Әлеуметтік педагогика саласының пайда болуы мен қалыптасуына тарихи шолу
1.1.2 Әлеуметтік педагогика пәнінің мақсат-міндеттері және негізгі қызметтеріне сипаттама
1.1.3 Әлеуметтiк-педагогикалық теория мен практикасының нысандары
«Әлеуметтiк педагогика» ұғымын алғаш рет XIX ғасырда немiс педагогы А. Дистервег енгізген. Бірақ араға көп уақыт салып қана әлеуметтік педагогиканың екі ғылыми-практикалық бағыты айқындалды. Оның бірі П. Наторп есімімен байланысты айқындалып, халықтың мәдени деңгейін көтеру мақсатында қоғамның тәрбиелік күштерін интеграциялау мәселесіне арналды. Екінші бағыт қараусыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, оларды қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Бұл бағыт Г. Нол, Г. Боймер есімдерімен байланысты болды.
Әлеуметтiк педагогика, бұл қоршаған ортаның тәрбиеге әсерi жөнiндегi ғылым. Әлеуметтiк педагогика мәселелерiн зерттеуде танымал Ресей ғалымы А. В. Мудрик әлеуметтiк педагогиканы адамның бүкiл өмiрi барысында жүзеге асырылатын әлеуметтiк тәрбиесiн қарастыратын ғылым ретiнде қабылдауға болады деп айтады.
Көптеген әлеуметтік-педагогикалық еңбектерде әлеуметтік педагогиканың дербес ғылым ретінде қалыптасуының бастауларына ертедегі дін мен қайырымдылық шараларының үлкен ықпалының болғандығы айтылады. Діни мекемелердің қай-қайсысы болмасын қашан да жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттап келген. Кез келген діни еңбектер мазмұнында адамгершілік, адамға мейірімділік көрсету, жақындарына қамқор болу мәселелері ең маңызды орында қарастырылады.
Тарихи деректерге жүгінсек, тастанды балаларға арналған ең алғашқы тәрбие мекемесі IV ғасырда Кесария (Малайзия) қаласында орналасқан шіркеудің жанынан епископ Василия Кесарийскийдің бастамасымен ашылған. Мұндай мекемелер кейіннен 787 жылы Миландағы соборлар жанынан ашылды және ұзақ жылдар бойы Еуропадағы жалғыз балаларды қамқорлыққа алу мекемесі болып келді. Ал XIV ғасырға қарай олардың саны 30-ға жетті. Бұл мекемелерде тек балаларға қамқорлық жасау ғана емес, сонымен қатар профилактикалық жұмыстар да жүргізілді, атап айтқанда, ата-аналарға көмек көрсету, баласынан бас тартқан жағдайда оларды өзге отбасыларына асырап алуға беруді ескерту, олардың тәрбиесіне ұдайы бақылау жасап отыру секілді жұмыстар атқарылды.
Ресейде де қараусыз қалғандарға қолдау көрсету жолында шіркеулер маңызды рөл атқарып келген. Көне дәуірлерден монастырлар мен храмдар жанынан мұқтаждық көрген адамдарға ауруханалар мен қамқорлыққа алу мекемелері қызмет етіп келген. Ресейдегі мейірімділік жасау қызметтері мен мекемелерінің құрылу тарихы әлеуметтік педагогиканың дамуына ықпал етті. Ғасырлар бойы қайырымдылық пен мейірімділік көрсету шаралары қоғамдық сипат алып, тек қана руханилық пен дворяндық сипаттан шығып, өзге де таптарды қамтыды. Екатерина-2 тұсында қайырымдылық істер мемлекеттік сала ретінде қалыптасты, дәстүр бойынша императорлардың жұбайлары қамқорлығындағы ведомстволар (кейіннен министрліктер) құрылды. Бірінші «Қайырымдылық министрі» Павел І-дің жұбайы Мария Федоровна болды. Оның қамқорлығымен жетім балалар үйлері ашылып, онда музыка мұғалімдері мен тәрбиешілер даярлау кластары жұмыс істеді.
Бертін келе, қазақ қоғамында да адамды қоғамына лайықты қалыптастыру мен олардың тәрбиесіне қамқорлық жасау, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру мәселелері басты назарға алынып, балалар мен ересектердің болашағына алаңдаушылық білдіру, сондықтан көпшілік болып қол ұшын беру, көмек қолын созу секілді дәстүрлер кеңінен насихатталған. Дінді тәрбие құралы ретінде берік ұстанған ата-бабаларымыз, жалпы түркі халқы қайырымдылық істерде ислам талаптары мен діни шарттарын ескеріп отырған. Осы тұста Хазiрет Али былай деген екен: «Балаларыңды өздерiң болмайтын уақыт үшiн тәрбиелеңдер, өйткенi олар сендер болмайтын уақыт үшiн жаратылған». Осылайша ұрпақтарын олардың заманы үшін тәрбиелеп, қоғамдық сұраныстарды ескеріп отырған. Мұндай көзқарастар қазақ халқының зиялылары көзқарастарында да жалғасын тауып келді. Атап айтқанда, зиялы тұлғалардың бірі М. Жұмабаевтың педагогикалық еңбегiнде ата-аналарға бала тәрбиесiнде былай кеңес береді: «Ата-аналар балаларын дәл өзiндей етiп тәрбиелемеуi керек, одан да мықты етiп тәрбиелеуi тиiс, себебi олардың өмiр сүретiн заманы ата-аналардың заманына қарағанда әлдеқайда талапшаң болмақ», - деп айтқан болатын. Мұның өзi баланы әлеуметтендіру идеясының халқымыз болмысында арнайы тәлімдік ғылыми теориялар мен мекемелер қызметнің жүйесінсіз-ақ, от басы - ошақ қасында жүріп-ақ іске асырылғандығынан дерек береді. Осылайша, қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіндегі талаптары да әлеуметтендіру міндеттерімен байланыстылығын дәлелдей түседі.
Сондай-ақ, ислам талаптары адамдарға жамағат болып, қоғам болып өмiр сүрудi және сол қоғамда ортақ талаптарды орындау мен соған мойынсұнуды мiндет етедi. Нақтырақ айтар болсақ, «Кiмде-кiм жамағаттан шығып, яғни көпшiлiктен бөлiнiп кетiп, содан кейiн өлер болса, онда ол адам надан өлiммен өлген болады», - деген. Бұл сөйлем қатары жастарды қоғамға бейiмделуге шақырады, яғни ата-аналардан балаларын тәрбиелегенде қоғам талаптарына бейiмдеу, әлеуметтендiру процесiнiң орындалуын талап етiп отыр. Өйткенi, адам тек адамдар арасында ғана өзiнiң адамдық сипатын қадағалай алады және жетiлдiредi. Ислам шарттарында жастарды үлкендi сыйлауға тәрбиелеу, бойында қайырымдылық пен iзгiлiктiң дәнiн себу арқылы жағымды қарым-қатынас жасау мәселелерi былайша қарастырылады: «Егер сiздер бiр жаманшылықты көрсеңіздер, қолыңызбен кедергi болып өзгертіңіз. Егер қолыңызбен өзгертуге күшiңіз жетпесе, онда тiлiңізбен өзгертіңіз. Оған да күшiңіз жетпесе, онда жүрегiңізбен кедергi болып өзгертіңіз», - деген [Муслим, Иман 78]. Бұл өсиеттен діни насихаттар жастарды жамандыққа төзбеуге, оған бейтарап қарамауға, соның нәтижесінде iзгiлiкке, адамгершiлiк пен қайырымдылыққа, кiшiпейiлдiлiкке шақырғандығы айқын көрiнедi. Міне, осылайша қандай халықтың болсын тарихи қалыптасуына шолу жасап көретін болсақ, алғашқы әлеуметтендіру шаралары діни көзқарастары негізінде қалыптасып, арнайы мекемелерде іске асырылып отырған.
Кейіннен әлеуметтік педагогиканың идеялары мен бұл саладағы қызметкерлердің жұмыстары С. Т. Шацкий, В. Н. Шульгин, М. В. Крупенин, А. Г. Калашникова, А. П. Пинкевич т.б. тарапынан қарастырылған. С. Т. Шацкий мектептің әлеуметтік рөлін негіздеп, кіші ортада біртұтас тәрбие процесін ұйымдастыруды теориялық тұрғыдан айқындаған. 30-жылдардың аяғындағы мектептердің тек оқу-тәрбие процесін жақсартуға ғана басты назар аударуы әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми зерттеулерді кейінге ысырып жіберді.
Әлеуметтік педагогика мәселелерінің ғылыми тұрғыдан зерттелуінің жандануы 1950-1960 жылдардан Е. Молленхауэр есімімен оның әлеуметтік педагогиканың пәні жайлы пікірталасты ұйымдастыруымен байланысты дамыды. Е. Молленхауэрдің әлеуметтік педагогика мәселелерін әлеуметтік қорғаудың теориясы мен әдістемесіне ғана теңестіруі Х. Мискестің әлеуметтік педагогиканы ғылыми пән ретінде қарастыру жайлы идеясының ілгері дамуына кедергі болды.
Ресейде әлеуметтік педагогикаға қызығушылық 1990 жылдан бастап қалыптаса бастады. Бұл п.ғ.д., профессор В. А. Сластениннің ұжымдық ғылыми-ізденушілік қызметінің арқасында дамыды. Осы ұжым ең алғашқылардің бірі болып әлеуметтік педагогтар институтын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етудің біліктілік, этикалық стандарттарын негіздейтін құжаттарды дайындады. Мұндай құжаттар шетелдік және ресейлік ғалымдардың адамтану жайлы идеяларын оқып үйрену негізінде жасалды. Осы орында ф.ғ.д., профессор Л. В. Филиппованың еңбегін ерекше атап өту қажет. Ол әлеуметтік педагогика мәртебесін қоғамның даму кезеңіндегі қажеттіліктерімен сәйкестендіруге көп әрекет еткен. Л. В. Филиппова әлеуметтік педагогиканың тұжырымдамалық негіздерін айқындау мен ұғымдық аппаратын нақтылауға, кейбір құрылымдық компоненттердің мазмұнын ашуда да көп еңбек еткен.
Әлеуметтік педагогиканың бастаулары халықтық педагогикада жатыр. Тұлғаны әлеуметтендіру идеялары ұлы ғұламалардың педагогикалық көзқарастарында қарастырылған. Атап айтқанда, әл-Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, Қ. А. Ясауи және т.б. ғұламалар еңбектерінде адам тәрбиесін жүзеге асыру оның әлеуметтік ортасын қалыптастырумен байланысты екендігі баса айтылған.
Әлеуметтік педагогика мәселелерін көптеген классик педагогтар Я. А. Коменский, Ж. Ж. Руссо, И. Г. Песталоцци, И. Гербарт, А. Дистервег, К. Д. Ушинский және т.б. қарастырған. Олардың педагогикалық көзқарастарының ықпалымен адам тәрбиесінің қоғамдық-әлеуметтік ортадағы рөлі, тәрбие нәтижесінің қайырымдылықпен, мейірімділікпен айқындалатындығы туралы ой-пікірлер тұжырымдалады.
Ресей педагогтары тәрбиедегі маңызды міндеттердің бірі жаппай білім алуға бұқара халықтың қол жетімділігі болуын ұсынған еді. Өйткені адам өмір сүретін ортада қоршаған әлеуметтік жағдайлар міндетті түрде ықпал ететіндігін түсінді. Олардың дүниетанымы, қарым-қатынасында көрініс беретін мінез-құлқы мен іс-әрекеті, жалпы рухани деңгейінің маңыздылығын ұқты. Ең алғаш тәрбиенің халықтық сипат алуын ұсынған Ресей педагогы К. Д. Ушинский халықтық мектептердің құрылуын насихаттады. Әйтсе де, ұлы педагог К. Д. Ушинскийдің бұл идеясы XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында ғана жүзеге асты, сөйтіп, ересектерге арналған қайырымдылық істерді жүзеге асыратын оқу орындарының тізбегі қалыптасты. Оған зайырлы және шіркеу-приход мектептері, бастауыш училищелер, алғашқы сауаты бар адамдар үшін қайталау мектептері және т.б. енді.
Әлеуметтік педагогикада маңызды орынды оның әрбір компоненттерінде және функцияларының әрбір деңгейлерінде көрінетін басқару процестері иеленеді,(ғылыми- зерттеушілік, ғылыми –қайта даярлаушылық және ғылыми-білім берушілік).
Әлеуметтік педагогиканы басқаруға жалпы алғанда мынадай проблемаларды жатқызуға болады: әлеуметтік педагогиканың адамның қоршаған әлеуметтік ортамен өзара ықпалының үйлесімділігін қамтамасыз ететін ғылыми-зерттеушілік, ғылыми–қайта жасаушылық және ғылыми-білім берушілі кұрылымы мен штаттары; бұл құрылымдардың қызметін реттеу мен ұйымдастыру(мемлекетті, мемлекеттік емес және коммерциялық типтегі); мемлекеттегі ғылыми және білім беру мектептерінің, әлеуметтік жұмыстың практикалық орталықтарының қызметін ұйымдастыру, жүргізу және дамыту, сондай ақ ынталандыру (Республикалық, аймақтық және жергілікті деңгейде); әлеуметтік педагогикалық саладағы ғылыми, практикалық және ғылыми педагогикалық кадрлар қызметін ұйымдастыру мен ынталандыру (жаратылыстану, әртүрлі мақсаттағы әлеуметтік жұмысшы кадрлар); ғылыми зерттеушілік, ғылыми қайта жасаушылық және ғылыми педагогикалық қызметтің негізгі бағыттарын, жолдары мен приоритетті проблемаларының дамуын болжау(әлеуметтік педагогика мен әлеуметтік жұмыстың әртүрлі құрылымдарында); мемлекет ішіндегі және басқа да мемлекеттер арасында ақпараттармен қамтамасыз ету және т.б.
Сонымен, әлеуметтік педагогика адамдар қоғамындағы өмір мен әрекеттің күрделі функционалдық құбылысын арастырады. Практика ретінде ол субьекттің әлеуметтік ортадағы ғылыми қайта қалыптастырушылық әрекетін бейнелейді және әлеуметтік педагогикалық жұмысты, оның педагогикалық компоненттерін қарастырады. Ғылым ретінде жалпы педагогика ғылымының оның бір ғана құрылымдық бөлігімен шектелмейтін әлеуметтік ортадағы қарым-қатынасын зерттейтін бөлігі болып табылады; сонымен бірге, адамның әлеуметтік ортадағы қарым қатынас педагогикасы ретінде субьектінің ғылыми танымдық әрекетін көрсетеді. Білім беру кешені ретінде ол әртүрлі деңгейдегі білім беру мекемелерінің әртүрлі типтеріндегі әлеуметтік педагогтардың ғылыми білім берушілік қызметін айқындайды(кәсібилікке дейінгі, кәсіби, кәсібиліктен кейінгі). Құрылымының жиынтығы тұрғысында әлеуметтік ортаның педагогикасын түсіндіреді және адам мен оның қоғаммен өзара ықпалының тәсілдері, механизмдері туралы білімдер интеграциясы.
Әлеуметтік педагогика обьективті, нақтылы ғылыми-әдіснамалық және ғылыми практикалық негіздерге сүйенеді. Әлеуметтік педагогтың тұлғалық мәдениеті, кәсіби қызметінің мәдениеті, әлеуметтік ортасының мәдениеті әрбір компоненттің маңызды элементі болып табылады. Әлеуметтік педагогтың кәсіби қызметінің өзіндік ерекшелігі мен мамандық айырмашылығы әлеуметтік педагогиканың өнер ретіндегі мәселені де көлденең тартады.
Бүгiнде «Әлеуметтiк педагогика» және «Әлеуметтiк жұмыс» ұғымдары практикада кеңiнен қолданылып келедi. Бұл ұғымдарды мазмұндық жағынан бiрдей деп санауға болмайды. Өйткенi, әлеуметтiк жұмыс әлеуметтiк педагогиканың бiр бөлiгi ғана болып табылады. Бұл тұста барлық ғалымдар көзқарасындағы ортақтық - әлеуметтiк педагогика қоғамның барлық мүшелерiнiң әлеуметтiк тәрбиесiнiң проблемаларын тұтастай, соның iшiнде әлеуметтiк жұмыс пен әлеуметтiк саясат проблемаларын да тұтастықта қамтитындығында екендігін мойындағандығында. Олай болса, әлеуметтiк педагогика - кешендi, интеграциялық ғылым.
Әлеуметтiк педагогика адамның әлеуметтiк тәрбиесiн, яғни бүкiл өмiрi барысындағы әлеуметтiк ортаның тәрбиелiк ықпалының нәтижесiн қарастыратындықтан, бүгiнгi педагогикалық еңбектерде «тәрбие» ұғымының өзi «әлеуметтендiру» ұғымымен қатар өзара сабақттастықта қарастырылып жүр. Тәрбиелеу, әлеуметтендiру түсiнiктерiнiң мақсат-мiндеттерi өте жақын. Адамның әлеуметтiк тәрбиесiнiң қоғамдағы орны мен рөлiн анықтау оның «даму», «әлеуметтендiру» процестерi арқылы анықталады.
Әлеуметтiк педагогика пәнiнiң зерттеу объектiсi - адамның әлеуметтiк ортамен өзара қарым-қатынасының жиынтығы негiзiнде оның қоғамдағы даму процесi болып табылады. Сонымен қатар, әлеуметтік педагогиканың ғылым ретіндегі негізгі мақсаты педагогикалық мақсатпен сабақтастықта тұлғаның әлеуметтік болмысына қатысты білімдерді интеграциялау болып табылады. Практикалық пән ретіндегі негізгі мақсаты - өзінің табиғи болмысынан алыстаған тұлғаны қалпына келтіруге көмектесетін технологияларды жасау.
Ал, әлеуметтiк педагогиканың пәнi - адамның әлеуметтенуiнiң және оның қоғамға бейiмделуiнiң педагогикалық аспектiсi болып табылады. Г. Нол мен Г. Боймер әлеуметтiк педагогиканың пәнiн анықтау барысында кәмелетке толмағандар тарапынан құқық бұзушылықтың алдын алу және панасыз балаларға әлеуметтiк көмек көрсету деп тұжырымдайды. Әлеуметтiк педагогика адам мен қоғамның өзара әсерлесуi негiзiнде қалыптасу, қоғамға толық ену ретiндегi тұлғаның әлеуметтiк қалыптасуын ынталандырудың мақсатын, мiндетiн, мәнiн, мазмұны мен принциптерiн, әдiстерi мен формаларын зерттейдi.
Әлеуметтiк педагогика өзiнiң пәндiк өрiсiне ие және ғылым ретіндегі өзiндiк мiндеттерi айқындалған. Олар:
- тұлғаның даралық дамуын гармониялы бiрлiкте қарастыра отырып, ғылыми әлеуметтендiрудi қамтамасыз ету;
- тұлғаның дамуы мен әлеуметтену процесiне әсер етушi қарым-қатынастарды педагогикалық тұрғыдан реттеу;
- тұлғаның қоғамға және әлеуметтену процесiндегi педагогикалық ғылымдардың көпжақты әсерiнiң мүмкiндiктерiн зерттеу;
- әлеуметтiк ортаның педагогикалық потенциалын арттыру мен оны пайдаланудың шарттарын және тәсiлдерiн зерттеу;
- тұлға ұғымының мәнін, оның даму, қалыптасу кезеңдерін түсіну;
- адамның әлеуметтік болмысының түрлі формаларының (адам, жекелік, тұлға, субъект) шекараларын ажырата алу;
- тұлғаның дамуы мен өзін-өзі дамытуының өзара байланыстылығына талдау жүргізу;
- әлеуметтік детерминант, әлеуметтік қалыптасу, тұлға қызметі мен дамуы ұғымдарының мәнін ашу.
Немiс зерттеушiсі П. Наторптың пiкiрiнше, халықтың мәдени деңгейiн көтеру мақсатында қоғамның тәрбиелiк күштерiн интеграциялау мәселелерiн зерттеу әлеуметтiк педагогиканың мiндетiне жатады. Х. Мискестiң тұжырымы бойынша әлеуметтiк педагогика жалпы педагогиканың әлеуметтiк функциясын ашып көрсетедi және барлық жасаралық топтардағы тәрбие процесiн зерттейдi. Е. Молленхауэр жастардың әлеуметтiк жүйеге тез бейiмделуiне көмектеседi деген ойды құптайды.
Адамның дамуын оның қоршаған орта ықпалынан және өзара қарым-қатынас негiзiнде дамуын оның әлеуметтенуiнiң нәтижесi деп қарастыруға болады. Әлеуметтену:
- адамның қоғаммен өзара қарым-қатынасы арқылы және өмiрдiң әртүрлi жағдайларынан;
- адамдарға мемлекет тарапынан болатын әсерлер арқылы;
- тәрбиенiң немесе адамның дамуының белгiлi бiр жағдайда мақсатты бағытталған процесi арқылы;
- адамның өзiн-өзi тәрбиелеуi немесе өзiн-өзi дамытуы арқылы жүзеге асырылады.
Әлеуметтiк педагогиканың әдiснамалық негiздерiне кең мағынада әлеуметтiк педагогикаға қатысты алғанда әдiснамалық функцияны атқаратын бiлiмдер, тұжырымдамалық, теориялық қағидалар жатады. Әлеуметтiк педагогика қоршаған ортаның тұлғаны қалыптастыру мен оны тәрбиелеуге тигiзетiн ықпалын зерттейтiн педагогикалық бiлiм бөлiмi ретiнде мектептен тыс жүргiзiлетiн мақсатқа бағытталған процестi қарастыратын педагогика болып есептеледi.
А. П. Нечаев баланың психикалық дамуында тұқымқуалаушылық, орта, тәрбие рөлiн анықтауда тұлғаның психикалық даму барысындағы әлеуметтiк факторларына ерекше назар аударады. Ғылыми санамен басқарылатын жалпы адамзаттың тiршiлiк ету ортасы В. И. Вернерский тарапынан ноосфера деп аталғаны белгiлi. Тiршiлiк ортасы адам тарапынан ойлау және тұрмыстық жағдайларды талап етедi. Орта табиғи және жасанды болуы мүмкiн. Табиғи орта «организм – орта» типiндегi экологиялық жүйе класына жатады. Осыған орай ноосфера табиғи және жасанды ортаның синтезi ретiнде айқындалады.
Әлеуметтiк педагогика - әлеуметтендiру процесiн бiлiмдiк-тәрбиелiк құралдармен реттеудiң және жүзеге асырудың, танымның теориясы мен практикасын қамтитын ғылым саласы болғандықтан, әлеуметтiк болмыстың адам өмiрi барысындағы мақсаты мен мiндеттеріне ықпалын қарастырады. Әлеуметтiк саясат индивидтiң қажеттiлiгi негiзiндегi әлеуметтендiрудiң мақсат, мiндеттерiн жүзеге асыруда адекватты түрдегi бағдарламаларды, оқу-тәрбие жүйелерiн, әдiстерi мен құралдарын жасап, оларды тәжiрибеге енгiзедi. Әлеуметтiк педагогика жеке адамдарға, тұрғындардың топтарына көмек көрсетудi өз мiндетiне жатқызады.
Әлеуметтiк-педагогикалық тәрбие және тәжiрибесiнiң нысаны - жеке дара және қоғамдық сипаттама бiрлiгiн қамтитын әлеуметтік ортаның мүшесi болып табылатын адам, ал оның пәнi - адамның әлеуметтiк тұрғыда қалыптасуының және дамуының педагогикалық аспектiлерi.
В. А. Никитин әлеуметтiк педагогиканың социеталды, әлеуметтiк орта және жеке-даралық деңгейiн ажыратып көрсетеді. Ресей ғалымы Я.Анурин социеталды қарым-қатынасқа: «... бұл адамдардың қандай да бір өзара ортақ қызығушылығы мен мүдделеріне байланысты қалыптасқан қарым- қатынастарының жүйесі. Ол нақтылы талаптармен шектелген тұрақты жүйе...» деп сиапаттайды. Әлеуметтiк педагогика теориясы мен практикасының социеталды деңгейiндегi нысаны адамдардың салыстырмалы түрде алғандағы тұрақты қауымын құрайтын қоғам болып есептеледi, ал педагогикалық iс-қимылдардың ұйымдастырушысы, әрi оны дәйектiлiкпен жүзеге асырушы - мемлекет, алуан түрлi сана және қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар.
Әлеуметтiк-педагогикалық теория мен практикасының екiншi міндетiнің нысаны - қоғамның әлеуметтiк шеңберi, микро (шағын) орта, адамдар ұжымы және т.б.болып табылады. Аталмыш деңгейге тән іс-әрекетті жүзеге асырудың белгiлi құралдарына мәдени-ағарту, дене шынықтыру - сауықтыру, әлеуметтiк-тәрбие жұмыстарын және т.б. ендiруге болады.
Әлеуметтiк педагогиканың үшiншi деңгейдегi нысаны - әлеуметтендiрудiң алуан түрлi сатылары мен деңгейiндегi жеке адам болып табылады.
Жоғарыда аталған әлеуметтiк педагогиканың деңгейлерiнде нысан мақсаттарына байланысты бiлiмдiк-тәрбие жұмыстары мәселелерi ерекше орын алады. Өйткенi, педагогикалық көмекке мұқтаж адамдардың меңгерген әлеуметтiк қасиеттерi дұрыс өмiр сүруге кедергi жасауы әбден мүмкiн. Әлеуметтендiрiлу ретi бұзылған адамдар әлеуметтiк жұмыс жүйесiндегi ерекше мәселелер типтерiнiң қамқорлығында болады. Осыған орай әлеуметтiк педагогика және әлеуметтiк жұмыстың арақатынасы мәселелерi күн тәртiбiнде маңызды орын алады. Өйткені, бүгінгі күні Қазақстанның өзінде 168 жетім балаларға арналған мекеме бар және бұларда Республика бойынша 38386 бала тәрбиеленуде. Солардың ішінде: 14052-сі мемлекеттік мекемелерде, 22067-сі отбасыларына қамқорлыққа берілгендер, 2267-сі патронатта.
Бұның өзі қоғамда әлеуметтік педагогикалық қызметтің қажеттілікке айналып отырғандығы мен осы салада мамандар даярланудың сұранысы артып отырғандығын дәлелдейді. Әйтсе де, халықтық болмысызда тастанды балалар мен қараусыз қалған ата-аналардың болмағандығы қоғамның өркениеттілігінің шарықтаған заманында өз жалғасының үзіліп отырғандығын көрсетеді.
Тұжырым:
1. Әлеуметтік педагогика ғылымы адамды өзi өмiр сүрiп отырған қоғамының талаптарына сай әлеуметтендiру тәжiрибелерiн ұрпақтан-ұрпаққа беру қажеттiлiгiнен туындады.
2. Әлеуметтік педагогика ғылымы адам мәселелерiмен айналысатын барлық ғылымдармен тығыз байланысады.
3. Әлеуметтік педагогика ғылымының мақсат-мiндеттерi қоғамның адам тәрбиесiне деген талаптарына сай үнемi өзгерiп отырады. Ол қоғам талаптарынан туындап, қоғам мұқтажын ескередi.
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалары:
1. Әлеуметтiк педагогика пәнiнiң зерттеу объектiсi мен пәнiн сипаттаңыз.
2. Әлеуметтiк педагогика мен педагогика ғылымының арасында қандай байланыс және ерекшелiктер бар?
3. Әлеуметтiк-педагогикалық тәрбие мен тәжiрибе нысандарын атаңыз.
4. Әлеуметтiк педагогика теориялары қай кезден бастап қолданылып келедi?
5. Әлеуметтiк педагогика теорияларының дамуына үлес қосқан қандай ғалымдарды бiлесiз?
6. Әлеуметтiк педагогиканың теориялық және қолданбалы қызметтерiн атаңыз.
Пайдалануға ұсынылатын әдебиеттер
1. Атемова Қ. Т. Педагогика негіздері. - Астана: Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2006. -118 б.
2. Василькова Ю. В., Василькова Т. А. Социальная педагогика. уч.пособие.-М.:1999.
3. Галагузова И. Г. История социальной педагогики. - М.: 2000.
4. Мудрик А. В. Социальная педагогика: учебное пособие /Под ред. В. А. Сластенина. - М.: 1999.-С.19-24.
5. Социальная педагогика: Курс лекций /под общ.ред. Галагузовай М. А. – М.:2000. - С.162-165
6. Мустаева Ф. А. Социальная педагогика. –М.: «Академический Проект», Екатеринбург: Деловая книга, 2003. -528 с.