Екпін – сөзқұрауыштық бірлік



Дата02.04.2023
өлшемі69 Kb.
#78434

ЕКПІН – СИНТАГМА СОМДАУШЫ БІРЛІК


Ақымбек Съезд Шардарбекұлы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филол.ғ.к.


Мақалада қазақ тіліндегі әліге дейін бір шешімін таппаған екпін туралы сөз болады. Әрине қазақ тіліндегі сөз екпінің мағына ажыратушылық қасиетіне байланысты пікірталастың толастамағаны екені рас. Себебі қазақ тіліндегі екпінге байланысты айтылып жүрген пікірлердің барлығы батыстық тіл біліміне негізделіп айтылатыны белгілі. Ал қазақ тілінде сөйлеу актісіндегі екпіннің қасиеті ырғақ пен бунақ деңгейінде ашық көріне бастады.
Мақала ғылыми көпшілік арасында айтылып жүрген пікірлерді сараптай келе, екпіннің сөйлемдегі ырғақтық топты даралай алатын қасиетін тоқталады. Сөйтіп екпінді суперсегментті бірлік ретінде қарастырып, оны мағына ажыратушы емес, тұтас сөйлеу ағымын тұтастырып, лебіз қалыптастыратын бірлік ретінде қарастыруды ұсынады.
Түйін сөздер: екпіннің сөздегі орны, сингармонизм, суперсегментті бірлік.
Қазақ тіліндегі сөз бойынан көрінетін екпін жайлы пікірлер біршама деңгейде орнығып, бір жүйеге түскен деуге болады. Азды-көпті айырмашылықты ескермейтін болсақ, түркологтардың пікірі бір жерден шығып жатады.
Дәстүрлі грамматиканы ұстанған акад.І.Кеңесбаев: «В двусложных и многосложных словах, как известно, один из слогов выделяется ударением» [1,417] деп, қазақ тілінде сөздік екпін бар деп есептейді. Бұл пікір қазақ тіл білімінде әбден орныққан анықтама болып табылады. Мектеп оқулықтарынан бастап, арнайы және жоғары оқу орындарына арналған оқу-құралдарында көбіне-көп осы пікір негізге алынып келді. Қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов «...буынның ала-бөле айтылуын сөздің екпіні дейміз. Күшті айтылған буынды екпінді буын дейміз» деп, өз кезінде екпіннің терминдік жүйесін қалыптастыруды бастайды [2,190]. Сөздік екпін, екпінді буын деген секілді атаулардың қазақ тіл білмінде осы кезден орныға бастағанын байқаймыз.
Түркі тілдерін жан-жақты зерттеген орыс зерттеушілерінің «Обращаясь к проблеме ударения в современных и древних тюркских языках, необходимо прежде всего определить понятие «ударение». Под этим термином следует понимать выделение различными фонетическими средствами одного из слогов в слове, противопоставляемого другим слогам в слове» [3,403] дегені қазақ зерттеушілерінің де еңбектеріне негіз болған деуге болады. Өйткені негізгі нәтиже бір бірімен үндес шығып жатады.
Қазақ тіліндегі сөздік екпіннің орны тұрақты: «В казахском языке – ударение связанное, падает в основном на послдений слог, т.е. оно в позиционном отношении связано с определенным слогом» [4,418] деп, акад.І.Кеңесбаев екпіннің байлаулы екенін ескертеді. Дербес алынған сөздің екпіні сөз соңына түседі деген анықтама қазіргі кезде дәлелдеуді қажет етпейтін қағидаға айналғандай. Сөздік екпінді жақтаушылардың барлығына ортақ пікір болып табылады.
Қазақ тіліндегі екпіннің сөздегі орны жайлы пікірдің қалыптасуына Н.И.Ильминскийдің пайымдаулары себеп болғанын көреміз: «Ударение в киргизском наречий всегда ставится на конец слова...» [5,15]. Ал қазақ ғалымдарынан екпіннің сөз деңгейінде соңғы буынға қарай жылжып отыратындығын Қ.Жұбанов бастап айтқан: «Сөздің әр буыны жуан да, жіңішке де бола алатыны секілді, күшті де, әлсіз де болып айтылады... Сөздің әр буыны әр түрлі күшпен айтыла тұрып, соның ішінде әр сөздің бір буыны басқасынан ала-бөле күшті айтылады. Мектеп деген сөздің екінші (соңғы) буыны күшті айтылып тұр. Мектеп-тер дегенде үшінші буыны күшті айтылып тұр. Мек-теп-те-рі дегенде де үшінші (те деген) буыны күшті айтылып тұр» [2,190]. Екпіннің көп буынды сөздегі немесе сөз тіркесіндегі орны жайлы өзге пікір жоқ. Екпін барлық уақытта сөз соңына қарай жылжып отырады делінген, оның себебін қазақ тілінің жалғамалы табиғатымен тікелей байланыстырып жатады. Сонда сөздік екпін сөздің соңғы буынына түсетін болғандықтан, жаңа буын қосылған сайын сол соңғы буын екпінді өзіне тартып отыратын болып шығады.
Қазақ тіліндегі екпіннің қызметі жайлы «Словесное ударение в казахском языке носит словоразличительный характер, т.е. оно, как и лексико-грамматические приметы, позволяет во многих случаях отличать одно слово от другого» [4,419] деп пайымдайды акад. І.Кеңесбаев, яғни сөздік екпін шекаралық белгілердің бірі болып табылады. Осман түріктерінің тілін зерттей келіп Н.А.Кононов сөздік екпіннің тілдегі қызметі туралы «Следовательно, основной функцией ударения является выделительная и дифференциальная (различительная) функции. Кроме этих функций, словесное ударение несет также и смыслоразличительную функцию как в грамматическом, так и в лексикологическом отношениях; например, в турецком языке положение ударения на последнем слоге отличает имена действия на -ма/ме от глаголов в отрицательной форме повелительного наклонения, ср. кесме «пастила», нарезанная кусочками, но кесме «не режь» [6,403]. Қазақ зерттеушілері осыған ұқсас алма’/а’лма, жарма’/жа'рма, көрме’/кө’рме, көрші’/кө’рші тәрізді мысалдармен өзіндік пайымдаулар айта бастайды. Пікірлер сөз зат есімді білдірсе, онда сөздік екпін сөздің соңына түседі, ал сөз етістік болса, онда сөздік екпін сөздің басына түседі деген топшылаулар төңірегіне топтасып ереже де қалыптастырылады.
Дәл осындай пікірді өзбек тіліне қатысты да кездестіреміз: Функциональное ударение в узбекском языке используется как словообразовательное средство, т.е. как средство дифференциации значений лексико-грамматических категорий слов, например, сузма «творог» - сузма «не цеди», тугма «пуговица» - тугма «не завязывай» деп қазақ тіліндегі екпінге ұқсас пікірді М.Махмудов өзбек тілінен де табады[7].
Сөздік екпін жайлы пікірлер жалпы түркітануда қалай ала-ғұла болса, оның табиғаты жайлы пікірлер де дәл солай сан алуан екенін көреміз.
Қазақ тіліндегі сөздік екпінді «Ударение по своему характеру в казахском языке, как и во многих других языках, силовое, или динамическое» [4,417] деп акад.І.Кеңесбаев қарқынды екпіннің қатарына жатқызады. Әуен екпінді жоқ деп санап, кейде сөздік екпіннің табиғаты созылыңқы болып келуі мүмкін деген жорамалға тоқтайды.
Дегенмен, сөздік екпіннің табиғатын басқа қырынан да қараушылар бар. Мысалы, Э.В.Севортян «В современных тюркских языках представлены различные типы ударения: 1) силовое (экспираторное или динамическое), если выделение одного из слогов происходит с помощью силы воздуха; 2) музыкальное (мелодическое или тоническое), если слог выделяется и с помощью движения голосового тона; 3) количественное (квантативное), если слог может быть выделен по долготе/краткости звука» [8,403]. Бұл түркі тілдеріндегі сөздік екпіннің табиғаты ешқашан бірыңғай, болмаса ортақ болмағанын білдіреді. Сөздік екпіннің мүмкін болған фонетикалық көрінісін түркі тілдерінен табуға болатынын көреміз. Сөздік екпіннің біртұтас түркі тілдерінің құрамында әртүрлі фонетикалық үлгіде кездеседі дегеннің өзі зерттей түсуді қажет ететіні анық.
Қазақ тіліндегі көп буынды сөздердің құрамында екпіннің әртүрлі сатылары болуы мүмкін: «Как уже упоминалось выше, главное ударение в большинстве случаев падает на последний слог» [4,417] деп, сөз басында көмекші екпін, ал сөз соңында негізгі екпіннің болатынын тиянақтайды. Түркі тіл білімінде сөздік екпін проблемасы арнайы диссертациялық еңбектердің нысаны болған және мұндай еңбектерді саны баршылық. Зерттеулер кезінде қазақ, өзбек, түркмен, әзірбайжан т.б. түркі тілдерінде кездеседі.
Енді түркі тілдеріндегі сөздік екпінге арналған ғылыми зерттеулердің нәтижесіне арнайы шолу жасап көрейік. Өзбек тіліндегі сөздік екпінді арнайы зерттеген А.Махмудов «…главное ударение в двусложных и многосложных словах, как правило, падает на последний слог. В многосложных словах, состоящих из четырех и более слогов, имеется второстепенное ударение, приходящееся на первый слог слова» [7] деген пікір қосады. Онда сөздік екпіннің айтылым ыңғайына қарай әртүрлі сатылы болып келетінін дәлелдеген ғалымдар бар. Ал әзірбайжан тілінің маманы Ш.Абдуллаев «...ударение в азербайджанском языке силовое и тоническое, разноместное. В словах, имеющих более трех слогов, главное ударение падает на последний или же на передпоследний слог, в то время на первых слогах такого многосложного слова возникает второстепенное ударение. Главное ударение несет смыслоразличительную функцию и используются для различения как частей речи, так и отдельных слов» [9,17-18] деп, сөздік екпіннің табиғатына, сөздегі орны мен қызметіне бірден тоқталып өтеді. Бұл жердегі назар аударарлық жайт автор сөздік екпіннің орнын тұрақсыз деп қорытындылайды. Ғалым осыған дейінгі сөздік екпін сөздің соңына түседі деген орнықты пікірге қарсы келіп отыр. Олай болса түркі тілдерінде сөздік екпіннің орны тұрақты ма, тұрақты емес пе деген пікірталас зерттеушілердің алдынан қайта шығып отыр.
Бір түркі тілінің өзіндегі сөздік екпін жайы біріне-бірі қайшы келіп жататын тұстар бар. Мысалы, қырғыз тілінің дыбыстық жүйесі бойынша еңбек жазған Т.Ахматов: «в киргизском языке словесное ударение является одноместным, падает на последний слог. Главное ударение в слове несет на себе семантико-морфологическую функцию, служа средством морфологической дифференциации слов, например, етиңиз «ваше мясо» и етиңиз «делайте» [10,33-38] деп тоқтаса, сол тіл өзіндік пайымдаулары бар А.Орусбаевтың пікірінше «…в киргизском языке ударение является динамическим, количественным и тоновым. При этом преобладают интенсивность и долгота» дей келіп «ударение является динамико-количественым» деген тұжырым жасайды және де «киргизскому ударению присуща словоорганизующая функция, т.е. вместе с сингармонизмом сцепляет сегментные единицы в слова» [11,107-109] дейді. Сонда қырғыз тіліндегі сөздік екпіннің бар екендігіне қатысты ғана пікірлер бір байламға тоқталса, ал оның өзге сөздегі орны, табиғаты, қызметі жайлы ортақтықты байқау қиынға соғады.
Баяндалған зерттеушілердің барлығы қазақ және түркі тілдерінде сөздік екпіннің болуы міндетті деген пікірді айтады. Осы тоқтамды бүкіл түркітанушылар қостайды. Дегенмен қазақ тіліндегі грамматикалық бірліктердің ішінде екпін түспейтіндері де болады деген ойлар да кездеседі: «Из словоизменительных аффиксов не может принимать на себя ударение лишь аффикс сказумости» [4,421] деп жіктік жалғау секілді екпін түспейтін бірліктердің санын біршама деп көрсетеді, қазақ грамматикаларында екпін түспейтін бірліктердің тізімдемесі де беріліп отырады. Мысалы: «Қазақ тіліндегі қосымшалардың екпінді өз бойына тартып тұрады. Көптік, септік, тәуелдік жалғаулары екпінді болып келеді де, жіктік жалғау екпінсіз болып келеді... біздің оқушымыз (мұндағы мыз – тәуелдік жалғау), біз оқушымыз (мұндағы мыз – жіктік жалғау)» [9,387] деп жаңашыл ой айтады. Сонда ғалымның пікірлерін қорытындыласақ: қазақ тілінде екпіннің бар екені дауысыз, екпін сөздің соңғы буынына түседі, сөз бен сөздің шекарасын ажыратады, екпін қарқынды болады, негізгі және көмекші екпін болуы мүмкін, кейбір морфологиялық бірліктерге екпін түспейтін болып шығады.
Қазақ тіл білімінде екпінге қатысты соны пікірді С.Омарбековтің зерттеулерінен байқауға болады. Ғалым «жалпы дербес мағыналы сөз атаулы екпінсіз айтылмайды. Бірақ бір буынды сөздің екпіні – сөйлеу процесінде анықталатын нәрсе. Мұндай сөздің екпіні туралы әңгіме қозғау үшін ол сөздің өзге сөздердің қоршауында тұруы – шарт» [12,168] деп жаңа зерттеулерге жол сілтейді. Сөйлеу деп отырғанымыз пікір алысу қызметімен тікелей байланысты екенін жоққа шығармайды.
Сөйтіп қазақ фонетикасындағы сингармонизм теориясының дамуы арқасында екпіннің бар-жоғы жайлы күмән пайда болды. Проф.Ә.Жүнісбек сөздік екпін жайлы пікірдің қалай қалыптасқаны жайында «Как уже было сказано, на протяжении десятков лет описание тюркской словесной просодии ничем не отличается от описания индоевропейского словесного ударения… Причиной этого, надо полагать, послужили исследования по тюркской фонетике, в которых ведущей, более того единственной просодической единицей считается словесное ударение» [13,12] деп жазып, екпінге арналған бөлімін «Словесное ударение – ложная находка» деп бастайды. Сөзін сабақтай түскен ғалым «Таким образом, мы пришли к выводу о том, что словесного уда­рения как словесной просодии в тюркских языках (ив казахском языке) нет. Коммуникативно-интонационную оформленность и логико-экспрессивную выделенность того или иного слога в составе того или иного, якобы изолированного, многосложного слова в составе «скрытого» текста нельзя считать словесным ударением [13,28-29] деп нақтылайды. Сөздік екпіннің жоқтығын дәлелдеу ұзақ зерттелімнің нәтижесі ретінде келіп шыққанын көрсетеді. Түркі тілдеріндегі сөздік екпіннің орнығу себебін «европаөзімшіл» (еврпацентризм) дәстүрінен деп табады: «Тюркологическая фонетическая традиция, насквозь проникнутая «европоцентризмом», настолько сильна, что даже убеждённые сторонники сингармонизма не могут преодолеть «акцентный барьер», непременно стремятся найти (и, увы, находят) в звуковой системе тюркских языков место как ударению, так и сингармонизму. В результате появились различные модификации теории сосуществования сингармонизма и ударения в тюркских языках. При этом ударению отводится главенствующая роль, а сингармонизму – дополнительная. Однако, как дело доходит до анализа фонетической реализации «приоритетного» ударения, возникают сомнения и неудовлетворённость самых преданных его сторонников. Поэтому в тюркологической литературе в ходу такие сочетания, как «слабое ударение», «неинтенсивное ударение» и т.п. …Действительно, в языке либо есть словесное ударение, либо его нет. Если его нет, то незачем рассуждать о его «слабости». Если оно есть, то его нельзя не обнаружить, не услышать, ибо оно не может быть слабым» [13] деп біржолата тиянақтайды. Сонымен түркі тіл білімінде орныққан дәстүрлі пікірге қарсы пікір орныға бастайды.
Проф.Ә.Жүнісбектің соңғы жылдарғы зерттеулерінің нәтижесі есебінде шыққан «Қазақ фонетикасында» атты еңбекте сөздік екпін арнайы түрде қозғалмайды. Еңбектің дәстүрлі қазақ грамматикаларының фонетика бөлімінен басты айырмашылығы сонда қазақ фонетикасының құрамына сөздік екпін енбеген, оны сингармонизм атқаратын бір заңдылығына мол орын берілген.
Проф.Ә.Жүнісбектің сөздік екпін жайлы пікірі өзге фонетистер тарапынан қолдау таба бастады. Мысалы, көп жылдар ұстаздық етіп келе жатқан проф.Б.Қалиев пен С.Мырзабеков өздерінің сабақ беру тәжірибесінен туындаған ой-тұжырымдары үндесіп жатыр. Проф.Б.Қалиұлы өзінің соңғы еңбегінде: «…қазақ тілінде екпін жоқ… «Қазақ тілінде екпін бар, ол сөздің соңғы буынына түседі» деу орыс тілінің заңына еліктеу ғана» [14,17] десе, проф.С.Мырзабеков «Сөз ішінде бір буынның күшті айтылуын екпін дейміз. Қазақ тілінде екпін сөздің соңғы буынына түседі» Бұл – бізге мектептен таныс қағида. Мұның өзі бүкіл түркологияда бір ғасырдан астам уақыттан бері айтылып, қайталанып келеді... Деуін десек те? Осы құбылыстың шын сырын түсіне алмай жүрдік» [15,122] деп, сөздік екпін жайлы мәселені зерттеуді арнайы қолға алады. Соның нәтижесінде «Ә.Жүнісбек ...үндіевропа тілдеріне тән осы құбылыстың орынсыз тықпаланып келгенін, түркі тілдерінде сөз екпінінің жоқ екенін... дәлелдеді. Бұл әрине, түркологтар тарапынан бірден қолдау таба қойған жоқ. Тіптен мектеп табалдырығынан екпін бар деп үйренген қатардағы оқушыға да бұлай ойлау оңай болмасы аян. Алайда бұл – шындық. Олай болса, жоқты жоқтап, дәлелдеп жатудың қажеті жоқ» [15,123] деп біржолата қорытынды жасайды. Ғалым сөзін жалғай түсіп «Сөз екпіні бар дейтін болсақ‚ ол белгі сөздің өз бойынан табылса керек. Оны өзге сөздермен қосып айту арқылы дәлелдер болсақ‚ бұл сөз екпіні болмай‚ тіркес (синтагма‚ фраза) екпіні болып шығады. Бізше‚ бұл – бунақ екпіні» [14,178] деген ойды айтады.
Бұл – сөздің сөйлеу тізбегіндегі өзге сөздерден бөліп көрсетудің өлшемі есепті. Бір сөзде бір ғана екпін болатындықтан, екпіннің санына қарай сөйлеу тізбегін, сөздердің санының қаншалықты екенін білуге болады. Тыңдаушы өзі естіп отырған ұзын-сонар әңгіменің ішінде бірінен соң бірі іле-шала айтылып жатқан сөздердің бір-бірінен жігін ажырата алмаса, не естіп, не қойғанын біле де, түсіне де қоймас еді. Мұндайда тыңдаушыға қолғабыс тигізіп, көмекке келетін нәрсе – екпін. Тек осы екпін арқылы ғана тыңдаушы сөйлеу тізбегіндегі бірімен-бірі мидай араласын жатқан сөздердің бір-бірінен ара жігін айыра, саралай алады.
Олай болса екпінді суперсегментті бірлік ретінде қарастырып, оны мағына ажыратушы емес, тұтас сөйлеу ағымын тұтастырып, лебіз қалыптастыратын бірлік ретінде қарастыратын уақыт жетті.
Сонымен екпіннің орны оның қызметіне байланысты буын деңгейінде жылжып отыратынын, ал оны айқындау сөйлемнің коммуникативтік және экспрессивтік мақсатымен сабақтасып жататынын айтқанымыз дұрыс.
1. Кенесбаев С. К вопросу о закономерностях акцентуации в казахском языке. //Вопросы казахской филологии. –Алма-Ата: Наука, 1964. 11-22 с.
2. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы: Ғылым, 1966.
-360 б.
3. Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. Фонетика. -Москва: Наука, 1984. -484 с.
4. Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімінің мәселелері. –Алматы: Арыс, 2008. -602 б.
5. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия. –Казань, 1846. – 115 с.
6. Кононов А.Н. Грамматика турецкого языка. – М.: Восточная литература, 1956. – 565 с.
7. Махмудов М. Словесное ударение в узбекском языке. –Ташкент: ФАН, 1960.
8. Севортян Э.В. Фонетика турецкого литературного языка. –Москва: Наука, 1955.
9. Абдуллаев Ш. Место и природа словесного ударения в современном азербайджанском языке (в свете экспериментальных данных). Автреф.дис…канд.филол.наук. –Баку, 1964. 17-18 c.
10. Ахматов Т. Звуковой строй современного киргизского литературного языка (экспериментально-фонетическое исследование). Фрунзе, 1970. – с.
11. Орусбаев А. Киргизская акцентуация. Фрунзе, 1974.
12. Омарбекұлы С. Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. –312 бет.
13. Жунисбек А. Введение в сингармоническую фонетику. –Алматы: Арыс, 2009. -109 с.
14. Қалиев Б. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы: ҚХҚжӘТУ, 2006. -141 б.
15. Мырзабеков С. Қазақ тілі фонетикасы. –Алматы: Қазақ университеті, 2004. -247 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет