Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
327-бап. Заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және есiрткi құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретiн рецептердi немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау 1. Қызметтiң осы түрiне сертификаты және (немесе) лицензиясы жоқ тұлғаның медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуы, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, - екі жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соқтырған дәл сол әрекеттер, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған әрекет, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi бөлiгінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 5. Есiрткi құралдарын немесе психотроптық заттарды алуға құқық беретiн рецептердi немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.