Еңлік – Кебек «Public Domain» Құдайбердіұлы Ш



Pdf көрінісі
бет2/7
Дата29.09.2023
өлшемі159,12 Kb.
#111410
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
K u dayiberdiu lyi Sh. En Lik Kebek.a4

 
* * *
 
Ту тіккен Тобықтының қос басшысы –
Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі.
Жамағайын жақыны сол кісінің
Бар екен Кебек деген бір інісі.
Ол Кебек мықты болған жас басынан,
Тоқаң да тастамайды өз қасынан.
«Жасы бала болса да, жаны отты» деп,
Артық көріп не сабаз жолдасынан.
Он бесінде Кебектің аты шықты,
Атты жаяу бəріне бірдей мықты.
Көзі өткір, қараторы жігіт екен,
Орта бойлы, тапалдау, кең иықты.
Ел қамы үшін өлуге жанын салып,
Соғыс десе тұрмайды қойса байлап.
Жауға батыл, жақынға жəне əдепті,
Кішіні іні, үлкенді ағатайлап.
Ол кезде балгер болған Нысан абыз,
Шын дəулескер бақсының өзі нағыз.
Жыны айта ма, кім білсін, шыны айта ма,
Айтқаны келеді деп қылады аңыз.
Кебек батыр өз бақытын сынамаққа,
Əдейі іздеп келіпті балгер жаққа.
Оңашада жалынды абызға кеп,
«Бал ашып бер, – деді де, – біздің баққа»:
«Ей, абыз! Аш балыңды, қобызыңды тарт,
Алар ақың бар болса, мойныма арт.
Балыңа не түссе де жасырмай айт,
Жалғыз-ақ сол арасын қыламын шарт»,
«Шырағым, бал аштым деп мал алмаймын,
Ол үшін саған ақыл сала алмаймын.
Жаман айтсам жабығып қала көрме,
Жынның сөзін жасырып қала алмаймын.
Соны айтып қобыз алды Кебекке арнап,
Шақырды жындарының атын зарлап.
Қара қалмақ Қорқыттың күйін тартып,


Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
8
Қобызына əн қосып кетті сарнап.
Темір масақ жабырлап тұр сылдырлап,
Екі көзі бақсының тым бұлдырлап.
Ындын қойып тыңдасаң сарнағанын,
Сақтанбасаң алғандай ақылды ұрлап.
Мұңлы қоңыр дауысы шықса зарлап,
Ықтиярсыз кетеді бой шымырлап.
«А» дейді де тыңдайды анда-санда,
Құлағына кеткендей жын сыбырлап.
Екі көзін қан жауып, өңі қашып,
Сұп-сұр болып, алартып көзін ашып.
Шүлдір-шүлдір сөйлесіп жыныменен,
Өзін-өзі тоқтатты əзер басып.
Нысан абыз қысылып батқан терге,
Қарады да сөйледі Кебек ерге:
«Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,
Батырым, ондай жанға көңіл берме.
Бұл сөзді өз ойымнан айтпаймын құр,
Жын шіркін осылай деп айтқызып тұр.
Қара жартас түбінде кез келеді,
Шырағым, сондай қыздан сақтанып жүр.
Əдейі іздеп бармассың, кез боларсың,
Кез болсаң, алыс емес, тез боларсың.
«Сақтыққа қорлық жүрмес» деген бар ғой,
Сақтанбасаң, артқыға сөз боларсың».
Оны есітіп Кебек кетті өз жайына,
Батса да балгер сөзі шымбайына.
Ойланбай, біржолата кетті ұмытып,
Деді де: «Жынның сөзін тыңдайым ба?»
Мұнан кейін азырақ заман өтті,
Салқын түсіп, қар жауар мезгіл жетті,
Қарашаның алғашқы қары жауып,
Кебек батыр құс алып аңға кетті.
Қойтастан бір түлкі алды інге тығып,
Ойлады кетейін деп Ханға шығып.
Сонарда ізге түсіп келе жатса,
Бір түлкі жəне қашты жатқан бұғып.
Қамшылап күрең атты жамбасына,
Түлкіден бұрын шықты Хан басына.


Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
9
Жел шығып, боран болып кеткен екен,
Аң қуған аңғал батыр аңдасын ба.
Құс түлкіні көрген соң кетіпті ұшып,
Бір жерге жарқ-жұрқ етіп қалды түсіп.
Бораннан байқай алмай өтіп кетті,
Түлкіні жатса-дағы бүркіт қысып.
Таба алмай олай шауып, бұлай шауып,
«Құсымнан айырылдым» деп қылды қауіп.
Құс əбден түлкіні жеп тойған кезде,
Алыпты күн батқан соң əзер тауып.
Бүркітті бөлеуіне бөлеп алды,
Аяң-бұяң еткенше түн боп қалды.
«Ел жатпай бір ауылға қонайын» деп,
Шыңғыстың бөктерімен қайта салды.
Бораннан байқай алмай барар бетті,
Түн ішінде адасып Кебек кетті.
Осы Хақан өзеннің аяғында
Қыстаған бір Матайға келіп жетті.
Белдеуге атын байлады Кебек сері,
Боз қырау бұрқыраған аттың тері.
Осы күнгі Боқтыбай қыстап жүрген
Қара жартас – Кебектің келген жері.
Сол үйге кіріп келсе «кеш жарық» деп,
Жатпақ түгіл болған жоқ тамағын жеп.
Ол кезде шай болмайды, сусыны – құрт,
Ұсынды қарсақ жон қып езіп əкеп.
Шал мен кемпір, тағы бір малшы бала,
Бар екен бір бойжеткен қызы жəнə.
Киіз үй, малды айнала шарбақ қорған,
Там, қора жоқ, кісісі төртеу ғана.
Құрт ішіп əбден көңілі жайланған соң,
Бекітіп шарбаққа аты сайланған соң,
Үй иесі қонақтан жөн сұрады,
Асын жеп əңгімеге айланған соң.
Кебек айтты: «Аң қуған Тобықтымыз,
Мен Кебекпін дегенмен білемісіз».
«Атым – Кебек» дегенде жалт қарады,
Бағанағы айтылған бойжеткен қыз.
Бай қайтадан сөз сұрап қайырмады,


Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
10
Əлгі қыз Кебектен көз айырмады.
«Қарағым, қонағыңа төсек сал», – деп,
Үй иесі жатуға дайындалды.
Тысқа шықты бай, қонақ – бəрі бірдей,
Шал айтақтап тыста жүр үйге кірмей.
Кебек келсе, төсек жоқ төр алдында,
Қай араға жатарын тұрды білмей.
Күлімсіреп қыз айтты Кебек ерге:
«Қонағым, неге тұрсың құр бекерге.
Мен сізге өз төсегім дайындадым,
Бұрын жатқан жоқ па едің ондай жерге?»
Тең шешіп, мамық көрпе алды тауып,
Кебектің де қызға тұр көңілі ауып.
«Анық Кебек сен болсаң, арызым бар,
Бір айтармын», – деді де салды жауып.
Кебек батыр жатқан соң төсекке кеп,
Қыз мінезін ішінен қылады есеп:
«Танымаған қонаққа сыр білдірген
Көрсеқызар, жеңсікқой ұрғашы-ау», – деп.
Түн ортасы ауғанда шал да жатты,
Қорылдап қатты ұйқыға əбден батты.
Үйдегілер теп-тегіс ұйықтаған соң,
Кебекті келді-дағы қыз оятты:
«Ей, батыр, сен жатырсың ұйқың қанбай,
Мен жүрген бір сорлымын бағым жанбай.
Көрінгенге көз сүзген көрсеқызар,
Əдепсіз қыз дейсің ғой əлдеқандай.
Өз əлімше сынадым мен де сені,
Сен қалай деп ойладың, айтшы, мені?
Қыздан сорлы бола ма бұл жалғанда,
Кез болмаса өзінің сүйер теңі?
Атым – Еңлік, мына шал – менің əкем,
Малы көп, бірақ еркек баладан кем.
Жасында бұл да өзіңдей батыр еді,
Қор болып, осы күнде əркімге жем.
Нағашым – байжігітте ер Қабанбай,
Шешемді де берген жоқ бай таба алмай.
Ес білмейтін ескіге кез болыппын,
Жайды білер жақсыға қосақталмай.


Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
11
Мені де кедей емес, байға берген,
Күйеуім өткен жазда ұрын келген.
Қасына жатпақ түгіл жуымадым,
Білген соң шіріктігін келген жерден.
Нышаны жоқ бет-аузында сақал, мұрттан,
Бұрын да естуші едім жайын сырттан.
Түн болса ұйқыдан бас көтермейді,
Күндіз асық іздейді ескі жұрттан.
Бетіне тумай тұрып түскен əжім,
Күңге де есіктегі қылды тəжім.
Кер кеткен кеселдіге душар болдым,
Осыдан құтыларлық бар ма лажым?
Оң қолының бармағы тағы шолақ,
Бармақсыз қол ұстауға қандай олақ.
Мен сорлы емей, кім сорлы, ойла, батыр,
Күйеуімнің болған соң жайы сол-ақ.
Көп жігіт жүр сыртымнан қылып кеңес,
Мен ұнасам, «алмаймын сені» демес.
Солардың біреуімен кетер едім,
Байқаймын, бəрі менің теңім емес.
Көрсеқызар, лап бергіш əр елде көп,
Атын атап не керек пəленше деп.
Аз күндік əзіл іздеп жүргенім жоқ,
Өнімсіз іс болмайды өмірге сеп.
Бүгін мұнда кез болдың Құдай айдап,
Атыңды естіп жүруші ем сырттан сайлап.
Тасыр болса, талғамай тап берер деп,
Түні бойы сынадым сізді абайлап.
Мен татысам, жігітсің маған татыр,
Міне, осындай ішімде қайғым жатыр.
Ойнас емес, өмірлік жолдасым деп,
Беремісің уəде, Кебек батыр?»
Кебек мұны есітіп көп ойлады,
Асықпай біраз ғана еп ойлады.
«Түні бойы қыз мені сынапты ғой,
Мен де мұны сынайын деп ойлады»:
«Ей, Еңлік! Сөзің рас, нандым саған,
Бəрін ұқтым, жерім жоқ байқамаған.
Артқы өмірді əзір біз қоя тұрып,
Ойнап-күлсек қайтеді біраз заман?


Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
12
Қаза келсе малдыдан мал таймай ма,
Ажал жетсе батырдан жан таймай ма.
Азар болса, күйеуің жастау шығар,
Жарлы байып, жас өсіп қартаймай ма?
Жас түзеліп, түрленіп ержетпей ме,
Бойындағы балалық бір кетпей ме,
Асыққандық емес пе мына сөзің,
Жақсы əйел жаман ерді түзетпей ме?
Талпынғанмен тағдырды бұра ала ма,
Құдай қоспай, басымыз құрала ма.
Аз күн қызық көрелік онан-дағы,
Бұл дəурен бір қалыпты тұра ала ма?
Еңлік айтты: «Таң қалдым бұл сөзіңе,
Ұқсамайды түндегі мінезіңе.
Егерде біреу айтса ұнар ма едің,
Талап қылма, талпынба деп өзіңе.
Рас, Құдай жазбаса бітпес жұмыс,
Сүйтсе де бізге міндет – талап пен іс.
Əрекетсіз отырмақ дұрыс болса,
Неге берген аяқ-қол, тіл менен тіс?
Күйеуімнің жүрген жоқ жасы жетпей,
Ынжықтық қайтушы еді тентіретпей.
Ақыл салып бармағын сау қылуға
Пендеде күш бола ма құдіреттей.
Талап қылмай бола ма құтылуға,
Оттан қашып кірсем де терең суға.
Пəледен машайық та қашқан жоқ па,
Қайтіп разы болайын берген уға?
Тобықты неге келді мұнда көшіп,
Мұғаджардан Шыңғысты көзі тесіп.
Қара қазан, сары бала қамын ойлап,
Келді ғой «жайлы қоныс табам» десіп.
Бір құдай жер жүзіне шашқан несіп,
Барша жан жүрген жоқ па теріп жесіп.
Аз күндік арам жүріс аужал емес,
Бермесең уағадаңды мүлде кесіп.
Өйтіп уағда бермесең, əуре етпе,
Тең көрмесең телміртіп, тентіретпе!
Қайда барсаң обалым жібермейді,


Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
13
Бірақ осы сөзімді ұмытып кетпе!»
Қалай айла қылса да бір қоймады,
Жал айтқан жауабына қыз тоймады.
Еңліктің бұл жауабын есіткен соң,
Кебек батыр тағы бір ой ойлады:
«Ей, Еңлік! Айтқан сөзің – сөздің шыны,
Сөйтсе де бір сөзім бар, тыңда мұны.
Соғысқа сылтау таппай отырғанда,
Бүлдірмелік Матай мен Тобықтыны.
Онсыз-дағы біріне-бірі қырын,
«Ала ғой» деп береді кім жесірін.
Адам түгіл мал үшін ел шабады,
Қыз болсаң да білесің елдің түрін.
Мен сені алып жөнелсем осы түнде,
Жиылмай ма бар Матай жалғыз күнде?
Тобықтыдан жылқыны тиіп алып,
Басталмай ма бітпестей бүлік мүлде.
Барымта алмай бітімге көнсе елің,
Қанша мал алса аярым жоқ қой менің.
«Қызды қайтар, əйтпесе бітпейміз» деп
Жатып алса, табамыз қайтіп жөнін?
Матай алса, Тобықты тек жата ма,
Азбын деп жанын аяп ар сата ма?
Ауыл шауып, мал алып, қан төгілер,
Ойла! Қалып жүрмелік теріс батаға!»
«Ей, батыр, бұл сен айтар сөзің емес,
Уайым қып сескенер кезің емес.
Келер істі жалғыз-ақ Алла білер,
Ол сенің өлшеп сатар бөзің емес.
Кімнің көзі жетеді күні ертеңге,
Теңін тапқан сені мен жалғыз мен бе?
Ел шабысып кетті ме соның бəрі,
Алып қашып алды ғой талай пенде!
Мал аямай пейілді салсаң кеңге,
Жарастырар табылар аға-жеңге.
Жер өртеуге жетеді бір шағым қу,
Кім кепіл бола алады осы екі елге?
Бұлт шықпай жауа ма құры желге,
Бізсіз де таласады жалғыз белге.


Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
14
Құдай жөнін берейін деген болса,
Көнер əлде, «мал алып біт» дегенге.
Сен мені бүгін алып кет демеймін,
Осы екі елдің түбіне жет демеймін.
Шын ішің сүймей, сыртың сүйген болса,
Əуре боп саған уағда ет демеймін.
Шын сүймесең сүйдім деп айтпа маған,
Шала сүйген болады құр алдаған.
Ындыныңмен ұнатсаң, бер қолыңды,
Саған сөзім қалмады енді айтпаған».
Кебек те отыр еді азар шыдап,
Сөзін айтып болғанша қызды сынап.
«Сен өлген жерде мен де өлемін» деп,
Қол алысып біржола кетті құлап.
Кебектің қолын Еңлік қысып алып,
Шөлдеп сусын ішкендей мейірі қанып.
Бармағынан бір сүйіп, беті тершіп,
Ыстық жасы көзінен кетті тамып.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет