«Е»-ні шығарғанда, қазақ-қырғыз тілінде сегіз түрлі айтылатын төрт дауысты дыбыс бар. Бұлардың жуан түрі мыналар: а (алым, мас), о (ор, тор), ұ (ұр, тұр), ы (ылғал, сыз). Жіңішке түрлері мыналар: ә (әлім, мәс), ө (өр, төр), ү (үр, түр), і (ілмек, із).
Дауыстылардан басқа қазақ-қырғыз тілінде он бес дауыссыз дыбыс бар, екі жарты дауысты дыбыс бар (у, й). Сонымен қазақ-қырғыз тілінде бес дауысты (бірі жіңішке, төртеуі қос), он бес дауыссыз, екі жарты дауысты дыбыс бар. Дауыссыз, жарты дауысты дыбыстардың бәрі де қос, қазақ-қырғыз дыбыстарын таңбалау үшін кішкене өзгертіп арабтың хәріфтерін алдық.
Дыбыстың жіңішке түрін белгілеу үшін жуан белгілеген таңбаның алдына дәйекші қойылатын болды. Қазақ-қырғыздың сөзіндегі дыбыстар ұйқасып, үндесіп айтылатын болғандықтан, сөздегі әр хәріфтердің алдына дәйекші қоюдың керегі жоқ болды, бүтін сөздің алдына жалғыз дәйекші қойылса да жететін болды. Қолданған дәйекшіміз сингармонизм заңынан туып отыр. Дәйекшінің мағынасы осы.

Сингармонизм заңы тіліміздегі дыбыстардың таңбаларын екі еседей азайтып жазуға көп жеңілдік беріп отыр. Дұрысында «қ» мен «ғ» дыбысының жіңішке түрін дәйекші қойып таңбалау керек еді. «К» мен «г» хәріфтерін тастау керек еді.
«Қ» мен «ғ»-ның жіңішке түрін белгілеуге алған «к» мен «г» бір жағынан хәріфтердің санын көбейтсе де, екінші жағынан дәйекшіні азайтуға себеп болып отыр. Ішінде «к, г, е» таңбаларымен белгіленген дыбыстары бар сөз сингармонизм заңы бойынша әрқашанда жіңішке айтылмақ. Мұндай сөздердің алдына дәйекші қоюдың керегі жоқ. Сондықтан қолданған «к» мен «г» хәріфтерін қолдана беру керек.