Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
419-бап. Судьяға, алқабиге, прокурорға, тергеушiге, сотқа дейінгі тергеу жүргiзушi адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу 1. Iстiң немесе материалдардың сотта қаралуымен байланысты судьяға немесе алқабиге қатысты жала жабу - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Сотқа дейінгі тергеу жүргiзілумен, сот сараптамасы жүргiзiлуiмен не үкiмнiң орындалуымен, соттың шешiмiмен немесе өзге сот актiсiмен байланысты прокурорға, тергеушiге, сотқа дейінгі тергеу жүргiзушi адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жасалған дәл сол әрекет, - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан әрекеттер, - төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 420-бап. Көрiнеу кiнәсiз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту 1. Көрiнеу кiнәсiз адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып алты жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан дәл сол әрекет, - бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.