Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық



Pdf көрінісі
бет7/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26
ИДЕОЛОГИЯ 
 
2.1 Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы айтыс (1920-1940 жж.) 
ХХ ғасыр қазақ халқы үшін түрлі саяси оқиғалар мен тарихи өзгерістер 
кезеңі болды. Ғасыр басындағы қазақ халқы геосаяси тұрғыдан толықтай Ресей 
империясының отаршылдығына тәуелді ел ретінде саналды.
Жартылай отаршылдыққа көше бастаған көшпелі жұрттың дәстүр-салт, 
өнер-мәдениетінде алғашқы баспасөз беттері мен әдебиет үлгілерінде қоғам 
ахуалына байланысты уақыт бедерінің жаңа сипаттары бой көрсете бастады.
Жыраулық, шешендік үлгіден нәр алып, қаймағы бұзылмай келген халық 
өнеріне ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, отаршылдық саясаттың 
салқын сызаты түсті. Бұл жағдай ХХ ғасыр басында өз үстемдігін одан әрман 
тереңдетіп, ұлттың рухани шығармашылығына мазмұндық һәм көркемдік 
тұрғыдан біршама өзгерістер енгізді.
Айтыс өнері өзінің көшпелі елге тән көркем мінезі мен сайын далаға тән 
эпикалық тынысын белгілі дәрежеде бәсеңдетті. Ақындар айтысы өзіне тән төл 
тақырыптардан қол үзіп, өздері де әлі сырын, мақсат-мүддесін бұлдырлау 
бағамдайтын, бөгде идеологияға бағыт ала бастады. Бұл сипатты революцияға 
дейінгі ақындар айтысынан аңдауға болады.
Революцияға дейінгі өткен, көлемі 1800 жолдай болатын Қарасақал 
Ерімбет пен Шораяқтың Омары арасында 1905 жылғы болған айтыс, сол 
уақыттың ең күрделі сөз қағысуларының бірінен саналады.
Шораяқтың Омары: «...Арасын «Әлім-Шөмен» деп айырмадым, 
Болғансын мекені бір мамлакаттан. 
Бұлар – бас крайдағы Кіші жүздің, 
Кеңесін бір біз емес, халық ұнатқан. 
Оқшауын екештірсе екі сөздің, 
Халық білед, кімге беред «дурак» атты...» [38, 551 б.]. 
Осы үзіндіден байқағанымыздай жырдағы «мамлакат», «край», «дурак» 
сөздерін ұлттық өнерге салған уақыт, қоғам таңбасы деп түсінген жөн. Бұларды 
тілімізге кіре бастаған бөгде, жат атаулар ғана емес, сол кездегі қазақ қоғамы 
бастан өткеріп жатқан тарихи-саяси ахуалдың «әсері» деп пайымдаймыз.
Халық шығармашылығындағы отаршылдық сипаттарын баяндайтын 
көріністер 1870-1882 жылдары жарық көрген «Түркістан уәлаятының 
газетінде» де жарияланған. Мәселен, 1875 жылғы 25 июль айындағы газеттің 18 
нөмірінде Шымкент оязына қараған Мәделіқожа деген ақынның Сырдария 
облысының уаенный губернаторы Калауашовтың Хиуаға барғаны тақырыпта 
шығарған өлеңі нағыз бодандық қамытын киген дала ақынының болмысын 
танытады.
Бұл өлең Хиуаны қанға бояп бағындырған губернатор Калауашовтың 
«ерлігін» дәріптеуге құрылған. «Түркістан уәлаяты» газетінің екі санында 
жарияланған ақынның «ода» жыры губернатор жорығын тәптіштеп тұрып 
баяндайды.


74 
Бұл туынды жырдан гөрі әскери жорықтың «ерлігін» баяндайтын, бүгінгі 
жол сапар, оқиғалы очерк түріне көп жақын.
«Ерлігі ол сапарда баршаға аян, 
Даңқы асқан айтуым болды мейман.
Екі қолы қызыл қан қылыштасқан,
Онда қылған ерлігін қылдым баян.
Дүниеде жақсылардың аты қалған
Осындай жазылып хаты қалған.
Уаенный губернатор Хиуа аттанды,
Генерал-губернатор Фон Кауфманмен. 
Әкімдер атрядыға қылды жарлық,
Естіді мемлекетте біткен барлық.
Мың сегіз жүз жетпіс үш болған жылы, 
Хиуа менен түркіменге болды тарлық,
Жау шыдамас орыстың әскеріне...» [62, 254 б.]. 
Бұдан әрі уаенный губернатордың ұзақ та, жеңіске толы жорық жолы 
суреттеледі. Әрине, жырдың мазмұндық мәнінен гөрі мағлұматтық мәні бүгінгі 
ұрпаққа құндырақ болып табылмақ. Жырда жер-су, елді мекен атаулары мол 
ұшырасады. «Хиуа», «Дизх», «Бұқар», «Нүрек», «Қилы», «Үшбе», «Барш», 
«Темір қауық», «Балта Саудыр», «Үшбек», «Қосбелгі», «Баймен», «Аяқұдық», 
«Арслан», «Қара ата тауы», «Мыңшұңқыр», «Танды», «Қазалы», «Гүәкімді», 
«Үш құдық», «Шеңгелді», «Халата» атаулары губернатордың жорық 
сапарымен сабақтастыра отырып, рет-ретімен баяндалады. Ең соңында 
Кенесары ханның ұрпағы Сыдық төре жасағымен кездескендігі айтылады.
«Шығарма белгілі бір уақыт кезеңіндегі шындықты шынайы сипаттауымен 
құнды» – [63, 134 б.] деп бағалайтын болсақ, жүздеген, мыңдаған жылдардың 
шежіресіне айналған әрбір шығарма бедер-бейнесін, ақпар-мағлұматын 
насихаттауымен бағалы деп пайымдаймыз.
ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінде жазылған һәм ұлт зиялылары 
аузынан жиі естілетін «надандықпен күрес» ұғымын біз бүгінгі көзқарас 
тұрғысында қалай қабылдаймыз?! 
Жалпы, ХІХ ғасырдағы Абай, Ыбырай, Шоқан дәуіріне дейінгі ауыз 
әдебиеті үлгілерінен «надандық» ұғымын кездестірмейміз. Қайта ақын-жырау, 
би-шешен мұраларынан дала философиясы мен көшпелі елге тән тазалық пен 
дегдарлық қасиеттерді жиі аңғаруға болар еді.
«Өмір сырын мол сезініп, санаға жазған дала даналары халқын елдікке, 
ерлікке үндеген, қайғысына қабырғасы қайысып, қуанышына жүрекжарды жыр 
төккен. Сондықтан, біз ақын, жыраулар творчествосын қарастырғанда өз 
дәуірін шындықпен бейнелеп, ізгілік пен әділетті ту еткен, бұқара мүддесін 
жырлаған ақын-жыраулар мен жыршыларға ерекше назар аударамыз» [64, 6 б.]. 
Ұлтты рухани қазынамыздың шығармашылық сапасына осылай деп 
пайымдау жасаған зерттеуші-ғалымдар пікірінің дені бірін-бірі толықтырып, 
үнемі мағыналас-мәндес түйінде тоғысып жатады. Ендеше, «надандық» 
ұғымын халқымыз бастан кешкен тарихи қилы кезеңдер саясатынан іздегеніміз 
дұрыс.


75 
Ресей отаршылдығы жеріміздің шұрайлы өңірлеріне ғана иелік етіп қойған 
жоқ, 
ол 
сондай-ақ 
ұлттық 
өнеріміздің, 
мәдениетіміздің, 
рухани 
шығармашылығымыздың да өркендеуіне өре салып, тынысын тарылта түсті. 
Би-шешен, абыз қариялардың билігіне жүгінуден гөрі ел ішінде ұлыққа, оязға 
арыз-шағым жазуды жөн көрген ел, далалық дәстүрдің даңғайыр ғұрпынан қол 
үзе бастады. Елдікті, ерлікті дәріптейтін халқымыз етек басты, ауыл-аймақ 
әңгімесінен ұзап шықпайтындай халге жетті.
Сахараның саһар мәдениеті мен салтынан алыстай түсу, халықты рухани 
күйзеліске, томаға-тұйықтыққа, жалқаулық пен енжарлық кейіпке бейімдей 
түсті. Бұл жағдай әсіресе, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ 
қоғамында айрықша сезілді. «Надандық» ұғымының пайда болуын осындай 
қазақ халық бастан кешірген қилы заман ахуалымен байланыстырған дұрыс.
«Айқап» журналының 1914 жылғы №1 санында жарияланған «Ғылым мен 
надандықтың айтысынан» сол кездегі қазақ қоғамы ахуалын, сондай-ақ осы 
келеңсіздікке деген ұлт оқығандарының таным-түйсігін жақсы аңғаруға 
болады.
«Ғылым: 
Әй, малғұн мен келгенде көтер басты,
Болдың ғой түпке жетіп сен албасты. 
Қалғыздың кейбіреудің құр сүлдесін,
Тынышына қоймайсың қалған жасты.
Надандық: Шайқама тәтті ұйқымды тентіреген, 
«Келсін» деп сені мұнда кім тілеген? 
Күшпенен кімді жеңіп алғандайсың. 
Нәп-нәзік түрің мынау үлбіреген.
Надандық: Қазақ пен башқұрт кетсе түркіпенім бар,
«Жылан» деп ғылым көрсе үріккенім бар.
Бәдәук, үнді қалмақ, сыртымменен,
Қон-жыным араласып біріккенім бар. 
Ғылым: 
Бұл ғасыр жыйырмасыншы байқа, шалым,
Қолға алған үкіметті біздей ғалым. 
Ісімнің кем-кетігі реттелсе, 
Қуылар жер-жүзінен сендей залым» [65, 191-192 бб]. 
Шығарма мысал айтыс түрінде жазылғанымен автордың қандай мәселе 
көтеріп, нені меңзеп тұрғандығын көкірегі ояу оқырманның бірден аңғарары 
сөзсіз. Жалпы, мысал айтыс түрлері ауыз әдебиетінің көне үлгілерінде де 
кездеседі. Дегенмен де ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде (революцияға дейін 
және кейінгі кезеңдерде) мысал айтыс түрлері белгілі дәрежеде бұқаралық 
сипатқа ие болды. Өйткені «ақындардың мысал айтысында хайуанаттарды 
айтыстыру арқылы өндірістегі олқылықты, адам мінезіндегі кемшілікті 
мысқылдап мінейді. Мысал түріндегі айтыстың тілі юмор мен сатираға 
құрылған. Мысалы, «Қасқыр мен қой», «Төрт түлік малдың айтысы», «Шопан 
мен қой», «Әшім мен ақ тұсақ», «Еңбекші мен жалқау», «Есмақан мен 


76 
Оразгүл», «Ат пен трактор» [13, 7 б.] сияқты жыр үлгілері қоғамның міні мен 
кемшіліктерін, тозығы мен озығын салыстыру түрінде баяндап, насихатшылдық 
рөл атқарған.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап, кеңестік идеология сол 
кездегі Ресей отаршылдығындағы Орта Азия халықтарын бірден шырмап,
құрсаулап тастады. Қазан төңкерісінен кейінгі екі-үш жылдың ішінде қазақ 
қоғамы да танымастай «өзгеріп» сала берді. Халықты тапқа бөлу үрдісі, ұлттың 
ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпына да өз салқынын тигізіп 
бақты. Табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы сияқты, халықтың өмір сүру 
заңдылықтарының өрескел бұрмалануы, оның зерде-зейін, таным-түйсігіне де 
әсер етпей қоймады.
Ғасырлар бойы қалыптасқан, халықтың таяныш-тірегіне айналған дін, діл, 
дәстүр, мәдениет, өнер сияқты рухани құндылықтардың өгейлікке ұшырап 
немесе көз көріп, құлақ естімеген «жаңаша» сипатқа көшуі, елді есеңгіретіп 
тастағандай еді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал», – дейтін халық бұл 
«жаңа» өмірге бейімделе бастады.
ХІХ ғасырда өмірге келіп, сол замандағы ақын-жыраулардың соңғы легінің 
көзін көріп, сарқытын ішкен Шағырай ақынмен айтысқан жаңа заман ақыны 
Көлбайұлы Қарсақ былай деп толғайды:
«Жастықта тірлік бер деп тілегім сол,
Партия өркендетті: дәулетім мол. 
Халықты мұңсыз етіп байытпақшы 
Алдымда Ленин бабам бастаған жол.
Саяси басшылықтың арқасында, 
Жауларға маңайдағы құрылған тор» [13, 38 б.]. 
1923 жылғы болған айтыс мазмұнын оқи отырып, небары бес-алты жылда 
қазақ ақынын «Ленин бабам» деп сайратқан коммунистік идеологияның 
«құдіретіне» еріксіз таң қаламыз. Дей тұрғанмен, кеңес дәуіріндегі әдеби 
мұраның қандай түрі болмасын, оның құндылығын жоққа шығару жаңсақтық 
болар еді. Өркениетті елдерде халықтың өткен тарихына құрметпен қарайтын 
жақсы дәстүр бар. Олардың пайымдауынша өткеннің бәрі уақыт бедерін 
айғақтайтын тарихи жәдігер. Кейінгі ұрпақ одан өзіне қажетін ғана алады.
Бұл туралы қазақ ғалымдарының да пікірі осы тоқтамға саяды. «Қашанда 
болсын заман, дәуір, саяси-әлеуметтік жағдай әдебиетке енін салып, таңбасын 
басады. Дәуіріне, дәуіріндегі әлеуметтік-саяси жағдайға лайық әдебиеттің 
тақырып-идеялық, тіл, стильдік түр, жанрлық ерекшеліктері болмақ» [66, 320 
б.]. 
Қоғамдық формациялардың ауысуы, идеологиялық саяси ұстанымдардың 
өзгеруі, сөз жоқ, ұлт санасына өз әсер-ықпалын тигізері анық. Дегенмен де, 
халықтың әу бастағы рухани құндылығының қуаты қандай зобалаңды бастан 
өткермесін өзінің жоғалмайтындығын дәлелдеп отыр.
Қазақ әдебиеті мен өнер тарихында дәстүр сабақтастығы деген жақсы ұғым 
бар. Коммунистік идеология сол ұлы дәстүрдің тереңдігіне, ұлттық сипатына 
нұқсан келтіре алмады.


77 
Кеңес дәуірінің жиырмасыншы жылдарындағы ақындар айтысын зерделей 
отырып, өнердегі дәстүр сабақтастығының өшпейтіндігіне куә боламыз.
1925 жылы болған Керімқұл мен Бибіайшаның айтысы ХІХ ғасырдағы қыз 
бен жігіт айтысының тамаша үлгісін еске түсіреді. Айтыстың бір ерекшелігі 
ұлттық болмыстың таза сақталуы һәм заман идеологиясынан адалығы еді. 
«Әдейі сонау Сырдан іздеп келдім, Өлеңнен тарқай ма деп бір құмарым», – деп 
басталатын Керімқұл ақынның сөзін Бибіайша: 
«Әдейі Сырдан іздеп келген болсаң, 
Шүкір ме, амансың ба деген болсаң, 
Көңілді өлең жақтан тойдырайық,
Кәдімгі айтып жүрген өлең болсаң» [67, 39 б.], – деп сөз 
сайысы түре айтыс түрінде өрбіп, қазақи дәстүр негізінде қыз бен жігіт 
айтысында жиі қолданылатын астарлы сөз, юмор бұл сөз қағысудың негізгі 
ерекшелігі ретінде көрініс табады.
Керімқұл: «Шақшамды жүріп едім қолыма ұстап,
Насыбайдың құмары отыр құштап. 
Сол бойынша кетіпті ұмыт қалып,
Бір жерге қоя сап ем асығыстап.
Бибіайша: «Ауылдың жарамайды көп алысы,
Кісінің жақсы болар көз танысы. 
Құдеке-ау, ұмыт қалған насыбай ма,
Қайғырма, болар оның бір мәнісі» [67, 43 б.].
Сөз өнерін бүкіл өнердің төресі деп, әуелден сөз қадіріне жете көңіл 
бөлетін қазақ астарлы ой мен орамды әзіл-қалжыңдарға ерекше ден қойып, 
ақынның ұтымды жауаптарын жоғары бағалаған. Кейде біз сөз етіп отырған, 
әлеуметтік мәселелерден гөрі халық көңілі бір сәт сананы серпілтер осындай 
айтыстарды да қалап, ұйымдастырып отырған. Бұның өзі ақындар айтысы 
қашаннан халықтың рухани сұранысын қанағаттандырушы өнер түрі де 
болғандығын дәлелдейді.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдар аралығындағы ақындар шығармашылығының 
идеологиялық сипатын барынша танытатын туындының бірі белгілі халық 
ақыны Жақсыбай Жантөбетов (1888-1958) шығарған Шапиғ пен Жаппар 
айтысы. Бұл айтыс 1928 жылы шыққан.
Ұлттық дәстүр мен өнер түрінің біразын тәрк еткен кеңестік идеология 
ақындар айтысын өз мүддесіне сәтті пайдалана білді. Қазақ халқының елдігі 
мен ерлігін дәріптейтін тарихи жырлар мен жыраулар поэзиясын би-шешен 
сөздерінің ұшан-теңіз мұрасын мансұқ еткен коммунистер, айтыс өнеріне 
басқаша пейілмен қарады. Кеңестік идеологияның сойылын соққан шовинистік 
көзқарастағы зерттеуші-ғалымдар қазақтың айтыс өнерінің бұқаралық сипаты 
мен насихатшылдық қуатының зор екендігін аңдаса керек.
Сондықтан да, өз мақсат-мүддесін насихаттаудың оңтайлы құралы ретінде 
айтыс өнеріне ескіліктің сарқыншағы ретінде қарамай, оны өз пайдаларына 
икемдей білді. Бұл үрдіс Кеңес Одағын басқарған барлық көсемдер тұсында 
жалғасын тауып отырды.


78 
Сөзіміз дәлелді болу үшін жоғарыда келтірілген Шапиғ пен Жаппар 
айтысынан үзінді келтіріп көрелік:
«Шапиғ: Мен де кедей баласы,
Сен де кедей баласы,
Біздер баққан баяғы 
Байдың қайда танасы? 
Жаппар: 
Құрыған байдың танасы,
Бұзылған оның қаласы. 
Октябрь туып ашылды, 
Бай мен кедей арасы. 
Шапиғ: 
Десеңші онда қуаныш, 
Көрсетті қорлық жуан іс.
Кегін алып байлардан, 
Қайтты ма кек болған іс. 
Жаппар: 
Байды құрттық қуалап,
Ақ қайыстай ұялап 
Байға жақын құлақтар, 
Артынан кетті домалап» [68, 49-50 бб]. 
Белгілі бір мақсат-мүдде жолында, өз идеологиясын жүргізу үшін 
отарлаушы елдер саяси тәсілдің сан түрін қолданған.
Сол үшін де бодандық қамытын киген аз ұлттардың тұрмыс-тіршілігі, 
салт-сана, әдет-ғұрпы мен дүниеге деген таным-түйсіктерін жылдар бойы 
жалықпай зерттеген. Қазақ халқының алтын діңгек тұғыры, елдік, ұлттық 
касиетінің басты өлшемі тілінде яғни, сөз өнерінде екендігін отарлаушы 
империя жақсы түсінді. Сондықтан да елді рухани құндылығынан қол үздіре 
отырып, табиғат құбылысына бейімделіп, ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі 
жұрттың өмір сүру қағидасына кереғар әрекеттер жасады. Міне, осындай 
қиянаттардың зардабы ғасырлар бойы сайын сахарада дала мәдениетінің озық 
үлгісін танытқан көшпенділер өркениетін тарих сахнасынан ысырды.
ХІХ ғасырда дендеп кірген отарлау саясатын Қазан төңкерісінен кейін 
қызыл коммунистер толығымен жүзеге асырды.
Сол уақыттарда сөз өнерін айтпағанның өзінде халықтың әдет-ғұрып, 
дәстүрлерінің өзі сол кездегі идеология жаршысына айналды.
Өткенді қаралап, жаңа заманнан жақсылық күткен ақындар шын мәнісінде 
болашақтан мол үміт күтті.
Насихаты нанымды, сөзі салмақты жаңа үкімет шынында да жұмақ заман 
орнататындай әсер бергені сөзсіз. Бұл уәдеге ел ішіндегі өнер иелері түгілі ұлт 
зиялыларының біразы иланып, сенгені тарихтан белгілі.
1930 жылы Гурьев облысының Махамбет ауданына қарасты Ақсерке 
ауылында болған Жібек пен Құмар ақындардың айтысында біз айтқан осы 
мәселелердің нышаны анық байқалады.
«Құмар: Сұм заман кім-кімді де азалатты,


79 
Жаныңды жастай сенің жазалатты.
Жан даусың шыққан кезде торға түсіп,
Жолатты қашан біздей азаматты... 
Жібек: Талайы шешкен жұмбақ осындайдың, 
Жүнжіген жамандарға қосылмаймын.
Ленин берген ерік рас болса,
Өлең мен жұмбағыңа тосылмаймын...» [69, 58-59 бб]. 
«Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» – деген ұранды ұғымның дүниеге 
келуі де, дәстүр мен салтқа, рухани құндылыққа өз ықпалын еркін жүргізе 
бастаған коммунистік саясаттың сол кездегі жетістігі болатын.
Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілер кейіннен сол кезеңдегі халық 
өкілдері шығармашылығы болмысын былайша бағалады: «Бұл дәуірдегі 
жұмысшы поэзиясында революциялық мотив қалыптасып, өріс ала бастайды. 
Сол мотив қазақ жұмысшыларының ғана емес, ауыл кедейшілерінің арасында 
да мол туып жатқан өлең-жырлардың өзекті желісі болып келеді. Мұндай 
жырлардың пайда болуына, біріншіден, қазақ халқының қанаушылыққа қарсы 
ерлік күресі мен әлеуметтік жағдайы себеп болса, екіншіден, орыс 
жұмысшыларының революциялық жырларының үлгі-өрнектері әсер етті» [21, 
737 б.]. 
Әрине, ХХ ғасыр басында түрлі мақсат-мүддедегі ұлттық басылымдардың, 
атап айтқанда «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті, сондай-ақ «Қазақстан», «Ешім 
даласы», «Қазақ мұңы», «Жетісу» сияқты басылымдардың жарық көргені 
белгілі. Әсіресе, революцияшыл рухтағы басылымдардың идеологиялық 
насихаты жоғарыда келтірілген зерттеушілердің пікірін қуаттай түседі. 
Өйткені, сол кездегі ұлт зиялылары мен көзі ашық оқыған азаматтардың біразы 
коммунистік саясатқа иланып, мойынсынып қалған еді. Кеңес дәуірінің 
алғашқы жылдарында қазақ ұлысында жарияланған баспасөздің дені 
коммунистік идеологиянының жыршысына айналды.
«Қазақстанда Совет өкіметін нығайту ісінде Коммунистік партияның 
лениндік ұлт саясатын дұрыс жүзеге асырудың маңызы аса зор болды. Бұл 
жөнінде баспасөз жергілікті партия ұйымдарына үлкен көмек көрсетті, 
еңбекшілердің қалың бұқарасына лениндік ұлт саясатын түсіндірді, халықтар 
достығы идеясын насихаттады, еңбекшілерді пролетарлық интернационализм 
рухында тәрбиеледі» [70, 62 б.]. 
Қашанда жаңалықтан, елдің әлеуметтік-саяси жағдайынан құлағдар болып 
жүретін халық ақындарының көпшілігі, сөз жоқ, заман идеологиясына құлақ 
асқаны анық. Әрине, араларында Кеңес өкіметіне қарсы шығып, оның зымиян 
әрекеттерін әшкерелеген ақындар да болды. Бірақ олар озбыр империяның 
қанды құрығының құрбаны болды. Ондай ақындардың есімі де, 
шығармашылық мұрасы да тарих бетінен өшірілді. Мәселен, ел ішінде көзден 
таса құпия түрде жасырын айтылып келген халық ақыны Түскен 
Сартбасұлының мына бір жыр жолдары ХХ ғасырдың отызыншы 
жылдарындағы қоғамның саяси болмысына қарап айтылған ащы шындық еді.


80 
Халықты тапқа бөліп, баланы әкеге қарсы қойып, ел тізгінін ұстап отырған 
би-шешендерді қудалап, өрісі төрт түлікке толып отырған, ауқатты адамдардың 
мал-мүлкін тәркілеп, жер аударып, билікті әумесер ұрда-жықтардың қолына 
беру, коммунистердің ең бір сұрқия саясаты еді. Осыны көзбен көрген Түскен 
ақын:
«Алжасса заман, 
Алғасса адам 
Ақылгөй келер, 
Ит-шошқа надан», – деп ашына жырлады.
Қазан төңкерісінен кейінгі халық шығармашылығы, оның ішінде айтыс 
жырларының мазмұндық һәм көркемдік деңгейі түбегейлі өзгеріске ұшырап
қоғам идеологиясының қолшоқпарына айналды. Көне замандардан бері өзінің 
көркемдік қуатын жоғалтпай, дала философиясы негізінде көшпелі өркениеттің 
рухани нәрімен сусындап келген халық шығармашылығы, Кеңес өкіметінің 
жоғын жоқтап, оның «ұлы мақсаттарын» насихаттайтын құралы деңгейіне 
түсті.
Әрине, бұл жерде айтыскерлердің тілдік қуаты, суырыпсалмалық 
ерекшелігі, шешендік тапқырлығы сияқты ақындық шеберлігі төмендеп кетті 
деп айта алмаймыз.
Тек ақынның сөз еркіндігі, ой азаттығы белгілі бір идеологияға, жүйеге 
тәуелді болуы, жырдың мән-мағынасының жұтаңдыққа ұшырауына әкелді.
Мәселен, бодандық бұйдасын кимеген ел еркіндігі салтанат құрған 
Қазтуған жырау заманында дала ақындарына тән асқақ ой, адуынды мінез 
былайша өріледі:  
«Белгілі биік көк сеңгір 
Басынан қарға ұшырмас. 
Ер қарауыл қарар деп, 
Алыстан қара шалар деп, 
Балдағы алтын құрыш болат, 
Ашылып шапса дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп 
Арғымақтың баласы 
Арыған сайын тың жортар...» [71, 123 б.]. 
«Сөз – ойдың сәулесі. Ойың түсініксіз болса – сөзің де түсініксіз», – деп 
жазыпты В.Г. Белинский. Мұны А. Толстой да қолдаған. Ол: «Тіл – ойлау 
құралы. Оған қалай болса, солай қарау – қалай болса, солай ойлау деген сөз», – 
дейді [72, 7 б.]. 
Ғалымдардың осы тұжырымдарына ден қойсақ, сөздің көркем, 
шығарманың мазмұнды болуы адамның ойлау қабілетіне байланысты болмақ. 
Осы қисынды тереңірек қаузай түссек, шығармашылық адамның ой азаттығы, 
көзқарас еркіндігі деген ұғымдардың көрініс берері сөзсіз. Жоғарыда Қазтуған 
жырау мұрасынан тегіннен-тегін үзінді келтірген жоқпыз.
ХХ ғасыр басындағы кеңестік қазақ айтыс ақындарының мына бір жыр 
қағысу үлгісінен қоғам идеологиясының рухани құндылыққа қаншалықты әсер 
еткендігін анық байқауға болады. Орал қаласында шығатын «Екпінді құрылыс» 


81 
газетінің 1934 жылғы 23 августегі санында Темірбек пен Мырзабек 
ақындардың атынан шығарылған (айтысты шығарушы Сақып ақын) айтыстың 
әлеуметтік мәні мен көркемдік деңгейін, оған тигізген коммунистік идеология 
табын анық байқауға болады. 
Мырзабек: «...Ол рас. Былтырғы жыл болды жаман,
Пішенсіз жүдеп шықты жалғыз қарам. 
Білмеймін есептен бе, өзімнен бе? 
Еңбеккүн тек «жиырма төрт» былтыр маған. 
Темірбек: Кел достым, екпінді боп іс істелік, 
Екпінді бұдан да біз күшейтелік,
Егінді дәл кезінде жақсы жинап,
Жұмыстың сапасы үшін күреселік...» [13, 61 б.]. 
Зерттеу барысында айтып өткеніміздей, Қазан төңкерісінен кейінгі айтыс 
үлгілерін белгілі бір авторлар шығарған.
Сол кездегі колхоз шаруашылығын, еңбекшілердің тұрмысын, партия 
ұранын насихаттау үшін Сақып ақын өз атынан өлең-жыр, толғау арнаса да 
болар еді. Бірақ, ақын осы мәселелерді насихаттау үшін екі ақынды 
айтыстырады. Бұдан аңдайтынымыз, біріншіден, айтыс жырларының халыққа 
жақын өнер екендігі, екіншіден, ақындардың аузына сөз сала отырып, ой 
қайшылығы негізінде ойға алған мақсат мәнін оңтайлы ашып, көрсету болып 
табылады. Коммунистік партияның қазақтың айтыс өнерін өзіне икемдеу, 
оңтайландыру тәсілінің бір көрінісін осыдан байқаймыз. Қалай десек те, 
қазақтың айтыс өнері өз миссиясын қандай дәуір, қандай қоғам болмасын 
тоқтатқан жоқ.
Ол миссия – оның ақпаратты-танымдық, насихатшылдықтың қайнар көзі 
болып келгендігі һәм бола беретіндігі. Кеңес дәуірінің 1920-1940 жылдар 
аралығын қамтитын айтыс үлгілерінің дені осы миссияға толығымен жауап 
беретін шығармашылық мұра болып табылады.
Кеңес дәуірінің алғашқы ширегінде өткен айтыс жырларының көлемі һәм 
көркемдік деңгейі тұрғысынан ауыз толтырып айтуға тұрарлығы Саяділ мен 
Майса қыз арасында өткен сөз сайысы. Бұл айтыс 1936 жылы өткен. Халық 
ақыны Саяділ Керімбеков (1885-1961) Майса қызбен өткен бұл айтысын ел 
ішінде Алмабек пен Майсаның айтысы деп те таратқан.
Бұл айтыстың бір айтарлығы, сөз қағысу барысында ақындардың шеберлік 
сипаттарын айқындайтын бірнеше ерекшеліктердің көрінісі табуы болып 
табылады. Біріншіден, дәстүрлі қазақ айтысының тағылымын көріп үлгерген 
Саяділ ақынның тіл байлығы, сөз саптау машығы әлі де болса халықтың 
байырғы өнеріне етене жақындығын аңғартады. Екіншіден, қыз бен жігіт 
айтысына тән ибалы әдет-салттың нышаны бұл айтыста барынша сақталған. 
Үшіншіден, көнеден келе жатқан айтыс ақындарындағы жұмбақтасу тәсілі де 
сөз қағысу барысында сәтті қолданыс тауып, оның шешуі әлеуметтік 
жағдайларға байланыстырылып айтылады.


82 
Саяділ: 
«...Табанда айтқан жерде тауып бермек, 
Ешкімнің назарында тұрмас дайын. 
Төрт нәрсе неге қажет – зәру жұртқа, 
Білсеңіз түсіндірші бізге жайын.
Майса:
Түкпірі дүниенің кең болады,
Кемеріне мекендеп ел қонады,
От пен су, тұз, нан тұрмыс ырзығы –
Халықтың қажетіне тең болады...»[13, 66 б.]. 
1936 жылы өткен айтыс уақыты – сол кезеңдегі елдің біршама сауаттанып, 
әр түрлі саяси жағдайлардан хабардар болып, көзі ашылып, көкірегі ояна 
бастағандығын көрсетеді.
Айтыста отызыншы жылдардың ортасындағы қазақ халқының тұрмыс-
тіршілігі жан-жақты көрініс табады. Отыз екінің ашаршылығынан кейін ел 
еңсесін сәл де болса көтере бастаған тұсты Саяділ ақын тіптен әсірелеп 
шабыттана жырлайды.
«Колхоздың бір мүшесі Майса тегің,
Осы еді бағанадан қойған шегім, 
Мал анау жер қайысып ызғып жатқан, 
Ту тігіп алабыңда жайқалды егін.
Күн құсап көктемдегі күркіреген, 
Біз көрдік қыруарын машинаның. 
Қондырып мұндай бақыт басымызға 
Жандырған кім болады ел еңбегін» [13, 73 б]. 
Бұған, жан-жақты толымды жауап берген Майса ақын қарсыласына 
«СССР-дың белгісі не екен, сірә?» [13, 10 б.] – деп қарсы сұрақ қояды. Бұл 
сауалға Саяділ де іркілместен: 
«Өнерді меніменен салғасып ал,
Әр нәрсенің ағымды арнасы бар.
Қарым-қатынас халқымнан үзілмейді, 
Одақ елдің орталық жалғасы бар. 
Жер жүзіне әйгілі танытатын, 
Айшықталған орақ пен балғасы бар» [13, 77 б.], – деп жауап қайтарады.
Тағы бір сөз кезегінде Саяділ ақын: 
«Ең соңғы адамзаттың тиянағы, 
Аңсаған бүкіл дүние – коммунизм» [13, 77 б.] , – деп жырлайды. Кеңес 
Одағының мемлекеттік таңбасын жырмен өріп, «бүкіл дүние аңсаған – 
коммунизм», – деп шабыттана жырлаған ақындардың таным-түйсігін сол 
кездегі барша қазақ халқына әсер етіп отырған заман идеологиясының ықпалы 
деп қараған жөн.
Бұл туралы кезінде Мұхтар Әуезов өзінің «Совет ақындарының айтысы» 
атты мақаласында жан-жақты айтып кеткен. Мақаланың құндылығы оның 
социалистік мәнінде емес, сол кездегі айтыс өнерінің иделогиялық құралға 
айналғандығының реалистік тұрғыдан бағалануы деп түсінеміз. Онда Ұлы 


83 
Октябрь революциясы ескіліктің темір құрсауынан босатқан қазақ халқының 
мәдениеті коммунистік партия қамқорлығының арқасында өркендеп, өскендігін 
айтады. Сондай-ақ, сол кездегі баршаға мәлім кеңестік идеология ұранына 
айналған. 
«...Мазмұны – 
социалистік, 
түрі 
– ұлттық, бұқараны 
интернационализм рухында тәрбиелеуді және пролетариат диктатурасын 
нығайтуды мақсат ететін мәдениет жасалды» деген сөздерді келтірген. 
«Бақытты жаңа өмірді жырлауда, социалистік мазмұнды жаңа тарих 
табыстарын жырлауда халық ақындарының орны, еңбектері аса мол кадірлі 
болды» [73, 12 б.]. 
1936 жылы халық ақыны Қуаныш Баймағамбетов шығарған Гүлсім мен 
Бопанның айтысы да «бақытты жаңа өмірді жырлауға» құрылған. 
«Мен атандым ударник, 
Ала жаздай еңбек қып. 
Еңбек етіп тапқанды 
Жай отырмын ішіп-жеп. 
Ақша аламын мақтаудан 
Еңбеккүнім тағы көп 
Жалқаулығың жұғады 
Көп сөйлемей әрі кет» [13, 77 б.], – дейді Гүлсім қыз.
«Қуанасың осынша, 
Еңбегіңе мақтанып. 
Азығың көп болғанда, 
Кімді бақтың ап барып. 
Жаздай жаттым мен тыныш, 
Қызыл шоққа таптанып 
Азығым жоғын айтпасаң, 
Ұйқым болды қап-қанық» [13, 77 б.], – деп жауап қайтарады 
Бопан жалқау. Гүлсім мен Бопанның айтысы сол уақыттың ұғымымен айтсақ, 
жалқау мен екпіндінің айтысы. Айтыстың мұндай үлгілерінің қажеттілігі 
туралы зерттеу барысында айтып өткен болатынбыз. Бұл тұрғыда совет 
ақындарының айтысына баға берген М. Әуезов пікірі де ойымызды растай 
түседі. «Совет тұсындағы айтыс – сынның, өзара сынның да өткір құралы. 
Шаруашылық зор науқандарды атқаруда, өзара мемлекет жоспарын жақсы 
орындау жөнінде бригада мен бригада айтысы, жалқау мен екпінді айтысы, 
жауыр көлік пен салақ иенің айтысы сияқты айтыстың бәрі сын жоғары. Жер-
жерде социалистік құрылыстың екпінді қарқынына кедергі болар бөгеттерді 
кезінде жоюға арналған үгіт құралы болды. Совет ақындары бұл жағынан 
қарағанда, өздерінің шебер, тапқыр айтысуларымен күнделік советтік, 
социалистік өмірдің көрнекті қайраткерлері болды» [73,12 б.].
Қазан төңкерісі орнағаннан кейінгі қазақ тұрмысының тыныс-тіршілігі сол 
уақыттағы халық шығармашылығында жан-жақты көрініс тауып отырды. Елдің 
әлеуметтік жағдайы мен қоғамдық таным-түйсігі әсіресе, айтыс жырларында 
айқын сипатқа ие болды. М. Әуезов айтыс туралы мақаласында бұл жайында 
кеңірек тоқталады. Аталмыш мақалада арнаулы айтыстарда жарысқа түсетін 


84 
атақты ақындар ғана емес, халық сауығында өз күштерін жаңа сарапқа салып 
жүрген жас талаптар да өз айтыстарының қызықты, қадірлі мазмұны етіп, қоғам 
мүддесін, совет патриотизмін жыр етеді деп жазады. Сондай-ақ М. Әуезов: 
«бұл айтыста бұрынғыдай кертартпа, рушылдықтың советтік айтыстарда ізі, 
елесі де жоқ», – дей келіп, еңбек елінің ырысы, Лениннің ұлы дәуірі орнатқан 
социалистік қоғам, Қазақстан, Совет Одағы бар ірі айтыстардың айнымас 
арқауы болып отырды, – деген пікірлер келтіреді.
Әрине, әр қоғамның өз идеологиясы, сол идеологияға байланысты 
қалыптасатын бағыт-ұстанымы, көзқарасы болатыны белгілі.
Кеңес заманында уақыт ағымына байланысты идеологиялық мүдде 
тұрғысында айтылған зерттеуші ғалымдардың, тарихшылардың, қоғам 
қайраткерлерінің пікіріне заман өзгергеннен кейін тосырқап, теріс қарау бүгінгі 
тәуелсіз елдің зиялы ұрпағына жараспайтын әдеп. Біз өткен тарихымыздың 
әрбір бетіне үлкен құрметпен қарап, содан сабақ, бағыт алуға үйренуіміз қажет.
Кеңес заманының алғашқы ширегінде өткен ақындар айтысын зерделей 
отырып, уақыт пен қоғамның қазақ халқының рухани қазынасына қаншалықты 
әсер еткенін аңдадық.
Жалпы, ХХ ғасыр – қазақ өнері мен мәдениетіне, баспасөзі мен әдебиетіне 
қасірет те, бақыт та әкелген уақыт.
Қасіреті өзінің ана тілдің уызымен бойға сіңіп, дархан даланың дегдар 
болмысын тұла бойына дарытқан рухани құндылығымыздың ұлттық 
болмысынан белгілі дәрежеде ажырауы болса, бақыты халықтың жаппай 
сауаттанып, жазба әдебиетінің кемелденуі, баспасөздің қалыптасып дамуы, 
өнер мен мәдениетінің әлем өркениетіне қанат қағуы еді.
Кеңес империясының сұрқия саясаты тілімізді тұсағанымен, ділімізді, 
рухымызды мұқата алмады. Діл мен рухтың негізгі тірегі халқымыздың 
әдебиеті мен мәдениеті, дәстүр-салт, ғұрып болып табылады. Сол асыл 
қазынаның бірегейі халық ауыз әдебиеті десек, айтыс өнері соның қайнар бұлақ 
көзі еді. Бұл туралы ұлт классигі, жазушы М. Әуезов: «Айтыс әр заманда 
күнделікті тіршілікке төтелей қатынасы бар жанр болатын. Халықтың ауыз 
әдебиетінің бұл қасиеті жаңа тарих жасаушы совет жұртшылығына өте ұнамды, 
үйлесімді болып қабысты» [73, 12 б.] , – деп пікір білдіреді.
Кеңестік жүйенің ұлттық өнерге тигізген салқыны мен сызатын осы саланы 
зерттеп, баға берген қазақ зиялылары сезбей қалған жоқ. «Жаңа заман» 
жетістіктерін 
қанша 
мақтап 
дәріптегенімен, 
ақындар 
айтысындағы 
жасампаздық, ерлік, лениншілдік ұрандарын жақсылық деп, жақсылыққа 
балағанымен, тоқетеріне келгенде ұлт кемеңгерлері шындықты да жасырып 
қала алмады. Біздің бұл сөзімізге М. Әуезовтің мына пікірі дәлел: «...Бірақ, бұл 
алуандас айтыс жалпылық, көпшілік қолданатын сипаттардан айырыла 
бастайды. Және, әсіресе, әрбір анық ақындық сыры болатын экспромттық 
суырыпсалмалық сипатынан да ажырай бастап еді...» [73, 22 б.]. 
Тігісін жатқызып, тұспалдай айтса да М. Әуезовтің бұл пікірі өз уақытында 
айтылған ащы шындық еді... 
Қазан төңкерісінен кейінгі бас-аяғы бес-он жылдың көлемінде ұлттың 
рухани мұрасын шырмауықтай шырмап алған коммунистік идеология, өзінің 


85 
пәрменділігін барынша таныта білді. Ұлт мәдениеті мен әдебиеті, өнері бірден 
Кеңес идеологиясының қуатты насихат құралына айналды. Осыншама аз 
уақыттың ішінде күш алып, үлкен ықпалға ие болған коммунистік 
идеологияның үстемдік құруының да бірнеше өзіндік себептері болды.
Біріншіден, бұқара халық саяси тұрғыдан әлі де сауатсыз еді. Оның үстіне 
оқу-білім, ағарту саласы қазақ даласында кенжелеп қалған, елдің көпшілік 
бөлігінің санасы әлі қараңғылық құшағында болатын. Екіншіден, ақ қашып, 
қызыл қуған аумалы-төкпелі заманды бастан кешірген қазақ ұлтының бойынан 
үрей ұшқыны көп уақытқа дейін сейіле қоймады. Ел ішіндегі ауқатты, бай 
адамдардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару, ұлттың бас көтерер тұлғаларын 
«халық жауы» ретінде ұстап, ату-асу жазаларын жүргізу халықты есеңгіретіп 
тастады. Халықты серкесіз қалған қойға теңеп, өзінің айдауына икемдеген 
коммунистік империяның сұрқия саясаты өз діттеген мақсаттарын қорқыту-
үркіту арқылы, қала берді алдап-арбау тәсілімен жүргізіп отырды. Дәл осындай 
ахуалдағы үркінші уақыттың өнері мен мәдениеті, рухани шығармашылығының 
қандай кейіпте, қандай мазмұнда болатындығын ойша шамалауға болатын 
сияқты.
Жырауы мен шешені үнсіз қалған ХХ ғасырдың басы халық 
шығармашылығының жадап-жүдеп, күйзеліске ұшыраған кезеңі болды. Осы 
уақыт үрдісінде өмірге келген айтыс жырларының мазмұндық, көркемдік 
деңгейі туралы, зерттеу барысында жан-жақты айтып өттік. Бір аңдағанымыз 
осындай аласапыран уақытты бастан кешсе де, ұлт өнері өз ғұмырын тоқтатқан 
жоқ. ХІХ ғасырдан мұра болып жеткен халық өнері коммунистік идеологияның 
насихатшысына айналса да, 70-80 жылға жуық уақытты артқа тастап бүгінгі 
Тәуелсіз ел ұрпағымен қауышты. Ұлт өнерінің болашағы үшін осының өзі 
үлкен жеңіс еді. Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы айтыста айтылған 
мына бір ойларды өнерге салған саясат таңбасы деп қана бағалаймыз. «Әйелдер 
право алды декретпен» [13, 28 б.] Кете Жүсіп, «Сүйейді үкімет те кедей табын» 
[13, 38 б.] Қарсақ, «Байды құрттық қуалап» [13, 50 б.] Жаппар, «Октябрь – 
алтын таңның арқасында» [13, 55 б.] Жібек, «Ленин кемеңгерден айналайын, 
Би, болыс, хан, қожаның құртты көзін» [13, 58 б.] Жібек, деген ақын сөздерінің 
айтыс жырларында кездесуі коммунистік идеология ықпалының өнерге 
түсірген сызаты деп түсінеміз.
Қалай десек те, 1920-1940 жылдар аралығында өткізілген Кеңестік ақындар 
айтысында өзіне тән мазмұндық, көркемдік ерекшеліктерінің болғаны анық. 
Бүгінгі ұрпақ одан өзіне қажет ақпараттық дерек тауып жатса, шын өнердің 
өлмейтін өміршеңдігі де сол болмақ!


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет