А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет4/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   95
Сахнадағы сөз өнері

Тіл – ұлттың бүтін бір құндылығы. Тілде халықтың эстетикалық идеалы жатады. Сахна – көрерменге әдеби тілдің көркем үлгісін ұсынады, көрерменді жанды тілдің ғажап қыр-сырын құлағымен естіп, жүрегімен сезінуге мүмкіндік береді. «Дух века требует важных перемен и на сцене драматической» деп жазды кезінде А.Пушкин. Сондықтан қанша жерден заман ауысып, дүние өзгеріп жатса да, сахна – көрерменді эстетикалық тұрғыдан тәрбиелейтін, сөз құдіретін танытатын киелі орын ретінде қала бермек.


Сахнадағы актердің сөзі табиғи сипатқа ие. Сахнадағы табиғилық – күнделікті өмірдегідей қарапайым сөздер тізбегі емес, драмалық өнер табиғатына сай, өзекті жарып шығып, адамның ішкі табиғатымен қабысып жатады. К.С.Станиславскийдің «мы ненавидим театральность в театре, но любим сценическое на сцене» деуі де сондықтан шығар.
Қазақтың классикалық драмалық шығармалары құрылым-бітімі бөлек, көркемдеу тәсілдері жағынан даралық сипатқа ие туындылар.
Қазақ сөз өнеріндегі драматургиялық жанр табиғаты туралы алғаш айтқан тіл білімінің атасы А. Байтұрсынұлы болды. Қазақ әдебиетінің жанрлық формаларын топтастырудағы ғалымның еңбегі ұшан-теңіз. Ғалым айтыс-тартыс табына қарайтын сөздер деп бөлген шығармалар тобын былай жіктейді:
1) айтыс сөз;
2) тартыс сөз.
Тартыстың өзі басты-басты үш тарау болып бөлінеді:
1) мерт, яки әлектекті тартыс (трагедия);
2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма);
3) арамтер, яки әурешілік (комедия).
Осылайша драманың түрлерін тап басып айқындаған ғалым, оның әуезе мен толғаудан айырмашылығын да атап көрсетеді: «Әуезеде (әңгіме) бір болған уақиғаны, уақиғада болған адамдардың не істеген әңгімесін естиміз; бірақ ол адамдарды, уақиғаларды көрмейміз. Айтыс-тартыста ақынның айтқан әңгімесін естиміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенше амалдап, қайратына қарай қару қылып алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйінгені, күйінгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді».
Ары қарай, ғалым сахналық әрекеттерге де нақты баға береді: «Ақын адамдарын жасап, ауыздарына сөздерін салып, істейтін істерін тағдырлап, «ал істей беріңдер» деп, өзі ғайып болып кеткен сияқты, айтыс-тартыста ақынның өз тарапынан еш нәрсе сезілмейді. Әуезеде уақиғаны сөйлесе, айтыс-тартыста ақын өзі сөйлемей, өзгелерді сөйлетіп, айтыстырып, тартыстырып жіберіп, өзі бейтарап болып, тек қызығына қарап отырып қалған сияқты болады. Мұнда өткендік жоқ, осы уақытпен көрсетіледі» [20, 458 б.].
Бұл драмада өткен шақ жоқ, дәл қазір болып жатқандай бейнелеуің керек дейтін қатаң қағиданы білдіреді. Драма жанрының басты қасиетінің бірі – шынайылығы да осында.
Театр тіршілігіндегі негізгі тұлға – актер, ең басты құралы – сөз. Әдебиет те, өнер де, драматургия да сөзсіз жүзеге аспайды. Ал әдебиет, өнер жоқ жерде сахна өнері де жоқ. Қарсылық пен қақтығысқа құрылған әрекет-қуаты күшті сөз ғана сахнаның шырайын кіргізеді. Сондықтан драматургия тілі күнделікті өмірдегі ауызекі сөз емес, айрықша айшықты тіл. Ол композициялық құрылысы, жанрлық сипаты, оқиға желісі, идеялық, көркемдік қуаты барынша пісіп-жетіліп барып, күрделі толғаныстан туатын дүние. Демек, сахна тілінің көркемдік қуаты мен саздылық сипаты театр өнері саласында айрықша орын алады.
Қазақ әдебиетінде драматургиялық дәстүр М. Әуезовтен басталды. Классикалық әдебиеттен сусындаған суреткер жанр шарттарын сақтай отырып, қазақ сахнасына алғаш рет «Еңлік – Кебек» (1917) пьесасын шығарды.
Ұлы суреткер кеңес драматургиясының озық үлгілері мен классикалық шығармаларын қазақшаға аударып, сахнаға қойылуына да ерекше ықпал етеді. 1938 жылы М. Әуезов Шекспирдің атақты «Отеллосын» қазақшаға аударады. Сөйтіп қазақ тіліндегі тұңғыш аударма осы трагедиядан басталады.
Әлемдік театр өнерін жіті бағамдаған қазақ суреткерлерінің Сервантестен бастап, Шекспир, Шиллер, Мольер, Вольтер, Дидро, Гюго, Расин т.б. сахналық үлгілерін ұлттық топырақта жаратқандықтары да сөзсіз. Оған дәлел, М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің сұңғыла суреткерлігінде Шекспирмен үндестік бар дер едік. Себебі, олардың шығармашылығынан даусыз болмысты танытатын баяндаулар – констатацияның ортақтығын байқаймыз. Шекспирдің шығармашылығы (драмалары) адамзат мәдениетінің және әлемдік театрлардың дамуына орасан ықпал еткендігі даусыз. Бұл ойымызды «...Әуезовтің творчестволық лабораториясы Шекспирді еске түсіреді» [21, 14 б.],-деп қуаттайды ғалым Р. Нұрғалиев.
Шекспирдің драмалық шығармаларында дәуір шындығы, сан алуан қақтығыстар, шынайы адами мінездер суреттеледі. Шекспир кейіпкерлерінің жан дүниесі, ішкі әлемі тілдік элементтер арқылы өте терең ашылады. Оның кейіпкерлері қашанда ашық, мықты, дара тұлғалар. Шекспирдің ерекшелігі болмысты ақиқат күйінде суреттейді. Сондықтан да оның шығармашылығы ұдайы халықтық сипатқа ие болады. Сондай-ақ, Шекспир туындыларының тағы бір ерекшелігі, шығармаларының ақ өлең сарынында жазылуы. Бұл үрдіс қазақтың қос суреткерінің тілінде де анық көрінеді. Демек, бұл ұлы жазушылардың өз ұлтының этникалық суретін жасаған, лингвомәдени сипатын қалыптастырған суреткерлігі, мәдениет пен көзқарас сабақтастығы деуге болады.
М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің драмалық шығармалары да халықтық сипатқа ие. Олар халықтың төл әдебиетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, сол халықтың шұрайлы тілі арқылы ұлт кәдесіне жарата білген суреткерлер. Классик суреткерлер шығармашылығының тағы бір ортақтығы – образ тудыруларында, ішкі қуаты мол кейіпкерлерінің тұлғалылығын, олардың табиғи сұлулығын дәріптеулерінде дер едік.
М. Әуезов те, Ғ. Мүсірепов те ұлттың арғы, бергі тіл дәстүрін жалғастырушы, халыққа қаймағын бұзбай табыстаған суреткерлер.
Қос суреткердің тілі де бейнелі, шұрайлы, жанды болып келеді. Адамның мінез-құлқын, іс-әрекетін, сырт-келбетін, ішкі жан-дүниесін суреттеуде драматургтер тілінің көркемдігі анық көрініп, онда ұлттық тілдің лексикасының барлық қабаттары қамтылған.
М. Әуезов тілінде көркем әдебиетте кезіге бермейтін өзіндік соны қолданыстар жиі ұшырайды. Қазақ танымына өте жақын мұндай қолданыстар шығарманың идеясын айқындай түседі. М. Әуезов пьесаларындағы әулие жүрек, жан жанан, ой кірі, т.б. тіркестер ой сонылығын көрсетеді.
М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов пьесаларының тілі ақиқатты, шынайы өмірді, тартысты, тайталасты, болашаққа деген сенімді сезінуге мүмкіндік береді.
Біз талдап отырған пьесалардағы сөздердің семантикалық құрылымы барынша күрделі. Олардың мағынасын мәнмәтін ішінде ғана түсіндіру аздық етеді. Сондықтан да, қос суреткердің драмалық шығармаларының тілін тұтас эстетикалық жүйе ретінде қарастыру қажеттігі туындайды.
Қос суреткердің дүниетанымы қазақы ұғыммен, қазақы болмыспен терең тамырлас. Демек, қос суреткердің философиялық тілін түсінуде, олардың дүниетанымдық концепцияларын да айналып өте алмаймыз. Олардың философиялық тіліндегі кілт сөздер – аккордтар – сөз символдарға жүгінсек (бақталай баршынды, бұралған жас жігіт, егіз марал, бұлдыр күн т.б.), шығармаларының мағыналық, коннатациялық бояуларының қанықтығына көз жеткіземіз.
Қос суреткердің мәтін түзудегі қолтаңбасынан бірде-бір басы артық сөз, артық қолданылған теңеу кездестірмейсіз. Драматургтердің шығармаларындағы күрделі жымдасқан тілдік тұлғалар өзара тығыз астасып, тілдің көркемдік мақсатына қызмет етіп тұрғандығын көреміз.
Сондай-ақ театр мен драматургиялық элементтерді шешендік өнерден бөліп қарастыра алмаймыз. Қазақ сөзді өнерге балайтын халық. Өзінен сөзі үлкен халық. Шешендік өнердің театр мен драматургияға қатысты ықпалы зор. Сөзге мән беріп, астарлап, жүйесін тауып сөйлейтін, сөз құдіретіне бас иетін қазақтың бұл өнері, әрине актер шеберлігінің дамуына да ықпал еткендігіне талас жоқ. Шешендік сөздер, мақал-мәтелдер мен афоризмдер, басқа да тілді байытатын сөз нұсқалары актерлік бейнелеу құралы болып табылады. Мысалы:
Қозы. Тұрсаң төсегің, жатсаң жастығың болармын ата! Еліңді қорғар білегім бар! Жолбарыстай жүрегім бар! Бәрін салдым алдыңа!.. Көппін деп жауың басынбас, азбын деп ағайының жасымас! Жау көрінсе – алдыңа ұста, аяз қысса – арқаңа!.. Тереңге мені сал, биікке мені жұмса! (39)
Осындағы кейіпкердің төгіліп тұрған сөз кестесінің элокуциялық әсері орасан. Бұл ретте «Шешендік сөз қазақтың ұлттық табиғи болмысының және әлеуметтік өмірінің шынайы көрінісі. Шешендік өнер функционалдық стильдердің жазбаша түрі дамығанға дейінгі негізгі тілдің мәнерлі функциясын атқарған» [22, 224 б.],-деуін орынды деп санаймыз.
М. Әуезов те, Ғ. Мүсірепов те спектакльдерінің дайындықтарына үнемі қатысып, актерлер өнерін, олардың сөз саптауларын, сөйлеу тіліндегі кемшіліктерін қадағалап отырған. Тілдің келешегіне алаңдаған бүгінгі таңда, сол суреткерлер салған тілдің соны соқпағы сұйылып барады. Жастардың рухани мәдениетінде субмәдениет (слэнг – өзіндік сөздік қор және оның қолданылуы), парамәдениет (жаргон тілі), контрмәдениет (рокерлер әлемі, татуировкалар, т.б.) белең алған қазіргі кезеңде бекзат өнердің (театрдың), дегдар тілдің (сахна тілінің) қадір-қасиетін зерделеу қажет-ақ.
Осы орайда бегілі ғалым Г. Смағұлованың «...бар қазақтың басты парызы ата-бабамыз қалдырған ұлт тіліндегі сөз жауһарларын ұмытпау, кейінгі балаларымызға табыстау десек, онда сөйлеу әдебімізді қадағалап, әсіресе, жастар тіліне мән беру керек. Олардың үнемшіл, бас-аяғы жоқ қысқа сөз қолданыстары тілдік өрнекке бай қазақ тілінің өрісін тарылтып, тілдің тамырын суалдырады» [23, 62 б.],-деуінде үлкен мән жатыр.
«Қазақ ұлттық энциклопедиясында» (2000) да, «Мәдениеттану терминдерінің түсіндірме сөздігінде» (2009) де театрға қатысты театр архитектурасы, театр байқауы, театр декорациясы, театр қоғамы, театрлық маскалар, театр мерекесі, театр музыкасы, театр мұражайлары, театр сыны туралы мағлұматтар бар болғанымен, театр тілі туралы анықтама жоқ. Бұл да сахна тілінің аз зерттелуінің себебінен деп ойлаймыз.
Қазақ драматургиясының жанрлық жүйесін жан-жақты саралаған белгілі әдебиетші-сыншы ғалым Р. Нұрғалиевтың мына бір пікірі, біздің сахнадағы сөз өнері туралы қозғап отырған бүкіл ойымызды тұжырымдайды: «Табиғи төркініне жүгінсек, М. Әуезов, І. Жансүгіров, Ж. Шанин, Ғ. Мүсірепов драматургиясындағы сан алуан өлең өлшемдері, ағыл-тегіл шешендік кестелері, түйдек-түйдек бейнелі тіркестер ұлттық сахна ерекшеліктерінен туған-ды. Қазақ театрының алғашқы көрермендері асыл сөз десе, ішкен асын жерге қоятын, көзден гөрі құлаққа сенетін кешегі көшпенділер өкілі, сахара перзенттері еді» [21, 398 б.].
Модернистік стилмен қаруланған бүгінгі әдебиетте мұндай шығармалар енді туа ма, тумай ма? Бұл болашақтың еншісі дегеннің өзінде, тіл байлығының осы бір жауһарларын зерттеп, зерделеу бүгіннің ісі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет