Ќазаќстан республикасы білім жѕне ѓылым министрлігі



бет19/26
Дата21.06.2023
өлшемі445,5 Kb.
#102803
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26
Алма Оразбаева

1923 жылдың сәуірі. Москвада РКП(б) съезі өтіп жатқан. Кезекті шешенге сөз берілгенде съездің мінбесіне қараторы өңді, талдырмаш, өткір қара көзді қыз көтерілді. Ол алдымен залға бір қарап, жылы шыраймен жымиып алды да сөзін бастап кетті. Сөйлеушінің іркілмей, қағазға да қарамай сөйлеуі, мазмұнды, орысша ұста келген жалынды сөздері жиналған қауымға оның өмірді жақсы білетін, мәселеге таптық тұрғыдан қарайтын принципті коммунист екенін аңғартты.


Үлкен форумда сөйлеген бұл адам – қазақтың қадірмен қызы Шығыс әйелдерінен шыққан тұңғыш коммунист, белгілі партия және мемлекет қайраткері Алма Оразбаева еді. Қазақ әйелдерінің, жалпы бүкіл Шығыс әйелдерінің негізгі қалың бұқарасы ғасырлар бойы өздерін езіп, еңсесін көтертпей келген ескіліктің шырмауын үзіп, жаңа өмірге әлі де болса ілесіп келе алмай жатқан сол бір тұста Алманың бұлай жарқ етіп шығуы қараңғы түнді жарып шыққан жарық жұлдыздай болып көрінді.
Алғашқы өзінің дәріс алған мектебі туралы әңгімелегенде Алма: «кейбір ата-аналар қыздарын мектепке бергенде оқып білім алу үшін емес, үйдегі ас ішетін артық ауыздан құтылу мақсатымен толық пансионаты үшін беретін. Ал қыздары 13-14 жасқа келсе болды, оларды қалың малға сатып, зорлап күйеуге беріп жіберетін еді», - деп жазды.
Алманың алғашқы ұстаздарының бірі Разия Дүйсенғалиқызы Меңдешева: «Алма өзінің оқып білім алуына алдымен алғашқы ұстазы, орыс-қазақ қыздары мектебінің сол кездегі меңгерушісі Г.А. Воскресенскаяға борышты еді. Шәкіртінің қабілеттілігін, оқуға деген құштарлығы мен зор талабын бірден аңғарған ол Алмаға жанын салып көмектесті. Мен сол жылдары осы кісінің көмекшісі болып істедім. Глафира Андреевна Алманы маған да тапсырып қойды. Алма әсіресе, көркем әдебиетті сүйіп оқыды. Оны кітаппен достасуға үйреткен де осы кісі еді», деген болатын.
Білімді аңсаған Алманы Симбирскіге жіберу Бөкей ағартушыларына оңай түспейді. 1909 жылдың 6 қамалында Ішкі Қырғыз (Қазақ) ордасындағы халық училищелерінің инспекторы М.Филиппов чуваштың белгілі ағартушысы И.Я. Яковлевке мынандай хат жолдайды: «Биыл Ордадағы орыс-қырғыз училищесінің әйелдер курсын 13 жасар қазақ қызы (хатта қате кеткен, Алма ол жылы 11 жаста) Алмабет Оразбаева бітіреді, - деп басталады бұл хат. ...Ауылдағы әйелдер мектептеріне сабақ беретін мұғалималардың орнын басатындай азды-көпті білімі бар қазақ қыздарына зәру бола отырып, мен оның білімін жалғастыру үшін Сізге сеніп тапсырылған Симбирск мұғалімдер мектебіне жібергім келер еді. Алмабет Оразбаеваның өзі де Симбирскіге баруға тілек білдіріп отыр. Бас иіп өтінемін... маған бір хабарын берсеңіз екен, аталған Оразбаеваның қабылдануынан сірә де үміт етуге бола ма?» Болашағынан зор үміті бар оқушының Симбирск мектебіне түскеніне әсіресе, өзіне дәріс берген ұстаздары мықтап қуанады.
Алма қанша талаптанса да оқығаны үшін төлейтін ақшаны толық тапсырмағаны үшін 1911 жылдың 11 қамалында оқудан шығарылады. Тек И.Я.Яковлевтің бүкіл жауапкершілікті өзіне алып, әкелік қамқор жасағанының арқасында ғана Алма оқуын аяқтап шығады.
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Қазан төңкерісін қуана қарсы алған А.Оразбаева 1918 жылдың күзінде Ордаға қайта оралады. Оған кедей балалары үшін әдейі арнап осында ашылған мектепті басқару және онда сабақ беру қызметі жүктеледі. Ол Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату күресіне белсене араласқан тұңғыш қайраткерлеріміздің бірі. 20-жылдары ел өміріндегі қоғамдық-саяси қызметке белсене араласқан А.Оразбаева әйелдер арасындағы одақтық дәрежедегі көрнекті қайраткерге айналады. Алма сияқты қазақтың аса көрнекті қайраткер қызы Голощекин тұсында Қазақстанға шақырылмады. Халқымызды танытқан көптеген қайраткер қыздарымыздың тағдыры осыған ұқсас.
Өзі тікелей қатысып, талай қызды қалың малдың құрығынан құтқарып қалды. Талайын оқуға тартып, саналы күрескер болып шығуына көмектесті. Тағдыры кезінде Оразбаеваның болысуымен оң басталған Жарлықамышова Қамаш апай кейін аудандық партия комитетінің (Бостандық ауданы) бірінші хатшысы дәрежесіне дейін өсті. Сәналиева Нұржамал апай республикамыздың әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары дәрежесіне жетті. Алманың мұндай қамқорлығы мен көмегін көргендер көп болған.
1920 жылдың 28 декабрінде Қазақ ССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Советі Шығыс республикаларынан бірінші болып қалың малды жою туралы декрет қабылдады. Алма Оразбаеваның ұсынысы бойынша қалың малды жойған күн 1924-1930 жылдары республикада мереке ретінде атап өтіліп келді.
Алма Оразбаева мәдениетке, білімге ұмтылған қазақ жастарының талабын жоғары бағалады. Оларға қолынан келген жәрдем-көмегін жасап, бағыт-бағдар беріп отырды. Әйелдерді саяси, экономикалық және мәдени өмірге араластыру республикада қауырт жүрді. Осы қозғалыстың көрігінде Алма Оразбаеваның коммунистік бейнесі де шыңдала өсті. Қазақстан коммунистері оны Ленин партиясының XII, XIII, XIV съездеріне делегат етіп сайлады. 1926 жылы Алма Қазақстанның сол кездегі басшы қызметкерлерінің бірі, азамат соғысы жылдары Совет өкіметін қорғауда үлкен қайрат көрсеткен Орынбор қызыл казактарының ержүрек командирінің бірі И.Д. Каширинге тұрмысқа шықты.
Иван Дмитриевич Алманы баласындай еркелетіп, абайы мен сыйына бөлеп тұрмыс еткен. Зайыбының есімін де ол біраз өзгертіп өзінше «Альма» деп атапты. «Бұныңыз қалай?» дегенде ол: «жаны да, өзі де нәзік, сыпайы адамға кілең ашық дауысты әріптен тұратын Алма дегенде құлаққа тым қатты естілетін сияқты, ал ана «ь» - жіңішкелік белгісі оның есіміне нәзіктік береді», деген екен.
Өзі қалап қосылған жұбайына Алма адал, қамқорлығы мол, мейірімді жар бола білген. Олардың бірге тұрған тұрмыстарын көре қалған замандастары: «қашан көрсең де Алма сабырлы мінезбен, Иван Дмитриевич, деп оған наздана сөйлеп, сызылып тұрушы еді», - дейді.
Алма Оразбаеваның жеке өмірі мен мінез-құлқы туралы өте құнды естелік жазғандардың бірі С.А. Арықова – Н.И. Арықованың сіңлісі. «...Алманың пәтері ұядай жылы, тап-тұйнақтай жинаулы тұратын – депті Сәруар апай, – Алманың талғамы биік және ол өзінің сүйіспеншілік сезімдерінде ақын жанды нәзік болатын. 1926 жылы болуы керек, Алма мен Иван Дмитриевич Каширин Москвада «Тироль» қонақ үйінде тұрып жатты. Бір күні И. Каширин Семей губерниясына командировкаға жүретін болды. Ол Қиыршығыс экспресіне отырды. Поезд қозғалып, вагондар зымырай бастағанда Алма мен Каширин бірін-бірі сүйетіндерін ыммен білдіріп жатты. Сосын Алма менің иығыма басын қойып, жылап жіберді. Олар жиі хат жазысып тұрды. Маржандай әдемі жазумен жазылған Алманың ыстық сәлемге толы хаттары әрдайым «Сүйіктім менің!» деген сөздермен басталатын».
Қазіргі кезде халқына қызмет еткен адамдардың адал есімдері қалпына келтіріп жатқан Алма Оразбаеваның өмірбаянындағы осы күнге дейін белгісіз болып отырған тағы бір жәйтті айтқан жөн. Жеке басқа табыну зардаптары А. Оразбаеваға да кесірін тигізді. Мәселен, қазірге дейін оның қай жерде, қашан қайтыс болғаны туралы ресми құжаттың табылмай отырғандығы қынжылтады. Олай дейтін себебіміз: оған 1937 жылы ұсталып, «халық жауы» деген жалған айыппен атылып кеткен И.Д. Кашириннің әйелі деп біреулердің қастандық жасауы да мүмкін ғой. Сондықтан да тиісті органдар осынау ардақты азаматтың сүйегі қай жерде жатқанын анықтап беруге жәрдемдескені жөн болар еді. Сондай-ақ, республика астанасында Алма Оразбаева және ол секілді басқа да аяулы қыздарымызға арнап бір ескерткіш орнататын уақыт жеткен сияқты. Бүгінгі бақытты ұрпақ олардың алдында қарыздар екенін ұмытпаған жөн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет