Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
15
Еңлікке бір, тасқа бір қарады да,
Сонда түсті ойына балгер сөзі.
«Апыр-ау! Əлде сайтан, əлде жын ба,
Кім бастап алып келді мені мұнда.
Осы көрген түсім бе, иə өңім бе,
Қалжыраған бақсының сөзі шын ба?
Біржолата кім тұрар бұл дүниеде,
Өлім көрмей қоя ма туған пенде.
Қарап жүріп қаңғырып босқа өлгенше,
Еңлік үшін өлгеннің қапысы не?»
Соны ойлап көңілін басты Кебек батыр,
Құдай қосқан іс болмай қоймайды ақыр.
«Тамақ дайын» деп хабар бергеннен соң,
Аяңдап үйге таман келе жатыр.
Бетін жуып, отырды төрге барып,
Құрт берді сары майды жəне салып.
Қазы-қарта, жал-жая жасап Еңлік,
Бір табақ ет алдына қойды апарып.
Жалынан бір кесті де «бісміллə» деп,
Ұсынды ақсақал мен кемпірге əкеп.
«Иесімен ас тəтті» деп Еңлікті
Шақырып ап екеуі отырды жеп.
Қойшыға да ұстатты сүйек-саяқ,
Ет артынан сорпа ішті бірер аяқ.
Бата қылып, қол жуып болысымен
Еңлік атты ерттеді айтқызбай-ақ.
Кебек сонда шалға айтты: «Ей, ақсақал,
Өзің таңдап түлкінің біреуін ал.
Бағыңызға кез келген бір олжа ғой,
Жығыт тымақ істетіп сандыққа сал!»
Еңлік шығып қонағын аттандырды,
Қоштасып Кебек батыр елге жүрді.
«Қайда жүрсең аман жүр, батырым», – деп,
Бел асқанша артынан қарап тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: