Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
34-бап. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау кезiнде зиян келтiру 1. Қылмыстық жазаланатын әрекет жасаған адамға оны мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қол сұғушылық жасау мүмкiндiгiн тыю үшiн ұстау кезiнде зиян келтiру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шаралар шегiнен шығуға жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. 2. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау адамға келтiрiлген зиян жағдай мәжбүр етпейтiн анық шектен тыс зиян қажетсiз келтiрiлген кезде, олардың ұсталатын адам жасаған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiне және ұстаудың мән-жайына көрiнеу сай келмеуi ұстау шараларын асыра сiлтеу деп танылады. Бұлайша асыра сiлтеу қасақана зиян келтiрiлген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. 3. Қол сұғушылық жасаған адамды ұстауға бұған арнаулы уәкiлеттiгi бар адамдармен бiрге жәбiрленушiлер мен басқа азаматтардың да құқығы бар. 35-бап. Аса қажеттiлiк 1. Осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажет болған жағдайда зиян келтiру, яғни белгiлi бiр адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн зиян келтiру, егер бұл қауiптi басқа амалдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiк шегiнен шығып кетушiлiкке жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. 2. Құқық қорғау мүдделерiне алды алынғанға тең немесе одан гөрi елеулi зиян келтiрiлген, төнген қатердiң сипаты мен дәрежесiне және қатер жойылған жағдайға көрiнеу сәйкес келмейтiн зиян келтiру аса қажеттiлiк шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығушылық тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады. 36-бап. Жедел-іздестіру шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру 1. Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерінің не осындай органның тапсырмасы бойынша осы органмен ынтымақтасып жұмыс істейтін өзге адамның заңға сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін орындау кезінде жасаған, осы Кодексте қорғалатын мүдделерге зиян келтірген әрекеті, егер бұл әрекетті адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы құрылған адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты болғызбау, анықтау, ашу немесе тергеу мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқық қорғау мүдделеріне келтірілген зиян аталған қылмыстық құқық бұзушылықтармен келтірілетін зиянға қарағанда аздау болса, және егер оларды болғызбауды, ашуды немесе тергеуді, сол сияқты қылмыс жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, ол қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. 2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адамның өміріне немесе денсаулығына қатер, экологиялық апат, қоғамдық қасірет немесе өзге де ауыр зардаптар қатерін төндіретін әрекет жасаған адамдарға қолданылмайды.