Қыпшақ-бұлғар тілдері
Башқұрт тілі
Башқұрт (башқорт; этникалық топтары: айли, барын, бурзян, дуван, қатай, қыпшақ, кошсо, кувакан, сальут / хальют, сарт, табин, там’ян, тунгаур, тюбелес т.б.) – түркі тілдері қыпшақ тобы қыпшақ-бұлғар топшасының тілі. Шамамен 1,5 миллион башқұрттың 900 мыңға жуығы Башқұртстанда, қалғаны Татарстанда, Чувашияда, Қазақстанда, Ресейде, Украинада тұрады.
Ерекшеліктері: фонетикасы бойынша: ä/ә дауыстысының болуы (äлäм «әләм/әлем», йäй «жаз», йäш «жас»);
өзге түркі тілдеріндегі е, и, ү, ө дыбыстарының орнына и, е, ө, ү дыбыстарының жұмсалуы: биш «бес», белем «білім», көн «күн», күк «көк»;
с дыбысының орнына көмей (фарингал) h –ның жұмсалуы: hонъғы «соңғы», қыh «қыз»;
ш орнына с дыбысының жұмсалуы: санъғы «шаңғы»;
д орнында тіс аралық з̣ жұмсалуы: барз̣ынъ «бардың», өйз̣ä «үйде».
Морфологиясындағы ерекшеліктері: еди көмекші етістігі ине түрінде жұмсалады: барhа ине «барса еді»;
нақ өткен шақ аффиксі ‑з̣ы болымсыздық аффиксінен кейін –ны формасында қолданылады: тапманым «таппадым»;
міндеттілік/тиістілік (долженствовательное накл.) райының ‑аhы бар формасының қолданылуы: бараhым бар «баруым керек / барарым бар / баруға тиіспін»;
ниет мәнін білдіретін рай тұлғасы ‑мақсы: бармақсымын «бармақпын/бармақшымын».
Башқұрт тілінің екі диалектісі бар: шығыс (тау, кувакин) және оңтүстік (луговой, юрматин).
Башқұрттардың әдеби тілі кеңес кезеңіне дейін татар жазба тілінің күшті ықпалында болып, 1920-жж. – шығыс диалектісінің негізінде, содан кейін – екі диалектінің де негізінде дамыған. Башқұрт және татар тіл-әдебиет дәстүрінің тұтастығы кейін де сақталған. Бұл, мысалы татар және башқұрт әдебиеттерінің классигі Мәжит Гачури (1880-1934) шығармашылығынан байқалады.
Башқұрт тілінің бай фольклорлық дәстүрлері Салават Юлаевтың (1752-1800) әдеби шығармашылығының негізінде жатыр. Әдеби тілдің халықтық негізде дамуына ғалымдар, жазушылармен қатар халық (суырып салма) ақындары – сесендер Фаррах Давлетшин, Саит Исмагилов т.б. үлкен үлес қосты.
Жазуы 1930 ж. дейін араб алфавитінің негізінде болса, одан соң – латын, ал 1940 ж. бастап бейімделген кириллица қолданылып келеді.
Татар тілі (Еділ, Астрахань, Сібір)
Татар (татар, болғар, қазанлы; өзге тілдердегі атаулары: мар. сүас, удм. бигер, қалм. мангот, қазақ., қарақалп. нуғай; қазан татарларының мишарлық атаулары: лёхор, ногир; этн. топтары: қазан, қасым, астрахань, орал, сібір татарлары, мишарлар, сергачтар, тептярлар, шоқынған татарлар – кряшендер) – түркі тілдері қыпшақ тобы қыпшақ-бұлғар топшасының тілі, жекелеген диалектілері өзге топтар мен топшаларға жақындайды.
1989 ж. санақ бойынша КСРО аумағында 6,65 млн. татар болған, оның 5,52 млн. Ресейде, 1,77 млн. Татарстанда тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |