Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
26-бап. Аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық Егер адам жасаған әрекетте осы Кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгiлерi болса, қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылады. 27-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудан өз еркiмен бас тарту 1. Адамның дайындау әрекеттерiн немесе қылмыс iстеуге тiкелей бағытталған дайындалу әрекетiн тоқтатуы не әрекеттi (әрекетсiздiктi) тоқтатуы, егер адам қылмысты ақырына дейiн жеткiзу мүмкiндiгiн ұғынған болса, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудан өз еркiмен бас тарту деп танылады. Егер адам осы әрекетті ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен және бiржола бас тартса, ол осы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылмауға тиiс. 2. Қылмыстық құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен бас тартқан адам оның нақты жасаған әрекетiнде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болған жағдайда ғана қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс. 3. Қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы мен қылмыстық құқық бұзушылыққа айдап салушы, егер ол адамдар мемлекеттiк органдарға хабарлаумен немесе өзге де қолданылған шаралармен орындаушының құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуiне жол бермесе, қылмыстық жауапқа тартылмауға тиiс. Егер орындаушы қылмыстық құқық бұзушылықты аяқтағанға дейiн оған күнi бұрын уәде берген жәрдемнен бас тартса немесе көрсетiлiп үлгерген көмектiң салдарын жойса, қылмысқа көмектесушi қылмыстық жауапқа тартылмауға тиiс. 4. Егер ұйымдастырушының немесе айдап салушының осы баптың үшiншi бөлiгiнде аталған әрекет орындаушының қылмыстық құқық бұзушылықты орындауын болдырмауға әкелмесе, олардың қолданған шаралары жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылуы мүмкiн. 28-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу ұғымы Екi немесе одан да көп адамның қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қасақана бiрлесiп қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу деп танылады.