Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
417-бап. Сот төрелiгiн жүзеге асыруға немесе сотқа дейінгі тергеу жүргiзуге байланысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттерi 1. Iстiң немесе материалдардың сотта қаралуына байланысты судьяға, алқабиге, сол сияқты олардың туыстарына қатысты өлтiремiн деп, денсаулыққа зиян келтiрумен, мүлкiн бүлдiрумен немесе жоюмен қорқыту - үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Сотқа дейінгі тергеу жүргiзiлуiне, iстiң немесе материалдардың сотта қаралуына, не үкiмнiң орындалуына, соттың шешiмiне немесе өзге сот актiлерiне байланысты прокурорға, тергеушiге, сотқа дейінгі тергеу жүргiзетiн адамға, қорғаушыға, сарапшыға, сот приставына, соттың атқарушысына, сол сияқты олардың туыстарына қатысты жасалған дәл сол әрекет, - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адам өмiрi немесе денсаулығы үшiн қауiпсiз күш қолдана отырып жасалған әрекеттер, - бес жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адамдарға өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiптi күш қолдана отырып жасалған әрекеттер, - бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 418-бап. Сотты құрметтемеу 1. Сот талқылауына қатысушыларды қорлаудан көрiнген сотты құрметтемеу, - үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Судьяны және (немесе) алқабидi қорлаудан көрiнген дәл сол әрекет, - бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.