90. Соғыс жылдарындағы ғылым, мәдениет және халыққа білім беру. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Қазақстанның мәдени қызметкерлері де үлкен үлес қосты. Ғылым және өнер адамдарының шығармашылық еңбегі майдандағы кеңестік әскерлердің ерлігімен, жұмысшылар мен колхозшылардың тылдағы даңқты істерімен қатар Ұлы Отан соғысының ерлік тарихына өзіндік жарқын із қалдырды. Бұл кезеңдегі әдебиеттің негізгі тақырыбы - патриотизм және Отанды қорғау. Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім», Ә.Тәжібаевтың «Ленинград» өлеңдері, 3.Шашкин, Қ.Аманжолов, Ә.Сәрсенбаевтың шығармалары көпке белгілі болды. Бірқатар жазушылар мен ақындар қолына қару алып, Отан қорғауға соғысқа аттанды. А.Жұмағалиев, Б. Бұлқышев, В.Чугунов соғыста ерлікпен қаза тапты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ 90-ға жуық ақындар мен жазушылар майданға кетті. Олар майдандас жауынгерлерге батырлықтың үлгісін көрсетіп, оларды өздерінің шығармашылығымен жауға қарсы соғысқа рухтандырды. Олардың қатарында Д. Снегин, Д.Әбілев, Ж.Саин, Қ.Әбдіқадыровтар болды. Соғыс жылдары дарынды жастар Ж.Молдағалиев, Ә.Нүрпейісов, С.Мәуленов, Б.Момышұлы әдебиетке жауынгерлік рух, шығармашылық серпін берді. Кеңес халқының моральдық-саяси бірлігін күшейту ісіне Ғ.Мүсірепов, F.Мұстафин, С.Мұканов, М.Әуезов сынды қазақ көркем проза шеберлері аянбай еңбек етті.
Қазақстан өнер шеберлерінің бригадалары майданға аттанды, осындай 11 бригада майданда болып 870 концерт қойды. Госпитальдарда, шақыру пункттерінде, әскери бөлімшелерде, шекаралық заставаларда 15 мыңнан астам концерт берді. Жалпы концерттік ұйымдар 36,5 мың концерт қойып, оларды 9 миллионнан астам көрермендер тамашалады. Алматыда Орталық біріккен киностудия «Екі жауынгер», «Майдан», «Ол Отанын қорғайды», «Күт мені» және басқа да миллиондаған адамдардың азаматтық қалыптасуына, оларды патриотизмге тәрбиелеуге үлкен ықпал жасаған, адамдарды жеңіске үміттендірген ғажайып кинолар түсірді.
Қазақ халқының музыкалық мәдениеті
Қазақ халқының музыкалық мәдениетінде үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақстан композиторлары 300-ден астам музыкалық шығармалар: опералар, симфониялар, әскери-патриоттық әндер жазды. Соғыс жылдарында опера өнері дами түсті. 1942 жылы Е. Брусиловскийдің «Гвардия, алға!», 1944 жылы А. Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» опералары қойылды. Соғыстан кейінгі жылдарда Е. Брусиловский мен М. Төлебаевтың «Амангелді», А. Жұбанов пен Л.Хамидидің «Төлеген Тоқтаров», М. Төлебаевтың «Біржан - Сара» опералары жазылды. 1949 жылы осы операның авторларына және негізгі партиясын орындаушыларға КСРО Мемлекеттік сыйлықтары тапсырылды.
1940 жылы «Көктем» атты алғашқы қазақ балеті қойылды. Соғыс жылдарында Қазақ музыкалық театрының балетіне Г. Березова жетекшілік етіп, сахнада әлемге әйгілі артистер өнер көрсетті. 1942 жылы маусымда Галина Уланова Алматыда алғаш рет театр сахнасына шықты.
Республикада жаңа театрлар ашыла бастады. 1937 жылы Қызылордада Корей музыка-драмалық театры, ал 1944 жылы Алматыда Балалар мен жасөспірімдер театры ұйымдастырылды. 1937 жылы Қазақ театры академиялық театрға айналды, бірқатар актерлер республиканың халық және еңбек сіңірген артистері атақтарын алды. Облыстық және көркемөнерпаздар театрларының саны артты. Ш. Айманов, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, К. Қармысов, X. Бекеева сияқты актерлер елге танылды, Ы. Ноғайбаев, Н. Жантөрин және т. б. актерлік өнер жолын бастады.