А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет3/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   95
біріншіден, шығармалардың тілдік құрылымы, өзгешелігі, қарым-қатынастары, көркем әдебиет тілінің әдеби тілдік нормаға қатысы және деформациялары, қайсыбір тарихи кезеңдегі тілдің негізгі үрдістері қарастырылады. Мұндай жағдайда, тек лингвистикалық мүдде көзделіп, әдебиеттану, поэтика, эстетикамен байланысы болмайды;
екіншіден, көркем әдебиеттің мазмұнын тудырған сыртқы формасын зерттеуге арналады. Мұндай жағдайда таза лингвистикалық категориялар басқаша критерийлердің негізінде түсіндіруге, талдауға ие болып, басқа қырынан қарауды талап етеді. Сондықтан, әдебиет пен тілді бірлікте, өзара байланыста, органикалық бүтіндікте, яғни лингвопоэтикалық аспектіде қарастырған жөн.
Поэтикалық тілде тілдік элементтердің аспектісі, біріншіден, грамматикалық және синтаксис тұрғысынан ғана емес, көркем шығарманың ішкі дүниесін көру арқылы да танылады.
Екіншіден, күнделікті қолданыстағы тілде грамматикалық ережелерге, тілдік нормаға сай келмейтін фактілер, поэтикалық тілде өзгеше сипат иеленеді. Күнделікті сөйлеу тілінен ерекшеленіп, поэтикалық тілде барлық элементтер эстетикалық жақтан жүйеленіп, көркем мәнге, белгілі бір көркем міндетке бағынады.
Үшіншіден, поэтикалық тілдің тағы бір құрылымдық өзгешелігі тілдің сыртқы мазмұны бойынша стереотиптік түрде қабылданбайды. Оның шынайы мазмұнын, семантикалық жақтан өзгерулерін, көркем маңызын қарастырады.
Төртіншіден, поэтикалық тілде тілдік бірліктер бір-бірімен тығыз байланысқа түседі.
Бесіншіден, поэтикалық тіл әдебиетте сипатталынбайтын фактілерді де қарастырады.
Поэтикалық тіл дүниені образ арқылы суреттейтін, адам ой-санасына сурет салу арқылы әсер ететін, сезімдік-танымдық болмысты қамтитын айрықша күрделі құбылыс. Демек, поэтикалық тіл тұнып тұрған тұтас бір эстетикалық дүние.
Поэтикалық тілдегі образ, образдылық мәселесі эстетикалық түсінікпен байланысты. Лингвопоэтиканың маңызды критерийлерінің бірін осы эстетикалық қарым-қатынас түзеді. Лингвопоэтикалық талдауларда поэтикалық тілдегі бірліктер эстетикалық өлшем тұрғысынан бағаланады. Мұнда ең алдымен, нақты деректің эстетикалық, экспрессивтік-эмоционалдық мәні анықталады. Яғни көркем әдебиеттің эстетикалылығы оның тілдік негізімен тығыз байланысты.
Поэтикалық тілде ойдың интригаға құрылуы, сөйлемдердің логикалық қайшылықтарға толы болуы, ойды қиялдағы көркем бейнелер арқылы суреттеу, сөйлемдердің синтаксистік тұрғыдан қиыспауы, оның өзіндік ерекшелігі болып табылады. Яғни, поэтикалық тіл драмалық шығармалардағы кейіпкерлердің ішкі рухани дүниесін танытудағы таптырмайтын құрал болып табылады.
Жалпы суреткердің поэтикалық әлемі (танымы) жеке поэтикалық тілдің белгіленген құралы және автордың мәтіндегі поэтикалық көзқарасына негізделеді. Ал тілші ғалымдардың міндеті – осы мәтіннің қызметін (сөз, грамматикалық категориялар, стилистикалық қолданыстар) поэтикалық жүйеде көрсете білу.
Лингвопоэтика мәтіннің құрылымдық жағын қарастырып, ұлттық тілді танытатын поэтикалық идиолект тұрғысынан да зерттейді.
Лингвопоэтикалық зерттеулер көркем әдебиет тілін бірліктегі концепциялар арқылы тануға ұмтылу үрдістерімен де ажыратылады.
Қазіргі ғылыми парадигманың негізгі ұстанымдары А.Н. Баранов пен
Д.О. Добровольскийдің еңбектерінде жан‑жақты талданды. Олар когнитивті құрылым – тілдік жүйедегі компоненттердің қалыптасуын (лексикалық, грамматикалық, стилистикалық, мәтіндік) анықтайды деп көрсетті. Дәл осы ұстаным когнитивті лингвистиканың барлық саласын біріктіреді деуге болады: когнитивті семантика, когнитивті грамматика, когнитивті поэтика.
К.К. Ахмедьяров пен Н.М. Томанованың «Лингвопоэтическая интерпретация текста» (2006) еңбегіндегі «Ведущий конструктивно-концептуальный принцип организации художественной прозы, определяющий процесс его реального порождения, - это внутренняя неоднородность, текстуальная гетерогенность, или интертекстуальность; по-другому, любое прозаическое словесное эстетическое целое – полифоническая речевая структура, т.е. «текст в тексте»,- дейтін пікірлерін драма тілінің табиғатына да тән дер едік [15, 67 б.].
Лингвистикалық поэтикада көркем шығармалардың өзіндік идеялық-тақырыптық мазмұндық құрылысын, эстетикалық қасиетін және тілдік қолданысын анықтау көзделеді.
Лингвистикалық поэтиканың зерттеу нысанының маңыздылығы, бұл мәселе бойынша пікірлердің бірізділігінің жоқтығынан, яғни «поэтикалық тіл», «көркем тіл», «көркем әдебиеттің тілі», «көркем шығарма», «көркем мәтін» сияқты түсініктердің ара-жігінің ажыратылмай, аралас қолданылып келе жатқандығынан да көрінеді. Бұл ұғымдар мән-мазмұны жағынан ұқсас, жақын болғанымен, қайсысының лингвистикалық поэтиканың басты нысаны екендігін ажыратып көрсету қажет.
Осы орайда, А.А. Липгарт былай дейді: «Безусловно, не все, но очень многие художественные тексты содержат в себе нечто, обнаруживаемое лишь при рассмотрении их как совокупности отдельных элементов, что заставляет говорить о необходимости разработки особых исследовательских приемов, которые позволили бы уменьшить степень субъективности при проведении лингвопоэтического анализа развернутого произведения речи» [16, 12 б.]. Демек, лингвистикалық поэтиканың зерттеу нысанын қоғамдық құбылыс болып саналатын тілдің өзі емес, тіл және оның өзгеше функционалдық қолданысы туралы белгілі бір эстетикалық көзқарастың негізінде келіп шыққан түсінік деп есептеуге болады. Осы орайда қырғыз зерттеушісі Э. Абдыкеримованың мына пікірін атап көрсетеміз: «Жалпы алғанда, қарама-қарсы мәндегі семантикалық және логика-семантикалық қарым-қатынастар мәнін көрсетуде, жалпы текстің мәнісінің бүтіндігін және байланыстылығын қамтамасыз етуде композициялық функцияға да ие болатындықтан, стилистика үшін де, лингвопоэтика үшін де қызығушылық тудырады» (Лингвопоэтика: статусы жана проблемалары. 2008, 43 б.)
Теориялық тұрғыдан алғанда, алғаш рет В.фон Гумбольдт негізін салып, Ф. Де Соссюр кеңірек зерттеген тіл/сөз дихотомиясы, тіл мен сөздің (сөйлеудің) бір-бірінен айырмашылығын көрсетудің маңыздылығы туралы идеяның өзегін түзеді. Бұл ретте, тіл абстрактілі модель, реляциялық құрылым, жүйе болып есептеледі. Алайда бұл жүйені жайдан-жай байқай алмайсыз. Оның көрінісі – сөз арқылы сыртқа шығады.
Тілдің негізгі коммуникативтік функциясы тілдік құралдарды парадигматикалық және синтагматикалық негізде қолдану арқылы сөзде жүзеге асырылады. Ал сөз белгілі бір жағдайда актуалды, динамикалы, конкретті, субьективті мәнге ие.
Поэтикалық тіл – тілдің жалпы белгілері мен ережелерін, сөз өнерінің құралдарын қамтитын өзгеше жүйе. Поэтикалық тіл көркем бейнелеп-суреттеу, хабарлау, әсер ету мақсатын көздеп, көркем эстетикалық мәнге ие болатын барлық жанрдағы, түрдегі, формадағы мәтіндердің негізіндегі тіл болып саналады. Ұлттық тіл мен поэтикалық тіл екі басқа жүйе емес. Поэтикалық тіл – ұлттық тілдің функционалдық жақтан күрделенген бір формасы.
Тіл – ең алдымен коммуникациялық қызметті атқарады. Алайда, тіл жалғыз ғана қатысымдық мақсатты көздеместен, әсер етушілік құдіретке де ие болып, эмоционалдық, эстетикалық қызметті де қоса атқарады. Сондықтан поэтикалық тіл – тілдің эстетикалық негізінде туған деуге болады.
Тілдің коммуникативтік және эстетикалық функцияларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды, практикалық тілде де эстетикалық функция жүзеге асады, поэтикалық тілде де коммуникативтік функция орын алады. Яғни, тіл өзінің барлық қызметін ұлттық тілге сүйену арқылы жүзеге асырады.
Бұл ретте академик Р. Сыздық былай дейді: «Поэтикалық тіл әрдайым метафора, эпитет, теңеу сияқты көріктеу құралдарының санымен (көптігімен), тіпті сапасымен (аса көріктілігімен) танылмайды, суреткердің өз міндетіне алған эстетикалық талаптарына сәйкес болмысты тіл арқылы әсерлі де бейнелі түрде көрсете білуінен танылады. Ал әсерлілік пен бейнелілік көркем әдебиетте, оның ішінде поэзияда әрқашан образды метафора, теңеулермен берілмей, ешбір экспрессивтік бояуы жоқ сөздермен немесе сөз тіркестерімен берілуі де мүмкін. Әңгіме көріктеу құралдарының материалдық көрінісінде ғана емес (әрине, ол да орын алуға тиіс), шығармада сол көркемдіктің бар болуында, оның оқырман сезіміне әсер ететіндігінде» [17, 8 б.].
Поэтикалық тілдің маңызын түзетін негізгі қасиеті, оның ішкі формасында. Тіл жүйесіндегі сөздердің барлығы бірдей ішкі формаға ие емес. Ал поэтикалық тілде ол барлық бірліктерге тиесілі. Поэтикалық тілде ұлттық тілдегі потенциалдық мән көркем мәнге айналады. Бұл поэтикалық тілдің базасын, маңызын түзетін тұрақты өзгешелігі болып табылады.
Поэтикалық тілде барлық элементтер эстетикалық жақтан жүйеленіп, қандай да бір көркем міндетке бағынады. Сондай-ақ, күнделікті қолданыстағы тілдің элементі стереотиптік негізде автоматты түрде қабылданса, поэтикалық тілде автоматты түрде қабылдануымен қатар, оның нағыз бастапқы мәніне, семантикалық жылысулары мен көркем маңызына мән беріледі. Сонымен қатар, күнделікті қолданыстағы тілде лексика-семантикалық, грамматикалық мәні жағынан байланыс түзу мүмкіндігіне ие болмайтын тілдік құралдар, поэтикалық тілде тығыз байланысқа ие болып, әдеби тілде сипаттауға алынбай қалатын көріністер де оның міндетіне кіреді.
Cонымен, поэтикалық мәтін дегеніміз – тілдің феномені болып табылады. Поэтикалық мәтін тіл арқылы жасалатын шығармашылық өнер. Мәтіннің тілі – шығармаға поэтикалық және эстетикалық сапа дарытатын қару. Сондықтан лингвистикалық поэтика мәтіннің астарындағы поэтикалық болмыстың қыр-сырын ашуды көздейді.
Зерттеуіміздің тақырыбына қатысты біз ең алдымен, мәтін талдаудың лингвистикалық бағыттарына да тоқталып өтейік.
Бүгінгі таңда мәтін лингвистикасының зерттеу бағыты иманентті, құрылымдық лингвистикадан өзгешелеу, тілді жеке адаммен, оның менталдық болмысымен байланыстыра қарастыруымен ерекшеленіп отыр. Когнитивті, антропологиялық лингвистикамен қатар, лингвомәдениеттану саласының зерттеу аясы да сараланып келеді.
Мәтінді талдаудың қазіргі ең негізгі бағыттары: мәтін лингвистикасы, мәтіннің лингвостилистикасы, поэтикалық лингвистика. Айталық, мәтін стилистикасы тілдік единицалардың жүйелі құрылымдық сипаты мен мәтіннің функционалды стильдік мәртебесін анықтау, оны талдаудың әдістерін нақтыласа, поэтикалық лингвистика тілдің қалыптасқан теориясы мен тарихына сүйене отырып, сөз құдіретінің эстетикалық мүмкіндіктерін зерттейді. Бұл ретте классик суреткерлер шығармаларының тілін зерттеген теориялық талдаулардың мәтін талдаудың жаңа қырларын анықтауда қосар үлесі зор.
Мәтін категориясы лингвистикалық категорияға жатады. Сондықтан тілдік ұғым ретінде ол тілдік категорияға негізделеді. Мұнда тілдік құралдар қабілеті сөз етіледі.
Мәтін тілдік құралдар арқылы фонологиялық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік деңгейлердің белгілі бір жүйеде қызметі көрінетін, толығымен мәтінде көзге түсетін, қызмет ететін тұстарының өміршеңдігін байқататын тілдік бірліктердің ұйымдасқан түрі. Мәтінге талдау жасау арқылы тілдің құрылысы, заңдылықтары мен қызметі танылады.
Мәтін құрылысы семантикалық ақпарларды ғана жеткізетін сөйлемдер жиынтығы емес. Сөйлемдер әдетте күрделі компоненттер арқылы, мәселен, сөз тіркесі, грамматикалық комплекстер, түбір, атауыштар, етістіктер, олардың категориялары, күрделі сөздер, фразеологизмдерден құралады. Айталық, морфемалар, фонетикалық компоненттер сөйлем болу үшін қажетті құралдар ғана емес, бүкіл мәтінді құрайтын, яғни мәтін ішіндегі ең басты доминант компонент сөйлем болып табылады. Сондықтан мәтінді лингвистикалық талдау тек сөйлемді жан-жақты грамматикалық, синтаксистік зерттеу ғана емес, тілдік бірліктердің мәтін түзудегі жүйесі, бірлігі, мәтін категориясын зерттеудің пәрменділігі деп ұғынылады.
Мәтін сөйлеудің сегменті болғандықтан, адамның сөйлеу ерекшелігінде көрінеді, жеке сөйлемге қарағанда мәтінде айналаны қоршаған шындық, ішкі байланыс, сыртқы ортаның бейнеленуі сөйлеуші сөзінде тұтас қамтылады. Жеке сөйлемдерде жүйелі түрде қайталанатын қалыптасқан орта, тіршілік үстірт қана көрінеді. Ал мәтінде олай емес, мұнда бұл қасиет оның мәтін категориясының мазмұндық жағын көрсетеді.
Лингвистикалық категорияның түрі мен мазмұны олардың арақатынасына байланысты. Семантика синтаксистік негізбен (инвариант) тілдік единица байланысының өзара жақындығынан байқалады. Мәтін категориясының құрылымын белгілейтін тілдік құралдардың қабілеті арқылы ақпарды жеткізуде лингвистикалық категорияның функционалдық жағы көрінеді.
Көркем мәтін өнердің бір түрі ретінде адамға әсер ету қасиетімен ерекшеленеді. Бұл оның прагматикалық жағы. Демек, көркем шығарма автордың өзіндік дүниеге, айналаға көзқарасын айқындаумен қатар, шығарма өз оқушысына бастан-аяқ тұтас, аяқталған хабарлар түрінде жеткізіледі. Көркем шығарманы оқи отырып, түрлі оқиғалармен танысады, әрі автордың айнала шындығын қаншалықты дәл жеткізуі, көркем дүниенің эстетикалық әсері үнемі бүкіл шығарманың өн бойынан табылып отыруы қажет.
Ал поэтикалық мәтін – басқа да көркем әдеби шығарманың бірі ретінде оқушыға арналған көркем дүние. Поэтикалық мәтіннің ерекшелігі сонда, ол жекелеген сөздер мен сөз тіркестерінің модальді түрі ғана емес. Мәселен, жекелеген сипаттама үлгісіндегі өлеңмен жазылған драма, эпостарға қарағанда лирика – суреткердің ішкі жан толғанысын ең жоғары дәрежеде көрсетеді.
Демек, коммуникацияның үш тағаны бар: жазушы – шығарма – автор.
Көркем мәтіннің лингвистикалық ерекшеліктерін зерттеуде шығарманың құрылысы, категориясымен қатар, оқырман автордың түпкі ойын мәтінде берілген максималды ақпарат қорынан білуі тиіс.
Көркем мәтін басқа мәтіндерге қарағанда эстетикалық қарым-қатынасты көрсетеді, түрлі сөйлеу тәсілдері арқылы түзілетін коммуникативтік қызметі бірыңғай тілдік формамен мазмұндап беріледі.
Көркем мәтінге тән белгілі бір категориялар бар, олар грамматикалық катеория, мазмұндық категория деп аталып жүр. Грамматикалық категорияға, И.Р. Гальпериннің айтуынша, континиум (жалғастыру), ретроспекция (қайталап отыру), проспекция (болашақ жоспары), модальдылық (үлгі), интеграция және аяқталғандық сипаттар тән делінеді (Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. М., 1981).
Ал мазмұндық категорияға, персонаж, уақыт, кеңістік, хабардың түпдерегі, автордың образы, оқушы образы жатады.
Мәтіннің ең негізгі категорияларының бірі – хабар, ақпар беру (информативность). Көркем шығармадағы бүкіл баяндалатын оқиға оқушы қабылдауына қарай, идеялық мазмұны, оқушыға әсері, оның оқиғаға деген эмоциясы т.б. автордың тікелей түпкі ойына байланысты.
Көркем мәтін көркем образ, идеялық-эстетикалық ақпаратты жасаушы ретінде ерекшеленеді. Көркем мәтін кез келген ақпараттық белгі – хабарлаушы болып табылады. Лексика – сөзді жеткізудің, хабар берудің негізгі көзі. Демек, сөз – мәлімет берудің негізі. Мұнда кілт сөздердің, өте жиі қолданылатын лексиканың үлесі жоғары деңгейде тұрады. Автор осы мәтіннің өн бойында ойды ұстап тұрған әрі мәлімет беретін тірек сөздерге жиі айналып соғып отырады.
Сондай-ақ, мәтін түзетін тілдік единицалардың қызметі туралы айтқанда, мәнмәтінге арнайы тоқтала кеткен жөн. Мәнмәтін категориясы, қосымша мағына жасау техникасы дегенді білдіреді. Оны феномендік құбылыс деуге болады.
Мәнмәтін мәтін категориясы ретінде психологиялық прозаның авторлық позициясын эмоционалды, бағалаушы фактор. Мәнмәтін болу үшін түгел мәтін жасалуы керек. Мәнмәтін ойды жеткізуді сөзбен емес, яғни тікелей айту емес, ишарамен, тұспалмен оқушының көңіл көзімен аңғаратын тұстары. Мәселен, сипаттамалы суреттеу контексі: әрекеттің өтетін орнын суреттеу, кейіпкердің мінез-құлқын баяндау, ауа райын суреттеу. Сонда суреттеу контексінің мақсаты алдын ала болатын оқиғаны болжау, оқушысын дайындау.
Мәтін адамның жан-жақты көрінуіне, оның жеке тұлға ретінде толық ашылуына мүмкіндік береді. Көркем шығарманың эстетикалық әсері түрлі әлеуметтік мәдени факторларға, әрі жеке стильге байланысты.
Сонымен, мәтіннің прагматикалық бағыты оның құрылысымен байланысты болады. Қандай да болмасын сөйлеу актісі белгілі бір адресаттың моделіне есептелінеді.
Драмалық мәтіндердің құрылымына талдау жасағанда, оларды контекст аясында қарастыру қажет. О.С. Ахманованың «Лингвистикалық терминдер сөздігінде» контекст пен оның бес түрі көрсетіліп, мынадай анықтама беріледі: «Контекст дегеніміз тілдік бірліктердің жиынтығы деп, оны тұрмыстық, метафоралық, жағдаяттық, топонимикалық және театрлық деп бөледі. Соның ішінде, театрлық контекст – театрлық орындау жағдайында жасалатын және пьеса мәтінінде сахналық ремаркалар арқылы түсіндірілетін жағдаяттық контекст»,-деп көрсетілген [18, 206 б.].
Ал А.А. Реформатский болса, контекстің екі түрін (ауызша және тұрмыстық) көрсете отырып, драмалық мәтін туралы: «Тек репликалардан тұратын драмалық мәтіндерде аз және көп дәрежеде жанды ауызша диалогқа негізделгенде, эллиптикалық мәтіндер театрлық контекстке сүйенеді. Пьесаны театрдан көрмей, оқыған кезде тұрмыстық контекст ремаркалардың рөлін атқарады» [19, 114 б.],-деп тұжырымдайды.
Сонымен, лингвопоэтика сөзбен жеткізілетін көркемдік құрылымның әралуан типтері қалыптасуының тарихи заңдылықтарын қарастыратын сала, ал тілдің поэтикалық қызметі образды-поэтикалық ойлаудың көрінісі.
Лингвопоэтиканың жоғарыдағыдай зерттеу нысанының көп қырлылығына байланысты басқа ғылым салаларымен тығыз қарым-қатынасын бағамдауға болады. Сондықтан лингвопоэтика стилистика, мәтін лингвистикасы, тіл мәдениеті, шешендік өнер, өлең теориясы, өнертану, лингвосинергетика, герменевтика, психолингвистика, эстетика салаларымен тығыз байланыста қарастыруды қажет етеді.




    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет