атты Жолдауының мәні мен маңызы.
БІРІНШІ БАҒДАР. ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ.МАҢЫЗЫ.
Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы,
шикізатқа әлі де тәуелдіміз.
Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз.
Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.
Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты
жолдары бар.
Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету,
экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ, шағын және
орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру.
Сондықтан, тың тәсілдер қажет екені сөзсіз.
Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні –
сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру.
Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары мыналар:
– жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік
капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан
бас тарту;
– бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру;
– сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу.
Мұның бәрі кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап
етеді.
Бірінші. Бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың
инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Сондай-ақ, тауар
тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді.
Сондықтан, баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуынан біртіндеп бас
тарту керек. Бәсекелік ортасы жоқ нарықтар ғана бұрынғыдай қала береді.
Монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болады. Бірақ, бақылау жасау
орынсыз қысым көрсету деген сөз емес.
Бүгінде мемлекеттік органдардың, соның ішінде күштік құрылымдардың
бизнесті тексеруге жаппай кірісіп, бағалар мен тарифтерді төмендетуді
талап етуі жиілеп кетті. Құр дақпырт үшін жасалатын мұндай
әрекеттерді
доғару керек.
Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға
инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау
маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен
екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры
желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты
аңғаруға болады.
Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге
және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының
салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді.