Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
311-бап. Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру 1. Ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі не ойын бизнесі туралы Қазақстан Республикасының заңнамаларымен көзделген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу, ойын бизнесі саласындағы қызметін лицензиясыз жүзеге асыру, ойын мекемесiн көрiнеу заңсыз ашу не ойын бизнесiн ұйымдастыру үшiн үй-жайлар беру,- мүлкi тәркiленiп екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) кәмелетке толмаған адамды пайдаланып немесе оның құмар ойындарына қатысуымен; б) адамдар тобы алдын ала сөз байласып; в) iрi мөлшерде табыс алумен; г) адам өз қызмет бабын пайдаланып жасалса, - мүлкі тәркіленіп бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi: а) қылмыстық топ; б) аса iрi мөлшерде табыс алумен; в) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адам не оған теңестiрiлген адам өзi немесе сенiмдi адамы арқылы заңда белгiленген тыйым салуға қарамастан жасаған болса, егер бұл әрекеттер мұндай қызметте жеңiлдiктер мен артықшылықтар берумен немесе өзге нысандағы қамқоршылығымен байланысты болса, - мүлкi тәркiленiп, в) тармағында көзделген жағдайларда өмір бойы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.