Ас ибн Уаилге жауабы
Хазіреті Хаббабтың мүшрік Ас ибн Уаилден алашағы бар еді. Бір күні сонысын сұрап барады. Мүшрік ерегісіп:
“Мұхаммедке мойынсұнғаныңды қойсаң ғана қарызыңды қайтарамын”, - дейді.
Хазіреті Хаббаб ашуланып:
“Мен бүкіл нәрсемнен бас тартсам да, өлгенімше, өлгеннен соң қайта тірілгенге дейін оған қарсы келмеймін”- деп жауап береді.
Ас ибн Уаил :
“Мен де өлгеннен соң қайта тірілемін бе? Ондай болса, сабыр сақта. Тіріліп, мал-жаныммен қайта қауышқан кезде берешегімді берермін”, - деді ащы кекесінмен.
Осы оқиғаның артынша Аллаһ Тағаладан төмендегі аят түсті:
“Аяттарымызға қарсы шығып, “маған міндетті түрде мал да, бала-шаға да беріледі” деген адамды көрдің” бе? Ол ғайыпты қайдан біледі? Әлде Рахманның құзырында сөз алған ба?
Жоқ, тіпті де олай емес, біз оның (осы) айтқандарын жазып аламыз және азабын көбейткен сайын көбейтеміз.
Айтқан нәрселерін (мал-жанын) қолынан аламыз да, ол жалғыз өзі бізге келетін болады” (Мәриям сүресі,77-80 аяттар).
Хазіреті Хаббаб ештеңеден сескенбестен, қауіпке басын тігіп, мұсылмандығын жариялағанымен қоймай, жаңадан Исламды мойындағандарға Құран үйретумен айналысатын.
Хазіреті Омар (мұсылман болмас бұрын) қылышын жалаңдатып мұсылман болған қарындасын өлтірмек болып, үйіне кіріп барғанда да күйеу баласы мен қарындасына Құран оқытқызып отырған осы қаһарман сахаба Хазіреті Хаббаб еді.
*****
Хазреті Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығын
паш етуі
VI ТАРАУ
ҰЛЫ ІСТІҢ КІРІСПЕСІ
Бүкіл адамзат баласын тура жолға шақыратын, күллі әлемді құшағына алатын діннің мұнан былай жасырын қалуы мүмкін емес еді. Өйткені, бұл дін адамдарды материалдық және рухани жағынан түзеп, ғұмырларын баянды ету үшін жіберілген-тін. Сондықтан да ашықтан-ашық жариялануы тиіс…
Аллаһ Тағала мына әлемдегі бар нәрсені белгілі реттілікпен жаратқан. Әрбір іс тәртіпке бағына отырып орындалады, ал бұл қағиданы қабылдамайтындар, әрине, ешқашан жетістікке қол жеткізе алмайды.
Пайғамбарлар Сұлтаны – Мұхаммед те (с.а.у.) Аллаhтан келген заңдылыққа сүйеніп, осы тәртіпке бағынды. Үш жыл бойы пайғамбарлығын ашық білдірген жоқ. Исламды тек өз төңірегіндегілерге ғана түсіндірді. Иманға шақыруда өте мұқият, даналықпен, қырағылықпен ыждағатты әрекет етіп, берекетке жетті. Басына келген ерекше жайттарды тек сенімді адамдарымен бөлісті.
Осылайша ол Исламның жеңісінің негізін қалады. Біреуге көп, енді біреуге аз көрінетін жасырын үндеу кезеңінде мұсылмандықты мойындап, Аллаhтың аяттарына ден қойғандар аз болған жоқ.
Ұлы істің іргетасы қаланып, енді хақ дінді жалпы жұртшылыққа жеткізу керек болды. Қанша жасырын дегенмен, мүшріктердің бірталайы ұлағатты шаруадан азды-көпті құлақдар болып үлгерген-ді. Оның үстіне Мұхаммед (с.а.у.) бұрынғыдай жалғыз емес еді. Қасиетті Ислам қағидаларын жария қылып, тәухид ақиқатын күллі әлемге естіртудің мерзімі жеткендей еді…
Халықты ашық түрде иманға үндеуді кімнен бастау керектігі Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) Аллаh тарапынан аянмен білдірілді:
“(Ей,Расулым!)
Достарыңызбен бөлісу: |