Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
402-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын құқыққа қарсы өзгерту 1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын құқыққа қарсы өзгерту мақсатында шекаралық белгiлердi алып тастау, орнын ауыстыру немесе жою - екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Бiрнеше рет жасалған немесе ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекеттер, - төрт мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 403-бап. Қызыл Жарты ай, Қызыл Крест, Қызыл Кристалл эмблемалары мен белгiлерiн заңсыз пайдалану Қызыл Жарты ай, Қызыл Крест, Қызыл Кристалл эмблемалары мен айырым белгiлерiн, сол сияқты Қызыл Жарты ай, Қызыл Крест, Қызыл Кристалл атауын заңсыз пайдалану - үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 404-бап. Байланыс желiлерi мен байланыс ғимараттарын, сондай-ақ мемлекеттік күзетілуге жататын объектілерді күзету қағидаларын бұзу 1. Байланыс желiлерiн және байланыс ғимараттарын күзету қағидаларын бұзу, егер ол байланыстың үзiлуiне немесе байланыстың үзілу қаупіне әкеп соқса, - жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Қалааралық байланыстың кабель желiсiнің бүлiнуiне және қалааралық байланыстың үзілуіне әкеп соққан байланыс желiлерiн күзету қағидаларын бұзу, - екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 3. Мемлекеттік күзетілуге жататын объектілердің, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелер ғимараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды бұзу, оларды басып алуға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырған болса, - үш мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.