216-бап. Жол берілетін төгінділер нормативтері
1. Жол берілетін төгінді нормативі – экологиялық рұқсатта белгіленетін және уақыт бірлігінде төгуге барынша жол берілетін (рұқсат етілетін) сарқынды сулардағы ластағыш заттың не ластағыш заттар қоспасының көлемі (массасы) ретінде айқындалатын экологиялық норматив.
2. Жол берілетін төгінділер нормативтерінің жобасын әзірлеу тазартылған сарқынды суларды су объектісіне немесе жергілікті жер бедеріне төгуді жүзеге асыратын объектілер үшін міндетті болып табылады.
Жол берілетін төгінділер нормативтеріне дейін тазартылмаған сарқынды суларды су объектісіне немесе жергілікті жер бедеріне төгуге тыйым салынады.
3. Жол берілетін төгінді нормативі әрбір ластағыш зат үшін сарқынды сулар шығарылған сайын белгіленуге тиіс.
4. Жол берілетін төгінді нормативінің шамасы судағы ластағыш заттардың базалық антропогендік фондық концентрациясы ескеріле отырып, бақылау тұстамасындағы су сапасының тиісті экологиялық нормативтерінің сақталуы қамтамасыз етілетін деңгейлерде айқындалады.
Судағы ластағыш заттардың базалық антропогендік фондық концентрациясы деп жол берілетін төгінді нормативтерін айқындау кезінде жүзеге асырылатын басқа көздердің төгінділеріне байланысты қолайсыз жағдайларда су объектісінің нақты бақылау тұстамасындағы ластағыш зат концентрациясының мәні түсініледі.
Жол берілетін төгінді нормативтерін белгілеу кезінде бақылау тұстамасы деп осы Кодекске сәйкес айқындалатын, су сапасының экологиялық нормативтерінің сақталуына мониторинг және бақылау жүзеге асырылатын жерүсті су объектісінің учаскесін түсінген жөн.
5. Жерасты сулары ауызсу, бальнеологиялық, техникалық мұқтаждықтар, ирригация және мал шаруашылығы мұқтаждықтары үшін пайдаланылмайтын оқшауланған суландырылмаған жерасты белдеулеріне және жерасты су тұтқыш белдеулеріне тазартылған сарқынды суларды айдау жағдайларын қоспағанда, сарқынды суларды жер қойнауына төгуге тыйым салынады.
Достарыңызбен бөлісу: |