Алматы, Казахстан некоторые вопросы орфографических норм казахского языка



бет6/7
Дата15.04.2023
өлшемі37,15 Kb.
#83126
түріСтатья
1   2   3   4   5   6   7
Шекаралас орфограммалар. Бұл сипатқа төмендегі тілдік фактілер дәлел ретінде ұсынылады. Екі буынды сөздердің соңғы буынындағы ы, і дыбыстарының сусып түсіп қалатын және осы дыбыстардың сақталатын реттері негізінен орфографиялық норма: көрік, көрігі және көркі; қалып, қалыбы және қалпы; мойын, мойны; мұрын, мұрны; бейім, бейімі; бұйым, бұйымы; пішін, пішіні. Осындай сөздердің біріккен сөздің екінші сыңары болған жағдайында қарама-қарсылықтар пайда болады: қазмойын (торсық); босмойын (қару), ботамойын (этн.), салмойын, шетмойын (тех.),тоңмойын, биеқарын (өс.), ашықауыз (аңқау), итмұрын (өс.), балмұрын (өс.) дегендердің жазылуы міндетті түрде анықтауды қажет етеді. Өйткені, мәселен, мұрын / мұрны норма болса, онда «Туған жердің итмұрынынан / итмұрнынан жасалған тосап екен»; Павлов итмұрыны – өте сирек кездесетін эндемик өсімдік. Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген [16, 380]; «Иығында босмойыны / босмойны бар кісі келе жатыр» мәнмәтіндерінде екіұдайылық көрініс табады. Күрделі сөздердің бірігу процесінде екі дауыстының бірі түсірілетін жазу тәжірибесі бар: жақсатты (болу), алауыздық, сарауру (ауру), саратан (ескіше ай аты),саратан зауза (қоңыз). Бірақ алаөкпе (болу), алаөкпе (мал ауруы), алаөрмекші (зоол.), сарыағаш (өс.), сарыала қаз, сарыандыз (өс.), сарыатан (түйе), сарыауыз (балапан), бақаот (өс.), биеемшек (өс.), ешкіөлмес (өс.), қараала (этн. зерг.) қараала (этн. тамақ) қараалқа (өс.) қараалма (өс.) қараандыз (өс.), қандыауыз (озбыр), жекеауыз (көне, мылтық), беткеұстар, салааралық дегендерге келгенде, тіл заңдылықтарына қарама-қарсылыққа тап боламыз. Қатар орналасқан дауыстылардың бірі түсірілген жағдайда сөз мағынасына нұқсан келеді. Өйткені зоологиялық және өсімдік атаулары, басқа да атаулар халық тәжірибесінде негізгі белгісін айқындау, ұқсастыру арқылы жасалған, сондықтан бірінші сыңардағы дауыстыларды түсіріп көрелік: ала дегендегі соңғы /а/ әрпі ығыстырылған жағдайда ал+өрмекші(бірінші сыңары ала емес, ал), бақ+от (бірінші сыңары бақа емес, бақ), би+емшек(бірінші сыңары бие емес, би), қар+алқа(бірінші сыңары қара емес, қар), сал+аралық (бірінші сыңары сала емес, сал) тәрізді жаңа мағына пайда болады. Алдыңғы сыңары сары сөзі болатын біріккен сөздердің кірігу моделі болғандықтан, жазу практикасында сарыала қаз / сарала қаз, сарыандыз (өс.) сарандыз, сарыатан (түйе)/ саратан (көне), сарыауыз (балапан) / сарауыз балапан түріндегі орфографиялық варианттар кездеседі. Бұл да – қарама-қарсылықтың бір үлгісі.
Жалпы, орфографияда сөздің мағынасын танытатын таңба немесе белгі болады. Көрсетілген мысалдардың қазіргі қолданысында бірізділіктің жоқтығы танытушы таңбаның қажеттілігіне байланысты: екі дауыстының қатар орналаспауы тіл жүйесінің заңдылығы болғанымен, олар (қатар келген екі дауысты) сөз мағынасын танып-білуде танытушы таңба қызметін атқарып тұр. Осы себепті кей реттерде орфографиялық норма талаптары екі дауыстының қатар сақталуына «амалсыз» барады. Сол сияқты «тісі-тісіне тимеу, қолы-қолына жұқпау» фразалық тіркестеріндегі қайталама сөздердің арасын дефиспен ажырату жазу тәжірибесінде орныққан. «Ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға, жылдан-жылға, күннен-күнге» сияқты дефис арқылы жазылған үлгілер де кездеседі. Синтаксистік құрылымы жағынан көрсетілгендер «ауылдан ауылға барып, қыдырып жүреді» мәнмәтініндегі формамен теңдес. Алайда «тісі-тісіне тимеу, қолы-қолына жұқпау» тәрізділерде фразалық тіркестің образдылығынан визуалды әсер ету (визуалды эффект) туғызу үшін танытушы белгі ретіндегі графикалық белгінің (-) қолданылуы – жазу тәжірибесінің орнықтырған орфограммасы. Әдетте, орныққан орфограмма біртектес құрылымның таңбалануына әсер етеді, осы себепті «ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға, жылдан-жылға, күннен-күнге» типтес тұлғалар аналогия бойынша қолданысқа түседі. Сонымен қатар осындай орфограммаларға қайталама қос сөздер жөніндегі емле қағидалары да негіз болады. Бұл фактілер шекаралас қолданыстар болып табылады.
Сатылана орфографиялану. Тілдің дамуында бір сатыдан екіншісіне қарқынды секіріс болмайды, өзгерістер елеусіз түрде жүріп жатады, әбден таныс тілдік бірліктің орнына жаңасы келіп, кейде екеуі де қатар өмір сүреді, жаңа тілдік бірлік жаңа сапаға ие бола бастайды, алдыңғысы қолданыстан шығады. Тіл дамуындағы осындай өзгерістерді тілдік бірліктердің орфограммаларынан көруге болады.
А.Байтұрсынүлы еңбектерінде біріккен сөздер жеке-дара талданбағанымен, ғалым ортеке мен басқұр дегендерден басқа қайын ата, қайын ене, қайын аға, кез құйрық (құс), қырық буын (өс.), соқыр теке, көл-бақа, тас-бақа, жел-бау, киік-оты, балтам-тап, ақ-сүйек тәрізді атауларды осылайша, бөлек және дефис арқылы жазған. Қазақ ортологиясы бойынша кейінгі ғылыми-практикалық зерттеулерде көрсетілгендердің кіріге, біріге таңбалануы нормаланған. Сатылана орфографиялануға негізінен күрделі тіркестердің жазылуына тән даму өзгерістері мәлімет бере алады. Екінші сыңары жай сөзімен келетін саяжай, әуежай, өсімдікжай сөздерінің орфографиялануы бірден, елеусіз түрде нормаға айналды. Осы қатардағы мекен+ жай тұлғасының екі варианттағы көрінісі бар: екі сөздің де мағынасында «мекен, орын» ұғымын білдіреді, сол себепті алғашында мәндес, коррелятивті (мағыналары өзара ұштасқан) сөздер болғандықтан, компоненттері мағыналы қайталама қос сөздер ретінде танылды. Дегенмен жай сөзімен келетін басқа неологизмдердің нормалануына байланысты мекенжай біріккен сөз ретінде қалыптасты. Бұл ретте емлеге қатысты болмаса да, талқыға ұсынылатын бір фактор бар: «хат, жай, қап, шам» тәрізді жеке мағыналы сөздер басқа сөздермен тіркескенінде жаңа мағына пайда болатыны белгілі: сенімхат, ықтиярхат, жылыжай, өсімдікжай, тұмсыққап, қолшам, аспашам. Жаңа мағына иеленген біріккен сөздердің құрамындағы соңғы сыңарлар өзінің тура мағынасында емес, гиперонимдік мағынаға ауысқан. Мәселен, сенімхат сөзіндегі хат «хат жазды; хатыңды алдым; хат білді; хатқа түсірді» деген мағынада емес, семеманың архисемасы – «жазу» мағынасы ғана сақталған, сөйтіп, осы мағына сөз-морфема қалпына қарай ауыса бастаған. Жай сөзі – «мекен, тұрақ» мағынасында, бірақ екі компоненті де «мекен, тұрақ» дегенді білдіретін тұрақжай сөзінің орфографиялануында проблема туындаған жоқ. Сондықтан бұлар – «лексика-семантикалық жағынан біртұтас, лексика-грамматикалық жағынан бір бүтін тұлға болып тұрақталған құрама сөздер» [17, 97].
Латыннегізді әліпбиге түбегейлі көшкен жағдайда өзге тілден енген тілдік бірліктердің басым көпшілігі қазақ тілінің айтылым заңдылықтарына бағындырылатын болады. Бұл – емле қағидаларын түзуде барынша сараптауды қажет ететін тұстардың бірі. Бір ғана «айтылым заңдылықтарына бағындырылады» деген қағидамен шектелген жағдайда артикуляциялық-акустикалық және перцепциялық әртүрлілікке байланысты бір сөздің бірнеше варианты пайда болады, олардың жазуға түскен нұсқалары орфографиялық варианттар құрайды және орфографиялық ауытқулар пайда болады. Ауызша тіл арқылы еніп, айтылым заңдылықтары арқылы нормаланған «бөкебай, сөлкебай, сүрек, күрешке, бөрдек, сөтке, сөмке, пойыз, зауыт» сөздері бар екендігі белгілі [18]. Олар тіл қолданысында әбден екшеуден өткен. Ал соңғы жүз жылға таяу уақытта енген өзгетілдік терминдерді айтылым заңдылықтарына бағындырудың бірнеше проблемалары бар. Біріншіден, қазіргі қазақ тілді адам өзгетілдік сөздің айтылымында түпнұсқаның артикуляциялық-акустикалық ерекшелігін дәл сақтайды, яғни бұл ерекшелік басқа тілдегі аса маңызды танымдық белгі – екпінге тәуелді. Сөйтіп, айтылуы әртүрлі пазитив /пәзитип (позитив), прафесір / прапесір / прапесыр (профессор), иміжмейкір / иміжмейкер (имиджмейкер), апталмолок / апталмолог (офтальмолог) типтес сөздер жазуға көшкенде, орфографиялық варианттар көрініс табады.
Қорытынды. Шекаралас қолданыстарды, сатылана орфографиялануды, орфографиялық варианттарды кодификациялауға ықпал жасау үшін бірқатар жұмыстар атқарылуы тиіс.
Ең алдымен Емле ережелері ғылыми-практикалық негіздерге сүйене отырып, әбден екшелуі қажет. Нормативті сөздіктердің құрылымы мен сөзді нормалық іріктеуі жақтарынан мейлінше сарапталуы маңызды. Нормативті сөздіктерде жинақталған, дұрыс, норма деп танылған тілдік бірліктердің қолданылуы жазба коммуникацияда жүйелі тәртіптің орнығуына ықпал етеді.
Тіл дамуының қазіргі жағдайында орфографиялық нормаларды насихаттау жайы да өзекті. Тіл стратегиясына қатысты заңнамалық құжаттарда «сөз мәдениетінің төмендеуі» деген мәселеге баса назар аударылып, бұны реттеу жолдары жөніндегі бағыттар ұсынылып келеді. Тіл мәдениетінің шартты түрде дербес, алайда басты саласы – жазу, яғни сауатты жазу. Сауатты жазудың үлгілерін белгілеу және бірізге түсіру – ортологиялық құралдардың міндеті, ал ортология тіл мәдениетінің бір тармағы, сондықтан синхронды тұрғыдан тілдегі құбылыстарды деркезінде, кешенді түрде зерделеу қажет. Тіл мәдениетінің, оның ішінде ортология проблемаларының сындарлы шешілуі, әсіресе жазудағы жоғары сауаттылық қоғам мүшесінің ұлт тіліне деген саналы, жауапты көзқарасын танытады, әдеби тілдің құрамындағы кез келген сөздің орфографиялық нормаларға сәйкес жазылуы тілдің өміршеңдігін сақтауға, ғылым-білім салаларындағы қолданыс аясының кеңеюіне ықпал етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет