Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
325-бап. Науқасқа көмек көрсетпеу 1. Заңға сәйкес немесе арнайы ереже бойынша көмек көрсетуге мiндеттi адамның дәлелдi себептерсiз науқасқа көмек көрсетпеуi, егер бұл абайсызда науқастың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтiруге әкеп соқса, - екі жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет, егер ол абайсызда науқастың өлуiне, не оның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соқса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 326-бап. Дәрiгерлiк құпияны жария ету 1. Медициналық қызметкердiң кәсiптiк немесе қызметтiк қажеттiлiксiз адам бойында ВИЧ/ЖҚТБ бар екенi туралы мәлiметтердi хабарлау арқылы пациенттiң сырқаты немесе медициналық куәландыру нәтижелерi туралы мәлiметтердi жария етуi, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.