§ 2. Тұлғаның қалыптасуы мен дамуы Адам тұлға болып туылмайды, ал қалыптасады деген көзқараспен қазіргі
психологтардың көбісі келісуде. Бірақ тұлғаның дамуы қандай заңдарға бағынатыны
жөніндегі көзқарастар сан алуан. Өйткені тұлға дамуы үшін қоғам мен əлеуметтік
топтардың мəні, дамудың заңдылықтары мен кезеңдері, тұлға дамуының
дағдарыстары(кризис), даму процесін тездету мүмкіндіктері əрқилы түсіндіріледі.
Кең тараған тұлға теорияларының əрқайсысында тұлғаның даму мəселесі
өздігінше қарастырылады. Мысалы, психоаналитикалық теория даму деп адамның
биологиялық табиғатының қоғамда өмір сүруге бейімделуін, белгілі қорғаныс
механизмдерінің пайда болуын, қажеттіліктерді қанағаттандыру жолдарын түсіндіреді.
Қырлар теориясы (теория черт) бойынша тұлғаның барлық қырлары өмір сүру
барысында қалыптасады, олардың туындау, қайта түзілу жəне тұрақтану процестері
биологиялық емес заңдылықтарға бағынады. Əлеуметтік үйрету теориясы тұлғаның
даму процесін адамдардың белгілі тұлғааралық өзара əрекеттерінің қалыптасу жолдары
ретінде түсендірсе, гуманистік жəне басқа феноменологиялық теориялар оны “ Мен”
деген түсініктің қалыптасуымен ұштастырады.
Дегенмен, тұлғаны барлық теориялар позициясынан шоғырланған, біртұтас етіп
қарастыру тенденциясы бар.
Адам тұлға ретінде қалыптасып, дами келе кемшіліктерді де иеленеді. Бір теорияда оң
жəне теріс қасиеттердің үйлесімін жан-жақты көрсету мүмкін емес. Сондықтан Эриксон
өз концепциясында тұлға дамуының екі шекті желісін бейнелеген: қалыпты жəне
аномалды. Олар таза күйінде өмірде кезпегенімен адамның тұлғалық дамуының барлық
аралық варианттарын елестетуге мүмкіндік береді ( 1 кестеде көрсетілген).
Психологтарға үйреншікті ой бойынша тұлға əлеуметтік ортада өмір сүріп,
тəрбиеленуі кезінде дамиды. Адам əлеуметтік тіршілік иесі болғандықтан əлеуметтік
өзара əрекеттерге түседі. Ең бірінші араласу тəжірибесін бала сөйлемей тұрып-ақ өз
жанұясында алса, кейін үнемі субъективті тəжірибе жинайды. Ол тəжірибе тұлғаның
ажырамас бөлігі. Осы процесс, сондай-ақ кейін индивидтің əлеуметтік тəжірибесін
белсенді жандандырылып əлеуметтену деп аталады.