Байланысты: 1. аза стан аума ында ы тас асырына атысты археологиялы ескер
39. Қазақ хандығы XVII ғ. (Есім-хан, Жәңгір-хан, Тәуке-хан) Есім хан (1598-1628 (1645) ж.ж. билік құрған) Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты. Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді. Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты. Есім хан Әбдірахимнің қызы Патша ханымға үйленді де, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахимге берді. Есім хан мен Тұрсын хан арасында күрес шиеленісе берді, 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді.Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. Жәңгір хан (1610–1652) — 1643–1652 жылдары билік құрған қазақ ханы, Есім ханның ұлы. Ол хан тағына Есім хан өмірден өткен соң отырды. Жәңгір хан бойы аласа, бірақ толық денелі кісі болған. Сондықтан да халық оны "Салқам Жәңгір" атап кеткен. Оның тұсында Батыр қонтайшы басқарып тұрған жоңғар-ойраттардың күшеюі байқалды. Олар Қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасап тұрды. Жәңгір ханның билік еткен жылдары жоңғар феодалдарының қазақ жерін жаулап алуға жасаған үздіксіз жорықтар кезеңіне сай келеді. Кейбір мәліметтерге сәйкес Жәңгір ханның ордасы Түркістанға таяу маңда орналасыпты. Жәңгір хан Бұхар хандығымен одақтастық келісімге келіп, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізді. Сонымен бірге, ол қырғыздармен де осындай қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Мұның бәрі жоңғар шабуылынан қорғану мақсатынан туып еді. Дәл осы кезеңде Қазақ хандығы мен ойрат жоңғарлары арасындағы қарулы қақтығыстар жиілей түсті. Екі жақтың басшылары көшіп-қонуға жайлы жерлер және Сырдария өзені бойындағы сауда орталықтары үшін күрес жүргізді. Тәуке хан, кейде Әз-Тәуке (толық есімі Тәуекел-Мұхаммед Баһадүр хан Қазы, жазба деректерде Тевкей, Теуке, Тявка, Тевки) (1635 жылға дейін - 1715 жылдың жазы/күзі) – 1652 жылдан бастап Кіші жүздің ханы, ал, шамамен, 1672 жылдан кейін Қазақ Ордасының билеушісі. Салқам Жәңгір ханның ортаншы ұлы. Болашақ ханның саясатқа араласуы 1650 немесе 1651 жылға сәйкес келеді. Жәңгір ханның Қашғар билеушісі Абдаллах ханға жіберілген елшіліктің құрамында болған. Әкесінің өлімінен кейін Кіші жүз рубасыларының басым бөлігінің қолдауына ие болды. Хан тағына отырған соң Қазақ Ордасының ішкі және сыртқы саяси жағдайын күшейтуге көңіл бөлді. Ішкі саясаттағы реформаларының бір көрінісі - сан жағынан кішігірім жеті руды біріктіріп, жаңа жетіру рулық одағын және Орта жүздің құрамындағы уақтар мен керейлерден біріккен уақ-керей тайпасын құруы. Сонымен қатар қазақ халқы арасында бұрыннан қолданылып келген ру-тайпалардың ұрандары мен таңбаларын қайта анықтап белгілеген. Ұйымдастырушылық қабілетке ие болған Тәуке хан XVII ғасырдың 70-ші жылдарына қарай қазақ даласындағы алауыздықтар пен тартыстарды тоқтатып, көршілес жоңғар тайпаларына қарсы сәтті жорықтар жүргізген. Сыртқы жауымен болған ұрыстарда жеңіске жеткен Тәукенің айналасында көптеген қазақ рубасылары топтаса бастайды. Шамамен, 1672 жылға дейін қазақ даласындағы ең беделді хандардың, сұлтандардың, рубасыларының шешімімен хан тағына отырды. Ханның мөріне сәйкес ол қол астындағы көшпенді халықтан «бахадүр» және «қазы» титулдарына ие болған. Кейбір жазба деректер бойынша XVII ғасырдың 50-ші немесе 60-шы жылдары шайқас кезінде екі аяғы ауыр жараланып, мүгедек болып қалған. Сондықтан қала ішінде не ат үстінде, не арнайы жылжымалы төсеніш көмегімен қозғалып отырды. 1672 жылы қазақ ханына ойраттардың жаңа билеушісі Қалдан-Бошоқты ханның қудалауынан қашуға мәжбүр болған дербет тайшысы Даян-Омбоның ұлы Малай тайшы мен хошоуыт тайшысы Абылайдың ұлы Цаган пана іздеуге келген. Цаган тайшы 1673 жылы қазақ жерінде қайтыс болып, оның қол астындағы адамдары Тәуке ханға қызмет ете бастады. Оның тұсында «Жеті жарғы» деген заңдар жинапы құрастырылды. Жеті жарғы көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға 1000 қой, әйелге 500); ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады; денеге зақым келтірсе, оған сәйкес құн төленеді (бас бармақ 100 қой, шынашақ 20 қой); егер әйел ерін өлтірсе өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса жазадан босатылады); төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді; егер ері әйелін өлтірсе, әйел құнын төлейді.