Эссе
Әлемде баланы тәрбиелеуден асқан игі іс жоқ...
Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу.
Еңбек еткен бала ғана ең үздік азамат болып қалыптасады.
Әзілхан Нұршайықов.
Тәрбие – адам баласының дүние есігін ашпас бұрын ананың сүті арқылы берілер баланың басты бағдары десек те, әр бала үшін басты ұстазы оның ата-анасы екені сөзсіз. Ұйыған отбасының берер тәрбиесін іліп әкетер қазіргі бала жағдайы ең өзекті мәселеге айналуда.
Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады деп
А. Байтұрсынұлы айтқандай қазіргі жас ата-аналарымыз тәрбиеге көңіл бөле бермейді. Себебі баланың әлеуметтік жағдайын түзеп отырмыз, бар жағдайы жасалған, не керектің бәрі бар, ештемеге мұқтаж емес, деп ойлайды. Міне басты қателік те осында. Әрине, барлық ата-ана демеймін, бірақ баршылық.
Ата-аналар баланы мектепте тәрбиеленеді, біз керек-жарағын алып берсек, өскенде өзі ары қарай дамып, жетіледі, қазір дамыған заман деп те ойлаулары мүмкін. Бүгінгі тәрбиеге көңіл бөлмегендіктен қазіргі балалар білімге емес, техникамен өсіп жатқаны да сондықтан болар.
Ал ұстаз ше, ол не істейді?
Әрине ұстаз да балаға жауапты. Бала тәрбиесін, білімін шыңдау жолында ұстаз барын салады. Бірақ бала ұстаз алдында сегіз-ақ сағат емес, пе? Қалған уақыты, күні-түні ата-анасының қасында солар не істейді, не айтады немесе солардан нені көреді – бала соны жасамай ма? Қалай ойлайсыздар?
Жоғарыда айтып көрсеткендей, «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбек еткен бала ғана ең үздік азамат болып қалыптасады»- демеді ме Нұршайықов ағамыз. Олай болса үштік одақ біріге жұмыс жасайық дегім келеді.
Бала тәрбиесі мен біліміне жұмсаған ардақты жан, аяулы ана – ол ұстаз. Мен бұл саланы жүрегімнің қалауы арқылы таптым десем артық айтқандық болмас. Әр сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап Абай атам айтқандай екі түрлі мінезбен туылады.
Біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен дейді. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дейді. Сол секілді әр ата-ана өз баласының білім деңгейін ояту мақсатында балаларын балабақшаға, мектепке білім алуға береді.
Тәрбиеші, ұстаз, яғни біз, психолог болып қалғанбыз. Иә, қаншама балаларды білімге жетелер жанбыз, әр сәбидің психологиясынан хабардармыз. Кім қалай оқиды, кімнің сабаққа құштарлығы басымырақ, кім сабаққа қызықпайды. Бұл белгілер ұстаздарға етене таныс жағдай.
Мен өзім мектепте ұстазбын әрі сынып жетекші де болып жұмыс жасаймын. Маған әр баланың орны ерекше. Балалардың сыңғыр күлкісі мен балдай тәтті сөздері жүрегіме жылулық береді. Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетіліп, дамыған, парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – біздің міндетіміз, осы міндетті құрметті ата-аналармен бірлесіп атқарсақ. Бала білімі де тәрбиесі де дұрысталары сөзсіз, мен оған сенемін.
Мектебіміздің техникалық базасы жақсы дамыған, әр кабинетте интерактивті тақталар, білікті ұстаздар жеткілікті.
Балаларға үйрету арқылы, өзім де көп нәрсені үйренемін. Білім беріп қана қоймай, әр баланың психологиясына да терең мән беруге тырысамын. Әр шәкіртті алға тарту арқылы олардың зейіндерінің де ашылуына көп септігімді тигізіп келемін. Сол үшін де айтар ұсынысым, ұстаз, сынып жетекші, ата-ана бірлесе жұмыс жасайық!
Достарыңызбен бөлісу: |