13. Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастырудың құқықтық негіздері. ҚР Кәсіпкерлік кодексінің негізгі ережелері 1. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қатысушылардың теңдігіне негізделген тауар-ақша және өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты жеке мүліктік емес қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде қамтылған Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасы нормаларының олқылықтары немесе осы Кодекстің ережелеріне қайшылықтары анықталған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
5. Кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін жүзеге асырудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2-бап. Кәсіпкерлік ұғымы және оны құқықтық реттеудің шектері
1. Азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлікке) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
2. Кәсіпкерлік қызмет тек Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана шектелуі мүмкін.
3. Мемлекеттік органдардың жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің артықшылықты жағдайын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауына тыйым салынады.
3-бап. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының мақсаттары мен қағидаттары
1. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамыту және қоғам үшін қолайлы жағдайлар жасауға, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға бағытталады.
2. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының қағидаттары мыналар болып табылады:
1) заңдылық;
2) кәсіпкерлік еркіндігі;
3) кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі;
4) меншікке қол сұғылмаушылық;
5) адал бәсекелестік;
6) тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері және мемлекет мүдделерінің теңгерімі;
7) мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпаратқа қолжетімділік;
8) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі;
9) кәсіпкерлік субъектілерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау қабілеттілігін арттыру;
10) құқық бұзушылықтың алдын алу басымдығы;
11) кәсіпкерлік субъектілерінің адалдық презумпциясы және мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара жауапкершілігі;
12) сыбайлас жемқорлықтан азат болу;
13) кәсіпкерлік қызметті ынталандыру және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету;
14) отандық тауарлар өндірушілерді, жұмыс орындаушыларды, қызмет көрсетушілерді қолдау;
15) мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің ісіне заңсыз араласуына жол бермеу;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің норма шығарушылыққа қатысуы;
17) кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін ынталандыру;
18) мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке шектеулі қатысуы;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
19) тармақша өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.
19) өзін-өзі реттеу.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-бап. Заңдылық
1. Кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде, мемлекеттік органдар, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстің және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауға міндетті.
2. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келетін актілері мен шешімдері қабылданған кезінен бастап заңсыз әрі жарамсыз деп танылады және күші жойылуға жатады.";
Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне мазмұны, ресімделуі және (немесе) оларды қабылдау рәсімдері бойынша сәйкес келмейтін актілері мен шешімдері, сенім білдіру құқығы Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен заңсыз әрі жарамсыз деп танылады және күші жойылуға жатады.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).
5-бап. Кәсіпкерлік еркіндігі
1. Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар.
2. Кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген кәсіпкерлік қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы.
6-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі
1. Кәсіпкерлік субъектілері өздерінің меншік нысанына және кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, заң мен сот алдында тең.
2. Кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде тең мүмкіндіктерге ие болады.
7-бап. Меншікке қол сұғылмаушылық
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне қол сұғылмаушылыққа заңмен кепілдік беріледі.
2. Кәсіпкерлік субъектілері заңды түрде сатып алған кез келген мүлікті меншігінде иелене алады.
Сот шешімінсіз кәсіпкерлік субъектілерін өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңда көзделген айырықша жағдайларда мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару тең бағамен өтелген жағдайда жүргізілуі мүмкін.