Тіл білімі лингвистика (грек linqua - тіл), тіл және онын даму заңдары туралы ғылым. Тіл білімінің зерттеу нысанасы - тіл. Тіл - адамның табиғи тілі. Тіл - таңбалар жүйесі. Тіл - қоғамның ең маңызды байланыс құралы. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы және грамматикалық құрылысы болады. Осыдан келіп тіл білімінің салалары шығады. Тілдің осы аталған әртүрлі жақтары тіл білімінің тиісті салаларында қарастырылады. Мысалы, тілдің дыбыс жүйесі тіл білімінің фонетика саласында, сөздік құрамы лексикология саласында сөз етіледі. Тіл білімінің осы аталған салаларының әрқайсысы өз ішінде тағы да бірнеше тармақтарға бөлінеді. Мысалы, фонетика саласы 1) сипаттама фонетика, 2) салыстырмалы-тарихи фонетика, 3) эксперименттік фонетика және тағы басқа болып сараланады. Лексикология, грамматика да дәл осындай. Тіл және оның жоғарыда аталған әртүрлі салалары үнемі даму үстінде болады. Ол даму қалай болса солай емес, тілдің ішкі даму зандары бойынша дамиды.