24. Түбір мен негіздің айырмашылығы неде?
Түбір (корень) деп - сөздің ешбір жұрнақсыз-ақ, заттық (кейде лексикалық) мағына бере алатын, ары қарай бөлшектеуге келмейтін түп бөлшегін айтамыз. Мысалы, письмо, писать, выписка, опись сөздеріндегі пис- морфемасы немесе столик, столовая, настольный, сөздеріндегі стол - морфемасы түбір болып саналады.
Негіз (основа) деп - сөздің ешбір жалғаусыз-ақ (жұрнақсыз емес) өз алдына тұрып, лексикалық мағына бере алатын, өзгермейтін, түрленбейтін негізгі бөлшегін айтамыз. Негіз әдетте түбірден де, түбір мен жұрнақтың қосындысынан да жасалына береді. Яғни, түбір сөз де, туынды сөз де негіз бола алады. Осыған орай олар түбір негіз, туынды негіз деп те аталынады. Мысалы: дом, холод, один, завтра, комнат+а, бел+ый, смотре+ть - бұлар түбір негіздер; надомн+ый, комнатушк+а, холодноват+ый, побелеев+ший посмотре+ть - бұлар туынды негіздер. Болмаса қазақ тіліндегі егіншіліктің деген сөзді талдап көрелік. Мұның түбірі (түбір негізі) - ек, бірінші туынды негізі - егін, екінші туынды негізі - егінші, үшіншісі туынды негізі - егіншілік; ал -тің - аффикстік (көмекші) морфема.
Түбір әртүрлі сөз таптарына ортақ морфема ретінде қызмет ете алады. Мысалы, бас түбірі бастық, басшы, басшылық, баспа, баспалдақ деген зат есімдердің де, басты, бассыз деген сын есімдердің де, баста, басқар, бастат деген етістіктердің де түбірі болып саналады.
Негіз белгілі бір сөз табына жататын әртүрлі формаларға ортақ морфема ретінде қызмет етеді. Мысалы, басқар+ып, басқар+ғалы, басқар+ған, басқар+ар, басқар+атын дегендердің бәрі етістіктер. Бұлардың ортақ негізі (основа) - басқар морфемасы. Дәл осылар сияқты бастық+тар, бастық+қа, бастық+тан, бастығ+ың деген зат есім формаларының ортақ негізі - бастық сөзі.
Достарыңызбен бөлісу: |