Шыңғысхан Орта Азияны бағындыруға өз вассалдарының жасақтарымен қоса жалпы саны
150 мың адамы бар қалың қол жіберді. Әскери жорық 1219 жылы қыркүйекте Ертіс
жағалауынан басталды. Отырар қаласы қоршауға алынды. Өзінің әскерін үш топқа бөлген
Шыңғысхан бір бөлігін Отырарды алу үшін ұлдары Шағатай мен Үгедейге қалдырды,
үлкен ұлы Жошы бастаған екінші бөлігін Сырдарияның төменгі ағысына аттандырды. Өзі
Бұқараға бет алды. Отырар билеушісі Қайыр хан ерлікпен шайқасты, ол басқарған әскер
мен қала тұрғындары басқыншыларға қарсы табан тіресе қарсылық көрсетті, қаланы 5 ай
бойы ұстап тұрды. Бесінші айдың аяғында хорезмдік әскербасы Қараджа хаджиб
опасыздық жасап, қаланың қақпасын ашып, 10 мың әскерімен монғолдар жағына шығып
кетіп, оларды қалаға жіберіп қойды, кейін оның өзі осы опасыздығы үшін монғолдар
тарапынан өлтірілді. Қайыр хан өз жауынгерлерімен қамалда тағы бір ай қорғанды. Бірақ
күш тең болмады, қамал қиратылды, 1220 жылы ақпанда Отырар қаласы алынды, Қайыр
хан қолға түсіп, қатал жазаланып өлтірілді.
Отырар сияқты Сыр бойындағы Сығанақ, Ашнас және т.б. қалалар тұрғындары да
монғолдарға қатты қарсылық көрсетті. Араб және парсы тіліндегі тарихи деректерде
монғолдар халқын түгелдей қырып, күл-талқан қиратқан отыз шақты қалалар аталады.
Олардың ішінде оңтүстік-қазақстандағы Отырар, Сығанақ, Ашнас қалалары бар.
Монғолдар Сырдария өңіріндегі қалаларды бағындырып, Орта Азияға қарай ішкеріледі.
Үргенішті қоршауға алу бірнеше айға созылды. Монғолдар Бұқарды, Самарқанды алды,
Хорезмді жаулап алды. 1221 жылы көктемінде монғолдар Орта Азияны жаулап алуды
аяқтады.
Енді соғыс Хорасан, Ауғанстан және Солтүстік Индия территориясына ауысты.
Қолбасшылар Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Ираннан
шығып, 1220 жылы Кавказға басып кірді. Бұл әскер армян, грузин, алан, қыпшақ және
орыс әскерлерін Қалқа өзенінің бойында талқандап, 1224 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ
даласы арқылы Шыңғысханның Ертіс бойындағы ордасына оралды. Сөйтіп, 1219-1224
жж. монғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан Шыңғысхан империясының
құрамына кірді.
Шыңғысхан көзінің тірісінде ұлан-байтақ аумақты алып жатқан жаулап алған жерлерін
бәйбішесі Бөртеден туған ұлдарының санына қарай төрт ұлысқа бөлді. Кіші ұлы Төле
Шыңғысханның негізгі жұртын – Монғолияның өзін, сондай-ақ монғолдың тұрақты 129
мың адамдық армиясының 101 мыңын иеленді. Үшінші ұлы Үгедейге Монғолияның
батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс Түркістан аймағы қарады. Оның ұлысының орталығы
жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймағында орналасты. Шыңғысханның екінші ұлы
Шағатайдың иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі, яғни Жетісу мен
Мәуераннахрды қамтыды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа
қарай төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыды.
Сонымен Қазақстанның аумағы монғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен бөлігі – Жошы
ұлысының құрамына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына,
Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына кірді.
Достарыңызбен бөлісу: