78) Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасының құрылуы. Қазақ АКСР заңды түрде 1920 жылдан 1936 жылға дейін өмір сүрген мемлекет. Қазақ (Қырғыз) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін 1918 жылы 12 мамырда Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган – қырғыз (қазақ) бөлімі ашылды. Бірақ, азамат соғысы басталып кеткендіктен, тек 1919 жылдың 10 шілдесінде ғана «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын революциялық комитет (Ревком) туралы уақытша ереже» атты әскери-әкімшілік орган құрылды. Тарихта Қазревком деген атпен белгілі комитеттің кұрамында С. Пестковскийдің төрағалығымен, А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев, Ә.Әйтиев, А.Авдиев т.б. болды. Әскери-азаматтық билік берілген комитет, әртүрлі жұмыстарды атқарды, оның ішінде, сол кезде маңызды болған «әскери коммунизм» саясатын іске асырды, тек автономия мәселесімен айналысқан жоқ. 1920 жылдың тамызында Мәскеу қаласында Қырғыз АКСР-ын құру туралы бірнеше мәжілістер өткізілді. Соңғы мәжіліске социалистік революцияның көсемі, Кеңес мемлекетін құрушы В. Ульянов (Ленин) төрағалық етті. Нәтижесінде, 1920 жылдың 17 тамызында РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап колдады. 1920 жылдың 26 тамызында В. Ленин мен И. Калинин қол қойған «Қырғыз Кеңестік Автономиялық Республикасын құру туралы» тарихи Декрет жарияланды.
ҚазАКСР-ның құрамына:
● Семей облысы (Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері);
● Ақмола облысы(Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездері);
● Торғай облысы (Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз және Торғай уездері бар);
● Орал облысы (Орал, Ілшібін, Темір мен Гурьев уездері);
● Астрахан губерниясынан: Синеморск болысы, Бөкей ордасы және 1-ші, 2-ші Приморье окрутеріне жапсарлас жатқан болыстар енді.
Астанасы- Орынбор қаласы (1920-1924) болып белгіленді.
1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда Қазақ АКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі өтті. Оған 273 делегат қатынасты. Съезде Қазақ АКСР-нің ОАК(орталық атқару комитеті) сайланып, ХКК құрылды.
-1921 жылы соғыс коммунизм саясатының орнына жаңа экономикалық саясат енгізілді.
-1921-1922 жылдары жер-су реформалары жүргізіліп, 470 мың гектардан аса жер қазақ шаруаларына қайтарылды.
-1924 жылы 5-10 қаңтар аралығында өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің 4-съезінде республика конституциясының жобасы талқыланды. Кеңестік Орта Азия республикаларының ұлттық-межелеу нәтижесінде Жетісу және Сырдария облыстарының қазақ аудандары Қазақ АКСР-ге қосылды. Патша әкімшілігі кіргізген «киргиз» деген атау 1925 жылы сәуірде жойылып, қазақтар өзінің тарихи атауын қайтарып алды. 1924 жылы ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілді. 1928 жылы Қосшы одақтары нығайтылып, 300-ден астам ұжымшар, 5 кеңшар құрылды, губерниялар мен уездер таратылып, округтер мен аудандар құрылды.
-1929 жылы 13 округ (Адай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Гурьев (қазіргі Атырау), қарқаралы, Қызылорда, Қостанай, Кереку (қазіргі Павлодар), Қызылжар (қазіргі Солтүстік Қазақстан облыстары), Семей, Сырдария, Орал) құрылды.
-1929 жылы мамырда ел астанасы Алматыға көшірілді.
-1929 жылы жаппай ұжымшарға бірігу қозғалысы басталды. Ол байлар мен кулактарды тап ретінде жою, кеңестік озбырлық тұтатқан көтерілістерді қарулы күшпен басу және көшпелі халықты отырықшыландыру науқандарымен қатар жүргізілді.
-1928-1937 жылдары республикада 1-2 бесжылдық жоспарлары бойынша 200- ге жуық ірі өндіріс орындары салына бастады. Олардың ішіндегі ірілері Шымкент қорғасын, Балқаш мыс қорыту зауыттары болды. КСРО-дағы 3-көмір бассейні атанған Қарағанды және Алтайдағы кен орындары тез дамыды. Жедел түрде Түрксіб темір жолы іске қосылды. 1932 жылы бұрынғы округтер таратылып, орнына 6 облыс (Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан) құрылды.-1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО-ның жаңа конституциясы бойынша Қазақ АКСР-ы одақтас республикаға айналды.