның айғақ-ты.
Ерлері мінген арғымақ,
Аққу да мойын, сайғақ-ты.
Шағадам бойы-шар төбе,
Шаршыдан қалған нар төбе.
Шалдардың несін айтайын,
Бізден де қалған бар төбе.
Саратан, Сары тамыздан,
Сам жамырап іңірде,
Көзінің жасын ағызған,
Самсаған сардар зар төбе.
Солай да-солай бар төбе,
Атасы намыс – ар төбе.
Шағадам менен Жаңғақты,
Жан ішінде əн жатты,
Енді есен бол қос мұңдық,
Өзекті кесіп қан қатты.
Ұлыған көздің қарасын,
Шудалы құйын шаң қапты.
Екі де көзде –
Бір бұлау,
Қалдырдық қанша Əруақты!
Қоштасу да – бір ерлік,
Қош, аман бол, ал жақсы!
1
Шағадам, Жаңғақты – қазақтар ауызекі атап кеткен, туысқан Түрік-
мен еліндегі жер атаулары. Кеңес үкіметі салған бұлағай мен қуғын-сүргін
жылдары ол жерлерге біздің қандас бауырларымыз босып барып, ұзақ уа-
қыт паналап, аман-есен елге оралды.
414
415
Аруана тектес бір бота,
Таң ата тағы сарнапты.
Жаңғақты да жайланған,
Шағадамды айналған,
Кер Бурадай керілген,
Езді көрсе жерінген,
Егеулі найза шал жатты.
Тəтті сөйлеп сұм ажал,
Оны да сосын жалмапты.
Кеткендерден қалмапты.
Қоштасу да – бір ерлік,
Ол да кетті, ал жақсы!
Дұға қылды көз көрген,
Қайран Шағадам мен Жаңғақты.
* * *
Жыр шашуым оқырманға бір-бір дəм,
Апта өтті, ай садақа, жыл құрбан.
Шыңғырамыз шындық деген шың-құздан,
Зындан жасап, зар ішеміз шын жырдан.
Көп дұшпаным
Көлеңкемді баптап жүр,
Кеше ғана кекшиісіп қыр қылған.
Жауларыңнан дос жасауға ғұмыр аз,
Ал досыңнан дұшпан шығар жып-жылдам.
Дегенменен бастырмадық көңілді,
Сүрдік солай өрттен ыстық өмірді.
Жақсы келсе босағадан сөз тыңдап,
Жаман келсе бергенім жоқ төрімді.
Оңнан шаттық, келер қанша солдан мұң,
Жасаған мен жарқырамас қолдан күн.
Көрмей-білмей
Жау санама ешкімді,
Шын тілекшің өзі шығар сол жанның.
БАЛҚАРАҒАЙ
Балқарағай жылады бəрін біліп,
Қарай бердім шерленіп, əлім құрып.
Жел-жеңешем жанымды жанарымнан
Сығып алып жөнелді сағым қылып.
Қайың құлап барады, солай ғұмыр.
Аман болсын, аламан, арайлы қыр.
Көп арманның көзінен моншақ теріп,
Мұнар басқан, мұң басқан тарайды іңір.
Қайың құлап, қаралы жыр жылады.
Қаратаудың сарқылды бір бұлағы.
Бесігінен безінген шаранадай,
Менің есіл жүрегім шыңғырады.
* * *
Мылтығым жоқ қарға көрсем оқтарға,
Қарамайды құзғын, сірə, жоқ, барға.
Керуендетіп кеңістіктің бойымен,
Базар шығып бара жатыр көп қарға.
Қарқылдайды ұша беріп саңғытып,
Орманым тұр саңғырықтан зар жұтып.
Сауысқандар саяқ ұшып күледі,
Қарлығашпен, қарындаспен аңдысып.
Құзғындардың топ жазбайды дүрмегі,
Қандай жаман тас төбеңнен күлгені.
Осы менің көріп келе жатқаным,
Қара жерде тəй-тəй басып жүргелі.
416
417
* * *
Желісінен құлын кетпей шұрқырап,
Жер төледе қымыз тұрар бұрқырап.
Ботасының көздерінде тұнық түн,
Аруанадан ақ сүт емген жігітпін.
Төрт түлігі жамыраған шаттығым,
Қоңыр қозы секілденген пəк күнім.
Шыңыраудан шырқай созып құлашын,
Ақ бураны атам тіздеп тұратын.
Сыңғыр-сыңғыр шыңыраудың көмейі,
Көңілі бай жоқ даланың кедейі.
Қайда барсаң дəм ұсынып күлімдеп,
Қараша үйге қонақ бол деп жүгірмек.
Неге ішіп сол көңілден қанбадым,
Неге жатып сол ауылда қалмадым.
Боз төбеде бордай болып езілген,
Бауырмал ел айналайын көзіңнен.
Сенің жаның жəннаттан да көркем-ді,
Таныдың ба, өлең-шалық еркеңді?!
Неге кеттім нар қомынан құмдағы,
Өткен күннің өксігі ғой бұл дағы.
Сендік көңіл таза бұлақ, нұрдан-ды,
Еркелейтін енді ауылда кім қалды?!
Қара көрсек жүгіретін күн қайда,
Тап болдық-ау қара суық бір жайға.
Қабағын-ай тыжырынған қаланың,
Дуылдайды ұясындай араның.
Сатып кетіп, атып кетіп жатқаны,
Жек көреді тек өзінен басқаны.
Қалалықпыз, ал жүрегім ауылда,
Бізден сəлем уыз-көңіл бауырға!
Ауыл-көктем көңілінде бақшасы!
Ал қаланың жалғыз досы – ақшасы.
* * *
Өмір өтті жанға салып жара сан,
Өксік қысар өткен күнге қарасам.
Бауырыңа паналаған балапан,
Барсың ба сен, ақ қауырсын ала таң!?
Барсың ба сен, шоқтай ыстық мамығым,
Сенсіз өткен күндерімнің бəрі мұң.
Анау менің көп аунаған белесім,
Қалай айтсам қарғам маған сенесің?
Ақ боз үйдің шұрық тесік түндігін,
Көп аңсау мен келді, міне, мұңдығың.
Шаңырақтан жұлдыз қарап күлетін,
Шам жақпай-ақ əжем қымтап жүретін.
Ай жарығын шырақ қылып іңірге,
Ақ боз үйдің жатушы едім түбінде.
Жаным Əжем, маңдайымнан сүйетін,
Атап айтып ен даланың киесін.
418
419
Əжем кетті, Əкем кетті, Анам жоқ,
Панасыз жан саған қылар шарам жоқ.
Бір дің ағаш қалған екен көзкөрген,
Көзден таса қайран ауыл өзгерген.
Таныс ағаш, гүжім талдың етегі,
Көз ілейін көлеңкең де жетеді.
Əлдилерсің бесігім боп, анам боп,
Тек өзіңе еркелеймін амал жоқ.
* * *
Жолаушының жолы болсын, жалғыздың,
Қарайлайсың қай ауылда қалды ізгің?!
Құлып салған жүрегіңнің сандығын,
Маған айтшы, ей жолаушы, жалғызым!?
Көп қарадың əлдекімді іздедің,
Төздің бірақ айтпай кеттің бізге мұң.
Бар, бара ғой, базаршыдан қалмағын,
Жел айдаған жер түбіне қаңбағым.
Қарашығын жасқа бөлеп көзіңнің,
Көңіліңнен бір құпия сезіндім.
Балапандай боз қанатын көп қаққан,
Көзіңе кім арман бөлеп, от жаққан?!
Сиыр тілін сумаңдатып жол жатыр,
Жолға түсті бір жолаушы, ол пақыр.
Кетті елес көзден ғайып жұтылды,
Мен білмедім нені ұтты, ұтылды.
Мұңы қалды туған елдің көгінде,
Жолаушы жоқ, өмір-сапар тегінде.
Жолаушыға жолың болсын деп жүргін,
Не боларын білер дейсің ердің кім!?
* * *
Осы менің жыр тағдырым мұңды аспан,
Мың жұлдыз бен мұнар жастап сырласқан.
Жеті қат жер, жеті бояу көк зеңгір,
Көктен шабыт, алдым аппақ жерден жыр.
Томағасын жаңа алған қырандай,
Шалқар шабыт берген бізге бір Алла-ай.
Көк найзағай іліп алып жөнелер,
Жасын жырды шоқтай бүркіп төге бер.
Базар барса əркім алар құмарын,
Жырдан басқа аларым жоқ шырағым.
Домбырамды дауыл соқсын тастаман,
Өнер-өмір, таппай қойдым басқа мəн.
Құбылады саз тербеген көңілім,
Жырдан қашып құтылады тегі кім!?
Өлсең өлең, тірі күнде тірегің,
Тас болсаңда өлең іздер жүрегің.
Жеті саз бен жан салыпты Тəңірім,
Саз бен емде жүрегіңнің тамырын.
Өлеңді көр, өзіңді көр танып бақ,
Өз-өзіңнен қаша көрме алыстап.
Қайран өлең – жүрегімнің қанысың,
Жүрек айтса – ол ақиқат, бəрі шын.
420
421
* * *
Алма ағашы гүлдеп-ақ тұр ертерек,
Көкте күнге, жерде кімге еркелеп.
Сары гүлдер, аппақ гүлер, шықтанды,
Таң көзінен тамаша нұр құт тамды.
Бүлкілдеген жүрек сынды көп гүлдер,
Күн сəулесін құшақ ашып өптіңдер.
Жарық таңның қымбатын-ай тіріге,
Жарық сөнсе жоқ гүлдердің бірі де.
Сымбатын-ай, қымбатын-ай, құндысын,
Жарық сүйген менде сенің бір құсың.
Гүл төгілді жел базарлап бақшаны,
Алай-дүлей кетті бұлт боп аспаны.
Алма ағашы басын ұстап қайғырды,
Үзілген гүл жауып жатты айдынды.
Бəрі зая, сонау күнгі шаттықтың,
Жанарынан жарықты алды тас қып түн.
Гүлді кешіп, түн етегін түрінді,
Алма ағашы дір-дір етіп бүгілді.
Қобыз сарын тартылмаған күй еді,
Қарағайға қайың басын сүйеді.
Аяғаннан алма ағашын аймалап,
Қара түннен жылап тұрды ай қарап.
* * *
Гүлзар халық,
Ділмар халық,
Дана туған, көсем туған, ақыл-ман,
Сөз қалыпты тақ-тұқ пенен тақылдан.
Нұр іздейміз
Қабағынан өзгенің,
Кір іздейміз туыс пенен жақыннан.
Біздің шалдар,
Біздің дастан, біздің жыр,
Əр біреуі қол жетпейтін шың, құз бір.
Қаңсығына
Таңсық болып басқаның,
Ұл-қыз жүр.
Білім ізде
Дүниені арала,
Жан бабаңды жаттан төмен санама.
Сен өзгеден
Жоғыңды іздеп тауып ал,
Ал барыңа жат көзімен қарама!
* * *
Жан қалқаның жаны қалмай күлімдеп,
Жанған күндей жанарымен үңілмек.
Сол бір жүрек діріл қаққан лүпіл-ді
Бөле жарып кеткен кімдер бүтінді.
Енді есен бол қарашығы жанардың,
Таға алмаспын тіршілікте саған мін.
Көше бойлап жарық шамдар қарады,
Екі тағдыр түнге сіңіп барады.
422
423
Анау жатқан шағын қала бұйығы,
Мынау шатқал жаңбыр жеген иығы.
Көздерінде көк аспанның отты мұң,
Сен тоңдың ба, Мен де жылу жоқ күнім?!
Өз отыңа өзің жылын өшпегін,
Жанып біткен жүрегімді кеш менің!?
ҚОНАҚ БОЛДЫҚ..
(əзіл)
Ер жігіттің мұңайғаны
Қасірет,
Күлегешін көрсетпесін Құдайым!
...Шыдайын!
Жеңіл-желпі
Жалпылдаған
Жарқанат,
Ұшып-қонған ерсі екен сыңайың.
Қайран ерлер,
Қорғасындай ауыр-ды,
Жан сорасы білдірмейтін жауырды.
Еріндері
Қанатындай торғайдың,
Бұдан анау келіншегі тəуір-ді.
Қонақ болдық,
Қойдан жуас отырдық,
Аз төзімді тоқым қып.
Аты-жөнін
Жазып алды құрдасым:
«Алыс жолға алам», дейді, шопыр қып».
* * *
Əр əкенің өзіне сай ұлы бар,
Əрбір ұлттың өзіне сай мұңы бар.
Өзін-өзі менсінбейтін халықтың,
Өзгелерге қаншалықты құны бар.
Əркім болып етегіне жабысқан,
Жəреукені көре қалсаң намыстан.
Өзін сыйлап өзгелермен тең жүріп,
Шын достарға не жетеді табысқан.
Құл байғұстың құлдық қана өнері,
Құл болудың нағыз олар шебері.
Құл біткенге керек емес бостандық,
Бір қожайын жалғыз оған керегі.
* * *
Көз түсті қара сан мен мойындыға,
Қан сусар қанжар қанға тойынды ма!?
Жайраған қызыл ет боп шыға келді,
Көк бұқа сойылды да.
Терісін жинап алып таспа қылмақ,
Жасамақ мүйізінен басқа бір зат.
Бар еді көп сиырдың көз ғашығы,
Жоқ болды қас қағымда-ақ.
Семірді көзге түсіп батпансынып,
Көзіне жер көрінбей, аспансынып.
Бас салды бір семізге қыс келді деп,
Көп арық көк сіңірі жатқан шығып.
Жас бұқа соның бəрін көрген еді,
Көрсетпей семіздігін дөңгеледі.
«Арық», деп енді, міне, түрткілеп жүр,
Шамасы мұны да ажал өңгереді.
424
425
* * *
Құласаң нардан құла жаным інім,
Ақыл айтпақ жаманның бəрі бүгін.
Айтылмай сөз қалдыма бабамыздан,
Елді ойлар ер шықтыма арамыздан.
Арманы көп бейбақтың адым жерде,
Қараймын қамыққаннан сағым белге.
Дəурені өткен жанның аққан бұлақ,
Қайнаған қалың елден жатқан жырақ.
Жан інім, нардан құла жығылғанда,
Қайырын Хақтан тіле шыбын жанға.
Кім білген не боларын таң атқасын,
Жүрміз де Құдай өзі жаратқасын.
Бəрі де бір Алланың бермегінен,
Ажалдың кім құтылған ермегінен.
Рухың биік болсын заманыңнан.
Таспа алып тілсе дағы табаныңнан.
БАҒАСЫН БІЛМЕЙ УАҚЫТТЫҢ
Есен-сау келді ерке күз,
Төрлеткін енді келсеңіз.
Сары да көрпе, жез жиек,
Жатыңыз жаным сенсеңіз.
Жапырақ ғұмыр жаншылды,
Алыстан салған əн сынды.
Еміс те еміс естіліп,
Күз кетті сары алтын-ды.
Қыс келді сосын сұғынды,
Көрінген жанға ұрынды.
Күз де болса жақсы екен,
Өткен де күнім бұрынғы.
Дір қағып жүріп таң астық,
Ділгірге үнсіз қарастық.
Бағасын білмей уақыттың,
Бақыттан қанша адастық.
* * *
Қара жер жатыр теңселіп,
Қап-қара дауыл еңсеріп.
Шыққан да жанға көк аспан,
Қайғылы жанға жер серік.
Ұяттан ұлың жаралсын,
Əдептен қызың нəр алсын.
Құдайсыз істе мəн бар ма?!
Дəстүрсіз елде сəн бар ма?!
Шалдардың жолы сары алтын.
Күнге бар, мейлі, айға бар,
Күмпіген мақтан, сайран ал.
Көңілге-көңіл шомылар
Көрікті өмір қайда бар?!
Ықылас-ниет халалдан,
Қайда бар халал-адал жан.
Сыртыңнан қамдар дос қайда,
Туғандай бірге анаңнан.
426
427
ҚАРАША АЙЫ
Қарашада сені көрдім сенделдің,
Қарай-қарай қарғам саған мен келдім.
Қара көзің жасқа толып мөлтілдеп,
Оған дедің сенгенмін!..
Кешір дедің...Кештім сені жыладың,
Мойынымды жас пен жуып шыладың.
Екеумізге айтып жатты қос жүрек,
Ескі күннің бір əнін.
Үнсіз қалды қайың менен қара тал,
Мың жапырақ сыпсың қағып, бал ашар.
Жабыққанда жаным маған келерсің,
Бар ендеше, бара сал!?..
Тосып кетші ыстық деммен бір ерін,
Тоңазып тұр жүрегім.
Айдыныңнан қанат қағып тағы ұш,
Аққулармен бірге менің тілегім.
* * *
Көзінде көптің тұр қайғы,
Көп айтып қайтем бұл жайды.
Сар табақтан ас ішкен,
Сасқанда сатпай тұрмайды.
Мəңгүрттігін мəн қылған,
Көсемнің атын сəн қылған.
Қой бағып құмда жүрседе,
Тақырбас шалды əн қылған.
Тізесін бүгіп құшқан-ды,
Тілеуін тілеп ұшқан-ды.
Талайдың тілі шығып жүр,
Тамырын бассаң дұшпан-ды.
* * *
Сен келдің де ауыл іші нұрланды,
Қызды сүю ұлдан-ды.
Талай ару көлеңкеңде көрінбей,
Көкте күннен құр қалды.
Сен келдің де мұнар шалды қыздарды,
Көздерінде сыз бар-ды.
Енді, əрине, өмір ғой, бұл, бақ талас,
Ай арулар өз күндерін қызғанды.
Сен келдің де бой түзеді боз бала,
Сендік есім болып жатты сөз ғана.
Бізді қойшы батар күннің жамалы,
Жүрегімді қозғама.
САРҒАЙҒАН САРАЙШЫҚ
1
Сарайшық – ұлттық тарихымыздың
те мірқазығы, киесі, кес телі дастаны, өнеге
мен өрнекке толы мұрасы. Елдігіміздің кү-
ре тамыры – ұлдарының махаббатына,
ұл тының қамқорлығына шөлде меуі керек.
Сарайшық – ұлттық рухымыздың айбары
мен айбыны, серпін берер мақтанышы.
Автор
Сор дəурен, құлаған күн, жылаған құм,
Қол жайып көктен медет сұраған кім?!
Орданың ойраны бар, сайраны жоқ,
Құлағын кер қобыздың бұраған кім?!
Қай дауыс, мына дауыс, жеті көктен,
Жем болып, жерден ада, есі кеткен.
1
Сарайшық – ортағасырлық қала. Атырау қаласының солтүстігінен
55 ша қырым жерде Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан.
428
429
Сарқамыс, сақау құдық, шашылған күл,
Бір сұмдық, Сарайшықты жетім еткен.
Бұлт көшті бұлағайлап қан-қан күрең,
Қасқаның іші толған арман білем.
Көмусіз көп сүйекке торғай қонып,
Зарлайды дұға қылып таңнан кілең.
Есіл жыр, ерке құлан дүбірлеген,
Есеңді алып өлші бүгін менен.
Қазақы қара өлең хан шатырлы,
Қанша жау шапсадағы бүгілмеген.
Басынан əр төбенің шырақ жағып,
Қанатын қанға бөгіп сыңар қағып.
Нұр шашып тіріге де, өліге де,
Таң атып келе жатыр қылаңданып.
Жан едім, жанып-күйген өлең едім,
Шыбын жан, не сұрайсың, көбелегім!?
Шырылдап өтіп барам жалғаншыдан
Өз қайғым – тілеп алған бөгелегім.
Су сеуіп қанатыңмен жүрегіме,
Бес қару кеттің іліп білегіме.
Сарайшық, Алтын Орда, кемиек құм,
Кемсеңдеп не демексің қыр еліне!?
Қызғыш құс, қиғаш қайда ұлы құмда,
Кімдер жүр, кіл лашынның тұғырында.
Күймелі дəурен сыңсып бара жатыр,
Жез қоңырау Ақ Жайықтың бұрымында.
Сарайшық, сансыз мола шегінеді,
Көңілім көк жаңбыр боп егіледі.
Жайықтың ақ төсінде ойнақ салып,
Шағала шартық жемсау не біледі?!
Ақ Орда, Алтын Орда – жатқан жалын,
Ашылмай ауған дəурен тақтан бағың.
Желкелеп жеңген құзғын басып жатыр,
Қараойдың қансыраған қасқалдағын.
Құны жоқ жеңілгеннің қара бақыр,
Əлсізге күнде келмек заманақыр.
Бұрқырап төс етінен қасқалдақтың
«Өлдім» деп өлең ұшып бара жатыр.
Көрерміз көрмегенді елмен бірге,
Айтармыз жанның сырын теңнен кімге?!
Мысалы: Сынық күзе – Сарайшығым,
Аңылжып азынайды желмен бірге.
Жау жыртып гүл етегін паршалаған,
Қарайды хан-салтанат қанша заман.
Сан мұңдық шағыл бойлап көшіп жатыр,
Кірпігін толған айдың қалқалаған.
Абыз құм,
Аталық бел, аналық көл.
Айналып ата құзға баралық кел.
Кең Құдай кеңес қылсаң айтарым сол,
Даламның тілін білер даналық бер.
Сыр толғап қара тастың өзегінен,
Сүйсем бір маңдайынан кезегімен.
Сарайшық саған келіп үнсіз тұрмын,
Сайраған қызыл тілмен безеніп ем.
Көңілім алай-дүлей мұңданады,
Түрулі заманымның бір балағы.
Тағыда құмай қуып, қоян қашса,
Артында сол сүргіннің кім қалады?!
Ел еді Алтын Орда алшаңдаған,
Бұл күнде бұқпа болдық жалтаңдаған.
430
431
Қоянға құмай құдай,
Қойға – қасқыр
Əлсіздің күні қараң қалтаңдаған.
Ұл зарлық, қыз қалқаның қор жүрегі,
Бағытын бақ пен сордың жол біледі.
Тамшы жас шым түбінде шыңыраудың
Шындығын тарихымның сол біледі.
Қош енді,
Қоңыр төбе, сырлы мекен.
Мен байғұс мекенімді жыр ғып өтем.
Жылға сай, жылым біткен,
Ұлын күткен,
Сарғайған Сарайшық та мұңдық екен!
Қара түн сондағыдай бəрі, міне,
Бозғыл тау, сабан қора, кəрі күде.
Аттандым жалғыз түнеп Сарайшыққа,
Қол жайып аманаттап Тəңіріме!
Өз ұлын ұлы дала аңдап жатыр,
Тігіп жүр өңкей əруақ таңнан шатыр.
Шашылған бас сүйек пен төс сүйектің,
Ішінде көп тістеулі бармақ жатыр.
Жөнелдім мен де шайнап бармағымды,
Тапсырып жанға жырды, таңға мұңды.
Тар жерге тағы келдік, жаным Алла,
Қор етпей, зор етпексің алда кімді?!
Күн шықты күлім қағып, түнім кетіп,
Жыртығым жамалғандай, тінім бекіп.
Сарайшық саған қайта келем əлі,
Сардарын сан арманның дүбірлетіп.
Желегін желмен жайқап гүл-баһардың,
Ай сауып, ақ сүтімен сырлатармын.
Алтын зер, күміс күмбез мұнараңнан,
Əлемге ұран салып, үн қатармын!
Өткеннің өрнек алып елесінен,
Үміттің жүзіп келем кемесімен.
Біз де бір құралайдың лағымыз
Адасып маңыраған енесінен.
БАҚЫТТЫ ҚҰЛДАР
Жарқыра көңіл, жарқыра,
Жан берер күнің бар сірə.
Көзіңде қанша мұң жатыр
Айналып кеткен тамшыға.
Жарқыра жанның шуағы,
Жан кетсе кеуде құлады.
Аз ғана күннің бақытын
Алақан жайып сұрады.
Жарқыра менің жан құсым,
Сыбызғы сарын таңбысың.
Тұрдың ба өлі төсектен –
Бармысың Сабыр, бармысың?!
Ажалы қолтық демеген,
Адамдар түсті кемеден.
Оянған жандар аман-сау,
Бақытты құлдар не деген!
432
433
ЕР ӨЛГЕН ЖЕРДЕ САЙҒАҚ БАР
(Маңғыстау, саған арнадым!..)
Тасөкпе қырдың шұбары,
Шұбалаң құйрық мұнары.
Шұрық та-тесік көк аспан
Тірліктен қанған құмары.
Көзінен жасы мөлтілдеп,
Көк аспан жылар селкілдеп.
Қасқа да бұлақ күміс жал
Барасың қайда еңкілдеп?!
Қарлықты қарғам тамағың,
Даланың көзі нала-мұң.
Ебелек пенен сүртеді
Еліктің қанды жанарын.
Дүбір де дүбір дүркін-ді,
Дүбірлі дəурен бір түрлі.
Бекеттің
1
арқар-тауынан,
Беймезгіл құлжа үркінді.
Күреңде қасқа ұлы жыр,
Сөзінде көптің мұңы жүр.
Жатпай ма екен қызыл тіл,
Жақ ішінде құрығыр?!
Жаси да көрме асқақ жыр,
Жаралы жаның қақсап жүр.
Сорға да шөгіп кер үлек,
Сормаңдай нені бастап жүр?!
Келені көзге ілмейді,
Кезеніп ерді тілдейді.
Боталы келе
1
Бекет – Пір Бекет – киелі мекен.
Бор құмда,
Барарын қайда білмейді.
Аспанға шапшып оқталған,
Өмірін өртеп от шалған.
Көкірек тұсын паршалар,
Көкбөрі ұлып Отпаннан
1
.
Бауыр да болсаң құлақ түр,
Бауырын ұстап құлап тұр.
Таңдайында құланның,
Маңдайында құлынның,
Біздің де тарих жылап тұр.
Қайнарлы бұлақ Қаратау,
Қанды өзегі жара тау.
Көз ұшында бір ноқат,
Құтырған құйын, нар асау.
Боздаған көңіл талмайды,
Көктен бір көзін алмайды.
Ойран да болған молалар,
Сен қашсаңда қалмайды.
Сағана тамдар сарығып,
Құлпытастары қарығып,
Жолап та кетсең сыр шертер
Таңдайдан теріс жарылып.
Самал да желді бұлатар,
Сары атанды құлатар.
Қыналы тастан аққан жас,
Қырық ру елді жылатар.
Сырық бойлар сына бар,
Сыналы таста мұра бар.
1
Отпан – киелі мекен.
434
435
Сұқты көзі сұрланып,
Сұғанақ иттей ұрланып,
Ат кекілін кесіскен
Ата бір дұшпан сығалар.
Əулие тербеп талған жер,
Алладан медет алған жер.
Қылышын қанға малған жер.
Боздақтан небір қалған жер.
Ер Төлеп пен Шабай бар
1
,
Тойнағы бөлек талай бар.
Балуанияз, Ер Қармыс
2
,
Ерлерді туған адай бар.
Жан беріп, сосын, жан алған,
Жансауыт киген ажалдан.
Көкте бір жасын ойнаса
Көзіне келіп қадалған.
Шемені қоздап шерленген,
Шерленген көңіл езгеннен.
Қағынан жеріп қасқиған,
Құланға мерген кез келген.
Беглердің бегі мерген-ді,
Беглерге берен ерген-ді.
Аманат жанды тапсырар,
Қайран да ерге жер келді.
Қаралап аспан тұр əлі,
Тарқады елдің құралы.
Ереуіл аттан еңкейіп,
Есіл де ерлер құлады.
1
Төлеп, Шабай – бəрі де ел үшін басын берген, қанын төккен батырлар.
2
Балуанияз, Қармыс – бəрі де ел үшін басын берген, қанын төккен
ба тырлар.
Қайнарлы бұлақ сарқылды,
Қайғының көзі аршылды.
Дүлдүлдің жасы моншақтап,
Аспанға шапшып тарпынды.
Көкмойнақ мінген ауыл-ды,
Күмістен тұрман салулы.
Ер өлген жерде сайғақ бар,
Сайғаққа тұлпар таңулы.
Ерлерді ажал қылғытып,
Иесін тұлпар тұр күтіп.
Құлан да тағдыр көкмойнақ,
Мың жылдық жасын жүр жұтып.
Ер өлген жерде сайғақ бар,
Бəйгіге басты байлап бар.
Адайы жылқы шаппаққа,
Ай бетінде айлақ бар.
Күн бетінде-ай күміс бар,
Күмістен таза ырыс бар.
Тегін де шаппас текті еді,
Көкмойнақ шапса бір іс бар.
Қанға да бөккен бұрым тұр,
Бұл ғасырдан бұрын тұр.
Əр жусанның басында –
Əлəйда жалған жырым тұр.
Төгілмес төрден бекер жыр,
Абылдан
1
қалған шекер жыр.
Атамыз Адай
2
айғақтап,
Қазығын қаққан мекен бұл.
1
Абыл – атақты Абыл жырау.
2
Адай – Ата кесенесінің орналасқан жері.
436
437
Əркім де елге ғашық дер,
Əлдилеп əнге басып көр.
Қайтейін сені Маңғыстау,
Кеудеме сыйсаң жатып көр.
Жаралған нұрдан Адай-ды,
Жанынан шуақ тарайды.
Сайғақ та сайын бір тұлпар,
Сəріден таңға қарайды.
Ер өлген жерде сайғақ бар,
Сайғақты жерде айғақ бар.
Шейіттер жатқан мекенге,
Сайланып белді байлап бар.
Шар тарап майдан жол алда,
Шаршыға түскен оңарма.
Ұлан да байтақ Маңғыстау –
Ұрпаққа қоныс болар ма?!
Боз жусан бұйра шаңдағым,
Заманның зарпын аңдадым.
Кеудемде сертшіл жүрек бар,
Маңғыстау саған арнадым!
Қайралып жырым жетілді,
Дауылға бұрдым бетімді.
Қаңтарда жарап тарпыған
Қарашыл бура секілді.
Қара өлеңменен
Тураған,
Ұсындым жүрек етімді.
Мұңдастық сырмен жандағы,
Кеудеде күмəн бар-дағы.
Алтын да арқау Маңғыстау,
Алаштың қара шаңырағы.
Баса да көрме жаңылып,
Қол жайдым Хаққа жалынып.
Сен сарқылсаң Маңғыстау,
Жалғанда жүрмін нағылып?!
Салт-дəстүрдің
Сандығы,
Маңғыстау сенде бар үміт!
Достарыңызбен бөлісу: |