Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
405-бап. Ақпарат алатын арнаулы техникалық құралдарды заңсыз даярлау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану 1. Ақпаратты жасырын алатын арнаулы техникалық құралдарды заңсыз даярлау, өндіру, сатып алу немесе өткізу, сол сияқты оларды заңсыз пайдалану - мүлкін тәркілеп немесе онсыз екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Алдын ала сөз байласу бойынша немесе ірі мөлшерде бір топ адам жасаған дәл сол әрекеттер, - мүлкін тәркілеп немесе онсыз төрт мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерімен көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекет, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 406-бап. Жиналыстарды, митингтердi, пикеттердi, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу 1. Заңсыз жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация ұйымдастыру, өткізу не оған қатысу немесе өзге де заңсыз жария іс-шаралар ұйымдастыру, сол сияқты үй-жай, байланыс құралдарын, жабдықтар, көлік беру арқылы осындай іс-шаралар ұйымдастыруға немесе өткізуге жәрдем көрсету, - жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулi түрде зиян келтiрген дәл сол әрекеттер, - үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.